Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Білім – экономикалық императив

1600
Білім – экономикалық императив - e-history.kz
Білім – капитал, байлықтың көзі, шексіз қазына деген түсініктер санамызға терең орнықты

Әсіресе, қазіргі урбанизация жаппай сипат алған  заманда әрбір азаматтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы оның білім деңгейіне мейлінше тәуелді болып отыр. Соған сәйкес әлеуметтік һәм рухани жаңғырудың басты кепілінің бірі де – білім. Халық даналығымен түйсінсек, «Білім – гауһар, бағасы жоқ, надандық – кесел, дауасы жоқ».

Білім салтанаты – біздің қоғам үшін ғана емес, жалпыадамзаттық құндылық екені ақиқат. Бірақ, құндылық қай уақытта құндылық ретінде танылады? Құндылық ретінде бағаланып, іске асырылғанда ғана құндылыққа айналады!

Сол себепті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «...Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген ойды жетекші тұжырым ретінде ұсынды.

Білімді қоғам құру өркениетті елдердің әрдайым күн тәртібінде болатын мәселе. Білімнің салтанаты біздің қоғамда басым бағыт болып келді, болып отыр һәм бола бермек.

Халық даналығы білім құндылығы жәйлі не дейді?

«Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ», «Ақыл азбайды, білім тозбайды», «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген нақыл сөздер арқылы білімсіз өмір сүрудің қиын болатынын бала жастан санамызға сіңірді. Есейген шақта  «Жер – ырыстың кіндігі, білім – ырыстың тізгіні», «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп», «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім жи» деген өмірлік мәні терең даналық ойлар негізінде білімнің құндылығы уағыздалды.

Әл-Фараби даналығына жүгінсек, «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу». Жүсіп Баласағұн: «Білімді биік, ақылды ұлық деп есепте» деген болса, Шоқан Уалиханов: «Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» деді.

«Білім таппай мақтанба, өнер таппай баптанба» деген Абай өсиетімен бірге, ғақлиясының он сегізінші қара сөзіне зер салсақ: «... Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп жазды.

Бұл өткен дәуірдегі ғұлама-ойшылдардың білімнің салтанаты туралы ой-тұжырымдары. Олардың данышпан ойлары өз дәуірінде де, қазір де, алдағы уақытта өзектілігі мен құнын жоғалтпақ емес.

Өз кезегінде, кеңестік білім мен ғылым жүйесі іргелі әрі бәсекеге қабілеті жоғары болғаны белгілі. Еліміз үшін кеңестік дәуірдегі жалпыға бірдей тегін білім беру мен ғылым дамуының тарихи тәжірибесі маңызды кезең болды. Дегенмен, ХХ ғ. 90 жылдары өндіріске жаңа технологиялар мен инновациялардың кеңінен енгізілуі білім мен ғылым жүйесіне де жаңа сапалық талаптар қойды.    

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін білімді елге айналдыру үшін, білімнің салтанаты санамыздың төрінен орын алуы үшін не істелді? деген сауалдың қойылуы заңды. Оған жауап іздейтін болсақ:

біріншіден, оқушылар мен олардың ата-аналары бастауыш, орта, арнаулы және жоғары білім алуда таңдау құқығына ие болды. Әрбір ата-ана өз баласын мемлекеттік не жеке меншік немесе халықаралық (шетелдік) білім ордаларында оқытуға толық мүмкіндіктері бар;

екіншіден, қазіргі таңда елімізде заманауи мектептер мен университеттер жоғары сапалы білім беру қызметін ұсына алады;

үшіншіден,  мемлекет тарапынан білім берудің барлық деңгейлері бойынша кадрлық, материалдық-техникалық, ғылыми-әдістемелік базасы толық қамтамасыз етілген және заман талабына сай жетіліп отырады;

төртіншіден, мемлекет тарапынан қолға алынған маңызды стратегиялық жоба – тегін кәсіби-техникалық білім беру жүйесі енгізілді. Ол өзіне қажет деп тапқан барлық адамға, әсіресе, жастарға бағдарланған. Қазіргі кезеңде жоба республика бойынша 318 колледжде жүзеге асырылуда;

бесіншіден, Президенттік халықаралық «Болашақ» стипендиясы  енгізіліп, ол табысты жүзеге асырылып келеді. Бұл елімізде білімнің салтанаты орнығуы үшін жасалған теңдесіз бағдарлама.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы ҚР Президенті Н.Ə. Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы жарлығымен бекітілді. Ширек ғасырға жуық уақытта халықаралық «Болашақ» стипендиясы әлемнің жетекші оқу орындарында білім алу үшін 12,5 мың Қазақстан азаматына тағайындалған. Бүгінгі күнге дейін 9 645 маман дайындалды. Оның ішінде: 2 855 бакалавр, 4 721 магистр, 135  аспирант және интерн, 121 доктор дайындалып, 1 813 стипендиат тағылымдамадан өтті. Бітірушілердің 52,6% гуманитарлық, 38,2% – инженерлік-техникалық, 7,4% – медицина, 1,8% – шығармашылық мамандықтар бойынша білім алды.

