Үкі қамалы Ақмола облысының жер-су атауларын зерттеуге бағытталған экспедициямыздың кезінде, 2020 жылдың шілде айында Жақсы ауданы аумағынан, Есіл өзенінің сол жағалауынан табылды. Бұл қамал туралы ауызша мәліметтерді біз жергілікті өлкетанушылардан бұрын да естіп жүрдік, бірақ әлі күнге зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Үкі қамалы жергілікті ел арасында «Амангелді қорғаны» аталады және айтушылар оны 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліспен байланыстырады. Бұл Совет кезінде көне тарихты тасалау үшін елге таңылған және көпшілікке тарап кеткен жалған пікір. Біз бұл ортағасырлық құрылысты «Үкі қамалы» деп атадық, себебі дәл осы жердегі ең тарихи топоним Үкі. Бұдан арғы зерттеу жұмыстары бұл құрылыстың ортағасырлардағы керуен жолының бойына салынған қамал екенін көрсетеді.
Үкі қамалы қай жерге орналасқан?
Үкі қамалы Жақсы ауданының аумағында, оның солтүстік, яғни Атбасар ауданының әкімшілік-территориялық шекарасына жақын жерінде орналасқан. Қамалға ең жақын қоныс Амангелді атанатын бұрыңғы Кеңарал совхозының шағын бөлімшесі. Қазіргі күні бұл қоныста тек жаз уақытында малшылар отырады. Аменгелді ауылының орнында құлаған мал қоралары мен үйлердің іргелері ғана қалған. Біз Есілден Самар ауылының жанындағы өткелден өтіп, Жаркөлді жағалап, Николаев аталатын иесіз қалған ауыл арқылы келдік.
Үкі қамалы Амангелді ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 2,5 шақырым жерге орналасқан. Қамал Есіл өзенінің жағалауынан 4-5 шақырым қашықтықта, өзенді жағалаған қырлардың тасасында. Қамалды салған кезде фортификация, яғни қорғаныс мәселесі жақсы ескерілген, қорғанды салу барысында оның өзен жағалауынан көзге түспеуі ескерілген, яғни өзен жағалаған адамға қырдың тасасында орналасқан қорған көрінбейді.
Үкі қамалы Атбасар - Түркістан меридиан бағытындағы жолдың бойында орналасқан. Бұл жол бір жағынан ежелден сауда жолы ретінде белгілі, екіншіден әскери-дипломтиялық миссиялардың жүретін жолы.
Атбасардан Ормамбет қалашығына дейін 25 шақырымдай екені белгілі. Ерте заманда осы жерде жолаушы Ормамбет қара суында дем алып, ат суытады. Одан кейін керуендер ескі өткел арқылы Есілдің сол жағына шығады, одан жол Жаркөлді шығыс жағынан жағалап :23 шақырымнан кейін Үкі қамалына келеді, одан әрі жол тура оңтүстікке бағытталады да 25 шақырым жерде Шұрымсай қалашығына тоқтайды. Шұрымсайдан шыққан керуен Терісаққан арқылы Түгіскенге, одан Арғынатаға, одан Ұлытауға шығады. Атбасар Ұлытау жолының ұзақтығы 385 шақырым, жолдағы бекеттің саны 12. Міне, Үкі сияқты қамалдардың салынуының негізгі себебі осы ежелгі замандардан бері Ұлы даланың қан артериясы сияқты қызмет атқарған күре жолдар, яғни тіршілік логистикасын қамтамасыз ететін маңызды бекет (сызба 1).
Үкі қамалының сипаттамасы
Қамал сыртынан терең орменен қоршалған, шикі кірпіштен көтерілген, тік төрт бұрыш, яғни шаршы сипатты бекініс құрылыс. Қамал іргелерінің ұзындықтары шамалас, оңтүстік және солтүстік іргелері 85-90 метр, шығыс және батыс іргелері 95-100 метр шамасында. Іргелерді түп-түзу, бір сызықтың бойында деуге болмайды (сурет 1)
Сурет 1. Қамал іргелері
Қорғанның бұрыштары дөңес, яғни әуел баста іргеден биік болғаны байқалады, киіз үйдің көлеміндей мұнара түрінде жасалған. Қазіргі күні сақталған мұнара орындарының биіктігі 4 м, радиусы 3 метр шамасында.
