Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ағайынды қос батыр

2793
Ағайынды қос батыр - e-history.kz

Бәйімбет, Қара жайлы тарихи деректер

Кіші орданың Бәйімбет және Қара деген батырларының тарихи тұлғасы мен қызметі Әбілхайыр ханмен, оның жүргізген саясатымен тығыз байланысты. Бұл тұлғалар жайлы көптеген еңбектер жазылып, зерттеулер жүргізілді. Соның арасында ұрпақтарына дейін түзген еңбек ғалым, профессор Закиратдин Байдосұлына тиесілі. «Ақкісі» энциклопедиясы деп аталатын шежіренамалық еңбекте Бәйімбет, Қара батырлар жайлы деректер молынан келтірілген. Олардың ұрпақтарының арасында қазақ атын әлемге жайған кесек тұлғалар да бар.

Бәйімбет, Қара батырлардың есімдері 1710 жылы Ырғыздың оңтүстігіндегі Қарақұмның бойында Тәуке ханның Бүкілқазақтық құрылтай өткізуінен кейінгі уақыттағы бұлардың белсенділігі архивтік құжаттарда айқын көрінеді. «Онда ағалы-інілі Бәйімбет пен Қара батырлар «Шекті қырғызәлілерінен» шыққан деп көрсетіледі. XVIII ғасырдың 30 жылдарының басында Әбілхайыр ханның Ресей патшайымы Анна Иоановнаға жіберген елшілігінен кейін қазақ жеріне, атап айтқанда, Кіші жүз хандығына келген А. Тевкелевтің жазбаларында бұндай пікірлер жиі кездеседі. Ол «Бәйімбет батыр 50 жастар шамасында, ал Қара батыр одан сәл-пәл кіші...» – деп көрсеткен екен. Олай болса, Бәйімбет батыр 18 ғасырдың 80 жылдарында дүниеге келген деп топшылауға болады. Ал Бәйімбет батыр мен Қара батырдың арасы бір-екі жас болуы ықтимал» деп жазады З. Байдосұлы.

1710 жылғы Қарақұмдағы Бүкілқазақтық құрылтайда Әбілхайыр хан етіп, ал табыннан шыққан Бөкенбай батырды Кіші жүз әскери қосынының сардары етіп (Л.Мейер, Киргиз- кайсаки Малой Орды. СПб., 1852. 11-бет) көтергеннен кейін тез арада аталық, рулық, тайпалық, тайпалық бірлестік, одан одақ құрылымы бойынша Кіші жүз әскери қосынын қайта құру қажет болды. Зерттеушінің жазуынша, міне, осы уақытта Бәйімбет және Қара батырлар жүздіктің қолбасшысы ретінде Әбілхайыр ханның көзіне ілініпті. Бұл кезде олар ордабұзар 30-дың үстіне шыққан екен. Қайраты тасып тұрған қос батыр XVII ғасырдың аяғы – XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығының өзінде қазақ жаулары болған түрікпендермен, Хиуа хандығы, Еділ бойы қалмақтарының экспансиялық жорықтарына қарсы күрестегі шайқастарда ерлік көрсетіп танымал бола бастаған екен. Табыннан шығып бүкіл қазаққа «Сайыпқыран Бөкенбай» атанған батыр Әбілхайыр ханмен бір әңгімесінде: «Кіші жүз, соның ішінде Әлімнен небір хас батырлар шыққан. Әрірегі Айт батыр, берірегі Назар батыр, Тілеу батыр. Осы үрдіспен шыңдалған Көбек, Айтқожа, Бәсен, Тінәлі батыр- лар. Солардың қатарындағы қырғызәлі аталығынан Бәйімбет, Қара батырлар. Бұның екеуі де қайратты, тапқыр батырлар...» деп айтқан екен» деген деректі келтіреді.

