Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шоқ тілді Шона

1899
Шоқ тілді Шона - e-history.kz

XX ғасыр қазақ халқы үшін ең ауыр кезеңдердің бірі. КСРО-да ұлтты әлсіретіп, оның құндылығы ана тілін жою мақсатында түрлі сұрқия сатты қазақ даласына жүргізе бастады. Ең басты жасаған тосқауыл – ол қазақ тілді мектептердің құрып кеткендігі еді. Ұлттық мектептер жабыла бастады. Күллі қазақ жұрты орыс тілінде сөйлеу керек деген ұстаныммен болды. Дегенмен сол уақыттың өзінде де қазақ балалары өз тілінде білім алып, қазақ мектептеріне бару керек, бала-бақшалар қазақ тілінде болуы шарт деген ойды алға тартып, оның жұмыс істеуіне ықпал еткен тұлғалардың бірі,  халық жанашыры Шона Смаханұлы еді.  

Ол кісі 1924 жылы 2 қарашада Жамбыл облысы Талас ауданында Ойық дүниеге келген. Сонымен қатар Шона Смаханұлының туған жеріне деген ыстық махаббатын өзінің шығармаларына байқауға болады. Ол туған жерінің  тауы мен тасына, оның ауасы мен самал желіне арнап жыр жазған. Сол туған жеріне барып, демалғанды жақсы көретін.  

Бала кезі ашаршылық жылдарына келіп, ерте ата-анасынан айырылады.  Оның жастық  шағы Екінші Дүниежүзілік соғысының  от-жалынында, оқ пен от арасында, майдан даласында өтті. Балалық шағы осындай ауыр кезеңдерде өтсе де ол сатираның саңлағына айналды. Соғыс аяқталып, еліне оралған  ардагер бірнеше жыл ауыл мектептерінде мұғалімдік қызметін атқарады. Жоқшылықтың күйін кешкен ол қалтасында жолға ақша болмағандықтан Тараздан Алматыға атпен барған екен. Кейініректе, 1956 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп, толықтай Алматыға ойысады.  Сол жылдары өлең жазумен белсенді айналысады. Алматыда жүріп, Бауыржан Момышұлымен танысады. 

Алматыда жүріп Шона Смаханұлы «Ара» журналында, «Қазақстан мұғалімі» газетінде, «Жазушы» баспасында  еңбек етті. Қай жерде жұмыс істеде де қазақ тілін дамытуға тырысқан. Ол кезде қазақ тілі тұрмыстық жағдайда ғана қолданылған. Қазақ тілінің мәртебесінің жоқтығы сонша Алматыда 1 ғана қазақ тілді мектеп болды. Шона Смаханұлы Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі хатшысы  Олжас Сүлейменовпен  келісіп, Одақ  жанынан  қазақ мектептеріне  қатысты  ағарту жұмысымен  айналысатын бөлім  ашады.  Ол қазақ  мектептерінің  жыл сайын  саны  азайып, жабылып жатқанын, бұл әрекет ары қарай жалғасын табар болса  қазақ ұлтының болашағына қауіпті екенін Республика басшысы Д. Қонаевқа мәлімдеген болатын. 

Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың Шона Смаханұлының  жазған өтінішіне берген жауабы мынадай еді: «...Бұл  мәселемен  бір адам  кабинетіме  басын сұғып  кірсе,  кәне. Бәрі қызмет сұрап келеді, бала-шағасына пәтер сұрап келеді, атақ-дәреже сұрап келеді. Бірақ туған халқымның үмітін ақтайын деп ел аманатын арқалап алдыма келген  тірі пенде болған емес осы уақытқа шейін. Сонда қалай? Ел мүддесінен гөрі, өз мүддесін жоғары қоя бастағаны ма бұ зиялы қауымның? Талап-тілегің  өте  орынды, Шөке.  Өтініш-хатыңда  тиісті құзырлы  мекемеге  қол қойып, пәрмен беріп жөнелтем. Оған алаңдама. Хабарласып тұр.»

