Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бүкіл бір ауылдан үш бала ғана тірі қалған...»

12781
«Бүкіл бір ауылдан үш  бала ғана тірі қалған...» - e-history.kz

Сурет: cyrillitsa.ru

Белгілі қаламгер, «Жұлдызды лағыл елесі», «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі», «Түске оранған күз» «Көгілдір шабыт» сондай-ақ әлем әдебиеті қақында жазылған «Қаламұш әлем» кітаптарының авторы, тарих ғылымдарының кандитаты Сұраған Рахметұлымен болған көлемді сұхбатымыздың бесінші бөлімін өздеріңіздің назарларыңызға ұсынып отырмыз құрметті оқырман қауым.

 

- Сонымен Жа Лама жоғарғы жаққа қай қылығымен ұнамай қалды?


 

 

- 1911-12 жылы Қобданы азат етуге қатысқан «мырзаңыз» осы Лувсан Дамбийжанцан. Батыс шекарада аты «тірі аңызға» айналған оның әрекеті Коминтернге жақпады. Бұның дәлелі Борис Шумяцкий 1921 жылы Коминтерннің тапсырмасымен Моңғолияға келіп қызмет атқарған арнайы өкілінің естеліктерінде сақталды. Борис Шумяцкий оны - «…батыс Моңғолияның басқыншысы» деп атады.

 

Жа Ламаны тағы бір деректерде әйгілі Жоңғар әміршісі (Зүүн гар) Абылай ханға паналап қазақпен етене жақын болған - Ойраттың ханы - Әмірсана нәсілінен екендігі айтылады. Дамбийжанцан Моңғолдың көп жерлерін аралап, ел арасында Мәнжі үстемдігіне қарсы шығуға үгіт жүргізді. Дамбийжанцан қатысқан мәслихаттарда оны хошуун басшылары айқайлап қолдаумен қатар, Улиастайдағы Мәнжі жанжинын мәслихаттан дереу кетуін талап етті. Бұл деректер «Моңғолия тарихы» еңбегінде толықтай көрсетілген. Мәнжінің әскери әміршісі қазіргі Улиастай немесе Завхан жерінде онымен бетпе-бет жүздескендігі айтылады. Қолында соншама қарауыл әскері бар Улиастайдағы әскербасы жанжин Дин-Бан-Зо-Фу-Зян-Зюн тарапынан Жа ламаның басын кесіп алуға, байырғы қытайлық тәсілмен «сүзіп құлатуға» оқталғанымен ақ орыстың патшалық үкіметінің пәрменімен тағайындалған бас консул Я.П.Шишмаревтің атынан келген әйгілі купес П.И.Кряжевтің сұсынан үрейленгені жөнінде нақты деректер сақталған.

 

1911 жылы желтоқсанның соңында Улиастайдағы жанжин өз басын ғана сақтап Моңғолдан қашып шықты. Бұның себебі, 1911 жылы күз басында Мәнжу Чин егелігіне қарсы Қытай халқының аса күшті қозғалыстары етек алуына байланысты еді. Тұғырынан тайған Мәнжу Чин билеушілері өз иелігіндегі барлық биліктен 1912 жылы қаңтар айында айырылып тынды. Бағы қайтқан елдің жағдайын әбден түсінген Жа Лама немесе Дамбийжанцан - батыс Моңғолия кеңістігінде ашық тұрған «тақтан» дәметіп, оны бірден тартып алуға қызықты. Мұның артында Патшалық Ресей үкіметінің саясаты жасырынып жатқаны белгілі еді.

 

Сонымен Жа Ламаны 1892-1912 жылдардан білетін адамдардың бәрі оны 35-40 жас аралығында болғанын дәлелдейді. 1902 жылы «екі түйесін» жетектеп Моңғол жеріне келген оны «бадарчин», «бейсауат бұралқы» деп те атады. Бірақ, дінбасы Богд Жавзандумбадан атақ-дәреже алғаннан кейін оның абыройы артып «Жа Богд» аталып, теңдессіз тергелген кездері де бар. Ал, «Лувсандамбийжанцан Амурсанаев» деп әспеттелген тұсынан аз деректер қалды.

