Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Майя күнтізбелер жүйесінің сыры неде?

2065
Майя күнтізбелер жүйесінің сыры неде? - e-history.kz
Арғы тегі Кіндік Алтайда жатқан ежелгі майялардың күнтізбесі мен түрік халықтарының күн санауының арасында да нақты ұқсастықтардың бар екені осы жерден байқалады

Бүгінгі Мексика жерін біздің заманымыздың V-X ғғ. аралығында мекен еткен майялардың биік өрке­ниеті, әсіресе, олардың математика­сы мен күнтізбелер жүйесі әлемді әлі күнге дейін таңғалдырып келеді. Олар­ды 40 жыл бойы зерттеген  көр­некті америкалық ғалым, математик, тарихшы, өнертанушы әрі суретші Хосе Аргуэльес майя ғылымы мен білімінің негізінде жазған  өзінің «Майя факторы» атты  құнды монографиясымен қатар басқа да елеулі ғылыми еңбектерін жариялап, ХХ ғасырдың соңына таман  Уақыт Заңын  ашты және оны бүкіл әлемге паш етті. Ғалымның пікірінше, майялар уақыт заңы мен оның қыр-сырын шегіне жет­кізе меңгерген аса білгір халық болған. Олар оны өте шебер қолдана білудің арқасында Жердің  галактикалық уақыт кеңіс­тігіндегі орнын дәл анықтаған.

Археологтардың зерттеулері дәлелдеп отырғандай, майялар жоғарыда аталған замандарда  өздері мекендеген үлкен аймақта  бір-бірінен алшақ орналасқан ондаған ірі  қалалар салғаны белгілі болып отыр. Олардың басты нысандарын пира­мидалар жүйесі мен тасқа ойылып жазыл­ған  иероглифтерге толы  стелла­лар мен тастан тұрғызылған өте сәнді ғимараттар құраған. Алайда майя өрке­ниетіне тән, бірақ бүгінгі ғалымдарға түсініксіз әрі осы уақытқа дейін нақты шешімі табылмай келе жатқан  «Майя­лар неліктен өздері салған сәулетті  қалалары мен әлі салы­нып бітпеген ірі құрылыстарын күрт тоқтатып, із-түзсіз  кеткен?» деген жұмбақ бар. Мұның себептері мен салдарын әлем ғалымдары әлі күнге дейін іздеумен келеді.

Біздің заманымызға дейін тек үзік-үзігі ғана жеткен майялар қалыптастыр­ған ұлы өркениет ошақтарының толығы­мен сақталып  қалуы да мүмкін еді. Бі­рақ, өкінішке қарай, испандық кон­кистадорлар оларды қолынан келгенінше жойып баққан. Мына бір мысал – соның айқын дәлелі. 1562 жылы түн мезгілінде майялардың Мани дейтін қаласында Диего де Ланда есімді испан­дық епископ өз жарлығымен байырғы майялардың баға жетпес өнер туынды­ларын, кітаптары мен қолжазбаларын түгел жиғызып алып, түгін  қалдырмай өртетіп жіберген. Бұл шектен шыққан айуандық әрекет  Мысырдың Алексан­дрия қаласын­дағы Үлкен кітапханасына жасалған  вандализммен пара-пар болатын. Өзінің жымысқы мақсатпен әдейі жасаған қылмысын бүркемелеу үшін әлгі епископ: «Біздер өте көп кітап тауып алдық, бірақ олардың ішінде соқыр сенім мен адамды еліктіріп, сайтан  жолына азғыратын  дүниелер­ден басқа ешнәрсе болмағандықтан, оларды түгелдей өртеп жібердік. Үндістер бұған қатты өкінді»,– деп жалған ақпарат таратқан.

Кейін анықталып отырғандай, конкистадорлар қанша тырысқаны­мен майялардың қалаларын түгелдей жойып жібере алмаған. Себебі бітік өскен тропикалық ормандар олардың кейбір өркениет ошақтарын конкистадорлардың көзінен тасалап, аман сақтап қалған. Жоғарыда суреттелген айуандықтан соң 250 жыл өткен кезде лорд Кингсборо және Джон Ллойд Стефенс секілді ұлы саяхатшылардың жазбалары жарық көре бастады.

