Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Пугачев көтерілісіндегі қазақтарды Досалы сұлтан басқарды

5119
Пугачев көтерілісіндегі қазақтарды Досалы сұлтан басқарды - e-history.kz
1773-1775 жылдары Жайық қалашығы Е. Пугачев бастаған халық қозғалысының тірегі болды. Көтеріліс басып жанышталғаннан кейін Екатерина ІІ патшайымның жарлығымен қала Орал болып өзгертілді

XVІ ғасырдың аяғы мен XVІІ ғасырдың басында Ресейдің крепостниктік езгісінен қашқан шаруалар мен казактар Жайық өлкесіне көшіп келіп, қоныстарын сала бастады. Сөйтіп 1584 жылы Ақ Жайық өзенінің жағасында шағын  қалашықтың іргетасы қаланды. 1613 жылы қала статусын иеленді. Осылайша тарихта (қазіргі Орал қаласының) Жайық қалашығы пайда болды.

Біртіндеп Жайықтың бойына патша үкіметі де қызығушылық білдіре бастады. Өлкенің шұрайлы жерлеріне орыс помещиктерін әкеліп қоныстандырды. Петербург билеушілерінің осы аймақты жазалаушы топтармен ойрандауға көшті. Жайық бойына патша үкіметінің бекіністерін сала бастады. Қазақтар үшін мал жайылымдық жері азайды. Осындай шаралардың жүзеге асуы жергілікті қазақтар мен казактарға ұнамады. 

Е. Пугачевтің  соңғы сәті суретші еңбегінде

1772 жылы Жайық казактарының феодалдық езгіге қарсы көтерілісі бұрқ ете түсті. Осы көтерілістің нәтижесінде казактар «тыңдамайтындар» және «тыңдайтындар» болып екі лагерге бөлінді.

Жайық бойы қайғыға тұнды. Жазалау, қиын жұмыстарға айдау, тыңдамайтындардан әсіресе кедейлерден үлкен мөлшерде айыппұл алу кең құлаш жайды. Кедей халықтың осындай жағдайы мен көңіл-күйі жаңа, ірі көтеріліске 1773-1775 жылғы Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына әкеліп соқты.  

Е. Пугачев көтерілісі қамтылған аймақтардың картасы

Ресейдегі Е. Пугачев бастаған көтеріліс қатыгез басыбайлылық тәртіпке қарсы бағытталса да, оған үлкен ынта-жігермен және үмітпен Еділ-Жайық бойындағы орыстар, башқұрттар, удмурдттар, татарлар, чуваштар, мари, мордвалар, қазақтар да қатысты. Көтеріліске қатысушылар Пугачевты «өздерінің патшасы» деп санады.

Көп ұлтты қамтыған көтерілісте Удмурдттарды Чуваш, шоқынған Козьма Иванов, қалмақтарды Ф.И. Дербетев, татарлар мен башқұрттарды полковник Салават Юлаев, қазақтарды Досалы сұлтан басқарды. Енді барлығына ортақ, мүдделер үндестігін орнатып, татуластыра алатын патша табылды. Бұл халықтың ұлы арманы да, жантүршігерлік қайғылы алдануы да болатын.

Емельян Пугачев көтерілісіне қазақтардың қатысуы

Орта жүз, әсіресе Кіші жүз қазақтары патша үкіметінің жер мәселесіндегі отаршыл саясатына қарсылық танытып,  Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қосылды. Пугачев үндеуінің Кіші жүзде таралуы қазақтарды стихиялы түрде көтеріліске тартты. Халық жасақтары билеуші топтардың қол астына шоғырлана бастады. Өйткені патша үкіметінің Жайық, Ертіс өзендерінің оң жағасындағы шұрайлы жерлерді орыс-қазақтарға беріп, қазақтардың бекіністер орналасқан өңірге жақындауына тыйым салуы халықтың ашу-ызасын тудырды. Ал Пугачев болса езілген халық бұқарасын «жермен қамтамасыз етуге» уәде берген еді.

Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі басып жанышталғаннан кейін Екатерина ІІ патшайымның жарлығымен  Жайық қаласы Орал болып өзгертілді. Архив құжаты БҚО тарихи-өлкетану музейі қорынан алынды

Қазақтардың Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысуы кездейсоқтық емес. 1773 жылы 20 қыркүйекте Пугачев қазақ жұртына көтерілісшілерге 200 адам беру жөнінде үндеу тастайды. Сол жылдың қазан айында Досалы сұлтан өзінің ұлы Сейдалы бастаған тама, табын руларының жігіттерінен жасақталған отрядты Пугачевтің қарамағына жібереді. Көп кешікпей бұларға Досалының екінші баласы, кейін сұлтанның өзі келіп қосылады. 1900 жылы  Орал қаласындағы  қалалық архивінде жұмыс істеген орыс жазушысы В.Г. Короленко:

«Досалы сұлтанның үшінші ұлы — Пугачев көтерілісіне тікелей қатысып, Жайық қамалын алуға атсалысқандардың бірі» 

деп жазады.