 

Азамат соғысы жылдары Моңғолияға келген И.М.Майский өзінің бір еңбегінде: «...Жа Лама ақиқатында өрескел ержүрек еді» делінеді. Иван Михайлович Майскийдің (1884-1975) «Германия және соғыс» (1916 ж) еңбегі батыс Моңғолия тарихынан өте көп мәліметтер береді. Әйгілі тарихшы Баабар Дамбийжанцан туралы аса құнды деректерді келтіреді. Оның дәлелдеуінше Жа Лама Дамбийжанцан 1860 жылы өмірге келген Айдархан (Астрахань) қалмағы. Дамбийжанцанның арғы мақсаты батыс Моңғолияны Богда хандығы қарамағына енгізбеу жолында халқа атқамінерлеріне қарсы болу еді. Қытайда жарық көрген «Сыртқы Моңғолдың тәуелсіздігінің құпиялары мен себептері» атты еңбекте «…Дамбийжанцан Орыстың барлаушысы болғандығы жөнінде…» деректер келтіреді. Үрімжі қаласында жарық көрген «Алтай аймағының жалпы жағдайы» /1989/, Күйтінде жарық көрген «Абақ керей» /1994/ зерттеу еңбектерінде Дамбийжанцанды «Сыртқы Моңғолияның генералы» деген әсіре әлпетпен көркемделді.

 

Ол әуелгі кезекте Ховда шебіне автономиялық құқық беруді талап етіп, соңынан біріккен иеліктегі біріккен Моңғол мемлекетін құруды ойлады.

 

1902 жылы екі түйенің қомына қосын теңдеп Моңғол жеріне өткен ол, көп ұзамай көпке таныс тұлға мәресіне жетті. Оған жергілікті урианхай төрелері де қосылды. Ховда шебіндегі Мәнжу ықпалы опырылып құлап түскеннен кейін Жа Лама қазақтарды батыс Моңғолиядан қуып Ресей мен Қытай жеріне тықсыра түсті.

 

 

 

- Жа Ламаның қазақтарды күштеп пұтқа табындырды дегені қаншалықты рас?

 

 

 

- Бұл рас сөз. Дәл осы кезден мұсылман мен будда ара қатынастарында түйткілді мәселелер пайда бола бастады. Жа Ламаның дін жолындағы ең қатал айуандығы мұсылмандарды зорлықпен пұтқа табындырудан басталды. Мұсылман діндарлары Смайл (Қалмақ) Төленбайұлы, Шыбарайғыр руының азаматтары Тұрап Кітапбайұлы (1898-1949), Мұратбай Шіңкеұлы, Ботағара Шәку руынан Арсалаң Белдемшеұлы (1865-1922) қатарлылардың басына темір ноқта салып Мүнжигтегі Шар цэх пұтханасына қарай айдады. (Мүнжиг Ховда аймағына қарасты Эрдэнэбүрэн жері. Эрдэнэбүрэн шатқалының Қобда өзеніне құйған тұсы. Баян-Өлгей аймағы Баяннуур сұмынынан 18 шақырым. Ал Шар цэх өзен сағасының шағын аралының аты. Бұл жерде кезінде будда пұтханасы болса қазір Увс аймағының Улиастай бағы орталығы орналасқан. Пұтхана жұрты әлі де қозыкөш жерден айқын көрінеді). Қазақ жастарын әскер қатарына күшпен тартып, жасөспірімдерді Шивэрт күреніне (хүрээ) шавь немесе шәкірт лама дәрісіне жүгіндіріп, төбелеріне шыны төңкеріп айдар қойғызды. Жа Ламаның лаңы туралы нақты деректерді Нәжікеш Таңқайұлы (1885-1953) «Ел айдалған» тарихи дастанынан табуға болады. «Бір қалмақ пайда болды Жа Лама атты, Сиқыршы, қаны харам, діні қатты» деуі осыған байланысты болса керек. Жа Лама Қытайда орын алған дүнгендер көтерілісі кезінде қазіргі Алтай өңірі Сарсүмбе ары қарай Шинхайға дейін қоныстанған ойраттар, қазақтар, дүнгендер мен ұйғырлар арасында да жүрді. Ол, 1912 жылы тамыздан бастап 1914 жылы ақпан айына дейін яғни орыстарға ұсталғанға дейін батыс Моңғолияға ойран салды.