Сонымен бірге, 1 258 стипендиат білім алу үстінде. Олардың ішінде: 21 стипендиат – бакалавриат, 1 072 – магистратура, 103 – докторантура, 2 – аспирантура, 1 – клиникалық ординатура, 59 – тағылымдама бағдарламалары бойынша білім алуда. Стипендиаттардың 55%-ы  Ұлыбритания мен Ирландия,  31,6%-ы  АҚШ пен Канада, 6%-ы Еуропа елдері, 4%-ы Ресей Федерациясы, 3,4%-ы Азия және Океания елдері жоғары оқу орындарында білім алып жатыр (2018 жылғы мәлімет).

«Болашақ» халықаралық стипендиясы еліміздің келешегіне, адам капиталына, интеллектуалды ұлт қалыптастыру мүдделері үшін жасалған маңызды инвестиция болғанын бүгінгі күн шындығы дәлелдей түсуде. Өйткені, интеллектуалды ұлт адам капиталын дамытумен, білімді ұрпақ тәрбиелеумен ғана қалыптасатыны хақ.

1990 жылдары көрініс берген құндылықтар қайшылығы жағдайында  қоғамымыз бен білім жүйесінде орын алған «дипломдар салтанатының» дәурені өтті. Өмірдің талабы мен мемлекетте жүргізілген түбегейлі реформалардың нәтижесінде «білім» – азаматтардың қоғамдағы статусын айқындайтын өлшемге айналды. Сондықтан, қазіргі заман мен ашық қоғам талабы – қай салада болсын еңбек ететін маманның білімі мен біліктілігін жүйелі түрде жетілдіруге мәжбүр етеді. Бұл «өмір бойы білім алу» қағидатын санамызға берік сіңіре бастады.

Қазіргі кезеңде білімге деген қажеттіліктің еселеніп отыруын экономика салаларына ғана емес, күнделікті өмірімізге қарқынды еніп келе жатқан сандық технологиялар мен индустриялық революция жетістіктері айқындайды. 

«Білімді экономиканы» тиісінше білімді адамдар жасау керек. Ал білімді адамдар қайдан шықпақ?

Бұл турада Елбасы мақаласында: «...білімнің салтанаты жалпыға ор­тақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себеп­­тері бар. Технологиялық революцияның беталы­­сына қарасақ, таяу онжылдық уақыт­та қазір­гі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. ... Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт» деп, атап көрсетеді. 

Білім-ғылымнан «басқа нәрселермен оздым» деген ұстаным мен ойдың  бәрі жалған екенін, әсіресе, бүгінгі цифрлы индустриялық қоғамның талаптары айқын көрсетіп отыр.

Төртінші индустриялық революция жағдайында өмір сүріп отырған қоғам үшін білім салтанатының орны мен рөлі қандай?

Қоғам үшін «білім салтанатының» шешуші даму факторы ретінде қарастырудың басты шарттары: біріншіден, білім мен инновация экономикасына, сандық экономикаға көшу үдерісі; екіншіден, төртінші индустриялық революция жетістіктерінің өмірге кеңінен енгізілуі.

Неміс ақыны Г. Гейне айтқандай, «Әр дәуірдің өз міндеттері бар». Еліміз тәуелсіздік алған тұста, яғни, 1990-2000 жылдардағы басты міндет – жоспарлы экономикалық жүйені нарық экономикасына бейімдеу болды. Ал қазіргі кезеңнің күрделі міндеті - нарық экономикасын «білім мен инновация экономикасына», «цифрлы экономикаға» көшіру.

Қазіргі заманда білім – экономикалық императив. Экономикада білім мен инновацияны, цифрлы мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану арқылы жоғары технологиялық өнімдер алынып, сапалы қызмет көрсету ұсынылады. Бұл заманауи экономиканың бүгінгі талаптары. Ол өз кезегінде «цифрлы экожүйені» негіздейді.

