Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы алғашқы жоғарғы оқу орындарының тарихы мен ағартушылық бағыттары

5355
Қазақстандағы алғашқы жоғарғы оқу орындарының тарихы мен ағартушылық бағыттары - e-history.kz

ҚР Республика күні мен «ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Казакстандағы қоғамдық ұйымдардың ағартушылык қызметі» жобасы аясында «Қазакстандағы алғашқы жоғарғы оқу орындарының тарихы мен ағартушылық бағыттары: өткені мен бүгіні» тақырыбында дөңгелек үстелдің отырысы.

Республика күніне орай Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2022 жылғы 19 қазанында «Қазақстандағы алғашқы жоғарғы оқу орындарының тарихы мен ағартушылық бағыттары» тақырыбында  «ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың ағартушылық қызметі» жобасын жүзеге асыру шеңберінде онлайн-офлайн форматында дөңгелек үстел өткізді («Ғылым ордасы», Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты, Алматы қ., Шевченко көш, 28, 2 этаж, 205 ауд.). 

Дөңгелек үстел жұмысының негізгі бағыттары:  Қазақстандағы алғашқы оқу орындары; қазақ зиялыларының ағартушылық қызметі; қоғамдық қорлардың 20-30 жылдардағы тарихы.

 Осы бағыттарға сәйкес модератор Ш.Б. Тілеубаев – т.ғ.к., Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары бағдарламада көрсетілген баяндамашыларға сөз берер алдында кіріспе сөз сөйледі. 

Қазақстандағы ең алғашқы жоғары оқу орны қай жылы ашылған деген төңіректе таласты пікірлер күні бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Бұл тұрғыда объективті де және субъективті себептер жеткілікті. 1919-1920 жылдары Орынборда, Ордада, Семейде халық ағарту институттары ашылды. Өз алдына автономиялық болса да дербес республика дәрежесіне ие болған қазақ республикасы Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында екпінді түрде қолға алған мәселелерінің бірі бұқара халықтың көзін ашу, сауатсыздықты жою, білім мен ғылымды дамытып, мәдениет пен өркениетке ұмтылу болды.

Кеңестік қазақ автономиялық республикасы құрылғаннан бастап университет ашу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ, себебі жалғыз қазақ халқы ғана емес, Ресей империясы көлемінде де сауатсыздық мемлекет үшін ең үлкен мәселелердің біріне айналып, қоғамда жоғары білімді мамандарға деген сұраныс өте жоғары болған еді.

1920 жылы алғаш құрылған Қазақ Кеңестік социалистік автономиялық республикасының орталығы 1925 жылға дейін Орынбор қаласы болса, 1924 жылғы ұлттық территориялық межелеулерге байланысты Орынбор Ресей құрамында қалды. Одан кейінгі астанамыз уақытша Перовск (Қызылорда) қаласы болып белгіленіп, ақырында Алматы қаласына келіп тұрақтағаны белгілі. Сондықтан да Ташкент қаласы Алматыда жоғары оқу орнын ашу үшін қажетті материалдық және интеллектуалдық алғышарттар қалыптастырып, педагогикалық жоғары оқу орнын ұйымдастыру үшін даярлық кезеңі болды десек те болады. Қазан революциясына дейін ұлан ғайыр Орта Азия мен Қазақстан территориясында бірде бір жоғарғы оқу орны болмағандығы белгілі. Еуропада жоғары мектепті бітірген және патшалық Ресей оқу орындарында қоғамдық ғылымдар саласында білім алған жергілікті ұлт өкілдері өте сирек еді. 

Негізгі баяндамашы – Халықаралық бизнес академиясының доценті, т.ғ.к. Д.Б. Ескекбаев «Қазақстандағы алғашқы оқу орындарының тарихы» тақырыбында сөз қозғап, өз ойларын ортаға салды.

Қазақ жастары Мәскеу, Петроград, Қазан, Омбы, Баку, Ташкент қалаларындағы педагогикалық оқу орындарына жіберіліп жатты. 1922-1923 оқу жылдарында еліміздің жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 800 студент білім алып, оның ішінде Мәскеуде - 100, Петроградта – 130, Омбыда – 80, Қазанда – 40, Ташкентте–100 қыз-жігіттер оқыған. Ал 1923-1924 оқу жылында Қазақстаннан тыс жерлердегі оқу орындарына 450 адам жіберілді. Осылайша үш жыл ішінде ғана, яғни 1922-1924 оқу жылдарында Қазақстаннан тыс жерлердегі оқу орындарында 1250 адам оқып, олардың елу пайызы мемлекеттік стипендиямен қамтамасыз етілді. С. Сейфуллин Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің 1924 жылғы сентябрьде өткен мәжілісінде Қазақстаннан тыс жерлердегі жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттер үшін 400 стипендия және республика ішіндегі оқу орындарының студенттері үшін 740 стипендия, қосымша 1165 стипендия бөлу жөнінде орталыққа өтініш жасаған. 

