Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Оғландар жүрген Омбы қаласы

428
Оғландар жүрген Омбы қаласы - e-history.kz

Кешегі күндері алыптар алшаң басып жүрген қаланың біреуі Омбы еді. Ұлы Шоқан, Абайдың көркем мінез інісі Қалиолла, көсем Әлихан, өткір Міржақып, әйбат Әбікей, алғыр Айдархан, сері көңіл Сейітұлдары, қайсар Қошке, маңғаз Мағжан, сәнді Сәкен, нағыз Нығметтер  болған Сібір шамшырағы Омбыда Отыншы атамыз да жадырап күліп, жамырап жүрген-ді.

Омбы дегеніміз – байырғы қазақ даласы, қиыр жайлап, шет қонған ата-бабаларымыздың мекені. Орыстар қару мен әскердің күшіменен алып, бекініс салып, өзіне қаратыпты. Алтын орда ыдырап, Ақ ордадан кейін дәуірлеген Сібір хандығының түбіне Ермак жетіп, Ертістің бойына ағаш бекіністерін салуды бастайды. І Петр кезінде Бухгольц деген қолбасшысы келіп, қазіргі қаланың іргесін қалайды...

Омбыға табанымыз тиген 12 тамыз – Зайсаннан алған білімін Омбыда жалғап, қызмет бастаған, кейіннен Алашорданың үлкен, көрнекті қайраткеріне айналған Отыншы Әлжанұлының туған күні! 

Аруақты асыл ер осыдан тура 151 жыл бұрын Тарбағатай тауының бөктерінде сол кезде Нарын болысының алтыншы ауылында дүние есігін ашыпты. Оның ел-жұрты Абайдың ұлы нағашылары, Зере әжеміздің төркіні еді. Құнанбайдай пірадарға серік бола алған атақты Ізғұтты мен Отыншының әкесі Әлжан екеуі бір атадан тараған жақын жұрағаттар болады. 

Отыншының ізі Омбыда сайрап жатыр. Оның азамат болып қалыптасуы, қайраткерлік қабілетінің басталуы осы қаламен тікелей байланысты. ХХ ғасыр оқығандарына тән қайраткерлігі қаламмен ұласып, соңына екі тілге бірдей жүйріктігінен әдеби-публицистикалық мол мұра қалдырды. Әскери істердегі алымдылығы, қазақ даласын, Жетісу өлкесін большевиктермен өліспей беріспей қорғауы оның ардақты есімін Алаш кезеңі тарихына ғана емес, тұтас ұлт тарихына өшпестей етіп жаздырды.

Осындай бабамыздың басқан ізімен, жүрген жолымен біз де Омбыға келіп жеттік. Таң ата Омбы облыстық тарихи архивіне барып, тіркеліп, қажетті құжаттарымызды алғандағы қуанышымыз бір басқа. Отыншы атамыздың өміріне байланысты, оқуы, алғашқы еңбек жолы, халық санағына қатысуы сияқты тарихи құжаттар молынан екен.

Түс ауа біз Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік кітапханасына барып, көне кітаптар мен ескі газет-журналдардың ізіне түстік. Отыншы Әлжанұлының мақалалары үзбей жарияланған «Дала уәлаяты» газетінің түпнұсқасын қолмен ұстап көріп марқайған сезімді бастан кешірдік. 

Омбы қазақтың ізі, қолтаңбасы тұнған жер екен. Біз ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында білім алған, қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің ізімен қаланы шарладық. Бұл қалаішілік экскурсиямызға Омбыдағы бас консульдық басшысы Керім аға, Серікқали арнайы көлік бөліп, «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымы серкелерінің бірі Қуаныш Елеутаев доспен жүріп өттік. 

Омбы дегенде алдымен Шоқан бабамыздың ойға оралатыны заңдылық. Ол оқыған Сібір кадет корпусы оқу ордасының ғимараты консульдық үйінен алыс емес екен, ар шаңқан зәулім ғимараттың сыртына Шоқан Уәлихановтың есімі жазылған тақтайшаны көрдік. Шоқанның замандастары «атақты қарт Потанин», Катанаев, Корнилов, Карбышев, Куйбышев сияқты тарихи тұлғалардың да белгілерін тамашаладық. 

Ертістің оң жағасында Омбының қақпасына да арнайы баруды жөн санадық. Кезінде қаланың төрт жағынан кіретін-шығатын төрт қақпа орнапты, соның бірін, түпнұсқасын осы бір ел аяғы көп жүретін жерге қойып, туристік алаңға айналдырып отыр. 

