Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әз-Зәһир Сұлтан Бейбарыс Жамақұлының туғанына – 800 жыл

4763
Әз-Зәһир Сұлтан Бейбарыс Жамақұлының туғанына – 800 жыл - e-history.kz

Биыл Ұлы дала топырағында туып Мысырды билеген әйгілі әз-Заһир Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толды. Дүниені дүбірлеткен Бейбарыс бабамыз бүгінгі ұрпақ біз үшін қашан да мақтаныш. Сондықтан да оның ерлік тарихын жаңғыртып отыру, кейінгілерге жеткізу әр өз тарихын, отанын, ата-бабасын сыйлаған ұрпақтың қастерлі міндеті. Сол себепті де тарихтың сарғайған беттерін қайыра парақтап, қадари-қалімізше Бейбарыс бабамыз жайлы толғауды жөн санадық.

Бейбарыс Жамақұлы (1223-1277) – түркі әулеті Бахриден шыққан мамлюктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны. Оны тарихи шығармаларда Бейбарыс, Бибарыс деп те атайды. Оның шыққан тегі – қыпшақ. Қыпшақ қазіргі ру атауы емес. Сол кездегі Ұлы даланы мекен еткен тұтас ұлыстың жиынтық атауы. Кейбір тарихи деректерде Бейбарыстың руы Беріш деп аталады. Соған қарағанда оның туған жері қазіргі Атырау өңірі деп топшалауға болады. Алайда бұған қатысты  әр түрлі деректер айтылып жүр, бірі – Хорезм, Дербент қыпшақтарынан десе, екіншілері маңғыстаулық еді дегенді айтады. Соңғы зерттеулер бұл дүдәмалдықтың түйінін шешіп, Бейбарыстың қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан атақты әулеттің тұқымы екені анықтауға мүмкіндік берді. Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы – «Бейбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп, олардың нақты есімдерін атап көрсеткен. Бейбарыс өмір бойы қыпшақ тілінде сөйлеген, Алдыңғы Азиядағы араб тілдес халықтармен тілмәш арқылы түсініскен.

Бейбарыс Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан кейін жаңа қожайыны Айдакин Бундукдаридің атымен әл-Бундукдари деген есімге ие болды. Кейін Бейбарыстың ерекше қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны Салих Нажумиддин оны өзінің жеке гвардиясының бір бөліміне сардар етіп алады. Сөйтіп ол енді жаңа әміршісінің атымен өзіне әл-Салихи деген есімді және қабылдайды. Ол осында жүргенде крест жорығына қатысушыларға қарсы күресте Египет әскеріне қолбасшылық етеді.

Египеттің жаңа сұлтаны Муиззәддин Айбек Айюби әулетінің соңғы бастаған кезде, Бейбарыс бас сауғалап, Сирияға қашып кетеді. Содан мамлюктер Айбекті өлтіргеннен кейін ғана ол Каирға қайта оралады. Мұнда таққа жаңа отырған Мұзаффар Сайфуддин Құтұз сұлтан оны әскеріне басшы етіп, Сирия жеріне ішкерлей кірген моңғолдарға қарсы күреске аттанады. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста мамлюк қолы моңғолдардың тас-талқанын шығарады. Осы соғыста Бейбарыс ер жүректілігімен айрықша көзге түседі. Бірақ Құтұз, неге екені белгісіз, басқаларға сый-сияпат жасап, Бейбарысты елеусіз қалдырады. Осыған өкпелеген Бейбарыс өзіне ниеттес адамдармен келісіп, Каирға қайтар жолда Құтұзды өлтіреді. Жақтастары Бейбарысты Египеттің сұлтаны деп жариялайды. Сөйтіп ол әд- Мәлік әз-Заһир Руки-әд-Дүние вә-д-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әл-Салихи деген есіммен Египеттің тағына отырады. Билік басына келісімен Бейбарыс бар күш-жігерін крест жорығына қарсы шабуылға жұмсайды. Негізгі шабуыл 1265 жылы басталып, крест тағушы франктердің қамалдары бірінен кейін бірі алынады. Бұдан кейін Кіші армения патшалығына (1267 ж.) Кіші Азия селжұқтарына қарсы жорықтар жасап, берберлерді бағындырады.

Бейбарыс медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де «Бейбарыс мешіті» деп аталады.

Жат жұрттардағы қыпшақ әдебиетінің бүкіл Шығыс елдеріне кең тараған туындысы — қазақ сахарасының перзенті қыпшақ Сұлтан аз-Захир Бейбарыс жайлы қиссалар. Сұлтан аз-Захир Бейбарыс деген кім?

