Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сәдібек Түгел: Қазақтың қазанаты, бабалар аманаты

1901
Сәдібек Түгел: Қазақтың қазанаты, бабалар аманаты - e-history.kz

Қазақ халқы жылқы түлігін «Ер қанаты – ат» деп әспеттеген. Жүздеген ғасырларға созылған көшпенді өмір салтының негізгі аспектісі мал шаруашылығы десек, соның ішінде жылқы түлігінің маңызы ерекше. Өйткені, қазақ бабаларымыз жылқы түлігін асылдандыру арқылы оны түр немесе түске бөліп дамытқан. Жылқытанушы – ғалым Ахмет Тоқтабай: «Ертеде қазақтар асыл тұқымды шығыс айғыр шаптырып алған жылқы тұқымынның бірінші ұрпағын – қарабайыр, екінші ұрпағын – арғымақ, үшіншісін – қазанат, төртіншісін – қазмойын деп бөлетін» десе Махамбет жырау: «Арғымақтан туған қазанат, Қазанаттан туған қазмойын», деп жырлауы тегін емес. Сол сияқты «Манас» жырында: «Айқай шықса саспаған, Ай қараңғы түндерде, Аяғын ағат баспаған, Қарабайыр, қазанат...» деген жолдар бар. 

Осы орайда, қазақтың төл жылқысы қазанаттың  тарихын зерттеп жүрген жазушы-журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері,  атбегі Сәдібек Түгел мырзамен жүргізген сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Сәдібек мырза, сіз қазақта «Қазанат» тұқымды тұлпарлар болғаны жайлы айтып қана қоймай, оны зерттеумен айналысып жүрсіз. Осы туралы айтып берсеңіз?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, мен ең әуелі қазақтың Қазанатын іздеуіме не түрткі болды, сол туралы айтайын. Қазанат деген сөзді  алғаш 1960 жылдары бес жасымда әкемнің аузымнан естідім. Әкем – белгілі жылқышы еді. Өзінің көрген білгенін, ойға түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып отыратын көреген кісі еді. «Мынау қазақтың ұлан-ғайыр даласын біздің батыр бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана қорғады десеңдер қателесесіңдер. Ат – ердің қанаты. Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың Қазанаттары болған. Қазір сол аттар көзден бұлбұл ұшып, тұқымы құрып барады. Қазақ – Қазанатқа қарыздар» деген еді.

Бала кезімде «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп...», «көлденең жатқан көк тасты тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген...» тұлпар түлігін елестететінмін. Сәби қиялмен Қазанатты тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты.

Ал енді сұрағына келсек, қазақтың Қазанаты қазақ даласында бар. Оған біздің талай бәйге кезінде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын қалайша Қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында Қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл түқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол – Қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдандыра білді. Соның арқасында олар әлемге танылды. 

Қазір әлемде жылқының 200-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, гоновер, орыс, т.б. деп кете береді. Біздің Қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ Қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде Қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-бабаларымыз өздерін «жылқы тектес халықпыз» деп және тайға таңба басқандай: «Жігітте де жігіт бар, АЗАМАТЫ бір бөлек, жылқыда да, жылқы бар, ҚАЗАНАТЫ бір бөлек!» деп бекер айтпаған.

Бірнеше жыл бұрын «Қазанат тұқымы толық жойылуға жақын» деген сыңайлы пікір айтып едіңіз...

 –  Қазанат тұқымы қазір жаппай қолдасыныста жоқ. Бұрын болған. Қазақ даласында 1930 жылға дейін 60 миллионнан астам мал болған екен. Тек жылқының өзі 4 миллионнан асқан. Бұл сол кездегі 6 млн халыққа жетіп жатыр деген сөз. Одан кейін Голощекин Қазақстанда «Кіші октябрь» жасаймын деп  қазақтардың қолынан жылқысын тартып алды.  Сондағы ойлап тапқаны «маңқа ауруы» еді. Сау малға маңқа тиді деп, жылқыны қынадай қырған. 

Алапат жылқы қырғыны болған жер Ақмола облысы Егіндікөл ауданына қарасты Жалманқұлақ ауылы. Ауыл іргесінде «Жылқы моласы» аталатын үлкен сай күні бүгінге дейін бар. Бірнеше жүз адам жабылып қазған терең орға қисапсыз көп жылқыны мылтықпен атып құлатқан. Көнекөз қариялардың айтуынша, осы қазан шұңқырда бірнеше облыстың құйма тұяқтысының сүйегі жатқан көрінеді. Нәтижесінде жоғарыдағы 4 млн жылқыдан 150-ақ мыңы аман қалған.

Сәке,  қазақ халқының генеологиялық түйсігі мен жадысы жылқытанымға құрылғаны анық. Халқымыз қазіргідей технократтық заманда осы қабілетінен ажырап бара жатыр. Осы қалпына келтірудің қандай жолы бар?