 

 2e3e9957e782bac341668a04d778b439.jpeg


 

 

- Әсіресе Қобда бетін мекендеген қазақтарды қынадай қырғанын айтсаңызшы?

 

 

 

- Бір деректерде Жа Ламаның қолында екі қазақтың тұлыбы сақталғандығы айтылады. Н.К.Рерихтың мәліметі бойынша Алтай қазақтарының атқамінерлерінің бірі Қайса мен Жа Ламаның арасында болған қайшылықтың салдарынан қақтығыстардың бірінде Қайса Жа Ламаның тұтқынына түсіп қалады. Қазақ рубасылары көптеген мал-мүлік төлем беру арқылы Жа Ламамен келісімге келмек болады. Қайсаның анасы қомақты алтын күміс, тарту-таралғысымен Жа Ламаның тұрған жеріне келіп бітімге келеді. Осы сәтте Жа Ламаның жендеттері Қайсаның терісін тірідей сыпырып, оның анасына терісіз етімен әкелуге әзірлік жасап жатады. Бірақ, Қайса осынау аса қатыгездікті көтере алмай жан тапсырады. Ал жендеттер Қайсаның терісін сырғауыл ағашына жауып анасына көрсетеді. Сорлы ана бұл жағдайды көріп есінен танып құлап қалады. Ал, Жа Лама болса күліп тұра береді.

 

Қазақтың әйгілі атқамінерлерімен теке-тірес кезеңдердің бірінде, яғни 1912 жылы Жа Лама Моңғолия қазақтарын өз уысынан шығармауды мақсат тұтты. Ол бұл мәселені ел атқамінерлерін алдына келтіріп, оларды қорқыту арқылы жүзеге асырғысы келді. Көнгендеріне сый-ақы тағайындады, көнбегендерінің көзіне көк шыбын үймелетті. Солардың бірі Моңғолия қазақтары арасында беделі асқан азамат Сабылдықұлы Бардам (1870-1912) 42 жасында Дамбийжанцан қолынан мерт болды. (Ботағара Шәкудің кенжесі Сабылдықтан Бардам туады. Бардам үш әйел алған адам. Бәйбішесі Зылиқадан (молқы) Уатхан, Ақтышқан, Асқар, Қазы). (Бардамұлы Ақтышқан төре 1893 жылы туған, 1924 жылы Ұлы Құрылтайға қатысқан. 1937 жылы қызыл үкіметтің құрығына ілінген).

 

Нәжікеш Таңқайұлы «Ел айдалған» тарихи дастанында «…Талпынып Бардам шыққан одан кейін, Ел билеу қабілетіне болған бейім…» деп бағалаған Сабылдықұлы Бардам осы кісі. Дамбийжанцан әуелгі кезекте Бұлғын сұмыны жерін мекен еткен Базарқұл руының ауылдарына шабуыл жасады. Бейбіт ауылдарда өте көп шығын болды. Жа Лама әскеріне қарсы аттанған базарқұл руының азаматы Тоқтағанұлы Райыс оққа ұшты. Қырып-жоюдың үрейлі жағдаяттарын басынан кешкен базарқұл әйгілі атқамінерлері Жұдырықұлы Қаба қатарлы біршама азаматтарынан айырылып аңырап қала берді. Базарқұл руының көп адамы Жа Лама айдауы кезінде мерт болды, запы шекті, қорлық көрді. Әуелгі кезекте Тоқтағанұлы Райысты өлтіргенін айттық (Тоқтағанұлы Райыс (1875-1912) балалары Қалел, Дәлел, Олзвой). Ал, Қолдынұлы Қожабердіге қоң еті іріп түскенше дүре соқты. Елеусіз Мұқамәдиұлының «Өрікті көл» повесінің 42-бетінде: «…суға салып жібітілген сабаумен бір жолда 75 рет дүре соғады…» деп баяндайды. Сондай-ақ, Бабан Бектұрұлы, Тышабай Қоқанұлы, Жанкелдіқызы Балақұс (Дэлүүнде 90-шы жылдары өмір сүрген Ешен молла Қисаұлының шешесі) қатарлы көп адамдар қорлық көрді. Жас балалардың шығыны да орасан көп еді. Мысалы, Оразайұлы Еділдің баласы Нұрәлі, Жанпейісұлы Заңгердің баласы Мейірқұл, Шымшырдың баласы Шынымхан қатарлы көптеген жасөспірімдер өлтірілді. Ж.Заңгердің балалары өлгеннен кейін туған балаға Төлеген деп ат қойылды (Заңгерұлы Төлеген (1913-1983) әйгілі актер Ләтіптің әкесі). Соңын ала Стамбулұлы Мішір, Бақи қатарлыларды қорлағандығы жөнінде деректер бар. Алдына түскен ауылдарды мыңғырылған малымен тонап Ёлт, Хоньчулуу, Түвшинкөл, Нүцгэндегі ауылдарды ұлардай шулатып қуғынға салған Жа Лама Бессала Үерт деген жерді мекендеп отырған Додығай ауылына шүйлікті. Найман ішінде Самайдан тарайтын іргелі ауылдың 60-қа жуық адамдары түгелдей оққа ұшты. Күллі ауыл адамдарынан қозы айдап, көш соңында қалған 3 бала ғана тірі қалды. Өзіңіз ойлаңызшы 3 бала ғана тірі қалған. Олардың аты-жөні Тікеұлы Байдолда, Додығайұлы Қабдолда мен Қасен. Қазіргі Үйіртідегі «Додығай тақтасы» аталатын жерде әлі күнге киіз үйлердің қирандылары жатыр.