Осыдан болар, Әбілхайыр хан 1715 жылғы өзінің башқұрларға жасаған жорығында атқарушылық тобына Бәйімбет батыр мен Қара батырды қосқан. Содан кейін хан оларды өзін қорғайтын азғантай топ құрамына енгізіпті. 1731 жылы қазан айында Мәнітөбеде Әбілхайыр хан Ресей елшілігін басқарып келе жатқан А. Тевкелевпен қауышқанда: «Бұдан былай екеуіміздің құпия байланысымыз ағайынды Бәйімбет батыр, Қара батыр арқылы болады. Мен оларға толықтай сенемін...» – депті.

«Әрине, хан сеніміне ие болудың өзінде де үлкен сыр болса керек, – дейді З. Байдосұлы. – Бұнда Бәйімбет батырдың, Қара батырдың қажыр-қайраты, тапсырылған істі қалтқысыз орындауы, тапқырлығы, ақыл-парасаты, тегеуріні мықты, ұс- тамдылығы, ішкі сырды сақтауы, т.б. сияқты адамға тән қыр- ларының беріктігі жатса керек. Оның үстіне, Әбілхайыр хан бұл екі батырдың тегін де еске алған болар. Ханның «қазақтар ішіндегі қырғыздардың екі батыры сырын жан-жаққа шаша қоймас, хан мүддесіне шынайы, аянбай қызмет етер» деген есебі де бар екендігі көрінеді».

Тарихи деректерге сүйенсек, Бәйімбет және Қара батырлар 1710 жылдан 1748 жылы Әбілхайыр ханды Барақ сұлтанның жауыздықпен өлтіруіне дейін немесе 38 жыл бойы Кіші жүз жетекшісімен бірге болды. Оның 1713 жылғы Доңызтау бойындағы Түрікпендермен шайқасып, оларды Үстірт асырып тастауында да, 1715-1716 жылдардағы башқұрларға жасаған жорығында да,1719 жылғы, бұдан кейінгі 1742 жылғы Еділ қалмақтарының ханы Аюкенің бастауындағы 25 мыңдық қолмен Ойыл өзенінің басында, одан кейін Суықбұлақ түбіндегі, 1726 жылғы Бұланты, 1729 жылғы Аңырақай, Қарасиыр маңдарындағы жоңғарларға қарсы теңдесі жоқ ұлан-асыр шайқастарында Бәйімбет батыр мен Қара батыр жұптарын жазбай, Әбілхайыр күшінің құрамында қанды қырғындарда тізесінен қан кешіп, елінің ар- намысын алау етіп алысты. Осы айтылғандардың бірсыпырасы жайлы, ондағы Бәйімбет, Қара батырлардың көріністері жайына автор Орынбор облыстық (1-ші қорда) мұрағатында, Мәскеудегі Ресей империясы сыртқы саясатының мұрағатының (АВПРИ) «Қырғыз-қайсақтар ісі», «Қалмақтар ісі», «Башқұрлар ісі» деген қорларындағы құжаттарда кездесетінін ескертеді.

Қалай болғанда да қазақ қауымында жиі айтылатын «Жақсы ұл әкесінің басын төрге қарай сүйрейді» деген қанатты сөз осы екі батырға да тиесілі. Тарихшы профессор «Егер де Бәйімбет батыр мен Қара батыр өз заманындағы әскери-саяси өмірде айқындалып көзге түспесе, 1734 жылы Орынбор экспедициясының (И. Кириллов бастаған) Ресей Сыртқы істер министрлігінің коллегиясына жіберілген хабарлама-хатында: «Бәйімбет, Қара батырева батя Чикли-Киргизляры Аккиси поминка состояла» деп жазылар ма еді, жазылмас па еді?» деген сауал тастайды. Әрине, жазылмас еді. Жазылмас еді деп ойлауға болады.

Әбілхайыр хан Бәйімбет батырды, Қара батырды талай рет болған саяси және әскери шиеленісті құбылыстарда жай-жапсарды білуге, «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегендей, небір құпия келіссөздер жүргізу, бітімге келу істеріне арнайы тапсырмалармен жіберген екен. Олар бұндай тапсырылған істерді абыроймен тындырған.