Майя өркениетіне байланысты өз жазбаларында Джордж Стюарт мынан­дай өте құнды  пікір келтіреді: «Еуропа орта ғасырда қара түнек замандарды басынан кешіріп жатқанда майялар адамзат өрке­ниетінің керемет үлгісін жасап үлгеріпті».

Ғалымдарды ерекше таңдандырған ғажайып дүние майялардың астрономия­лық және мате­матикалық білімдерінің соншалықты тереңдігі болатын. Мұның бұлтартпас дәлелдері бұл халықтың өрттен аман қалған үш кітап-кодекс­терінен  анық байқалады. Олар бұл күнде Мадрид, Дрез­ден және Париж қалалары­ның музей­лерінде сақтаулы тұрғандық­тан, әлгі қала­лардың атауларымен байла­ныстырылып, Мадрид, Дрезден және Париж кодексі болып аталып кеткен. Кітаптың алдыңғы екеуі астрономия мен болашақты болжайтын сәуегейлікке ба­ғыш­талса, соңғысы салт-жораларға, майя құдайлары мен астро­логияға арналған. Осы айтылғандарға сәйкес, майялардың аспан денелерін ба­қылайтын обсерва­торияларының болған­дығы да белгілі болып отыр. Мысалы, майялардың Чичен-Ице қаласында орналасқан обсерватория күмбезіндегі терезе тәріздес ойықтан майя астрономдары күн мен түннің теңе­летін кезіндегі Күнді бақылай алатын болған. Майялардың астрономиялық есептері дәлдігі жағынан алдына жан салмағаны байқалады. Тіпті бүгінгі заманның ең озық астрономиялық технологиялары және ең ұшқыр телескоп­тарымен қаруланған астрономдар да бұл халықтың математика ғылымын сон­шалықты терең меңгерген­деріне таңдай қағады. Мәселен, майялардың Ай мен Күн, Жер мен Шолпан немесе Үркер топ жұлдыздарының циклдарына қатысты есептерінің бүгінгі астрономдардың қол жеткізген нәтижелерінен асып түспесе, ешбір кем емес екендігі майя ғылымы мен білі­мінің аса жоғары деңгейде болғанын толық дәлелдейді.

Ғалымдар майялардың  әр қилы мақ­саттар үшін пайдаланған 17 түрлі күн­тізбе жүйесі болғанын ашып отыр. Алай­да солардың ішінде ең жиі қолданы­латын үш әмбебап күнтізбесі ерекше назар аударады. Олардың біріншісі – қазіргі біз қол­да­нып жүрген 365 күндік Григорий күнтізбесіне ұқсастау келетін Хааб деп аталатын азаматтық күнтізбе. Бұл күнтізбе бойынша, бір жыл әрқайсысы 20 күндік 18 айдан (18х20=360) және аты жоқ 5 күннен, яғни бас-аяғы 365 күннен  тұрады. Әдетте соңғы бес күнді халық жаманшылығы мол қатерлі мезгілге жорыған. Аспандағы Күн циклымен сәйкестендіріп жасақталғандықтан бұл күнтізбе, ең әуелі, күнделікті шаруашы­лықты  жүргізу үшін қолданылған. 

Майялардың  екінші  күн­тізбесі – Цолькин деп ата­латын 260 күндік  жүйе. Мұның қыр-сыры да, жұмбағы да өте мол. Біріншіден, осы күнтізбе арқылы майя абыздары діни салт-дәстүрлерді өткізетін мезгілдерді белгілеп, оларды осы күнтізбеге сәйкес атқарып отырған.

260 күндік Цолькин күнтізбесі Хааб күнтізбесінен әлдеқайда қысқа болғандығына қарамастан, мұндағы 13 ай да 20 күннен тұрады (20х13=260).  Алайда бұл екі күнтізбенің бір-бірімен үндесетін тұстары да жоқ емес. Мәселен, Хааб күнтізбесінің 52 циклы (52х365) мен Цолькин күнтізбесінің 73 циклы (73х260) 18 980 күнге теңеседі. Бұл майялар жасаған Күн күнтізбесінің 52 жылдық ғасырына тең. Шындығында да майялардың бір ғасыры  52 жылмен ғана шектелген.