Төртінші индустриялық революция ерекшелігіне тоқталатын болсақ,  оның іргелі негізі – сандық технология. Соған сәйкес төртінші индустриялық революция үрдісі адамның таным қызметінің өзгеруі арқылы дамитыны туралы дүниежүзілік Давос экономикалық форумының президенті Клаус Шваб: «...төртінші индустиялық революцияның ең табысты тұтынушылары, интеллектуалдық немесе физикалық капиталды жеткізушілер – өнертапқыштар, инвесторлар, акционерлер болады. ... цифрлық технологияға сүйенген ұйымдар өнім мен қызметтің алуан түрін қамтитын сатушылар мен тұтынушыларды бір желіге біріктіреді де, бәрін бір уысқа сыйғызудың арқасында табыстарын одан сайын еселей түседі» деп, атап көрсетеді (Шваб Клаус. Төртінші индустриялық революция.- Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018.- 200 б. (20 б.))

Цифрлы экономика дендеп енгеннен кейін шаруашылықтың бірқатар дәстүрлі салаларында түбегейлі өзгерістер болып, кейбір мамандықтар мүлде жойылады деген сарапшылар тарапынан батыл болжамдар жасалып келеді. Дүниежүзілік банктың болжамдарына сүйенсек, қазіргі мамандықтардың 57 % қажеттілігі болмай қалуы мүмкін. Өндіріске адамдардың орнына роботтар келеді. «Халықаралық роботтехника федерациясының мәліметтеріне сәйкес, қазіргі таңда әлемде 1,1 млн робот жұмыс істейді. Автомобиль өндірісіндегі жұмыстың 80 %-ын роботтар атқарады» (Шваб К. аталған еңбек, 157-бет) 

Алайда, кейбір кәсіптер мен мамандықтар жойылғанымен не өзгергенімен, инновациялық-цифрлық экономикада мүлде жаңа салалар, жаңа мамандықтар мен жаңа кәсіби дағдылардың  пайда болуы әбден мүмкін. Мұндай сапалық өзгерістер өндіріс салаларына ғана емес, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынаста, қоғамдық салаларда да орын алады. Осы жағдайда білімге деген сұраныс, жаңа білім генерациясына деген қажеттілік арта түседі. Ол тек жастар үшін ғана емес, бүкіл еңбекке қабілетті адамдар үшін өзекті. Бұл «өмір бойы білім ал» немесе үздіксіз білім (life long learning) қағидатының өміршеңдігін көрсетсе керек. Американдық философ, футуролог Элвин Тоффлердің: «ХХІ ғасырда сауатсыз адам деп оқып, жаза алмайтындарды емес, оқығысы келмейтін, оқып пысықтауға әрі қайта оқуға талпынысы жоқ адамдарды айтатын боламыз» деген ойы шындыққа айналып келеді.

Күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде «Ақылды қала - Smart sity» ұғымы кеңінен енгізіліп келеді. Егер «қала ақылды» болса, онда оның тұрғындары да білімді, ақылды болуы керек емес пе? «Ақылды қала» ұсынатын игіліктер мен мүмкіндіктерді пайдалану үшін оның тұрғындарынан тиісті білім мен дағдыларды қажет етеді. Сондықтанда күнделікті өмірдің шындығы – білімді үздіксіз жетілдіріп отыруға мәжбүрлейді.

Уақыт талабына лайықты жауап беру мақсатында Қазақстан үкіметі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, іске асыруда. Бағдарламаға сәйкес 2021 жылға дейін мемлекеттік қызметтің 80% электронды түрде көрсетіледі. Тиісінше халықтың «цифрлық сауаттылығы» бұл көрсеткіштерге сәйкес келу керек. Цифрлық технологияларды қолданудың күрделілігі әртүрлі деңгейде болатыны белгілі әрі олар қысқа мерзімде жетіліп, жаңарып отырады. Сол себепті халыққа кем дегенде базалық цифрлық дағдылар қажет. Бұл білімді, біліктілікті жетілдіруді талап етеді. Ол өз кезегінде халықтың бойында «цифрлық менталитеттің» қалыптасуына алғышарт жасайды.

Адамның заманауи білімі мен дағдылары оның өмір сүру сапасының  көрсеткіші. Соған сәйкес, қоғамда білімнің салтанаты толық орнауы үшін біріншіден, мұғалімдер мен ғалымдардың әлеуметтік мәртебесі жоғары болуы шарт; екіншіден, әрбір азаматтың табысты болуы мен өмір сапасының артуының қарапайым формуласы – өмір бойы білім алу мен кәсіби дағдыларын үздіксіз жетілдіру қағидаты санамызға берік орнығуы тиіс.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ойымен түйіндей айтқанда: «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді».

 

Нұрбек ШАЯХМЕТОВ,

Мемлекет тарихы институтының

бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д.

 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?