Бәйімбет батыр мен Қара батыр XVIII ғасырдың 40 жылдарындағы аумалы-төкпелі, тұрлауы жоқ тұрақсыз кезеңде Әбілхайыр ханның шынайы «сүйенері» болды. Ғалымның есептеуінше, ел басына аса қауіпті күн туғанда, Әбілхайыр ханның өз қызын Жетісу өңіріне шатырын тіккен жоңғар қонтайшысы Қалдан Цэренге тоқалдыққа беру шешімін жеткізген де осы қос батыр – Бәйімбет пен Қара. Олар Әбілхайыр ханның Орынбор генерал-губернаторы И. Неплюев пен Барақ сұлтанның біріккен одағына қарсы жүргізген күресіне де белсене қатысты. Бұлай болуы заңдылық да. 1748 жылдың тамызындағы Барақ сұлтанның 100 қаралы жасақпен Ордан Ырғыз бойына, өз ордасына бағыт алған Әбілхайыр ханды Қабырға өзеніне құятын Өлкеаяқ саласының бойында аңдып тұрып өлтірген кезінде де Бәйімбет батыр мен Қара батыр хан нөкерінде болған. Осы нөкердің құрамында Бәйімбет батыр және Қара батыр, тағы да он шақты қорғаушы жасағы болған екен.

1731 жылдың қазан айының басында Әбілхайыр хан баласы Нұралы сұлтанға 200-дей сайлы жігітті беріп, Уфадан шығып қазақ жеріне жақындаған Ресей патшайымының елшісі А. Тевкелевті қарсы алып, Ырғыз бойындағы «Мәні әулие» төбесіне жеткізуді тапсырады. «Осының ішінде Бәйімбет, Қара екеуі де бар еді. Бұған дейін бұл екеуіне хан ордасынан қашық емес, 4-5 шақырым жерге Тевкелевке, оның өкілдігінің құрамындағы 50 қаралы адамға он екі қанат орда, 4-5 киіз үй тігу, қымыз-шұбаттық биелер, інгендер, сойысқа-ірі қара, қой бай латуға әмір берген екен. Тевкелев бастаған Ресей елшілігі құрамының аман-саулығын қамтамасыз ету және жоғарыдағы шараларды орындауды ұйымдастыру Бәйімбет батыр мен Қара батырға жүктеліпті» дейді З. Байдосұлы. Әбілхайыр хан бұл екеуіне «Тевкелев аулына тікелей қамқорлық жасауды» ерекше тапсырған.

1731 жылдың 6 қазанында башқұрлық Таймас батыр мен «ерекше қайсақтар старшинасы...» ағайынды екі батыр түн ортасында А. Тевкелевке қарапайым қазақтың киімін кигізіп, Әбілхайыр ханмен құпия түрде кездесуге алып келеді. Әбілхайырдың бұндай қадамға бару негізі: патшайым лебізін Тевкелевтің қазақ билеушілерімен кездесуіне дейін білгісі келгендікте жатыр еді. Әбілхайыр хан осы кездесуде қазақтардың «...Ресей қоластында болғысы...» келетіндігін   жариялады.   Ол    А. Тевкелевке «...Біздің бабаларымыз ертеден-ақ Ташкенде, Түркістанда билік еткен. Олардың иелігінде Сайрам, басқа да қалалар болған. Енді олар жоңғарларға өтті. Менің әйелімді, өгей шешемді жоңғар қонтайшысы тұтқындап алып кетті. Біз Еділ қалмақтарымен, башқұрлармен тату болғымыз келеді...» деген. Қазан айының 10-да Әбілхайыр хан, Бөкенбай ба тыр, оның күйеу баласы Есет батыр, оның інісі Құдайназар – барлығы 27 старшина Ресей боданы болатындығы жайлы антқа бармағын басып, құран алдында сөз берді. Осы старшиналардың ішінде Бәйімбет те бар. А. Тевкелев күнделігінде: «...Ноября 8-го числа Абулхайыр хан и Букенбай батыр с братом и с зятем, Кара батыр с братьями у переводчика Тевкелева обедали... Кара батыр с братьями своими е.и.в служить верно... будут...» – деп жазылған.