Үшінші күнтізбе «Ұзын есеп» деп ата­латын миллиондаған жылдардың аумағын қамтитын жүйе. Бұл күнтізбе бойынша, Ұзын есеп біздің заманымыздан 3113 жыл бұрын басталып, 2012 жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтиды. Оның сөздігінде: kіn (бір күн), uіnal (20 күндік бір ай), tun (360 күндік бір жыл немесе 18 uіnal/ай), katun (20 tun/жыл), baktun (20 katun немесе 400 жыл) сияқты сан есімдердің атауларымен қатар олардан да үлкен ұғымдарды білдіретін: pіctun, calabtun, kіnchіltun және analtun сияқты терминдер де кездеседі. Мәселен, бір analtun 64 миллион жыл деген ұғымды білдіреді. Белгілі бір айтулы уақиғаның орын алған мезгілін белгілеу үшін майя күнтізбесі сан есімдердің мына реттегі бес жүйесін пайдаланған: baktun, katun, tun, uіnal, kіn. Мысалы, 9.10.19.5.11   деген  майя таңбаларын  былайша оқуға болады: 9 baktun (1296000 күн), 10 katun (72000 күн), 19 tun (6840 күн), 5 uіnal (100 күн),  11 kіn (11 күн). Бұлардың жалпы қосындысы 1 374 951 күнге немесе шамамен 3 764 жылға тең. Ал майялардың тастан тұрғызған бір ескерткішіндегі «Ұзын есеп» жүйесімен қашалып таңбаланған жазулар 90 миллион жыл бұрын орын алған уақиғадан хабар берсе, енді біріндегі таңбалар керісінше, 3000 жылдан кейін, яғни  келешекте болатын уақиғаға жөн сілтейді.

Бұл  орайда  1952 жылы   ашылған Мексиканың Паленке   қаласындағы   «Таң­­балы ғибадатхана» деп аталатын пира­миданың табанынан 30 метр төмендікте жерленген майялардың ұлы патшаларының бірі – Пакаль Вотанның 20 тонна тартатын тастан сомдалған саркофагының 8 шаршы метрлік төрт бұрышты қақпағының бетіне ойылып жазылған 13 жұмбақ таңбаларға соқпай өту мүмкін емес. Өйткені Пакаль Вотан – біздің заманымыздың 631-683 жылдары аралығында 52 жыл бойы ел басқарып, майя  өркениетіне айтарлықтай үлес қосқан биік тұлға. Әсіресе пирами­далар құрылысына мән берген және күнтіз­белерге қатысты жазба жүйелерін қалыптастыруды қолға алған, сонымен қатар пайғамбарлығы мен сәуегейлік қасиеті мол абыз адам болған. Пакаль Вотан халқына: «Мен ғарыштан сіздерге арналған хабар алып қайта ораламын», – деген өсиет қалдырған. Саркофагтағы таңбаларды Хосе Аргуэльес мұқият зерттей келе, олардың жазылған уақытын да, сол сияқты алып саркофагтың он екі ғасырдан соң мексикалық археолог Альберто Рус ашқан мезгіліне тікелей қа­тысы бар адам таңданатын жұмбақ сырлардың да бетін ашты. Мәселен, Альберто Рус Пакаль Вотанның саркофагын оның жерленген мезгілінен 1260 жыл кейін ашты (1952 – 692 = 1260). Бұл санды Хосе Аргуэльес бүгінгі адамзат қолданып жүрген жасанды уақыт жиілігінің коды – 12:60-ге сілтеме деп қабылдады. Ал аталған уақыт циклының аяқталатын мезгілі – 2012 жыл мен Пакаль Вотан жерленген мезгілдің  аралығындағы 1320 жылды ( 2012 – 692 = 1320) ғалым табиғи уақыт жиілігінің коды - 13:20-ға балады. Демек, Пакаль Вотан жоғарыда аталған өсиетінде осыны тұспалдаған. Олай деуге толық негіз бар. Себебі сарко­фаг бетіне ойылып жазылған 13 таңба арқылы Пакаль Вотан майялардың галак­тикалық білімінің  ғылыми негіздерін адамзаттың кейінгі ұрпақтарына өсиет етіп қалдырған.

