Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Марал Ишан кім болған?

1202
Марал Ишан кім болған? - e-history.kz

Қостанайда ХІХ ғасырдың соңында салынған архитектуралық құрылыс нысандары жеткілікті. Соның бірі – қала орталығындағы мешіт. Ол 1893 жылы халықтың қаржысына салынған. 120 жылдан астам уақыт бойы сәнді және бірегей ғимарат облыс орталығының көрнекті жерлерінің бірі болып келеді. Жалпы ауданы 851,4 шаршы метр, биіктігі 4,51 метр. Мешіт бір мезгілде мыңнан астам адамды қабылдай алады.

Бірақ бұл ғимарат барлық уақытта дерлік мешіт болмады. Соғыс жылдарында эвакуациялық пункт болды. Мұнда Ленинградтан эвакуацияланғандар паналады. Соғыстан кейін ғимаратта кинотеатр ұйымдастырылды. 1986 жылы оны концерттік залға қайта жөндеді. Бірақ 1991 жылы ғимарат діндар мұсылмандар қоғамына беріліп, бастапқы рөліне қайта оралды. 2002 жылы мешіт діни қайраткер Марал Ишанның құрметіне аталды.

Марал Ишан кім болған?

Марал бабамыз 1780 жылы қазіргі Қостанай облысындағы Обаған өзенінің төңірегінде, Құсмұрын атырабында, кейін Марал шілігі аталған қоныста дүниеге келген. Зерттеушілердің жазуларына қараған­да, Марал ишанның әкесі Құрман Абылай­ханның ең сенімді адамдарының бірі, ем­шісі болған, ал шешесі қалмақ ханы Хал­­дан-Сереннің қазақ әйелінен туған, есімі – Фатима. 1741 жылы ақпан айының аяғында жоңғар әскерлері қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Нақ осы кез­де Абылай қапылыста қолға түседі. Бұл жөнінде Ямышев бекінісінің комендан­ты Сібір губерниясының кеңесіне жол­даған мәлімдемесінде: «Қалмақтар оларды  талқандап, сұлтан Абы­лайдың өзін қолға түсірді» деп хабарлайды. 

Екі жылдан астам тұтқында болған Абылай 1743 жылдың қыркүйегінде аман-сау елге оралады. Қалмақ ханы Абылайды тұтқыннан босата отырып, оған үлкен сый-сияпат жа­сайды. Осы жайында Орынбор комиссиясы­­ның өкілдері Иван Лакин мен Мансұр Аса­нов: «Етегі алтынмен көмкерілген қым­бат шатыр, алтын зерлі қамқа тон сияқты асыл бұ­йымдар­ды тарту етті» деп жазады. Қал­мақ ханы Абылайға жан да сый­ла­ды де­генді тарихшылар жоққа шығар­май­ды. Сөйтіп, қалмақ тұтқынынан оралған Абы­лай көшіне ілесіп келген екі қыздың біріне өзі үйленеді де, екіншісін емшісі Құр­ман­ға қосады. Күндердің күнінде екі әйел де босанып, шекесі торсықтай екі ұл өмірге келеді, оның бірі – Қасым (Кенесарының әкесі, екіншісі – Марал). Сәбит Мұқанов­тың «Аққан жұлдыз» романында: «Атадан балаға қалған сөздерге қарағанда Марал ишан мен Кенесары Қасымовтың шеше­лері туыс, екеуі бөле еді», – деген сөздері де ­осыны дәлелдейді.

XIX ғасырдың басына оралайық. Қазақ хандығы сол уақытқа қарай қатты әлсіреп, Ресейдің отарлық саясаты, керісінше, күшейді. Бұл жағдай Тобыл қазақтарының бәріне бірдей ұнаған жоқ. 1821 жылдың жазында дала мұсылмандарды бірігуге және Ресейге қарсы тұруға шақырған имам туралы хабар тарады.

Осы уақытта Күркім атты бай 1821 жылдың маусымында шекараға хабарлағанындай, имамның аты – Марал болды. XIX ғасырдың басында ол туыстарымен Пресногорьковск бекінісі маңында көшіп жүрген, «соқырларды, ақсақтарды емдейтін және әйелдердің бедеулігін шешетін» дәрігер-бақсы ретінде танымал болған. 1803 жылы немесе басқа деректер бойынша 1806 жылы Марал Бұқара хандығына оқуға кетті, бір уақыт Шахрисяб қаласында тұрып, суфий шейхтарының бірі – Кұлмұхаммедтің шәкірті болды. 