Сөз жоқ. Қазақ танымы мен жылқы ілімі бір-біріне ұштасып жатқан үлкен – ғылым. Бұны сан ғасырлық мектебі болған. Қазір осы жоқ. Бірақ оны қалпына келтірудің бірі тетігі – қазіргі ұлттық спорт түрлерінің негізгі ұстыны «Ат ойындары». Осыны жүйелі түрде мемлекет қолға алып, бағдарлама жасап, арнайы жылқы институтын ашу керек. Өйткені біздің ұлттық спорт түрлерінің 90 пайызы атқа қатысты ойналады. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да осында. Спортшы қандай шымыр, мықты болса, оның аламан бәйгеге немесе көкпарға қосатын аты да мықты, жарамды болуы шарт. Басқа спортта бапкер тек спортшыны дайындаса, ұлттық спортта бірнеше бапкер, біреуі спортшыны, енді біреуі атты баптайды. Мен білетін ұлттық ат спортының 15 түрі бар: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, тай жарыс, дөнен жарыс, қыз жарыс, жамбы ату, ат омыраулату, ат құлағында ойнайтын «ер жігіт ойындары» деген сияқты...

 Түсінікті. Сіз айтып отырған «Ат спорты» ойындары еліміз тәуелсіздік алған соң жандана түсті. Осы істің басы-қасында өзіңіз жүрдіңіз...

–  Ат спорты ойындары өткен тоқсаныншы жылдардың басыңда қолға алынды. Оны көтерген  Бошай Кітапбаев, Айып Құсайынов, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин,  Иманғали Тасмағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сынды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген облыстарында ат спорты ойындары өте жиі өткізіле бастады. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған  қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын.

Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайының ұйымдастырдым. Осы мақсатпен 1994 жылы Шығыс Қазақстаннан Алматыға көшіп келдім. Сол уақыттарда белгілі адамдардың мерейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, ат ойындары жанданды. Қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ойындарын өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалушылар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жастарды қызықтырудан қала ма деп қорықтық. 

Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылы Жастар ісі, туризм және спорт министріне хат жаздым. Ол хат абырой болғанда министрліктің бөлім бастығы Елсияр Қанағатовтың қолына тиіпті. Біздерге сол тұста шын ниетімен көмек жасаған Елсияр мырзаға әлі күні алғысымыз шексіз. Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев, сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар Ережелерінің алғашқы нұсқасын жаздық. Бір жылдан  кейін 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет Қазақ атбегілерінің Құрылтай конференциясы шақырылды. Бұл күн – Ұлттық Ат спорты түрлері федерациясы үшін тарихи дата болып есте қалды. Осы тұста спорт Министрінің атына арнайы хат жазып, Ұлттық ат спорты федерациясының  өмірге келуіне тікелей себепкер болғаныма Жаратушы иемізге шексіз алғысымды айтамын. 20 жылдың ішінде көптеген азаматтар Федерацияға келіп  жұмыс істеулеріне  ұйтқы 

 Алғашында бір ғана Ұлттық Ат спорты федерациясы ғана болса, қазір бұл үлкен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына айналып, ол өз құрамына бірнеше федерацияларды біріктірді. Олардың өзінде облыстық, аудандық филиалдары құрылды. Мен басқарып тұрған жылдары Ат сопрты федерациясы 257 республикалық, 2411 облыстық, аудандық, ауылдық жарыстар өткіздік. Республика бойынша 13 ұлттық спорт мектебі, 21 ипподром, 17 ат спортының клубтары мен орталықтары жұмыс істейді. Бұл – зор жетістік деп ойлаймын.

Қайсы бір азаматтар «Ұлттық спорт түрлерімен әлемдік аренаға шыға алмаймыз» деген де күстаналаушылық әңгімелерін айтып жатады. Кейде дәйекті дәлелдер келтіргенде, шынымен де осы іс-әрекеттер бекер емес пе деген ой келеді...

– Ұлттық спортпен әлемдік аренаға шыға алмаймыз дегендер, ұлт деген ұғымнан мақұрым, орыстанып, еуропаланып кеткендердің бос далбасасы. Ат спорты арқылы бізді қазірдің өзінде қаншама ел таныды. Олар қазақ деген ұлттың ат құлағында ойнаған халық екенін мойындады. Ұлттық спортты әлемге таныту арқылы біз қазақтың мәдениетін, салт-санасын, спортын, этнографиясын, тарихын насихаттаймыз. Біздің спортшылар шетелге барғанда жай ғана аттарын жетектеп бара салмайды. Ер-тұрманы, ұлттық киімі, жасау-жабдығымен барады. Оларды көрген шетелдіктердің талайы естерінен танды. Бір ғана қамшының өзі қаншама мәлімет береді. Ер-тұрман мен ат әбзілдері – нағыз қазақтың тарихы мен өнерін паш етеді. Ал күрес пен боксқа қатысатын спортшыдан осының қайсысын көре аласыз. Сондықтан, ұлттық спорт арқылы біз еліміздің, ұлтымыздың салт-санасын шетелге танытамыз. Ұлы дала мәдениетін паш етеміз. Еуропаны мәшине, техника жасаудан оза алмауымыз мүмкін, ал енді қазақтың Қазанаты арқылы ұлттық спорттын дамытсақ, онда күллі Батысты  артта қалдырар едік.