Майя өркениетін зерттеушілердің қай-қайсысы болсын майя абыздарының бо­ла­шақты болжай алатын сәуегейлік қасие­ті болғанын мойын­дайды. Бұл тұжы­рымның негізсіз емес екеніне жоғарыда сурет­тел­ген құпия сырлар нақты дәлел. Өйткені байыр­ғы майялар галактиканың ішкі  сырын өте жетік біл­ген. Сол білімнің арқа­сында олар сол замандар­да-ақ 2012 жылғы желтоқсан айының 21 жұлды­зында біз тіршілік етіп отыр­ған ғаламшарда тари­хи бетбұрыстар мен ұлы өзгерістер бола­тынын ал­дын ала болжап қойған. Алайда әлгі құбылыс­тар­дың бүге-шігесі біздерге толық жетпей қалған. Ғалымдардың кейбірі әлгі бетбұрыс­тарды «ақыр­заман» болар деп топшыласа, енді біреулері майялардың сәуегейлігін  жер шарына енетін жаңа заман немесе адамзаттың рухани жаңару эрасының басы болуы мүмкін  деп болжайды. Ал астро­ном­дардың пікіріне ке­летін болсақ, біріншіден, 2012 жылғы желтоқсан­ның 21-і қысқы маусым­дағы күн мен түннің теңелетін мезгіліне дөп келеді екен. Бұл, әрине, онша таңданатын нәрсе емес. Екіншіден, дәл cол кезде Күн мен Жер өзіміз өмір сүріп отырған галактиканың  дәл ортасынан өтетін бір сызықтың  бойына тізіле орналасады  екен. Бұл, әрине, кімді болса да қатты ойландыратын ғажап құбы­лыс. Дәл осы арада: «Бұдан мың жылдан астам бұрын қазіргі адамзат тіршілік етіп отырған ғаламшарда орын алатын әлгіндей құбылыстарды майялар қалай болжаған?» – деген сұрақ туатыны заң­ды нәрсе. Өйткені майя сәуегейлері өмір сүрген замандарда не линза, не телескоп, не осы заман­ның космосқа байла­нысты қол жеткізген же­тістіктері  атымен болған жоқ қой. Әзірге бұл сұрақтың  жауабын тағы да майялардың өркениетін  түбегейлі зерттеген, жоға­рыда аты аталған амери­калық ғалым Хосе Аргуэльестен іздеп көрелік. Ғалымның пайымдауынша, бүгін­гі адамзат өздері қолдан жасаған механистикалық алдамшы уақытта тіршілік етіп отыр. Өйткені бұл күнде қолданыста  жүрген Григорий  күнтізбесі бүкіл әлемді өзіне басыбайлы етіп алған. Ол күнтізбенің бір жылдық мерзімі кейбірі 28, кейбірі 29, енді бірі 30, және бірі, тіпті, 31 күнге де тола салатын, ұзынды-қысқалы 12 айдан тұрады. Ол аз болғандай,  адамзат  уақытты ноқталамақ болып, әрі оны кәдімгі кеңістікпен шатастырып, сағаттың циферблатын 12 бөлшекке бөліп, әр сағатты 60 минутқа, әр минутты 60 секундқа жіктеп, бас-аяғы 360 градус болатын дөңгелек жазықтыққа «байлап» қойғандай болып жүр. Мұның астарында бір жылда 12 ай бар, оған ойдағы бес күнді қосса, толық жылды құрайтын  365 күн шығады, бір тәулікте 24 сағат бар, оларды күн мен түнге бөлсе, 12 сағаттан, ал әр сағат 60 минуттан тұрады деген  жасанды күнтізбенің ғылымнан аулақ 12:60 секілді қолдан жасаған уақыт модулі немесе жасанды уақыт жиілігі тұрғаны күмән тудырмайды. Бірақ аталмыш күнтізбенің ешбір ғылыми негізі жоқ екенін бүгінгі адамзат әлі толық сезінбей отыр. Себебі, Хосе Аргуэльес айтпақшы, бүгінгі өркениет адамдары жалған күнтізбеге қатты шырмалып, кос­моспен табиғи байланысын мүлде үзіп алған және о баста тәңір сыйлаған құнды­лықтардан  да адасып қалған. Соның сал­да­рынан адамзат бүгін өзін де, өзі тіршілік етіп отырған биосфераны да жойып жіберуге шақ қалып отыр. Бірақ  өкінішке қарай, төніп тұрған бұл қатерден адам­заттың басым көпшілігі мүлде бейхабар. Солай бола тұрғанмен, бұл дағдарыстан шығатын еш амал қалмаған екен деуге де болмайды. Мәселен, Хосе Аргуэльес  адамзатқа  «уақыт – ақша» секілді жасанды уақыт заңы мен жасанды уақыт жиілігіне (12:60) негізделген күнтізбеден тез арылып, майялардың байырғы күнтізбелері мен галактикалық уақыт жиілігінің өлшеміне (13:20) негізделген әр айы тұрақты 28 күннен,  әр жылы 13 айдан тұратын ғалымның өзі жасақтаған галактикалық мәңгі күнтізбеге бірден көшуді ұсынады. Бірақ бұл ұсыныстың байыбына бармаған ғалымдар: «13 айлық күнтізбелер ескі өркениеттердің біразында, атап айтқанда, мысырлықтардың тарихында, мұсылман әлемінде, тіпті, қытай өркениетінде де орын алған. Олай болса, Хосе Аргуэльестің күнтізбесінің алдыңғылардан несі артық?» – деген сауалды көлденең тартады. Алайда Хосе Аргуэльес ұсынып отырған күнтізбенің басқалардан артық­шылығы жетіп артылады. Тек оны көре білу керек және сезе білу керек. Ендеше, атал­мыш ғалым ашқан Уақыт Заңына тереңірек үңілейік.