Қонаевтың осы сөздерінен біз Шона Смаханұлының жобасы бұрын-соңды көтерілмегенін, соған орай  қазақ мектептерін жандандыру, көбейту идеясын жоғары бағалап, қолдағанын көреміз. Сонымен қатар сол кездегі Жазушылар одағынан да кейбір зиялы қауым тарапынан, журналистерден Шона  қолдау тапты.  Бас көтерген  қазақ  журналистері қазақ  мектебінің  тағдыры мен  болашағы  жайлы республиканың  баспасөз беттеріне  мақала  жариялай бастады.  Шонаның  қоғамдық-азаматтық қызметі ең сүйікті ісі болатын. Қазақ тілінде білім беретін мектептер ашу жолында советтік  кезеңнің алпауыттарына  қарсы  тұра білген,  сұрқия  саясатына төтеп  берген  Шона Смаханұлының еңбегі өте үлкен. Талайларға қарсы шығып, одан өз жанын, өмірін аяп қалған жоқ. Өмірінің соңына дейін ағартушылықпен айналысқан оның өмірінің соңына дейін 24 қазақ мектебі ашылған еді. Осы білім ордаларының ашылуы үшін Шона сол уақыттағы Білім министрлігінен бастап, қаладағы білім басқармасының басшысы, партия төрағасының кабинеттерін жағалаумен өткен. 

Тағы бір мәлеміметтерге қарағанда, Шона Смаханұлы Дінмұхамед Қонаевтың кабинетіне кіргенде хатшыны алдап, оның туысқаны екендігін алға тартқан екен. «Ол – Қонаев, мен – Шонаев» деген сөздері де бар. Бірақ сол кезде Қонаев айтты деп мектептер бірден ашылмады. Ашылу үшін ең алдымен қазақша оқығы келетін балаларды табу керек еді. Ал ол сол уақытта қиынға түсті. 

Біріншіден, теледидар мен радиоға хабарлар беру мүмкін емес еді. Тіпті газеттер мен журналдарға ондай хабарламар беру қиын еді. 

Екінші бір мәселе – халықтың өзі балаларын орыс тілінде оқытқысы келді. Орыс тілі – болашақтың тілі дегенді алға тартты. Міне осындай жағдаяттармен Шона күрескен. Мектептердің алдына барып ата-аналарға үгіт-насихат жасады. Олармен жақынырақ танысып, балаларын қазақ тілді мектепке берулеріне әсер етті. Сол уақытта қасына көмекшілерін жинап алып, Алматыдағы әр көшеге хабарландырулар іле бастады. Оларды белгісіз біреулер жұлып кетсе де, ертесіне барып қайта ілгізген. Оған қоса үйді үй аралап, балалармен жеке сөйлесіп, оларды қазақша оқуларына ықпал етіп отырған. 

Қаламгер  өзінің шығармаларында,  сықақтары  мен мысалдарында балалар үшін де, басқалар үшін де ғибратты, танымдық, тәрбиелік мәні  жоғары  ірі мәселерді көтерді. Өмір құблыстарының  қалың тобынан  көзіне түсіп, көңіліне  ұялаған шағын шындық  болмыстың өзіне  де    ақын шын  тапқырлықпен,  суреткерлік   үлкен    талғаммен  толғады. 

Қазақ тілді мектептердің қазіргі жағдайына тоқталайық.

Қазір балалардың қазақ тілінде оқуды таңдауы артып келеді. Орта білім комитетінің хабарлауынша, 2022-2023 оқу жылында 172 мың мектеп бітірушілерінің 120 439-ы қазақ тілді мектептерді тәмамдады. Бұл жалпы бітірушілердің 70 %-дан астамын құрайды.

Бір жыл бұрын қазақ тілінде оқытатын мектептер 117 088 баланы бітіруші етіп шығарды, бұл жалпы бітірушілердің 170 мыңға жуық санының 68,8 % құрайды.

2020-2021 оқу жылында 150 мың бітірушіден 111 183 бала қазақ тілінде оқытатын мектептерді аяқтады. Бұл жалпы санның 74 % құрайды.

Мысалы, 10 жыл бұрын мектепті 168 744 бітіруші тәмамдаған. Оның ішінде, Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, 82 947 бала қазақ мектептерін бітірген. Бұл жалпы санының 49 %-нан аз.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1993 жылы қазақ тілінде оқитын оқушылар  37 %-ды құрағаны белгілі.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 6909 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 54%, яғни 3743 мектеп қазақ тілінде, 1055 мектеп орыс тілінде, 5 мектеп ұйғыр тілінде, ал 2106 мектеп аралас тілде білім береді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?