Қара, Бәйімбет екі батыр осы бір саяси мәміле барысында бейбіт көзқарас, мамыражайлық таныту мақсатында қазақ тың қонақжайлық рәсімін де көрсеткен. Ол жайлы аталған күнделікте: «Декабря в 4 день, переводчик Тевкелев к одному Кайсатскому доброжелательному старшине Кара батыру зван обедать, где пообедал...» – деп жазылған. 1732 жылдың 6 наурызында А. Тевкелев өз күнделігінде: «...Марта 6-го дня приехали доброжелательные старшины – два брата Баимбет батыр и Кара батыр к переводчику А. Тевкелеву объявили, что едут противные старшины со многими кайсаками. С какими намерияниями оные едут, о том они Баимбет и Кара батыр не знают...» – деп айқындапты.

«Міне, осыдан, Бәйімбет батыр мен Қара батырдың Әбілхайыр ханның сенімді адамдары, дәлірек айтсақ, атқарушылары болғандығын байқаймыз, – деп жазады З. Байдосұлы. – Әрине, бұларды айту арқылы Бәйімбет батыр мен Қара батыр Әбілхайыр ханның саяси үйірімінде шешуші тұлғалар болды деуден аулақпын. Әбілхайыр ханның ең басты қолар тарлары табын Бөкенбай батыр, тама Есет батыр, Орта жүзден Жәнібек сұлтан, т.б. болатын-ды. Олардың Кіші, Орта жүздер халқының алдында абыройы да биік, ханның бүкіл саяса тын іс жүзіне асырудағы салмағы басым тұлғалар еді. Біздің айтқымыз келіп отырғаны: Бәйімбет батыр мен Қара батырдың хан нөкерінің құрамында атқарушылық тобының белгілі тұлғалары болғандығы, олардың Әбілхайыр билік еткен Кіші жүздің, тіпті Орта жүздің бірсыпырасының көлеміндегі саяси элитаның ішінен орын алып, жалпы халықтың арасында танымал болғандығы мұрағаттық деректермен дәлелденетіні болмақ».