Марал уағыз айта бастады. Алайда оның уағыздары діни тақырыптармен шектелген жоқ. Федор Герман «минулый летом в Средней Орде явился один подобный по имени Моралл, который проповедовал о разных чудесах, предсказывал скорое порабощение Орды и многие несчастия» деп жазды. Дереккөздерге сәйкес, Марал Ишанға әр түрлі болыстардан қазақтар келіп, оларды Ресеймен байланысын үзуге, біртұтас болып бірігуге шақырды.

Марал Ишан мен оның жақтастары сол кезеңде іске асуы қиын, бірақ ауқымды міндеттерді қойды. Олар Хива, Қазақстан, Башқұртстан және Поволжье жерлерін біріктіріп, мұсылман мемлекеті құру. Отаршылдық саясатқа қатысты көзқарасымен ол Оренбург генерал-губернаторы Эссен мен жеке Сібір корпусының командирі Капцевичке жазған хаттарында былай деді: «...бірнеше жыл бұрын Ресей империясының шекарасында бақуатты, бейбіт, тыныштық пен қауіпсіздік болды ... орыс халқының қазақ жеріне рұқсатсыз келуге құқықтары мен батылдықтары болмады, қазақтар да орыс жеріне барудан қорқатын, ал қазір ... орыс халқы қазақтардың жерін толықтай тартып алып, иеленіп алды...».

Оқи отырыңыз: Сені кімсің, Құрманов мырза?

Марал Ишан өз амбициялық жоспарларын жүзеге асыруға кірісіп, Ресей шекарасынан алыс, Торғайға көшті, ол жақта да насихат жұмыстарын жалғастырды. Сұлтан Чутай Бахтыгереев 1821 жылдың шілдесінде Усть-Уйск бекінісінің комендантына Марал Ишанның «барлық руларды көтеріліске алып келіп, қазақтарды шекара бойында көшірмес үшін әрекет етіп жатқанын; бекіністерге шабуыл жасап, адамдарды ұрлау және малдарды айдап кету үшін жаман оймен жинаған адамдарды өзіне қосуға тырысып жатқанын» хабарлады. Пресногорьковская дистанциясының командирі майор Набоковтың хабарламасына сәйкес, Марал Ишан Тосын құмында он мыңға дейін азаматтарды жинаған.

Торғай даласы

Марал Ишанның қызметі тек шекаралық қана емес, империяның орталық билігін де алаңдатты. 1821 жылдың желтоқсанында вице-канцлер граф К. Нессельроде Сібір генерал-губернаторы М.Сперанскийден Марал Ишанға өатысты жоспарларын сұрады. Губернатор Маралды «жақсы себеппен» шекара сызығына шақыруды ұсынды. Ондай себеп Петербургте келіссөздерге шақыру болды. Алайда хат Марал Ишанды бұрынғы орнында таппады. Кейбір деректер бойынша, ол өз жақтастарымен бірге хиуалықтардың шабуылына ұшыраған Сырдария қазақтарына көмек көрсету үшін шыққан.

XIX ғасырдың 40-ыншы жылдарында, Ырғыз бен Торғайда Ресейдің бекіністері пайда болған кезде, Марал Ишан мен оның жақтастары оңтүстікке көшіп, Сырдарияның төменгі ағысына табан тіреді.

Марал Ишанның қозғалысы бірнеше себепке байланысты сәтсіздікке ұшырады. Біріншіден, қазақ халқының барлық жерінен адамдарды біріктіру мүмкін болмады. Екіншіден, қозғалыс басшылары сыртқы саяси жағдайды дұрыс бағалай алмады, туыстас мұсылман халықтарын біріктіру туралы жоспарлары утопиялық еді. Дегенмен, Ресей әкімшілігі де бұл қозғалысқа қарсы айқын жеңіске жете алмады.

«Кенесары ханға атақты Марал Ишанның сыйлаған Құраны табылды». Өткен жылдың жазында Қазақстанның БАҚ-да Марал Ишан мен Кенесарының мөрі бар Құран табылғаны туралы жаңалық тарады. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?