Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық және оның салдары: зерттеудің жаңа дереккөздері, мәселелері мен болашағы

3337
1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық және оның салдары: зерттеудің жаңа дереккөздері, мәселелері мен болашағы - e-history.kz

2022 жылғы 6 қазанда ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы  ашаршылық және оның салдарлары: зерттеудің жаңа дереккөздері, мәселелері мен болашағы» тақырыбында республикакалық ғылыми-теориялық конференция өткізді

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтардағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді.

Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», деп атап өткен еді.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржылай қолдауымен, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты №АР09259227 «1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы жаппай ашаршылық және оның салдарлары (жаңа архивтік және жазбаша дереккөздер негізінде)» мемлекеттік қаржыландыру жобасын жүзеге асыруда. 

Жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2022 жылғы 6 қазанда «1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы  ашаршылық және оның салдарлары: зерттеудің жаңа дереккөздері, мәселелері мен болашағы» тақырыбында республикакалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Конференция жұмысының негізгі бағыттары келесідей болды:

- 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың әдіснамасы мен тарихнамасы мәселелері;

- Қазақстандағы 1921-1922 жылдардағы ашаршылық бойынша дереккөз ретінде жаңа мұрағаттық құжаттар мен ауызша материалдар;

- салыстырмалы зерттеулер: 1920 жылдардың басындағы Оңтүстік Украинадағы, Солтүстік Кавказдағы, Еділ бойындағы және Қазақстандағы аштықтың салыстырмалы талдауы;

- 1920 жылдардың басындағы ашаршылықтың тарихи-демографиялық зерттеулері;

-1920 жылдардың басындағы ашаршылық кезеңіндегі шаруа көтерілістерін ғылыми әдебиеттерде жариялау және бағалау;

- аштықпен және оның салдарымен күрес жөніндегі үкіметтік комиссиялардың қызметін зерделеу;

- 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа қарсы күрестегі халықаралық қайырымдылық ұйымдарының рөлі.

Конференцияға қатысуға ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, докторанттар мен магистранттар, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық тақырыбын зерделеумен айналысатын ізденушілер шақырылды. Конференция Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ш.Б. Тлеубаевтың алғысөзімен ашылды. Конференцияға Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жоба орындаушысы А.Т. Капаева және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Астана қаласындағы филиалының директоры, PhD докторы, жоба жетекшісі М.М. Қозыбаева модераторлық жасады. 

Шетелдік ғалымдардан РҒА Сібір бөлімі Тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор В.М. Рынков (РФ, Новосібір қ.) «Продовольственные кампании в России в начале XX в.: опыт борьбы с предпосылками голода и инвестиций в развитие территорий», Украина ҰҒА М.С. Грушевский атындағы Украина археография және деректану институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты В.В.Грибовский (Украина, Киев қ.) «Голод на Никопольщине в свете советской периодики 1921-1923 гг.», П.П. Ершов атындағы Ишим музей кешенінің ғалым хатшысы Г.А. Крамор (РФ, Ишим қ.) «Антология исследовательских и архивных материалов «Двадцать первыйКрасная весна» как источник информации о Западно-Сибирском восстании 1921 года» тақырыптарында баяндамаларын жасап, өздерінің ғылыми көзқарастарымен бөлісті. Еліміздің Астана, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Орал, Петропавл, Тараз қалаларының ғалымдары мен тарих пәнінің мұғалімі өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне баяндама жасады.

«1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы жаппай ашаршылық және оның салдарлары (жаңа архивтік және жазбаша дереккөздер негізінде)» жобасының орындаушылары жоба бойынша зерделенген тақырыптарында баяндамаларын жасап, көпшілікке таныстырды: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қаласындағы филиалының директоры, PhD докторы, жоба жетекшісі М.М. Қозыбаева (Қазақстан, Астана қ.) «Участие иностранных организаций в помощи голодающим в 1921-1922 гг. в Казахстане»; Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Т. Капаева (Қазақстан, Алматы қ.) «Некоторые аспекты теории и методологии изучения голода 1921-1922 гг.»; Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты С.А. Асанова (Қазақстан, Алматы қ.) «Десоветизация национальной истории на примере голода  1921-1922 гг.»; М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Л.А. Гривенная (Қазақстан, Петропавл қ.) «Крестьянское вооружённое сопротивление начала 1920-х годов в казахстанском дискурсе»; А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Р.Ж. Байдалы (Қазақстан, Қостанай қ.) «Орталық және жергілікті билік органдарының аштықпен күреске қатысуы», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері, тарих магистрі А.А.Бекенова (Қазақстан, Алматы қ.) «1921-1922 жылдардағы балалардың жағдайы»; Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, тарих магистрі А.Н. Конкабаева (Қазақстан, Алматы қ.) «1921–1922 жылдардағы қазақ ауылындағы ашаршылықтың ерекшеліктері».

Конференция соңында келесідей қарар қабылданды:

  1. ХХ ғ. 20-шы жылдардағы гуманитарлық апатты объективті жан-жақты зерттеу мақсатында жобаға қатысушылар отандық және шетелдік мұрағаттарда жинаған бұрын белгісіз болған мұрағаттық материалдар негізінде проблемаға жаңа тұжырымдамалық-әдіснамалық тәсілдерді әзірлеу.
  2. Жаңа мұрағаттық мәліметтер негізінде 1917 жылы басталып, 1924 жылға дейін жалғасқан 20-шы жылдардағы ашаршылықтың хронологиялық шеңберін кеңейту.
  3. Ресей Федерациясының, Украинаның және басқа елдердің ғалымдарымен бірлесе отырып, әртүрлі аймақтарда және ұлттық республикаларда большевиктер жүргізген азық-түлік диктатурасына салыстырмалы талдау жүргізу, аймақтар бойынша жалпы белгілер мен ерекшеліктерді анықтау.
  4. Тұрақты тұратын жерлерінен тыс жерлерге, оның ішінде көршілес Ресей губернияларының аумағына және шетелге қоныс аударған қазақтардың санын анықтау бойынша зерттеу жұмыстарын күшейту. 
  5. Конференцияға қатысушылар Қазақстандағы 1921-1922 жылдардағы ашаршылық тақырыбы бойынша жұмыс нәтижелерін кеңінен насихаттауды, болған апатты объективті қайта құруды ұсынды: азық-түлікті алып қоюдағы қателіктерді анықтау.
  6. Қорқынышты аштыққа әкелген саясатқа түсініктеме беру. 1921-1922 жылдардағы аштықтан жаппай қырылған аудандарға зерттеу жүргізу қажеттілігі атап өтілді. 
  7. Конференцияға қатысушылар Қазақстанда және көршілес өңірлерде болған ашаршылықтың жан-жақты бейнесін жасауға бағытталған ведомстволық архивтардың қол жетімсіз құжаттарын құпиясыздандыруды ұсынды.

 

А.А. Бекенова,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих
және этнология институтының
КҒҚ, тарих магистрі

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?