Әсіресе маған қатты ұнағаны, Орыс Географиялық қоғамы Омбы бөлімінің музейі. Онда бір кездері ұлт көсемі, осы ұйымның белді мүшесі болған Әлихан Бөкейхан да серіктерімен, достарымен, орыс зиялы қауымы және аристократтарымен бірге тарихи фотосуретке түскені белгілі, сол сурет музейдің басты ескерткіштерінің біріне айналыпты. Өлкетанушылар, ғалымдар, жиһанкездер мен зерттеушілердің еңбектері қойылған, мұндағы заттардың көбі сол заманның белгісіндей өзгерместен тұрғаны кәдік. Бұл орданың табалдырығын Әлихан бабам талай аттап, талай мәрте келді ғой деген ой түйдік. 

Ендігі қазақ Омбыға бара қалған жағдайда соқпай кетпейтін тарихи орынның біреуі – Омбы мұғалімдер семинариясы. Мұнда біздің бабамыз, Алаш қайраткері Отыншы Әлжанұлы 1890-1894 жылдары білім алған. Әбден күйдірген қызыл кірпіштен өрілген, еңселі оқу ғимаратында өзге де көптеген қазақ азаматтары оқыған, біз оның он беске жуығының кімдер екенін анықтадық. Жасы үлкені Отыншыдан (1890) бастап, ең жасы кішісі Абдолла Байтасұлына (1917) дейінгі аралықта небір қазақтың жақсы-жайсаңдары білім алыпты. Күні кеше ғана 100 жылдық мерейтойы аталып жатқан тіл білімінің білгірі, академик Рәбиға Сыздық апамыздың әкесі Сәтқали Құтқожаұлы да бар еді. Семинария ғимаратының сыртына тек Сәкен Сейфуллин мен Нығмет Нұрмақұлының есімдері жазылған тақтайша ілінген екен. Осы оқу орнының мұғалімі болған Седельников жайлы да көптеген материалдарға қанықтым, Әлиханмен пікірлес болған бұл тұлғаның қазақты іш тартып, жанашырлықпен қарағаны байқалады. 

Омбының бүгінгі зиялылары ғана емес, алыс-жақын орыс шығармашылық қауымы түгел мойындаған қазақ суретшісі Амангелді Шәкеновтің сурет көрмесі жүріп жатыр екен, билет алып, бас сұқтық. «Екі елдің мәдениет елшісі» атанған суретші артына мол мұра қалдырған, қазақ халқына деген сағыныштан, ұлттық колоритке малынған, бай туындылары көз суарады, көңіл семіртеді. Бұл марқұм суретші ағамыз жайлы арнаулы мақала жазуды да түйіп қойдық. 

Омбы қаласындағы күндерім босқа кеткен жоқ. Бұл қаладан жаңа достар таптым, «Омбы қазақтары» ұйымының белсенді жастары, Қуаныш пен Торғын бастаған қазақ бауырлармен танысып, әріптестік байланыс орнаттық. Бұл сапарымызды барынша қолдап, үлкен демеу берген, архив пен кітапханаларда жұмыс істеуімізге септігін тигізген Қазақстанның Омбыдағы Бас консулы Керім Қуандықұлына, Серікқали Қанатқалиев замандасқа зор алғысымызды білдіреміз. 

Пушкин атындағы Омбы облыстық мемлекеттік ғылыми кітапханасында біраз күн еңбек еттік, біраз жәрдем берген тарихшы Андрей Петрұлы Сорокинге, бөлім басшысы Галина Евгенийқызына, елгезек библиограф Наталия Николайқызына да рахмет айтамыз. 

Жазушылар одағының «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» жобасы мен үшін үлкен тәжірибе, үлкен сабақ, тағылым алаңы болды. Жоба үйлестірушісі, қадірлі Қасымхан аға Бегманов үнемі байланыста болып, жағдайымызды сұрап, тамаша үйлестіре біліп, іссапарлардың ойдағыдай жүруін бақылап отырды. 

Бір барғанмен бәрі бітіп кетпейді, Омбыға әлі талай келу керек екен деп кеттік. Біздің бай тарихымыз, мұрамыз жатыр, қаны бір, жаны бір, туыс қазағымыз өмір сүріп келеді. Алаш көсемдерінің бірі болған Отыншы Әлжанұлының туған күнінде жоқ іздеген жолаушыдай түртініп, ізденіп, тірнектеп жүргеніміз кездейсоқ емес-ау деп түйдік. «Қазақстан тарихы» порталына біз Омбы сапарынан жазатын дүниелерімізді алдағы уақытта жариялай жатармыз. 

Отыншыдай ұлт бағына туған ерлердің жаны жай тапсын! Асыл арманы, ойлары ұрпақтан ұрпаққа жете берсін! 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?