1 наурыз – қазақ халқының татулық пен бірлікті, мейірімділік пен қонақжайлылықты бейнелейтін Алғыс айту күні. Осыған байланысты Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Алғыс айту күніне орай және алда келе жатқан 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Әйел және өнер» тақырыбына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырады. Аталған іс-шараға елорданың мәдениет саласының белгілі өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Қазақстанның мәдениеті мен өнерін дамытудағы әйелдердің рөлі туралы баяндамалар жасалып, қатысушылар арасында белсенді пікірталас өрбіді.
Әйел бейнесі – әр түрлі өнер шеберлерінің шығармашылығындағы сүйікті тақырыптардың бірі. Тарихта қазақстандық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосқан көрнекті композитор, музыкант, әнші, биші әйелдердің жүздеген есімдері сақталған. Заманауи мәдениет қайраткерлері де өздерінің ұлы бастамашыларының ізін басып, биік мақсаттарды ұстанып, тамаша кәсіби шеберлікке ие.
Негізінен осы бір ұйымдастырылып отырған дөңгелек үстел қазақстандық әйелдердің шығармашылық бастамасының символына айналатын, іс-шараға қатысушыларды біріктіретін және оларды «Ана жаулығы» халықаралық мәдени-танымдық жобаның бір бөлігіне айналдыратын перфомансты қамтиды.
Мәселен, кездесуге қатысқан қазақстандық суретші Лейла Махат 2020 жылы әлемді карантин шарпыған кезде «Ана жаулығы» халықаралық жобасына бастамашы болды. Бүгінгі таңда бұл идея өз өзектілігін жоғалтқан емес. Лейла Махат – Қазақ ұлттық өнер университетінің “Кескіндеме және мүсін" кафедрасының профессоры, Бейнелеу өнері саласындағы философия докторы суретші, куратор, галерист. Kulanshi Art Center кураторлық кеңесінің төрайымы. Еуразия өнер академиясының президенті.
Лейла Махат: «Әр мәдениеттің ұлттық киімі бар, әр ұлттық киімде костюм элементі және әйел, ана болудың символы орамал бар. «Ақ орамал», «белый платок» - қазақ халқының салт-дәстүрінің киелі атрибуты. Ақ түс ана сүтін, тазалықты, әдептілікті білдіретін қасиетті мағынаға ие. Көптеген қазақ отбасыларында мұра болып қалған кимешек жәдігер ретінде сақталады.
Дала өркениетінің ежелгі бесігі Қазақстанның жүрегінде дүниеге келген жоба бүкіл әлем бойынша бағыт алып, қарқындап келеді. Ендеше «Ана жаулығы» бүкіл жер шарын қамтып, ана қорғауы мен бейбітшілік символы ретінде Қазақстаннан тысқары жерлерде көрме ретінде өмір сүрмек.
Міне, сол Алғыс айту күні 1 наурызда «Ана жаулығы» халықаралық жобасына Е. Рахмадиев атындағы МАФ-ның «Әйел және Өнер» дөңгелек үстелінің қатысушылары қосылды. Олар әкелген орамалдар филармония фойесіне ілінетін кенепте өз орнын тапты. Орнату өлшемдері - ұзындығы 121 метр, ені 180 см.