Сіз ат спортын басқарған жылдары шетелдерде өткен дүбірлі додаларға қатысып жүрсіздер, нәтиже қандай болды?

– Ең алғаш рет 1996 жылы Мажарстанда ұйымдастырылған әлем шабандоздарының бірінші фестиваліне қатыстық. Әлем шабандоздарының тұнғыш фестивалінің бас жүлдесінен дәмелі 23 мемлекет ішінен қазақтың жұлдызы оңынан туды. Көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу сынды төл ойын түрлері бойынша оқ бойы озып шықтық. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген еуропалықтар жапырылып құлады. Ақырында фестиваль төрешілері мен қазылар алқасы бас жүлдені біздің жігіттердің қанжығасына байлады. Бізге дейін мажарлықтар: «Бізді дүниеде ат үстінен аударып түсіретін ұл туған жоқ» деп мақтанып жүреді екен. Осы мажар жігіттерін біздің Қаһар Қиянтаев, Шадияр Шоқанов, Жаныс Саев сияқты жігіттеріміз қасқағымда ат үстінен жұлып-жұлып алып, лақтырып жіберді. Венгрлік гусарлардың салмақтарының өзі 120-130 келі, бойлары екі метрден асады. Біздің жігіттер орта бойлы, әлгілердің иықтарына да жетпейді. Бірақ, әдіс-айла мен тақым мықты болғанда, салмақ пен күштің дәрменсіз болатынын сонда көрдік.

2001 жылы Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясы құрылды, оған әлемнің 17 елі мүшелікке енді. Бұл біздің көкпарымыздың әлемдік сипатқа ие болуы деген сөз. Сол 17 мемлекеттің ішінде Жапон, Түркия, Қытай, Ресей,  Монғолия, Ауғанстан сынды ірі мемлекеттер де бар.

Сонау жылдары сіз бастап Ұлыбританияға барған бүркітшілеріміз зор табысқа кенелгенін білеміз. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз...

 – 2007 жылдың шілде айының ортасында  Еуропаның төрі Лондон қаласында біздің бүркітшілер тарихи жеңіске қол жеткізді. 33 мемлекеттің ішінен суырылып алға  шығып, жарыстың бас жеңімпазы атанды. Бұл еліміз үшін үлкен абырой. Ұлыбританияға тұңғыш рет барлық жасауымен, оның ішінде сандық, қылыш, найза, ертоқым, алаша, текемет, қамшыдан тартып, сегіз қанат киіз үй апарған біздің жігіттер – бүкіл фестивальге қатысушыларды таң қалдырды. Франция, Германия, Бельгия, Британия, Бразилия, Жапония, Қытай секілді мемлекеттер қатысқан бұл фестивалға 5000-дай адам қатысты. «Британ құсбегілері» ұйымының басшысы, халықаралық құсбегілер Федерациясының президенті Джим Чикпен кездесу өткіздік. Мәдени-спорт саласына қатысты екіжақты ынтымақтастық жасау мүмкіндіктері талқыланды. Біз апарған киіз үйді Біріккен Араб Әмірліктері премьер-министрінің орынбасары, БАӘ Құсбегілер клубының төрағасы Шейх Хамдан бин Заед Әл-Нахянның өзі келіп тамашалады. Киіз үй Британия мұражайына табыс етілді.

 – Сондай-ақ,2012 жылдары өзіңіз бастап барған қазақ көкпаршылары Түркиядан жеңіспен оралды емес пе?

 – 2012 жылдың 12-15 қазан күндері Түркия елінің  Денизли қаласында  әлем халықтарының ұлттық спортының  мәртебелі Фестивалі өткізілді. Оған дүниежүзінің 25 елінен спортшылар қатысты. Біздің көкпаршылар командасы  барлық қарсыластарын  ұтып, халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды. Команда сапында бас жаттықтырушы Қуан Құрамаев және көкпаршылар: Дәулетбек Омбаев, Қазбек Амангелдиев, Темірхан Айтбаев,  Мұстафа Уатаев,  Бақтыбай Шырынқұлов, Еркеғали Мырзалиевтер болды.

Қандай істе болмасын әттеген-айлар мен олқылықтар кетіп жатады,  ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін алда қандай шешімін таппаған дүниелер бар?