1748 жылы Орынбор генерал-губернаторы И.И. Неплюев пен Әбілхайыр хан арасы барынша шиеленісті. Әбілхайыр хан Ресей билігінің, соның ішінде Орынбор әкімшілігінің саясаты мен отарлау екпінінің күшейіп, хандық биліктің әлсіреп бара жатқандығына қарсы тұрды. Хан Неплюевтың өктемдігіне шыдап отыра алмады. Сондықтан да генерал-губернатор қайтпас-қажырлы, өте батыл, сөзге жүйрік, әккі саясаткер Әбілхайырдан құтылу жолын қарастырды. Ол жол қазақ қоғамының өз ішінен табылды. Неплюев үшін Әбілхайырдың бақталасы, қажырлы Барақ Әбілхайыр қарсы жұмсайтын құрал болды. Барақ сұлтан   хандық биліктен дәмесі бар екендігін И. Неплюевке білдірді. Ал И. Неплюев Барақ сұлтанға: «Степенный Барак Салтан...!» деп бастап, әлденеше рет бұлғақ құйрықты хаттар жазды. Барақ сұлтан Әбілхайыр өлтіру жолына ойысты. Әр нәрсені желеу етіп Әбілхайыр кісі шаптырып, қарақалпақтар керуеніне байланысты талаптарын күшейтті. Патша әкімшілігіне шағымдар жөнелтті. Сөйтіп, жоғарыда көрсетілгендей 1748 жылдың тамыз айының ортасына таман 10-15 нөкерімен келе жатқан Әбілхайыр ханға тарпа бас салды. Ел ауызындағы ескі аңыз былай деп сыр шертеді: «Осы кезде Бәйімбет батыр: «Хан ием! Қашыңыз, тез қашыңыз! Біз жауды тоқтатамыз!» – депті. Оған хан: «Бәйімбет! Шыңғыстық хан жаудан қашып көріп пе?» – деп қылышын суырып алып, жауға қарсы шабысқан деседі. Бәйімбет пен Қара батыр Әбілхайыр қорғап, жаумен бірінші боп беттесіпті, бірінші болып ауыр жаралы болып арттарынан құлаған екен. Осыдан кейін найзамен түйреп Әбілхайыр аттан аударғанда «Ханның басын хан алар... Былай тұрыңдар!» – деп, қанжарын суырып алып, талықсыған Әбілхайырдың тамағынан шалып жіберген екен. Сөйтіп, Барақ сұлтан орнынан тұрып, қынабына қанжарын салып: «Бітті», – деп атына мініп, терістік беткейге шаба жөнелген екен. Қанша мезгіл өткенін кім білсін, алғашқы ұмтылыста қаша жөнелген Әбілхайырдың 2-3 жасағы қайтып келіп, біреуін Ырғыздағы Әбілхайырдың ордасына шаптырып, ауыр жаралы болған Бәйімбет батыр мен Қара батырды қоршаулы екі түйеге отырғызып, еліне жөнелтіпті. Қара батыр қазіргі Ырғыз қаласының терістігіндегі Торғай өзеніне құятын Телғара бойында қаза болады. Оны сол жерге жерлеген. Қазіргі «Қара батыр бейіті» деп жүрген бейіт – сол Қара батыр бейіті.

1749 жылдың тамызында Бәйімбет батыр қаза болған. Оның ауылы Бәйімбет батырдың ауыр науқасына сай көше алмай, «Қорғантұз» жағасында қалған екен. 1749 жылдың басында Қара батырдың Телғара бойындағы бейітінің басын қарайтып жылын бергенде Бәйімбет: «Менің Қарашым әрі серігім, әрі қанатым еді ғой», – деп егіліпті. Міне, сол Бәйімбет батыр мен Қара батыр ұрпақтары – кең тараған ұрпақ. Олар Байқадам, Шалқар, Ақтөбе, Орқаш өңірлерінде өмір сүріп жатыр. 2008 жылы Қара батырдың көз жұмғанына аттай 260 жыл толды. Ал 2009 жылы Бәйімбет батырдың дүниеден өткеніне де 260 жыл толды. Бұл – тарих үшін көп жылдар. Содан бері қанша заман өтті, қанша ұрпақ дүниеге келді (10-нан аса), қанша ұрпақ дүниеден кетті десеңізші.

«Міне, батырлық жолымен өмір кешкен Бәйімбет батырдың қай жерде жерленгені де айқын емес. Ертеректе аталарымыздың: «Бәйімбет батыр Байқадамның батысындағы құм жағасында жерленген» дегенін естігенім бар еді. Алайда, дәл айту қиын. Сонда, Қара батыр Телғара бойында, Қорғантұздан 210-220 шақырым, Бәйімбет әкесі Ақкісінің атақонысы «Қорғантұздың» шығыс беткейіндегі құм жағасында. Ал Ақкісі 1733 жылы дүние салып, қазіргі Арал қаласының терістігіндегі «Қылыш төбеде» жерленген. Содан 20-25 шақырым батыста «Қайдауыл төбе» деген төбе бар. Бірақ Қайдауылдың жерленген жері Қауылжыр бойында» деп түйіндейді профессор З. Байдосұлы.

Кіші орданың Бәйімбет пен Қарадай хас батырларының ана құрсағынан шығып, шыр етіп жерге түскен сәтінен бастап ел үшін ересен еңбек қылып, Әбілхайыр заманының сайдауыл ерлері сапында болған тарихи жайттарының сыры осындай екен.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?