 

 ac2109b0a3f13bbab4ffee4699abcfc2.jpg


 

 

- Аллай, халыққа салған ойранында еш қисап жоқ екен ғой?

 

 

 

- Әрине. Бұлғын, Дэлүүн өлкесінен шұбырындыға ұшыраған адамдар мен мал санында қисап жоқ еді. Дамбийжанцан Төңірек, Жалғызағаш,Сийлхэм маңында жайлап отырған ауылдарға кенет шабуыл жасады. Бұл туралы Нәжікеш Таңқайұлы «Ел айдалған» тарихи дастанында «…Қарақас қарды бұзып Алтай асқан, Ләшкерлер қуа барып араласқан…» деп жырлаған. Ал, әйгілі ақын-ғұлама Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов-Алтайский өзінің жырында:

 

…Арасан мен Бұлық-ты

 

Қалқа қылды қылықты

 

Екінті ақшам болғанда

 

Қарақасты қырыпты… деп жазады.

 

Сол қырғын кезінде қарақастың ауылдары қазіргі Дэлүүнге қарасты Жалғызағаш, Төңіректі жайлап отырады. Екіашадағы жұртта отырған Қарақас Қосантай әулеті осы нәубетті басынан кешті және Алтай бетіне қарай үрке көшті. Дамбийжанцан әскерлері бейбіт ауылға қас қарая шабуыл жасап еркек кіндіктілерді ұстай бастағанда қарсылық көрсеткен Рақым Қосантайұлын атып өлтіреді. Рақымды жерлеген жер – Екіашаның - «Жау шапқан жұрты».

 

Сол жерде екі адамның бетін жасырып көмген болған белгі бар. Дамбийжанцан қарақас ауылдарын шапқан кезде бірден қарсылық көрсеткен әйгілі палуан, қамшыгер Мірсейтұлы Қосылбайды атып өлтірді. (Қарақас руының азаматы Мірсейтұлы Қосылбай 1866 жылы Алтай өлкесінде туған. 1914 жылы 48 жасында Дамбийжанцанның қолынан қаза тапқан. Балалары Майтақ, Мағадыл) Нәжікеш Таңқайұлы «Ел айдалған» дастанында «…Бұл жолда шәйт болды қанша халық, Ит жеді қырық бала иен қалып…» деп жазды. Жа Лама бұдан кейін урианхайдың гүнтэні (күнде) Баттың жүрегін тірідей суырды. Жа Ламаның тек қазақтарды ғана қырып-жойғандығы көп болды десек біржақты болар еді. Ол Увс аймағының Өмнөговь сұмынының Улиастай деген жерінде тұратын Баяд ұлысының ауқаттысы және гүнтэні (күндэ) бір адамының басын шапқандығы жөнінде деректер бар.

