Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Нағыз ұлтжанды ғалым Тұрсынбек Кәкішұлына арналды

2950
Нағыз ұлтжанды ғалым Тұрсынбек Кәкішұлына арналды - e-history.kz

15 тамызда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстан Жазушылар Одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының туғанына 95 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан жазушылар одағының хатшысы, Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы ашып, Т.Кәкішұлының қазақ әдебиеті саласының дамуына қосқан үлесі мен мол мұрасын бүгінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында елордадағы жаңадан ашылып жатқан №94 мектеп-гимназиясына ғалым атын беру туралы ұсыныстар берілгенін, әуежай жақтағы коттедждер қалашығында ғалым атына көше берілгенін, құжаттары ономастикалық комиссияда қатталып жатқанын, сондай-ақ ғалымның жас уағында М. Горький орыс драма театрында бір жыл актер болып жұмыс істегенін, ол жерде де ғалымға арналған ескерткіш тақтасын қою жоспары туралы айтып өтті.
 

 

         ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы ғалымның ұлтжандылығы мен ғылымға адалдығын айта келіп, «Ол ғылымға салыстырмалы түрде кеш келді, бірақ үлкен мектеп даярлап кетті, ғылым академигінің сүбелі еңбегі әдебиет және өнер, сын саласының қалыптасып-дамуында үлкен бағдар болды деп есептейміз. Әсіресе, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі азаматтық ұстанымы туралы бөлек айтуға болады, ол кезде декан кезі. «Садақтың» рухы мен мазмұны да Алаш тақырыбы болды. Ол қазақ зиялыларына тұтас қарай алды. Еуразия университетінде ғалым атында мемориалдық кітапхана бар. Келешекте Тұрсекеңнің рухындағы жаңа зерттеулер дүниеге келеді деп сенеміз» деп сөзін түйіндеді.

 

         ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы сөз сөйлеп; «Бүгін бәріміздің ұстазымыз, аға буынның ішіндегі өте зиялы адам ретіндегі, айтатынын ешкімнен қаймықпай айтатын азамат ретіндегі ұлтымыздың тарихында қалған Тұрсынбек ағамызды ұлықтау үшін жиналып отырмыз. Қазіргі ұрпақ тарихқа қараған кезде айналып соғатын»жиырма жетінші жылғылар» деген бір ұғым бар. Серік Қирабаев бар, Тұрсынбек Кәкішев бар, Зейнолла Қабдолов, Мүсілім Базарбаев, Нығымет Ғабдуллин, Рахманқұл Бердібаев, Үшкілтай Сұбханбердина, Телғожа Жанұзақ,...бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Бұлардың барлығы жиырма жетінші жылғылар. Осылардың ішінде тоқсан бес жасын көзімен көрген Телғожа Жанұзақ ағамыз. Осы жиырма жетінші жылғылардың арасындағы ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз, абыройлы ақсақал, ардақты аға Тұрсынбек Кәкішевтің орны бөлек. Ол ғылымдағы кейінгі буынға жақсы қарады, бәріне жол ашты, жастарды қолдады, қолдауын көргеннің біріміз. Ол кісі алыс-жақын шетелдердің архивтерін түгел сүзіп шыққан адам, қай архивке барсаң да Тұрсекеңнің қолы тұратын» деп, ғалым рухына құрметін білдірді.

photo1660629310 (4).jpeg
 

 

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріптің естелігі Тұрсынбек Кәкішұлының адамгершілік келбеті мен ғалымдық қырын аша түсті: «Біз – осы жерде отырған Бауыржан Омаров, Айгүл Кемелбаева, Қайрат Сақ – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыдық. Сол кез филология кафедрасының дүрілдеп тұрған шағы болатын, бір кафедраны профессор З. Қабдолов басқаратын, бір кафедраға профессор Т.Кәкішев жетекшілік ететін. Ол кезде профессор деген атақ екі адамға жарасса, соның бірі Т. Кәкішев болатын. Екі құрдас өзара қалжыңдаса беретін, бұл шын мәнінде керемет, жарасымды, құрдастардың қалжыңы еді. Бізге Кәкішевтің кафедрасының оқытушылары сыннан сабақ берді. Ол кісінің өзінен дәріс алмадық, бірақ ол кісінің тың сапары туралы, «Оңаша отау» деген кітаптарын жастанып оқыдық. Кейін енді оның жолын Дандай Ысқақ жалғастырды. Студент кездегі серпіліс тудырған үлкен еңбегі осы «Садақ». Ол үлкен құбылыс, оқиға болатын. Сол заманда Уфадағы Ғалия медресесіндегі қазақ шәкірттері «Садақ» деген журналды қазақша шығарған ғой, кейін біз сол медресеге бардық. Екіқабатты қызыл кірпіштен жасалған ғимарат екен, жақсы күйде сақталыпты, бір қабатта студенттер жатақхана секілді жатқан, бір қабатта оқыған. Сол жерден қаншама ғалымдар шыққан, тек қазақтар емес, түркі халықтарының ғұламалары, қаншама қайраткерлері шыққан. Сексен пайызы кейін репрессияға ұшыраған.

 

Біз барғанда таңғалып тұрдық: Мағжан Жұмабаев осы есіктен кіріп-шыққан ба... Жиенғали Тілепбергенов осы есіктен кіріп шыққан ба...