-   Ауқымды істер қиындықсыз, қателіксіз, олқылықсыз болмайды. Қанша жерден еуропалықтар алдында беделіміз үстем болып, оларды мойындатып жүрсек те, өз елімізде пұшайман күй кешетініміз бар. Оның үстіне ұсақ-түйектен үлкен проблемаға айналып кететін дүниелер де жетерлік. Мәселен, ұлттық спорт түрлерін өткізетін спорт кешендері, алаңдар, ипподромдар, арнаулы атшабарлар, сайыс өткізетін орындар аз. Бары жекеменшікке айналған. Олар көңілі қаласа беруі мүмкін, көңілі түспесе ипподромның маңына жолатпайды. Ұлттық спорт кадрларын даярлау, іріктеу деген сияқты мәселелер де өте күрделі болып отыр.

-   Қазір елімізде жылқы түлігіне қызығушылық танытып жүрген қалталы азаматтар көбейіп, олар жеке ипподромдар салып, тіпті, жылқыларын асылдандыру үшін шетелге барып, асыл тұқым әкеліп жатыр. Бұлар сәндік үшін бе, әлде... 

-   Иә, қазір елімізде қалталы азаматтардың жылқы малына деген қызығушылығы тіпті ерекше. Мұның пайдасы өте көп, бірақ зияны да бар. Олардың жылқыға миллиондаған қаржы жұмсап, тұқымын асылдандыру жолындағы әрекеттерінен ешкім жапа шекпейді. Керісінше, біздің қолымыз жетпей жүрген жағдайларды жекелеген мырзалар атқарып жатса, оған қуанған дұрыс. Ал енді, зиянды жағына келсек, бұл үлкен бәсекелестікке ұласып бара жатыр. Бір-бірінен асып түспек пиғылдағы әрекеттер ішкі кекке, аяқтан шалушылыққа ұласып кете ме деп де қауіптенесің. Және қалтасында ақшасы бардың бәрі бірдей жылқы малынан, оның жан дүниесінен хабары бар деп айтуға келмейді. Бұл жерде абай болған дұрыс. Малды асылдандырамын деп жүріп, опық жеуі де ғажап емес.

-   Ұлттық спорттың қайнары ауылда. Сол себепті ауыл спорты мен ұлттық спортты жеке дара бөліп қарауға болмайтын сияқты?

-  Иә, бұл өте үлкен проблема. Ауылда  –  нағыз таланттар, болашақ спортшылар, көкпаршылар, бүркітшілер өсіп келе жатыр. Тек, оларға тиісті дәрежеде қолдау көрсетіліп, жағдай жасалып жатқан жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта барлық облыс, аудандарда «Ұлттық спорт мектептерін ашсақ» деген үлкен арманымыз бар. Ол үшін маман төрешілер құрамын қалыптастыру керек. Ұлттық спорт түрлерінің ережелерін қайтадан қарап, сараптау да да бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ең бастысы – Жылқы институтын ашу. Егер елімізде Жылқы институты ашылатын болса, ол жылқы шаруашылығы және ұлттық ат спорты түрлерімен түбегейлі ғылыми негізде шұғылданар еді. Сонымен қатар, еліміздегі жылқының асыл тұқымды тектерін сақтау және көбейту, ат спортына жарамды түрлерін сұрыптап алу, көкпар аттарын өсіру, әсіресе жоғалып кетудің сәл-ақ алдында тұрған Қазанатымызды қайта қалыптастыруға осы институт бірден-бір қажет.

Біз айналысып жүрген спорт түрі «ұлттық» деген сипатқа ие болғандықтан, киім үлгілері де ұлттық нақышта болуы керек. Аттың жалында нағыз қазақ жігітінің шауып келе жатқанын сезінуі керек былайғы жұрт. Қазір елімізде жастарды патриоттыққа тәрбиелеу деген сияқты жалаң ұраншылдық басым, патриоттық дегеннің өзі қарапайым нәрселерден тұрады. Өзіңіз ойлаңызшы, ұлттық киімді киіп, әсем өрілген тобылғы сапты қамшыны қолына ұстап, бедерлі әбзелмен ерттелген атқа қонған бозбала қалайша рухтанбайды, қалайша оның жүрегін ұлтына деген мақтаныш кернемейді. Сондықтан, ұлттық спорттық ойындар тек қана жігіттерімізді батырлыққа тәрбиелеп қоймайды, оларды өз ұлтын, Отанын сүйетін, елі үшін жанын қиятын жауынгер, ұлтжанды ұлан етіп тәрбиелейді. Ал, біздің әкелеріміз өз кезегінде балаларын ұлттық спортқа өздері баулуға міндетті. Бұған - әрбір әке өз ұлы алдында адал атқаратын парызы ретінде қарауы керек.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?