 

 

 

 

 

- Жа Лама дегенде еріксіз еске түседі. Осы жердегі беймәлім тұлғаның бірі Қылаң Қанжығалыұлы емес пе?

 

 

 

- Жа Ламаның қолын қанға малмаған жері жоқ. Мысалы сол маңдағы әйгілі Баатар атты ауқаттыға дүре соғып, Янжив дегенді кескілеп өлтіргендігі жөніндегі деректі жазушы Шынай Рахметұлы келтіреді. Ал, Жа Ламаның қасында оққағар болып жүрген урианхайдың Авир балуаны мен тілмашы Доохүүлердің (Дохөвөөн) тағдыры жөнінде жөнді мағлұмат табылмайтын секілді. Мүмкін олар да «…Өшіккендерінің төсін сөгіп, қызыл қолымен жүрегін суыратын, қарсы қарағанның көзін қысып шығарып, қос құлағын кесіп лақтыратын…» (Инесса Ломакина) Жа Ламаның құрбаны болуы әбден мүмкін. Дамбийжанцан Гурван цэнхэрден бастап Ховда бетіндегі қазақтарды ішкерілете көшірудің амалын қарастырып жиын өткізді. Осы жиынға қатысқан, Дамбийжанцанға тарту-таралғы апарып өзіне ең көп бедел жинаған күрделі тұлға, шеруші руының атқамінерлерінің бірі – Қылаң Қанжығалыұлы еді. Қылаң 1912 жылы шілдеде Богд ханға үшбу хат жолдағандардың бірі ретінде танылды. Руы жағынан шеруші Жылқышыұлы Сүкірбайдың немере інісі және ең үлкен бақталасы болған. Моңғолия дінбасы Жавзандумбаның жарлығымен арнайы жалақыға ие болып, 200 лаң күміске тең келетін 400 қағаз ақшаны 6 жыл уақытымен тұтынған адам. Қылаңның Жа Ламаға барып тарту-таралғы жасағандығы туралы көптеген деректер бар. «Ширээт ламадан», «…Күрең тас, қызыл таңба алып келіп, Қобдалық аз керейге лаң салған…» Қылаң осы. Оның шабарманы Шеруші-Арықұл Дөрбет Дәдібайұлы болған. Ол, Дамбийжанцанға өзі барып, іріктелген жорға жүйрік, 40 сәйгүлік, алтын-күміс, кілем-кілше тарту етіп сенімін жаулап алған. Нәжікеш Таңқайұлының «Ел айдалған» тарихи-дастанында:

 

«…Жа лама жиып алды елдің биін,

 

Тыңдады Қылаң айтқан жайын-күйін.

 

Жүргізіп ләшкерін шеруменен,

 

Қылаңның қабыл алды тарту сыйын.

 

Пәремен Қылаң солай алдын алған,

 

Жа лама оның сөзін қабыл алған.

 

Күрең тас, қызыл таңба алып келіп,

 

Қобдалық аз керейге лаң салған…» деп жазғаны осыны дәлелдейді. Осы кезден бастап Жа Лама қазақтардың тілге көнбегендерін ұстап, дүре соғып, түрлі күш қолдану тәсілдерімен қиыншылық көрсете бастағандығы байқалады. Қазақтар тарапынан да Қылаңды қолдағандар баршылық. А.В.Бурдуков Қылаң бастаған топтың Моңғолияға біржола қосылуынан деректер келтірді. Оның тілмашы Молқы-Қошақ Жағыпар Нәукебайұлы болғандығы жөнінде деректер расталып отыр. Соның бір айғағы Дамбийжанцанның хабаршысы 29 жасар қарақас Үрімжіұлы Базар деген азамат болған. Бірақ, оған жөнді сене қоймаған Жа Лама Базарды біраз уақыт қорқытып ұстауға дейін барды. Бұнысын ел көзіне сойқан құқай ретінде көрсету үшін Базардың алақанына қорғасын ерітіп құйды (Руы қарақас Базар Үрімжіұлы 1884 жылы Алтай өңірінде туған. 1962 жылы 78 жасында дүние салған. Қабірі Дэлүүн сұмынының жері Үсігенде (Нүцгэн уул). Базардың шешесі Жәнтекей руының әйгілі адамының қызы еді. Есімі Шиқан. Елуінші жылдары 102 жасында дүние салған қадірлі кейуана. Үрімжіұлы Базар екі әйел алған азамат. Бәйбішесі Тәуірбаладан (молқы) Сәбихан, Әбілхан (Қарабай), Қардыхан, Көксеген. Кіші әйелі Рысты Сүлейменқызы (шыбарайғыр).