 

«Осы есіктен кіріп шықпағанда басқа қай жерден кіріп-шығады?» деп жауап берді. Соның тарихын зерттеген Тұрсынбек ағамыз. Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» қолжазба ретінде алдымен осы «Садақтың» бетінде жарияланған. Осының барлығын зерттеген Тұрсынбек ағамыз болатын. Сол Ғалия медресесінде оқыған 200-ге таяу қазақ шәкірттерінің аты-жөндерін береді. Өкінішке қарай осыны ары қарай терең зерттеген қазіргі жас буын ғалымдарды көрген жоқпыз. Ол кісінің тек мінезін айтпай, істеген әрекеттерін айтпай, ғылымдағы еңбегін жалғау деген мәселені біз ұдайы жадымызда тұтуымыз керек деп ойлаймын.

 

Мінезі тік деп көп адам айтады, Тұрсекең бір жағынан жаны нәзік адам болатын. Құрдасы З. Қабдолов қайтыс болған кезде Күләш әпкемізбен бірге демалысқа бара жатқан жерден кейін қарай оралып, қазалы жиынға үлгеріп, көзіне жас алып сөйлеген сөзін есіңе алсаң сай-сүйегің сырқырайды. Өзінің құрдасы Зекеңе деген ықыласының қандай деңгейде екенін көрдік. Ол кісінің сыртқы бейнесі солай көрінгенімен, жан-дүниесі керемет ғажап жан болатын. Тіке айтатыны – ар жағында зілі жоқ. Ол өз басымнан да өтті.

photo1660629310 (2).jpeg
 

 

Менің тақырыбым Сұлтанбек Қожанов. Алаштың ақталып жатқан кезі. Ербол құрдасым айтқандай, Тұрсекең жаңа көзқарасқа бірден бейімделе қойған жоқ, Алаш оған тосыннан кіріп келген жағдай болды. «Әй, Амантай, сендер Сәкенге тиіскенді қашан қоясыңдар осы? – деді бірде. «Аға, мен Сәкенге тиіскенім жоқ, осы уақытқа дейін бір ауыз жаман сөз жазған адам емеспін» дедім. Оның айтып тұрған себебі ­– ол кісі архивист, деректанушы, қазақтың жиырмасыншы ғасыр басындағы бүкіл газет-журналын түгел парақтап шыққан адам ғой, қай бетінде не барын білетін, ол кісі біліп отыр, Сұлтанбек Қожановтың 1924 жылы шыққан «Ақжол» газетінің бетінде мақаласы бар. Сәкен мен Сәбит екеуі «Еңбекші қазақтың» бетінде Абайға, Ахметке кішкене тілдері тиіп кеткен жағдайлары болған, соған байланысты «егер әдебиеттің басында Ахмет, Абайлар тұрмаса қалай болады?» деген әңгіме айтады ғой. Одан кейін Түркістан сапары кезінде С. Сейфуллин «Ақжолдың» бетінде Сұлтанбек екеуі өлеңмен жауаптасады, ол айтыс ашаршылықтың уақыты, соған байланысты қиын жағдай кезінде халыққа не жағдай жасалып жатыр? – деген төңіректе болған. Тұрсекең осыны біледі. «Бұл Сәкенге тиісу емес, тарихи факт» дедім, ол кісі түсінді, сонымен тіл табысып кеттік».

 

 

 

Тұрсынбек Кәкішұлына арналған дөңгелек-үстелге інісі Жеңіс ағай да арнайы келіп қатысып, ағасы туралы естелік айтты. Саясаттанушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сейдахмет Құттықадам, публицист, аудармашы Қайырбек Сәдуақасов, ақын Бақытжан Тобаяқ, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек, жазушы Жәди Шәкенұлы, жазушы, драматург Төкен Әлжан, жазушы Айгүл Кемелбаева, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл, тағы басқа да азаматтар ғалымның еңбектері туралы жөн сөз, жылы лебіздерін білдірді. Әсіресе, ең қиын кезеңдерде архивтерде отырып, «Алаш» тақырыбына қатысты құнды деректерді алып шығып, ғылыми айналымға қосқаны, «Садақ» атты хикаялы-эссесінің мәні туралы айтылған пікірлерден ғалым еңбегіне құрмет сезіліп тұрды. Әдебиеттанушы, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тіл-қазына ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешев ғалымның өз ұстанымына адал, сонымен бірге тарихи шындыққа келгенде әділетті болғандығын, Алаш ақиқатын өз бойынан өткізіп барып қабылдағанын дәйектермен келтірді.

 

Тұрсынбек Кәкішұлының «Қазақ әдебиеті сынының тарихы», «Оңаша отау», «Жол үстінде 80 күн», «Санадағы жаралар» т.б. көптеген ғылыми еңбектері ұзақ жылдарға созылған үздіксіз еңбектің, маңдай тердің жемісі. Оның Сәкен Сейфуллин шығармашылығын зерттеген «Дала дауылпазы», «Сәкен сүйген сұлулар», «Сәкен және Гүлбаһрам» атты еңбектерінің бәрі де қазақ әдебиеті ғылымына қосылған өлшеусіз үлес саналады. Соңғы кездері Сәбит Мұқановты қаралау ниеті байқалып қалып жүр. Бұл орайда оқырман Тұрсынбек Кәкішевтің Күләш Ахметовамен бірігіп жазған «Сәбит Мұқанов», «Сәбең әлемі» атты кітаптарын оқыса, көп сұраққа жауап таба алар еді.

Суреттер: ҚР Ұлттық академиялық кітапханасынан

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?