Арабтың, «мамлюк» деген сөзінің көп мағынасының бірі – ақ құлдар. Ал осы мамлюктердің бір тобы қазіргі қазақ сахарасы мен Еділ, Жайық, Қара теңіз бойында монғол шапқыншыларымен болған қырғын соғыс кезінде тұтқынға алынған қыпшақтар болған. И. М. Фильштинский зерттеулеріне қарағанда, моңғолдар өзгелермен бірге қыпшақтарды да шетелдік көпестерге, әсіресе италиялық саудагерлерге сатып отырған. Ал олар мұндай өтімді «тауарды» Жерорта теңізінің арғы жағалауындағы Мысыр еліне апарып, артық бағамен қайта сататын болған. Тұтқындар ішінен қыпшақтардың батырлығына, ер жүректілігіне, төзімділігіне, шыдамдылығына қызыққан Мысыр сұлтандары оларды әскери қызметке тартқан, сарай жасақтары еткен. Біртіндеп жоғары әскери қолбасшы мәртебесіне қолы жеткен қыпщақтар жұрты қолдамаған сұлтандарды тақтан оп-оңай-ақ тайдырып отырған.

Мысырлық қыпшақтардың салтанат құруы, әсіресе, XIII ғасырдың екінші жартысынан басталады. Мысалы, 1250—57 жылдары Египетті түркінің бахрлықтар деп аталған Айбек бастаған қауымы билеген. Олардың бахралықтар деп аталуына себеп болған жайт қыпшақтардың әскери казармаларының Ніл өзені ортасындағы аралда болғандығынан еді. Сондықтан да олар «бахрлықтар», яғни «аралдықтар» деп аталып кеткен.

Мемлекет билігі қолдарына тигеннең кейін қыпшақтар күрдтер әулетін аластаған. Сөйтіп, олар Египетті ұзақ уақыт билеген. Олардың басын біріктіріп, жеңістерге жетелеген, күні бүгінге дейін аты халық аузында аңыз боп қалған қыпшақ текті сұлтан аз-Захир Рукн ад-Дин Бейбарыс болған.

Жазба деректерге қарасақ, Бейбарыс 1223 жылы монғолдар ойрандаған Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келген. Жетім қалған жас бала өзге де тұтқындармен бірге Мысырдық сол кездегі курд текті сұлтаны Салих Наджм ад-Динге сатылған.

И. М. Фильштинский еңбектеріне карағанда жас батыр әуелі Сириядағы әскери мектепте оқығаннан кейін, мамлюк жасақтарына жазылады. Әл-Мансур деген жерде болған алғашқы шайқаста-ақ ол ерлігімен көзге түскен.

Крест тағушыларды талқандағаннан кейін Бейбарыс өзінің, негізгі қарсыласы Туран шаһ пен бақталасы Кутузды да тақтан тайдырған. Бейбарыс үкімет басына келген тұс монғолдардың 1258 жылы Бағдадты қиратып, Аббастан тараған халифалар әулетінің бірқатарын дарға асып үлгірген кезі болатын. Солардың тірі қалған біреуі соңынан Шамға қашып кеткен. Оны сол жерден Бейбарыс Мысырға алдырып, 1261 жылы әл-Мустансир деген атпен халифа етіп жариялаған. Сол жаңа халифаның қолынан өзі де сұлтан лауазымын алған.

Бейбарыс енді Машриқ елдерін жаулап алып, Мысырға ұмтылған монғолдардың тас-талқанын шығарғаң. Әскер ішінде темірдей тәртіп орнатқан.

Осы қыпшақ батыры тұсында Мысырдың егін шаруашылығы мықтап дамыған. Суландыру жүйелері жөнделіп, қалпына келтірілген. Қыпшақ текті көптеген әскербасыларға Сирия мен Египеттен жер бөліп берілген. Бейбарыс басқарған жылдары Мысыр, сөйтіп, тез дами бастады. Египеттің әл-Искандария (Александрия), Дамиетта, Әл-Қаһира (Каир) секілді қалалары ірі-ірі сауда орталығына айнала бастаған. Сауданың өсіп-өркендеуіне Бейбарыс та барынша жағдай жасауға тырысқан. Мұнда Венеция Сицилия, Генуя, Индия, Орта Азияның сауда керуендері мен кемелері соқпай кетпейтін. Сол үшін де қыпшақтар олардан көп заттар алатын.

Бейбарыс ойлы да кемеңгер мемлекет қайраткері, батыр да жігерлі қол басшы болған. Әуелі ол елдің әл-ауқатын көтерді. Мұсылман текті халықтардың ежелгі жауы — крест тағушыларды талқандады. Монғолдарды Мысырға қарай қия бастырмаған.

Көп ұзамай-ақ Бейбарыстың есімі де «Мың бір түн» хикаяларының негізгі кейіпкерлерінің бірі Аббас әулетінен шықкан халифа һарун ар-Рашид (786—809) секілді аңызға айналған, Өйткені, Бейбар-ыс жайлы риуайаттарда ол да халифа һарун ар-Рашид сияқты қарапайым киініп, түнгі Каирді аралап кетеді екен. Халық өмірімен жақын танысқандықтан, қылмыстыларды жазалап, күнәсіздерге көмектеседі екен. Міне, оның осы қырына мұхаддистер де ол туралы қиссаларға ерекше мән беріп, ұзағырақ айтатын болған.