 

А.В.Бурдуковтың «Хуучин ба шинэ Монголд» еңбегінің 97-бетіндегі мәлімет бойынша Далайханның хошуунына қарасты Өрікті көл маңындағы қазақтар көтеріліске шыққандығын байқаймыз. Олар бір түні Бургастай өзенінің жағасында Дамбийжанцанның 33 әскерін өлтіріп 300 түтін мал-жанымен Бөхмөрөннен өтіп Қошағашқа жетті. Бұл тұс 1912 жылдың 8-айының басы болса керек. Жа Лама бұл кезде Гурван Цэнхэрден Моңғол шекарасына қарай тыныштық көрсетпеген қазақтармен соғысуға кеткен.

 

 

 

- Жа Ламаны айтқанда әйгілі Ақымбек Тоққұлұлын атап кете алмаймыз ғой?

 

 

 

- Дамбийжанцан немесе Жа Лама айдауы кезінде ерекше көзге түскен қазақ әйелінің бірі Құлашкер. Ел арасында ерекше көрікті, балуан денелі болғандықтан «Құлашкер келін» атанған. Құлашкердің азан шақырып қойылған есімі – Бәтима Шаңдақбайқызы. Руы Сарбас-Шотқара. 1940 жылы 65 жас шамасында дүниеден өткен. Бейіті Дэлүүндегі Жалғызағаштағы Тоқыл қажының қорғанында. Қорған ішінде Тоқыл қажы – (Құлашкердің қайын атасы), Қалампырмен (Құлашкердің қайын енесі) бірге жатыр. Құлашкердің немересі Мінап Қазанбайұлының айтуына қарағанда Құлашкердің қайтыс болған жері – Төңірек, бейіті - Жалғызағаштағы көп бейітте. Құлашкердің келін болып түскен елі – Керей ішінде қарақас әулеті.

 

Айтып өткенімдей осы Тоққұл қажының кенжесі Ақынбек 1868 жылы дүниеге келген. Екі мәрте үйленген. Бәйбішесі Ә.Жамал. Кіші әйелі – Қази. Баласы – Құсайын. Құсайыннан-Бәкей, Қабан туады. 1913 жылы Дамбийжанцан, Жа Ламаның қолынан тірідей сойылған. Тұлыбы - Прага мұражайында. Мұхтар Мағауиннің дәлелдегеніндей: «…Бар болмысын бүтін сақтаған, қорқынышты, жиіркенішті кесікбас…» (М.Мағауин. Қыпшақ аруы).

 

Рақымның оққа ұшқан жері – Дэлүүн сұмынына қарасты Төңіректің Екіашасы - «Жау шапқан жұртта». Сүйегі сол жерде жасырылған.

 

