Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өмірден кім өткенін білесіз бе?

1877
Өмірден кім өткенін білесіз бе? - e-history.kz

Қазақтың қабырғалы қаламгері, күрескер азамат, музыка зерттеуші, қоғам қайраткері Кәмел Жүністегі бүгін 84 жасында ата қонысы Ақсу-Аюлыда өмірден өтті. Халық аспаптарын, қазақтың әйгілі сал-серілері, күйшілері, ұсталары ұстаған, жасаған бірегей саз аспаптарын, заттарды жинап, мұражай құрды. Жасынан отаршылдыққа қарсы күреске шығып, Елін сүйген ерлер партиясының (ЕСЕП) белсенді мүшесі болды.

Кәмел Жүністегі - 1939 жылы 27 қаңтарда Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Ауданы комсомол комитеттінің бөлім меңгерушісі, 1960 жылы Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түскен. 1962 жылы қазақ жастары жасырын ЕСЕП-тің (Елін сүйген ерлер партиясы) ұйымдастырушысы ретінде саяси айыпталған. 1967 - 84 жылдары мектепте мұғалім, 1984-88 жылдары оқу бөлімінде, "Білім" қоғамында (1988), 1989-92 жылы мұражайда қызмет еткен. 1992 жылдан "Заман" газетінде редактор. Орта мектепті 1956 жылы ойдағыдай бітірген Кәмел Жүністегі 1959 жылы аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек жолын бастаған. 1960 жылы Қарағанды Педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Осы кезде-ақ, асқақ қиял жетегінде жалынды жас К.Жүністегі елдің тарихын білу мен қоғамдағы сол кездегі саяси-әлеуметтік қатынастарға араласу қызықтырған еді. 

1962 жылы қазақ жастары арасында құрылған, "ЕСЕП" (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясын ұйымдастырушылардың бірі ретінде, жерлес досы, ақын Зейнолла Игілікұлы екеуіне саяси айып тағылып, Сібірдегі лагерьде болған. Жазасын өтеп оралған соң, 1966 жылы қайтадан институттағы оқуын сырттай жалғастырып, 1977 жылы ойдағыдай бітірген. Сол, 1966 жылдан 1984 жылға дейін аудан орталығындағы М.Горький атындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1984-1989 жылдары аудандық білім бөлімінде әдіскер болып қызмет еткен. 1989 жылдан 1992 жылға дейін аудандық мұражай директоры, 1992-2005 жылдары аудандық "Заман" газетінің редакторы болып қызмет атқарды.

Кәмел Жүністегі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайратекері, С.Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері.  "Дос көңілі", "Көне хикая", "Көксеу", "Көксеңгірдің тасында", "Соңғы Абыз", "Ұлы пайғамбар жане ұрпақтары", "Шырағдан", "Қоңыр Құлжа", "Мөрші", "Арманым оттан өрілген", "Едіге", орыс тілінде "Вожак" «Адам, қайда барасың?» кітаптарының, "Құба белдер" трилогиясының, "Тар заман" спектакілінің авторы. 

Зерттеу барысында құрастырып, жазған кітаптары: "Бір ауыз сөз", Шортанбай жырау "Қай заман", Хазірет Әлі "Меруерт қайнар". Әуесқой композитор ретінде танымал "Арқа самалы", "Аяулым", "Домбыра", "Туған жер", "Жаз келді", "Жас алаш", маршы әндерін шығарған. Өлкетанушы ретінде көпшілікке мәлім. Шет өңірінен шыққан ұмыт болған Шортанбай жырау, Диа қажы, Қақпан ақын, Төлеубек, Хасен, Жәкен, Тәшен, Маясар, Түсетай, Сәрінжіп, Оқа ақындардың шығармашылығын зерттеп, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жариялады. Қыздарбек, Әбди, Сембек күйшілердің, Абылай ханның күйін зерттеуде көп еңбек еткен. Осы өңірде кезінде әділдігімен аты шығып, өз заманынан озық туған дуалы ауыз Бәйсейіт би, Жанқұтты шешен, Дүйсенбай, Қара билердің өмір жолын, ұлағатты ісін зерттеп жарыққа шығарды. 

Елін қорғаған дуылғалы батырлары Жидебай, Сеңкібай, Жарылғап, Ағабай, Дәріпсалы, Сазанбай батырлар жайында алғаш қалам тартқан. Осы өңірде өмір сүріп, заманында елге үлгі бола білген, тарихта ізі қалған әз аналар Қарқабат, Борсылдақ (Қырғи), Құрақ, Дәрі, Талмойын, Баршын қыз, Шеруке қыздың есімі мен қасиеттерін келешек ұрпаққа жеткізу де осы кісінің талмай ізденісінің нәтижесі. К.Жүністегінің ұсынысы ынтасы арқылы "Зұлмат жылдары", "Кенесары жұртында", "Тасқа тұнған құпия", "Дойыбы тас", "Қыздарбек күйші", "Шортанбай жырау", "Жәкен ақын" бейнетаспалары жазылып, деректі телефильмдер дүниеге келді. К.Жүністегі қандай шығарма жазбасын, қандай жиында сөз сөйлемесін, айтар ойының түпкі түйіні–ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрінің, әдет-ғұрыптың тиімді тұстарын қазіргі жастардың санасына сіңіріп, имандылыққа, жан тазалығына биік адамгершілікке шақыру. К.Жүністегі өлке тарихын зерттеу, насихаттау ісіне қыруар еңбек сіңірді. Кенесары ханның патша әскерлерімен соғыс алдында салдырған қамалының қалдығын тауып, сол жөнінде газет-журналдарға ғылыми мақалалар жариялады.

«Қазақстан тарихы» порталының ұжымы қоғам қайраткері, күрескер азамат Кәмел Жүністегінің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туыстарына, шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?