Араб халкы шығарған Бейбарыс жайлы аңыздар, кисса, әңгімелер бір емес, бірнеше ғасырдың жемісі. И. М. Фильштинский Бейбарыс туралы халык романдарына негіз болған деп қыпшақ батырының хатшысы әрі оның ғұмырнамасын жазған Мухий ад- Дин ибн Әбд аз-Захир (1223—1292), тарихшы-шежірешілер әл-Мақризи (1362—1442) мен Ибн Тагрибердилер (1409—1470) қалдырған мағлұматтарды атаған.

Египетте біраз жылын өткізген ағылшын шығыстанушысы Э. У. Лэйн: «Каир каласында отызға жуық қиссашылар бар деседі. Олардың бәрі де тек «аз-Захирдің» («Сират аз-Захир» немесе «ас-Сира аз-Захирийа») ғұмырнамасы атты шығарманы жатқа айтады»— дейді.

Египеттің осы заманғы тамаша ғалымы, классик жазушысы Таха Хуссейн (1889—1975) де өзінің «Аййам» («Күндер») деп аталатын өмірбаяндық жазбаларында бала кезінде өзінің ең көп естігені Бейбарыс батыр жайлы риуайаттар еді деп еске алады. Мұнда да бір белгілі шындық бар екені даусыз.

Бейбарыс заманында өмір сүрген тарихшы Вильгельм Тайпольский де оған: «Бейбарыс— жауынгерлігі жағынан Гай Юлий Цезармен терезесі тең тұратын қаһарман» деген баға берген.

Халық аузында Бейбарыс қапыда Қалауын деген уәзірдің қолынан қазаға ұшырайды. Ол жауыздықпен батырдың балаларына да у беріп өлтіреді. Жақын жолдастары мен зайыбын қуғын-сүргінге ұшыратады. Бірақ Қалауынның өзі де өлім құшады.

Осындай қыпшақ батыры, жауынгер азаматы жайлы қисслардың бір нұсқасын шығыстанушы В. Н. Кирпиченко араб тілінен орыс тіліне тәржімалап, 1975 жылы Мәскеуде басып шығарған.

Иә, Бейбарыс жайлы осындай классикалық дүние өткен заман оқиғаларының сәулесін елестетіп қана қоймай, тарихи оқиғаларды суреттеу негізінде туған шынайы да көркем шығарма ретінде ғасырдан ғасырға жетіп, елеулі мұра ретінде ел аузынан түспей келеді.

Бейбарыс Хулагу әулетіне қарсы күресу мақсатымен Алтын Орда ханы Беркеге елші жібереді. Осыдан бастап Египет пен Алтын Орда арасында тұрақты дипломатиялық қатынас орнап, екі ел арасындағы одақтастық қашан Алтын Орда ыдырағанға дейін сақталады. Өйткені бұл байланыстың осыншалық ұзақ уақытқа ұласып, берік сақталуының негізінде египет елін билеген Бейбарыс сұлтанның бір кезде тағдырдың қатал кесімімен қол үзіп қалған туған жеріне, ата бабасының еліне жақындауды мақсат тұтқан арман тілегі жатқан еді. Бұл, сайып келгенде, Мысыр елін «Қыпшақ Египеті» атандырған мамлюк-қыпшақтардың ортақ мүддесі болатын. Сондықтан олар Бейбарыстан кейін де, қашан мамлюк қыпшақ әулетінен күш кеткенше «Алтын Орда» атанған қыпшақ елінен, өздерінің ата мекенінен қол үзбеуге ұмтылады. Берке ханмен байланыс және туыстыөқ қатынас орнатты. Қатал тағдыр желі тағы да олардың жолын кесті. Египетте мамлюк-қыпшақтар билік басынан қуылды, Қыпшақ даласында Алтын Орда ыдырап кетті.

Кезінде жат елге құл болып сатылып барса да, тектілігін танытып, қажымас қайраттың, мұқалмас жігердің үлгісін көрсетіп, билік басына көтерілген мамлюк қыпшақтардың рухы тек арада жеті ғасыр өткенде ғана барып, Бейбарыс есімі арқылы ата мекеніне оралды. Қазір өзінің кіндік қаны тамған жерінде – Жайық өзенінің жағасындағы Атырау қаласында биік тұғырға орныққан Бейбарыстың ескерткішке айналған алып тұлғасы тәуелсіз елдің арайлы таңын жерлестерімен бірге қарсы алып, өшпес айғағындай болып асқақ тұр.

Автор: Атырау облысы Қ.Смағұлов атындағы орта мектебінің 8 "в" сынып оқушысы Сембай Наркиз

Жетекшісі: Атырау облысы Қ.Смағұлов атындағы орта мектебінің мұғалімі

Ғилманова Ақмарал Асқарқызы

 

Басты беттегі сурет: https://sunna.kz/archives/5718

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?