Қысқасы, Жа Ламаның қолынан өлген екі қазақ азаматы – Рақым, оның інісі Ақынбек. Ақынбекті сойған кезде руы Шыбарайғыр-Байбура Тұңғышбай дегенді Жа Лама әскерлері күшпен әкеліп, соңынан «Ақынбекті Тұңғышбай сойды» деп лақап таратты. А.В.Бурдуков: «...Дамбийжанцан қазақ адамының терісін сыпырып, оны елді үрейлендіріп, өз мүддесіне пайдаланды. Сойылған тұлып Дамбийжанцанның қойма үйінде ілулі тұрды...» деп жазды. Бұл жерде Ақынбек Тоққұлұлымен бірге 6 адам өлтірілді. Нәжікеш Таңқайұлының «Ел айдалған» тарихи дастанында «…Ақынбек зәңгі болған…» деп көрсетеді. Ендеше оны сойған жердің аты – Сарыкөл. Себебі, жырда «…Жа Лама Сарыкөлге үй тіккізіп, тағы да ел ұлығын қамап жатыр…» деп дәлелдейді де: «…Масайт пен Қосайт деген шықты, Боздақты бауыздайтын жерге жастап…» деген жолдарды оқығанда Жа Ламаларадан басқалар да қазақтарды мазаққа айналдырып, тозаққа салатын ереже ұстаным жасап, сол арқылы түрлі айуандыққа барып отырғандығына көзіңіз жетеді. А.В.Бурдуковтың бір дерегі өте қызықты жазылған. Мұнда: «... Мен бір жолы Магсаржавқа барғанымда ол мал ұрлағандардың қылмысын тектеп отырды. Көзі қызарған, ашулы еді. Үй сыртында көптеген күзетшілердің қарамағында өңшең кісенделген жазықтылар отырды. Олардың барлығы үйге енгізіліп тергелетін еді. Қылмысты ісін жасырғандарды, немесе жалған мәлімет бергендерді есіктің алдына шығарып белуарынан төмен жалаңаштап, қарулы екі жігітке аяқ-қолын ұстатып өрмелі қамшымен, тағы да жалпақ ағашпен тізесінен жоғарғы, қоң етінен төменгі денесін шықпыртып сабайтын. Адамды жазалайтын тағы да бір сорақы тәсіл байқалды. Ол – сірі ұлтанмен, жалпақ қайыспен жазалының екі бетінен барынша осқылайтын болған. Бірнеше рет соққы жеген жәбірленуші екі бетінен қан аққаннан кейін «барлық шындықты айтайын» деген жан дауысы тәңірге жететін. Осылардың барлығына қарап тұрудың өзі аса қиын еді...» деп жазылады.

 

Жа Ламаға қарсы сөз айтқан тұлғалардың бірі – Қошақтың үкірдайы Оразбек қажы Манақұлы (1858-1938) еді (Оразбек Манақұлы Қошақ-Молқының биі 1858 жылы Алтай өлкесінде туған, шешесі Қазыбек руының Қоржынсалдың қызы Зауқия. Оразбек 1908 жылы Меккеге қажыға барған. 1938 жылы 80 жасында эсэргүүге ұсталып атылған тұлға). Гурван цэнхэрде болған жиында Оразбек қажыменен сөзге келіп қалған Жа лама Оразбек қажыға: «Аузың дауға, көзің жауға біткен адам екенсің…» деп кекеткені бар. Осыдан кейін Оразбек қажының соңынан Жа Лама әскерлері түсе бастады.

 

Бір деректерде Оразбек қажы Манақұлын Чихтэй маңында ұстап өлтіруге ниеттенген оның ойы орындалмады. Көрегендігі бар, сол кезде 54 жастағы Оразбек қажы өзіне төнген қауіпті біліп, айдаудан қашып шығады. Өкініштісі, Оразбектің орынына Бұтабайұлы Оразалы деген бейбақты Жа Лама құрбандыққа шалады. Тағы да осы жырда: «…Жайладық жаз маусымда Олоннуурға, Ләшкердің (Лашхашхари – Орта ғасырда Алтын Орда дәуірінде қолданылған, мағынасы «қол», «әскер» ) өкімімен бардық зорға, Сойғызып Ақынбекті бітеу тұлып, Құтылмас әбден түстік темір торға…» деп жалғаса береді. Ақынбектің мүрдесін арулап, мұсылмандық ғұрыппен бетін жасырған сауапты адамдар Шыбарайғыр руының азаматтары Бозтайұлы Жұлықбай, Жылқыайдарұлы Сейсенбайлар болды. Сол қатарлы адамдардың айтуы бойынша Ақынбек, Үмітайлардың мүрдесі қазіргі Өлгейден солтүстікке қарай орналасқан Сарыкөл маңындағы қойнауда.

 

Қазір сол маңда Сәкей деген азаматтың мал қыстауы орналасқан. Мәйіт жасырылған жер осы аралықта. Ал, бір деректерде Ақынбектердің терісін сойған жер - Баян-Өлгей аймағының Тұлбаға қарайғы күре жолының бойындағы Хар толгой деген кішкентай кепеш төбешіктің бауыры делінеді. Осы жерде Қарақастың келіні Құлашкер немесе Бәтима Шаңдақбайқызы Жа Ламаның үш әскерін бауыздады деген деректер де табылып отыр.

                                                                                         (жалғасы бар...) 

Суреттер ғаламтора бетінен алынды 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?