Хосе Аргуэльестің өзі жасақтаған 13 айлық күнтізбенің басқалардан артық­шылығы неде деген сұраққа бірден жауап бермес бұрын, ең алдымен оның негізгі ұстанымдарына назар аударайық. Ғалым байырғы майялардың құрастырған күллі күнтізбелерін сараптай келе, майя ғалымдарының уақытқа қатысты қағидаларын басшы­лыққа алады. Себебі ол, біріншіден, майялардың уақытты кеңістікпен шатас­тырмайтынын анық байқады. Өйткені олар кеңістіктің шегі бар, ал уақыттың шегі жоқ екенін анық білген. Сонымен қатар ежелгі «үндістер» уақытты үштік өлшеммен өлшеуге болмайтынын, керісінше, уақыт тек сананың, яғни төрттік өлшемнің еншісі екеніне де көз жеткізген. Екіншіден, ғалым кез келген сәуле немесе электрмагниттік толқынның немесе тербелістің өз жиілігі немесе модулі болатыны секілді  уақыттың да өз жиілігі мен модулінің бар екенін айқын түсінген. Үшіншіден, Хосе Аргуэльестің уақыт тербелісі жиілігінің 13:20  екеніне де толық көзі жеткен. Өйткені бұл жиілік Күн мен галактикалық орта­лықтан бастау алып, Жер­ге жететін, жетіп қа­на қоймай, жер биосферасына үнемі әсерін тигізіп отыратын кос­мос­тық сәулелердің жиілігі немесе галак­тикалық  тұрақты өлшем бірлігі екенін түсінген. Төртіншіден, ғалым әлгі сәуле­лердің жиілігі жер биосферасындағы тіршілік иесінің бәріне  де бірдей әсер ететінін де кәміл сенеді. Ал сол әсердің адам баласы мен басқа тіршілік иелеріндегі көрінісі қайсы деген сұраққа беретін ға­лымның жауабы мынаған саяды: космос­тық сәулелер тіршілік иелерінің бүкіл болмысына, әрбір клеткасының, ағзасы­ның, тіпті саусақтары мен башпайла­рының, буындарының қалыптасуына, ал одан да нақты айтқанда, генетикалық кодына (ДНК) тікелей әсер етеді. Демек, адамзат пен адамға ұқсас жануарлардың аяқ-қолында анық байқалатын 20 саусақ пен денелеріндегі мойыннан екі тобыққа дейінгі 13 буын – жоғарыда аталған уақыт тербелісінің галактикалық тұрақты өлшемі – 13:20-ның нақты көрінісі. Тіпті бұл тұрақты өлшем кәдімгі тасбақаның  арқа қабыршығындағы 13 бунақ пен сол бунақтардың етек жағын орай орналасқан 20 сақинадан да анық көрініп тұрғанын мысалға келтіреді. Хосе Аргуэльес өзі ашқан  заңдылық­тардың  бәрін де майялар өз заманында өте шебер меңгергенін және қатаң сақтай білгенін, сондай-ақ олардың тек қана  табиғаттың  биоритмімен орайласа өмір сүргеніне өзінің де, өзгенің де көзін жеткізеді. Енді Хосе Аргуэльес құрастырған 13 айлық күнтізбенің табиғи биоритмге, яғни 13:20-ға сәйкес келетіндігін дәлелдейтін басқа факторлар бар ма деген мәселеге келетін болсақ, мұның да жауабы дайын. Мәселен, Ай бір жылда Жерді 13 рет айналып шығады. Ал мына бір мысал одан да ғажап. 2007  жылғы сәуір айының 25-і күні астрономдар Күн жүйесінің сыртынан Жерден 200 триллион шақырым қашық­тықта орналасқан Жерге ұқсас және бір планетаны  ашты. Әлгі планетаның орби­тасы сөне бастаған басқа Күннің орбита­сына жақындау екен. Жерге ұқсас, бірақ  одан шамамен бес есе үлкен әлгі планета өзінің Күнін 13 күнде бір рет айналып өтеді екен. Демек, галактикалық уақыт тербелісінің тұрақты өлшемінің 13-пен байланысты екенін La Sіlla атты Оңтүстік Еуропадағы обсер­ваторияның телескопы­ның көмегімен ашылған әлгі планета да дәлелдеп тұр. Бұған қалай таңданбайсың. Майялардың жоғарыда суреттелген  Цолькин (күн есебі) күнтізбесі – нағыз галактикалық уақыт жиілігі немесе тұрақты өлшем – 13:20-ға негізделген күнтізбе екені аян. Ені – 13, тігі 20 ұядан (13х20) тұратын тік төрт бұрыш кейпіндегі бұл күнтізбенің сырын да Хосе Аргуэльес терең зерттеген әрі өзі құрастырған 13 айлық күнтізбе мен өзі ашқан Уақыт Заңына тұғыр етіп пайдаланған. Енді сол күнтізбенің графикалық кескіндемесіне (кейде мұны «тоқу станогы» деп те атайды) жіті назар аударған адам әлгі 260 ұядағы сандардың қалай орналасқанына мән бермеуі мүмкін емес. Өйткені олар бірден бастап, 260-қа дейін бірін-бірі қуалай, әдеттегі тәртіппен орналаспаған. Керісінше, цифрлар төрт­бұрыш­ты кестенің ені емес, бойын қуалай, жоғарғы сол жақтағы бұрыштан басталып, бірінші бағананың бойымен төмен қарай 1-ден 13-ке дейін барып, ары қарай тағы да 1-ден 13-ке дейін синусоида тәртібімен (біресе төмен, біресе жоғары) бағанадан бағанаға ауыса береді. Сөйтіп, соңғы 13 кестенің төменгі оң жақ бұрышындағы 260-шы ұяға келіп орналасады. Ал кестенің сол жақтағы төмен­гі ұясы мен жоғарғы оң жақ бұрышын­дағы ұя 7 санының үлесіне тиеді. Бұл айтылғандар мақала соңында келтірілген Цолькин кестесінде тайға таңба басқан­дай көрініп тұр. Күнтізбеге терең үңілген адам онда басқа да матема­тикалық заңдылықтардың бар екеніне көзі жетеді. Майялардың Цолькин күнтізбесінің бірден көзге ілінбейтін тағы бір сыры бар. Бұл  Хосе Аргуэльестің 13 пен 28-ге негізделген галактикалық мәңгі күнтізбесіндегі басты цифрлардың бірі – 28. Ол Цолькиннен бірден байқалмайды. Сондықтан да неге олай деген сұрақ туындайды. Бірақ бұл сұрақтың  жауабы да Цолькиннің, яғни 260 күндік күнтізбенің ішінде тұр. Өйткені Цолькин – сегіз қырлы, бір сырлы күнтізбе. Ғалымдардың топшылауынша,  бұл – Ана мен Ана құрсағында өсіп жетілетін эмбрион-нәрестенің де күнтізбесі. Себебі жүкті әйелдің айлығы тоқтаған сәттен бастап, босанғанға дейінгі мерзім тұп-тура 260 күнге теңеседі екен. Бұл тұжырымның нақты дәлелі бар. Мәселен, аяғы ауыр әйел босанғанда айтылатын  «тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп тапты» дейтін ана тіліміздегі тұрақты тіркес – Цолькин күнтізбесінің нақты көрінісі десек, шындықтан алыс кетпейміз. Себебі әлгі тіркестегі тоғыз айды Хосе Аргуэльестің 13 айлық күнтізбесіндегі 28 күнмен есептеп, оған және тоғыз күнді қосса (9х28+9), тұп-тура 261 күн болып шығады. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген осы болар, сірә. Бірақ бір күні артық кетті ғой деушілерге де жауап дайын: Ана құрсағында 260 күн бойы пісіп-жетілген нәресте анасының толғағы жеткен күннің ертесіне (261-ші күні) дүниеге келеді. Демек, халық аузындағы тоғыз ай тоғыз күннің біреуінен басқасы Цолькин күнтізбесіне толық сыйып тұр. Сосын халық айтқан тоғыз ай тоғыз күннің Григорий күнтізбесіндегі  ұзынды-қысқалы 12 айға ешқандай қатысы жоқ. Өйткені Григорий күнтізбесі жасанды. Ондағы орта есеппен 30 күннен тұратын тоғыз ай мен тоғыз күн 279 күнге теңеледі. Ендеше, арғы тегі Кіндік Алтайда жатқан ежелгі майялардың күнтізбесі мен түрік халықтарының күн санауының арасында да нақты ұқсастықтардың бар екені осы жерден байқалады. Өйткені «13-те отау иесі» дейтін қыз балаға қатысты айтылатын тұрақты тіркес пен «13 мүшел» деген біздің төл мәдениетімізде қалыптасқан аксиома пікіріміздің дұрыстығының нақты дәлелі. Галактикалық тұрақты өлшем жиілігінің 13:20 екендігіне басқа аспан денелерінің циклдары да дәлел. Мысалы, Үркер топ жұлдыздары жылдың белгілі бір мерзімінде көкжиектен қылаң берген сәттен бастап, өз орбитасымен  күн санап баяу жылжи отырып, аспан күмбезінің төбесіне көтеріледі. Содан соң баяу еңкейіп, белгілі бір уақыт өткен соң  көкжиек асып батып кетеді де, көпке дейін көзден таса болады. Бұл құбылысты кезінде майялардың да өте жіті бақылағаны байқалады. Бақылап қана қоймай, бас-аяғы төрт-бес жүз жұлдыздан тұратын Үркер тобының келесі рет көкжиектен қайта көтерілетін кезеңіне дейін 260 (13:20 ) күн өтетінін ғана емес, оның ұзын есепке жататын 26 000 жылдық циклын да дәл есептеп  шығарған.