Қамалды айнала қазылған ор іргемен жапсарлас жүргізілген, қазіргі күнгі тереңдігі 1-1,5 метр шамасында. Ор қамал іргесінін мүжілуі себепті бітелгені байқалады, ерте уақытта шамамен 3 метр болуы мүмкін. Қамал іргелерінің қазіргі күні биіктігі 2,5 м шамасында. Қамалдың қалыңдығы көз мөлшермен алғанда ірге тасында 10 метрден астам, жоғарғы жағында 2-3 метр.
Қамалдың ортасында шөп өсіп кеткен шұңқырлар бар, олардың қандай мақсатпен қазылғанын анықтау қиын. Шұңқырлардың бірінде көлемі 30 см куб шамасында тас болып қалған қож (шлак) жатыр (сурет 2). Бұл Үкі қамалында кірпіш құю әрекеті ме, әлде басқа мақсатта ма шағын өндіріс болғанын айғақтаса керек.
Сурет 2. Қож (шлак)
Қамалдың оңтүстік-шығыс жағында, 20 метрдей жерде ерте көшпелілер заманынан сақталған орташа обалар бар (сурет 3). Бұдан шығатын қорытынды біреу - Үкі қамалы көне түркілік қорымның үстіне, не оған жақын салынған.
Сурет 3. Оба
Үкі қамалының оңтүстік жағында, шамамен 200 метр қашықтықта бұлақ және оның жанында шағын тоғай бар. Бұл қамалда тұрақты тұратын адамдар, күзет қызметі және жолаушылар ауыз суды осы бұлақтан алатынын көрсетеді. Қамалды жағалай қазылған орда су болды, болмады ма, анықтау қиын, егер су болатын болса ол да осы бұлақтан арық арқылы әкелінуі мүмкін. Бұлақ және тоғай қамалдан сәл төмендеу орналасқан, осы себепті суды жоғары көтеру үшін шығырды пайдалануы ғажап емес.
Есіл өзенінің арнасы мен Үкі қамалы арасында, Аманкелді қыстағынан оңтүстікке қарай 2 шақырым жерде Дайырша аталатын ескі зират сақталған. Дайырша бай адам болынған делінеді, оған қатысты аңыздар айтылады. Бұл зиратта ортағасырлық жерлеу орындары, обалар мен тас шырағдандар, сонымен бірге ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасыр басында салынған, биік ағаш мұнарасы бар, көрнекті бейіттер бар ( сурет 4-5).
Сурет 4-5. Дайырша зират
Сонымен қорыта келе біз Есілдің орта ағысындағы Үкі қамалы Қазақстанның ортағасырлық тарихына қатысты ескерткіш деп есептейміз;
Үкі қамалы Еуразиялық меридиан бағытындағы керуен жолының маңызды бекеттерінің бірі. Бұл сауда және қарым-қатынас жолы ХХ ғасыр басына дейін Атбасар мен Ұлытау арасын қосып отырды, ал ертерек кезеңде Сарыарқа мен Түркістан арасындағы басты артериялардың бірі болды;
Қамал маңындағы ескерткіштер бұл бекеттің ерте ортағасырлар, мүмкін одан да арғы кезеңдерде пайда болғанын көрсетеді;
Үкі қамалының қазіргі сақталған негізі Алтын Орданың ыдырау кезеңіне көтірілді деген пікірдеміз. Алтын Орда ыдырай бастаған уақытта Ұлы даладағы үлкенді-кішілі ұлыстарды басқарған сұлтандар кенеттен болатын жау шабуылдарынан сақтанып осы сияқты қамал құрылыстарын жүргізді;
Ескерткіш археологиялық әдебиетте «замок» аталып жүрген құрылыстарға келеді. Ескерте кететін мәселе – қазақ тіліндегі археологиялық әдебиетте «замок», «курган» т.б. бәрін «қорған» деп атау қалыптасып барады, бұл қателік болып табылады. Ерте кезеңде сыртқы бекініс жүйесі бар қалалардың бәрі де қорған аталады.
Қамалдың қорғаннан айырмашылығы–сыртқы бекінісі бар, бірақ ішінде үй-жай жоқ, яғни бұл жерді мекендегендер киіз үй құрып отырған (сурет 6).
Сурет 6. Үкі қамалы (жоғарыдан көрініс)
Ортағасырлық Үкі қамалы Есілдің орта ағысын тарихи тұрғыдан тиянақты зерттеу қажет екенін айғақтайды.