Сонымен қатар Кулагин қамалын алуда да қазақтардың зор үлес қосқанын атап көрсетеді. Орынбор шекарасындағы қамалдар мен форпостарға қазақ жауынгерлерінің дүркін-дүркін шабуылы үдей түсті. 

Академик В.П. Вяткин:

«Қазақ халқы хан мен сұлтандардың рұқсатынсыз пугачевшілермен байланыс жасай отырып, шекара желісіне жиі-жиі шабуылдар жасады»

дейді.

Башқұрт полковнигі, 1774 жылы Пугачев көтерілісіне қатысқан Б. Қанқаевтің мәлімдемесі бойынша, көтерілісшілер құрамында 10 мың қазақ болған. Пугачевті дарға асқаннан кейін де Кіші жүз қазақтарының патша өкіметіне қарсы қозғалысы тоқтаған жоқ. Үздік-создық созыла келіп, 1775 жылдың аяғында Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа айналды. Кіші жүз қазақтары Пугачев көтерілісіне қатысу арқылы өзінің ұлттық бостандығы үшін күресті.

Жайық қалашығын мекендеген казактардың шаруашылық құралы

1773-1775 жылдары Жайық қалашығы Е. Пугачев бастаған халық қозғалысының тірегі болды. Көтеріліс басып жанышталғаннан кейін Екатерина ІІ патшайымның жарлығымен қала Орал болып өзгертілді. Қаланың экономикалық өмірінде сауда үлкен маңызға ие болды. 1846 жылы Орал ірі қалалар қатарына қосылып, үлкен сауда орталығына айналды. ХХ ғасырдың басына дейін Орал қаласы Орынбор губерниясының бөлігі Орал казак әскерінің орталығы Орал облысының әкімшілік орталығы болды.

Мәдени серуен: Орал қаласындағы Емельян Пугачевтің музей-үйі. Фотосуреттер сілтеме ішінде 

 

Шаруалар көтерілісінің тілсіз куәгері – Е. Пугачевтің үйі

Жайық қалашығындағы (қазіргі Орал қаласы) өткен барлық тарихи оқиғалардың тілсіз куәгері – Е. Пугачевтың үйі. Бұл негізі көтеріліске белсенді қатысушылардың бірі – Петр Кузнецовтың үйі. Өзін Петр ІІІ патшамын деп мәлімдеген Е. Пугачевтің Петр Кузнецовтың қызы Устиньяға үйлену тойы осы үйде өткен. Сөйтіп, бұл үй «казак патшайымының ордасына» айналды. Ақырында император Екатерина ІІ Устиньяны Кексгольм бекінісіне мәңгілік абақтыға қамады. 1774 жылы Жайық бекінісін қоршауға алғанда Пугачев осы үйде болған.

Орал қаласындағы Е. Пугачевтің музей-үйі

1751 жылы үйді орташа ауқатты казак Кузнецов «Шилихинский артелінен» кейін салған. Үй жұмыр ағаштан салынып, шатырмен жабылған. Екі бөлмесі, асханасы және жертөлесі бар.  Мұнда әр жылдары орыстың ұлы саяхатшылары мен зерттеушілері, жазушылары мен ақындары  П.И. Рычков, П.С. Паллас, А.С. Пушкин, И.А. Крылов, В.А. Жуковский, Л.Н. Толстой, Т.Г. Шевченко, М.И. Михайлов, В.И. Даль, В.Г. Короленко болған.

1833 жылы 20 қыркүйекте А.С. Пушкин Орынбордан Оралға сапар шегіп, наказной атаман В.О. Покатиловтың үйіне тоқтады. Кейін Е. Пугачев іздерімен жүрген сапарын еске алған А.С. Пушкин:

«Дәуірдің басты оқиғалары болған жерлерде болдым, көне құжаттарды – тірілердің көз-көрген қариялардың сөздерімен тексеріп жаздым және қайтадан олардың көнерген естеліктерін жаңғыртып, тарихи сын елегінен өткіздім»

деп жазды. 

Ақынның сапарының басты нәтижесі ретінде «Пугачев тарихы» мен «Капитан қызы» сияқты атақты шығармалары дүниеге келді.

ХVІІI ғасырдағы сәулет өнерінің ескерткіші – Е. Пугачев музей-үйі  Орал қаласы, Достық даңғылы, 35 мекен-жайында орналасқан.

Патша әскерінің зеңбірегі 

1967 жылы бұл үйде кітапхана орналасса, 1991 жылдан бастап тарихи ескерткіш ғимараты облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарамағына берілді.

Е. Пугачев тұрған үйдің жатын бөлмесі

Мұнда орыс-казактардың тұрмыстық бұйымдары мен қару-жарақтарының түпнұсқалары, тулар, зеңбіректер, Ресей империясының патша сыйлықтары орын алған. Орал қаласында өткен тарихи оқиғалардың куәгері болып саналатын Е.Пугачев музей-үйіндегі жүздеген жәдігер – өлке тарихы мен Жайық казактарының тұрмыстық келбеті мен өзіндік ерекшелігінің айшықты белгілерінің бірі.

Материал Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесе отырып әзірленді

Фотосуреттер автордікі

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?