Демек, Үркер топ жұлдыз­дарының циклдары да галактикалық тұрақты өлшемге тікелей бағынышты  екені айқын байқалады. Тіпті әйел затына тән ай сайын бір рет, жылына 13 рет қайталанатын физиологиялық процестің қазақ тілінде «ай­лық» деп аталуы да жайдан-жай емес. Ха­лық бұл құбылыстың тікелей Аймен байланысты екенін анық білген. Бұл күнде ғылым дәлелдеп отырғандай, Ана құрса­ғына баланың бітетін мерзімі, сосын оның ұл не қыз болуы немесе бүкіл әлем­дегі аналар толғағының басым көпшілігі Ай толған мезгілге сәйкес келетіні – адам­заттың бүкіл галакти­камен, космоспен, тіпті, биосфераның ритмімен де тікелей байланысты екенінің нақты дәлелі.

Хосе Аргуэльес ашқан  Уақыт Заңының (T(E) = ART) өмірдегі көрінісі алуан түрлі. Мәселен, ғарыштан келетін Күн сәулесінің қуаты суды буға айналдырады, бу бұлтқа айналады. Ал бұлт жаңбырға айналып қайта жауса, «безендірген жер жүзін Тәңір шебер» деп ұлы Абай айтпақшы, жерді көк майсаға, орманға немесе мың түрлі гүлге орайды. Демек, бүкіл биосфера, оның ішінде адамзат та, фауна да, флора да Уақыт Заңының тікелей жемісі әрі олардың бәрі де қайталанбас өнер туындылары. Тіпті ең дарынды деген суретшілердің қолынан шыққан небір әсем туындылардың өзі де он сегіз мың ғаламның иесі жасаған ғажап дүниелердің көшірмесі ғана десек, шындықтан алыс кете қоймаймыз. Ендеше, осы құбылыстар мен табиғи заңдылықтардың бәрін де өз ғылымы мен біліміне, өркениетіне арқау еткен байырғы майялардың сәуегейлігін мойындамау мүмкін емес.

Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?