Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өмірден кім өткенін білесіз бе?

3048
Өмірден кім өткенін білесіз бе? - e-history.kz

Белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, жазушы Қаржаубай Сартқожаұлы 78 жасқа қараған шағында өмірден озды. 

Моңғолия қазақтарының арасынан шығып, биік лауазымға көтерілген қазақтардың бірі, бітік тастың білгірі атанған Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылы 21 наурызда Моңғолияның Баян-өлгей аймағында дүниеге келген. Саналы ғұмырын түркі әлемі мен түркі руханиятын зерттеуге арнаған ғалымның еңбегі ұшан-теңіз.  Ұлтының жоғын жоқтаған ғалымның  «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты 3 томдық еңбегінің тұсаукесерінде: «Бүкіл өмірімді көк түрік тарихымен байланыстырып келе жатқан адаммын. Саналы ғұмырымды осы тақырыпты зерттеуге арнадым. Университеттің бірінші курсынан бастап айналысқан тақырыбым – осы. Кішкентай ғана ізденістен басталған дүниені бүгінге дейін ұлғайтып, тереңдетіп, түркі тарихының түбіне тереңдеп барамыз. Қазіргі жағдайда Моңғолия жеріндегі, шығыстағы, сосын Батыс және Орталық Қытайдан табылған көне түркі, яғни руна (бітік) жазуымен түріктердің өз қолымен жазып қалдырған құжаттарын ақтарып-төңкеріп, зерттеуді бастап кеттік. Жалпы алғанда, 50 жылғы еңбегім осы тақырыпқа арналып отыр. Соның жиынтығы ретінде «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты 3 томдық еңбекті әзірледім» деген болатын. Ендеше ғұлама ғалымның өмірі – түркология саласымен біте қайнасқан. 

Қаржаубай Сартқожа 1973 жылы Моңғолияның  мемлекеттік университетін тәмамдайды. Араға 10 жылдан астам уақыт салып Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Шығыстану институтының аспирантурасында білім алады. Алғаш еңбек жолын өзінің туған өлкесі Баян-Өлгей аймағындағы №10 мектепте ұстаздық қызметтен бастайды. 1975–1989 жылдары Моңғолия Ғылым Академиясының Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1989–1995 жылдары Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры қызметтерін атқарды. Мемлекеттік қызметке араласып, Баян-Өлгей аймағының мәслихат төрағасы лауазымын атқарды. Моңғолия Ғылым Академиясының Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры қызметін атқарып жүріп, атамекенге оралып, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-де ұстаздық қызмет атқарды. Тарих ғылымының кандидаты, профессор. 

Ғалым ағамыз журналистерге берген сұхбаттарының бірінде: «Бала күннен адам баласының арманы көп болады. Ту баста мен ақын боламын деп көрдім. Өлең жаздым. Жазып көрдім. Көрім шыққандары да болды. Бірақ ақын болмайтынымды сездім. Көптің бірі болып қала береді екенмін. Одан кейін прозаға ауыстым. Прозаларым жақсы шықты. Әңгімелер, повестер жаздым. Барлығы шығып, газет-журналға басылды. Кітап болып шықты. Одан кейін ғылымға бетбұрыс жасадым. Университет қабырғасында жүріп, 2 курстан бастап ғылымға толық берілдім. Содан бері осы саланың терең шұңқырына дейін қазып, зерттеу жүргізіп келемін. Шахтерлер көмірді қазуда үстінен бастап, тереңіне дейін қаза береді ғой. Біздікі де сол сияқты» деген. Жазушы Қаржаубай Сартқожаұлының әдебиет саласында сіңірген азды-көпті еңбектері де бар. «Қош бол, апа!», «Қыранның қазасы», «Сәйгүліктер» атты көркем прозалық кітаптары жарық көрді. 250-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. «Бір автобустағылар» (1986) атты кітабы моңғол тілінде жарық көрген. «Этнокультурный связь древно-тюркского-уйгурского каганата» (Алматы, 1988), «Объединенный каганат тюрков» (Астана, 2001) атты ғылыми кітаптары жарыққа шыққан.  30-ға жуық ғылыми мақалалары орыс, француз, ағылшын, моңғол, қазақ, қытай тілдерінде ғылыми басылымдарда жарияланды.

Қаржаубай Сартқожаұлы: Кімнің  болсын жүрегінде, өткен тарихымен мақтанып, мен осындай империя құрған, хандық құрған ұлттың өкілімін деген үлкен қуат жату керек. Бұл – үлкен энергия. Бұл – психологиялық энергия. Жастарымызды осы психологиямен, осы тарихымызбен тәрбиелесек, ешкімнен кем емес берік ұлтанды ұлы мемлекетке айналамыз. 

Өр мінезді, қайсар тұлға, жанкешті ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының қазасы исі қазақ баласының қабырғасына қатты батты. Зиялы қауым өкілдері, ағамыздың шәкірттері әлеуметтік желіде қаралы хабармен бөлісіп, ғалымның туған-туыстарына көңіл айтып жатыр.  

Сұраған Рақметұлы, Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

Бітік тастың білгірі де көшті бұ дүниеден! 

Жас ғұмырынан жасамыс дәуіріне шейін от кешіп,  жасын арасында өткен бүтін қазақтың өжеті, бүткіл  бітікті тастың білгірі: жасын туған Қаржаубай аға еді. Бессаланың бесігінен туып,  бәдізді білеуді  бек білік еткен ғайыпи тұлға,  әлемдік тауыриһи сананы бағындырған нағыз ғалым әз халқымен қош айтты! 

Моңғол даласына,  Баян-Өлгий, Бессаладағы ел-жұртына хабар айтамыз! Тәңірі панасына алғай!

Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты:

Терең тарихымыздың тамыршысы, бітіктастың білгірі, танымал түрколог Қаржаубай аға Сартқожаұлы дүниеден озыпты, Алла алдынан жарылқап, жаны жәннатта болсын!

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі: 

77 жасында түркология саласының танымал ғалымы түрколог, филолог, жазушы Қаржаубай Сартқожаұлы ағамыз бақилық сапарға аттаныпты. Алла иман байлығын берсін. Моңғолия Баянөлгей тумасы ағамыздың Моңғолиядағы қазақтардың құқығын қорғап, Конституциясына шегелеп кеткен жанкештілік күресінің өзі кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге мен ерлік.

Амантай Исин, тарих ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім атындағы Семей университетінің профессоры:

Түркітануда қажымай еңбек еткен, екі ел - қазақ пен моңғол ғылымына зор үлес қосқан,  өз тұжырымы, руна жазуындағы мәтіндерді зерттегенде басқа ғалымдарда жоқ өз жаңалығы, өз жетістігі, өз тұжырымы бар әйгілі зерттеуші, сонымен қатар қарапайым да сыйлас жан еді Қаржекең! Үш томдық «Орхон ескерткіштерінің атласы» - Қаржаубай Сартқожаұлының болашақ ғалымдарға қалдырып кеткен үлкен мұрасы.

Иманды болсын! Ұрпақтарына, жақындарына сабыр!

Ұларбек Нұрғалым, ақын, Қаржаубай Сартқожаұлының шәкірті:

Қайран, Қаржаубай атам! 

Кіндігіміз бесінші атадан қосылатын қаным едіңіз. 

Ана Алтайдың екі жағына қақ бөлініп қалған Хангелдінің Сіз Моңғолия бетіндегі көшін бастап, мен Қытай шекарасынан асып Астанада қосылып едік.Қанымсың ғой, деп қатты қысып едіңіз тас жібіткен ыстық құшағыңызға!

Қаламымен ғасыр көшірген қайран ғұлама!

Бумын, Тоныкөк қағандардың рухын жеткізіп едіңіз, ана топырақтан ата жұртқа! Күлтегіннің көк тасып көтеріп Астана төріне орнатып едіңіз. Ата домбыраның жұпар үнімен сүйсіндіріп едіңіз, дүйім қазақты!

Тарих туралы том-том ғылыми еңбектердің құнын білуге біздің ақыл-ес әзірге жете қоймайтыны бесенеден белгілі. 

Тарихи таным мен тамырлы түйсік қалғып кеткен қазіргі қазаққа ғасырлар қойнауынан қазына тасып арқа еті арса, борбай еті борша болған салдал атаным-ай! Тарам жолдарда тас тілген қос табаныңды бауырыңа алып, қомын жерде қалдырып көрмеген қос тізеңді бүгіп мәңгіге шөккенің бе! 

Қадіріңді біле алмадық, білгізе алмадық... 

Әнші-биші сәнге тағып жүрген медальдар бұйырмапты. Ірісін айтпай-ақ қояйық-ау, «еңбек сіңірген қайраткер» дегеннен де қағып тастапты-ау кезінде. Ондай атақтың жарқыраған медалімен Сіздің балаңыздан кейін аты қойылып тілін шыққан балалар жарқылдатып ойнап жүр, ойнап. 

Тік жүріп, тік кеттіңіз! Тік сөйледіңіз! Тізеңіз тірі жанға бүгілмеді, басыңыз басынғанға иілмеді. Игі өмір, ізгі жүрек! Тоқтап қалды бүгін.

Жазғасалым-ақ үйімде осылай бір жарқылдап отырып едіңіздер, Жәлей апамызбен бірге. Біздің үйдегі немерелеріңізді кезек искеп мауқыңызды басып едіңіз «қаным ғой» деп, қайран аға! Қайран қан!

Алла алдыңыздан жарылқағай, қара нарым!

Бекен Қайратұлы, журналист-тарихшы:

Қаржаубай Сартқожаұлы дүниеден өтті

Қазақтың аймаңдай азаматы, жанкешті ғалым, ұлтының жоғын жоқтап, жыртығына жамау болған үлкен түрколог - оқымысты Қаржаубай ағамыз бақиға аттанды. Алла алдынан жарылқасын! Туған-туыс, ағайын-жұртқа және жеңгеміз Жәлейге көңіл айтамын. Алла панасына алғай!

Асылбек Баяжұма, журналист, Қаржаубай Сартқожаұлының шәкірті:

Қазақ Қаржаубайынан айырылды...

Өзегім өртеніп, дәрменсіздігіме ашуланып, дүниенің әділетсіздігіне булығып отырмын.

Кешегі Монғолияның алғашқы демократтарының бірі, Парламент мүшесі, ғалым, тәуелсіз Қазақстанда түркология ғылымының негізін салған, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаржаубай ағам өмірден өтті.

ЕНУ-дің ректоры берген мұздай суық кабинетінде ғылыми жаңалықтар ашып, екі бөлмелі тар үйінде жүріп күллі қазақтың өткені мен бүгіңгісін түгендеп, тарихын талдап өткен ағамыздың еңбегі бағаланбады. Арманы, жоспары көп еді.

2008 жылы «Құрмет» орденін алып, 2022 жылы Қуат Бораштың көмегімен «Мәдениет саласының үздігін» әзер алып беріп едік. Ғылым саласындағы жаңалықтары үшін мемлекеттік сыйлықта, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» бұйырмады. Біз бар да сіз барсыз. Етегіңізден тартқан шибөрілерге жеңілмей кеттіңіз.

Бақұл болыңыз. Жатқан жеріңіз жайлы болсын!

«Қазақстан тарихы» порталының ұжымы түркология ғылымының ірі тұлғасы, күрескер азамат, жанкешті ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туыстарына, шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?