1932 жылы педагогикалық институттар Орал мен Қызылорда қалаларында ашылған болса, 1934 жылы педагогикалық кадрлар даярлайтын мұғалімдер институттары Алматы. Қарағанды, Орал, Семей, Ақтөбе, Петропавл, Шымкент және Қостанай қалаларында өз жұмыстарын бастады. Бұл институттар жоғары білімді мұғалімдер даярлауда зор рөл атқарды. Ал 1952 жылы бұл институттардың бәрі де педагогикалық институттарға айналып Қазақстандағы жоғары оқу орындары санын арттыра түсті. 1920 ж. халық ағарту қызметкерлерінің съезінде ұлт көсемі А. Байтұрсынов алда тұрған нақты міндеттерді атап өтіп, оны іске асыру тетіктерін нақтылап көрсетеді. Ол алдымен мұғалімдер кадрларын дайындауға күш салу қажеттігін және оның екі жолын көрсеткен: оның бірі қысқа курстар арқылы ауыл мұғалімдерін дайындау болса, екіншісі педагогикалық арнаулы оқу орындарының рөлін күшейту. 1921 жылы республика бойынша 52 қысқа мерзімді мұғалімдер дайындайтын курстар ашуды бюджет қаржысынан бөлу мәселесі де осы сьезде  қаралған. Нәтижесінде 1928 жылы республика бойынша  екінші дәрежелі (басқыштағы, кейіннен бұлар техникумдарға айналды) отыз бір мектепте сегіз жарым мың адам оқып оның 369 қазақтар болған болса, ал кәсіби мамандыққа бейімделген  17 мектепте алты мың үш жүз болашақ мұғалімдер оқып, оның 691 ғана қазақтар болған.  Ал 1920 жылы Қазақстанда 14 педтехникумдар жұмыс істеп, оларда 1926-1927 оқу жылдарында 7220 мұғалім сабақ берген болса, олардың тек отыз жеті пайызы ғана орта білімді болып, ал мұғалімдердің алпыс пайызының педагогикалық еңбек өтілімі де болмаған екен. 1927 жылы республикада  педагогикалық техникумды тәмамдап орта дәрежелі білім алып шыққан адамдар саны жүз сексен болды. Күні бүгінге дейін зерттеушілер арасында Қазақстандағы ең алғашқы жоғары оқу орны, бүгінгі Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті (бір кездегі ҚазПИ, кейінгі Алматы Мемлекеттік Университеті) деген пікірде болды. Мәселен, «Қазақ совет энциклопедиясында» (ҚСЭ., 6 том., 247 бет, Алматы, 1975 ж.). Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны 1928 жылы Ташкент қаласында ірге тасы қаланған Алматыдағы Абай атындағы  педагогикалық институт деп көрсетілсе, ал тәуелсіз ел болып, дербестік алған 1998 жылы жарық көрген «Қазақстан» ұлттық энциклопедияда («Қазақстан» ҰЭ, 1 том, 286 бет, Алматы, 1998 ж). алғашқы жоғары оқу орны туралы мүлде дерек жоқ.

Келесі баяндамашылар: Абай атындағы Қаз НПУ, профессоры, т.ғ.к. Ш.Т. Нұрман «1920-шы жылдардағы ерікті қоғамдардың ағартушылық қызметі» деп аталатын баяндамасында волентерлық қызметтің тарихына тоқталып, қызықты мәліметтер келтірді. Жоба орындаушысы,  институттың ғылыми қызметкері А.Н. Қоңқабаева білім беру мен ғылыми мекемелердің 20-30 жылдардағы қалыптасу тарихына тщқталып, мұрағат деректерінен үзінділер келтірді.  Институттың жетекші ғылыми қызметкері, жоба жетекшісі А.К. Шашаев «Қазақстандағы 1920-30-шы жылдардағы қоғамдық қорлардың ағарту саласындағы қызметіне» тоқталып, Ресей мен Қазақстан архивтерінде табылған деректер мазмұнымен таныстырды. 

 

Шашаев Әуезхан Қадыржанұлы – т.ғ.к., Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?