Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Есіңе мені алғайсың...

2248
Есіңе мені алғайсың... - e-history.kz

Күні кеше «Еркеғали Рахмадиев» атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Есіңе мені алғайсың» деп аталатын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған музыкалық-поэтикалық кеш болып өтті. Кеште елімізге танымал Алтынай Жорабаева, Света Айтбаева, Ұлықпан Жолдасов сынды әншілерден бөлек Ақбота Құснадин, Абыл Аяш, Айгерім Ораз, Парасат Отан, Мұратбек Хайролда секілді қазақ эстрадасында өзін қалыптастырып келе жатқан жас буын өкілдері де өнер көрсетті. Музыка мен поэзия үйлесім тапқан аталмыш кеште көрермендер де әртістердің өнеріне дән риза болып, олармен қосылып ән айтып жатты. Тағылымды іс-шараның ең маңызды тұсы да сол, есті жұрттың жадынан өшпеген ақын жырлары әлі де өміршең екенін, әлі де халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алатынан тағы бір мәрте дәлелдей түскендей...

Сахна шымылдығы ашылған кезде ақынның архивтегі «Есіңе мені алғайсың» өлеңін өз оқуында естіген көрермен сілтідей тына қалып, құдды сол жырдың рухына тағзым етіп тұрғандай асқан жүректілікпен, асқан сабырмен, асқан ізетпен бар назарын экранға қарай бұрды. Одан кейін халықаралық байқаулардың лауреаты Сәулежан Тағзия «Сәби болғым келеді» әнін өз нақышына келтіріп, домбырада орындап шықты. Мұны тыңдаған жұрт та дүниеге сәбидің, мұңсыз әрі қамсыз нәрестенің көзімен қарап жатқандай әсерленді. Сазын Тұрсынғазы Рахимов жазған осы бір туындының өзегінде пәктік, тазалық, адалдық бар. Ал мұны тыңдаған адам да сол тазалыққа ұмтылғысы һәм өн бойындағы жамандық атаулыдан бір сәт арылғысы келетін сияқты. Әйтпесе өнер өнер бола ма? Мұқағали Мұқағали болар ма?!

Кеш барысында Бекжан есімді жүргізуші: «Поэзия – қайратты қайнардай отты жігіттің шоқты көзі, өрелі өр мінезі, тентек тегеуріні, ару қыздың ұялшақ, албырт сезімі, әппақ жүзінің төгілген сүт сәулесі. Поэзия – бүкіл ғаламшарды өз әлеміне сыйдыра білген құдірет-кие. Ол – мыңдаған болмыстың жиынтығы. Поэзия жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, көңілі көктем адамның ғана кеудесіне қонады. Мұқағали Мақатаевтың тылсым адами табиғатынан, бөлек өзгеше болмысынан осы бір қасиеттерді аңғаруға болады» дейді. Иә, рас қой. Поэзия әркімнің басына қона беретін кездейсоқ құс емес, ол – ерекше бақ құсы. Және Т. Элиоттың «Поэзия – қанның сияға айналуы» дейтін анықтамаға Мұқағалидың әр жыры, әр сөзі, әр әрпі кірігіп кетіп, бүтін бір дәуірдің, бүтін бір ұлттың дауысы десе, алыстан Мұқағалидың жаңғырығы ауық-ауық естіліп тұратын тәрізді.

«Кешегі өткен концерттен алған әсерім ерекше болды. Домбыраның сүйемелдеуімен концертті бастаған  "Сәби болғым келеді" әні тыңдаушылардың жүрегіне жетті деп ойлаймын. Мұқағали – мен үшін қатардағы ақын емес, өзі жырлап өткен заманының Мұзбалағы, шығармашылығы осы ғасырға жазып кеткен «арызы» болып қалған аңыз ақын. Сондықтан оған арналған кештің биік деңгейде өтуі де заңдылық қой. Кеште өнер көрсеткен Алтынай Жорабаева, Мұратбек Хайролда, Ұлықпан Жолдасовтардың  орындауындағы Мұқағалидің өлеңдеріне жазылған әндер көңілімді марқайтып, жаныма жылу сыйлағаны рас. Жас әншілердің де сахнаға шығып өнер көрсеткені құптарлық жайт, алайда «Ақ қайың», «Қош енді, қош бол күрең күз», «Бақыт» деген әндерді орындаушылар алғашқы орындаушылары сияқты өз деңгейіне жеткізіп шырқай алмағандай көрінді. Мүмкін өнердегі кем-кетік жүре бара түзелер. Маған ең ұнағаны, концерт барысында сахнадағы ұрпақтар сабақтастығына да куә болдық, Табылды Досымовтың ұлы Абыл мен Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаеваның "Ұнатамын мен сені" әнін екеуінің бірге орындауы барша тыңдарманды тәнті етті деген ойдамын. Концерттен алған әсер мен келген адамдардың Мұқағали шығармашылығына деген құрметі мен махаббаты өзіме жақсы бір рухани демалыс сыйлады» дейді кешке арнайы билет алып келген көрерменнің бірі – Сағидолла Сәкенов. 

Осы орайда көрерменмен қатар кеште өнер көрсеткен әншілердің де пікірін білген едік.

Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония әншісі Айгерім Ораз

«Осы кешке біз 1 ай бойы дайындалдық. Шыны керек, эстрада және вокал бөлімі ақпан жақындаған сайын Мұқағалиға арналған кешке мұқият әзірлене бастайды. Өзіңіз көргендей, концерт жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Және сол кештің халыққа ұнауына Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның эстрада бөлімі мұрындық болып, көп күш салды. Оның арасында Света Айтбаева, Алтынай Жорабаева, Арайлым Рахымқызы секілді өнер қайраткерлерінің есімдерін ерекше атағым келеді. Халық саны көп, зал лық толы болды. Бұл Мұқағалиды, Мұқағали жырларын сағынған жандардың көп екенін аңғартады. Көрерменнің көңілінен шығу үшін біз де аянып қалмадық» дейді аталмыш кеште өнер көрсеткен филармония әртісі Айгерім Ораз. 

Иә, көрермен де, сахнада өнер көрсеткен әртіс те айтқандай, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған музыкалық-поэтикалық кеш шын мәнінде биік деңгейде өтті. Жасы да, үлкені де зор ықыласпен, ерекше ынтамен қараған ғажайып кеште өлең де оқылды, ән де шырқалды. Тек небәрі 45 жасында жасындай жарқ еткен Мұқағалидың өзі тағы да:

«Қазбауыр бұлттар маңғанда,
Орманға жазда барғанда,
Арманда мені арманда,
Мен бар деп мына жалғанда,
Есіңе мені алғайсың.
Арманда мені арманда,
Мен бар деп мына жалғанда,
Есіңе мені алғайсың...» деп тұрғандай әсер қалдырды... 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?