Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ата жаумен арпалыс

10375
Ата жаумен арпалыс - e-history.kz

Қазақ-Жоңғар соғысының қалай өрбігені, негізгі шайқастар, «Ақтабан шұбырындының» зардаптары туралы сіздер онсыз да жақсы білесіздер. Біз бұл арада белгілі өлкетанушы Ғалым Байбатыровтың тарихы терең, бастауы көне дәуірлерге кететін шұрайлы да шырайлы өлке Зайсанға қатысты тың деректер мен жазба мұраларды қамтитын «Зайсан» атты еңбегін негізге ала отырып, еліміздің шығыс аймақтарына қазақ руларының қайта қоныстануы, осы жолдағы шайқастар, қазақ-жоңғар соғысының аяқталар кезеңі жөнінде әңгімелемекпіз.

«Жапон ғалымы Зокота «Россия және Орта Азия» деген кітабында,-деп жазады Ғ. Байбатыров: – Сол кезде жоңғарлар Орта Азиядағы ірі сахара патшалығына айналды. Оған ұйғырлар сөзге келместен бағынды. Қырғыздар бір мезгіл қарсылық көрсетсе де, сұрапыл тегеуірінге шыдамады. Ал ұзақ жылдар бойы жоңғарлармен қайсарлықпен тірескен тек қазақтар ғана болды. Жоңғарлар қазақ елінің шығыс және оңтүстік жағындағы бірқыдыру жерлерді жаулап алғанмен, қазақтардың кең байтақ орталық бөлігіне дәрмені жетпеді», – деп жазған еді. Расында, Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы жүз жылдан астам уақыт бойы соғысып келді. Мұндай әскери шиеленістің салдары ел шетіндегі Алтай, Зайсан, Тарбағатай, Жетісуды мекендеген қазақ рулары үшін оңай болмады. Бұл аймақтар алма-кезек қолдан қолға өтіп тұрды. Қазақ жерінің Зайсан сияқты шет аймақтарын ондаған жылдар жау басып жатыр».

Жоңғар шапқыншылығы кезінде Найман, Керей рулары Сыр бойына дейін ығысады. Жоңғарлар бүкіл Ұлы жүз руларын, Ташкент уәлаятын бодандыққа түсіреді. Осы кезде Найман мен Керей рулары әлі жау қолына түспеген Арқа жеріне келіп қоныстанады. XVIII ғасырдың ортасына қарай Қазақ елі ес жинап, еңсе көтере бастады. Орта жүздің тізгінін берік ұстаған Абылай өз төңірегіне елге беделді қайраткерлер мен әскербасыларын топтастырды. Қазақстанның Сыр бойы, Тәшкент уәлаяты және Ұлы жүздің біраз бөлігі жаудан азат етілді. Кіші жүздің Әбілқайыр әулетінің билігін мойындамаған бөлігі Абылай туының астынан табылды. Жоңғарларға қарсы халықтық жо рық жарияланып, сауын айтылғанда, Ресей қол астына қараған Кіші жүз руларынан да сарбаздар ортақ жауға бірге аттанды. Жоңғарлардың жеңілуіне билік басындағылардың таққа таласы жиілеп кетуінің де әсері тиеді. Таққа таласқан өзара жаулықтың ақыры қарулы қақтығыстарға ұласады. Осының бәрі елдің берекесін кетіреді. Тарихи құжаттар мен әдебиеттерде билікке талас аласапыранның бел ортасында Әмірсананың есімі жиі аталады. «Әмірсана осында болды, бекінді, қорғаныс салды» деген жер атаулары мен әңгімелер Шығыс өңірінде де кездеседі. Тіпті Тарбағатай ауданының орталығы болған Ақжар ауылының маңында Әмірсана қорғанының қираған, ескі орны әлі жатыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, ол ең әуелі өз билеушілеріне қарсы шығып, басына күн туғанда қазақтарға қашып келеді, енді бірде тағы бір тақ таласынан болған шайқаста Қытайға қашады. Қытайдан әскер бастап әкеліп, Жоңғарияны тізе бүктіреді. Қайтадан өзі жақтас болған қытайларға қарсы шығып, бас сауғалап қазақтарға келіп паналайды, қарап жүрмей, Қытай мен қазақты соғыстырады. Қыр соңынан қалмаған Цин империясы билеушілерінен құтылмақ болып, Ресей қарауына өтіп, белгісіз себептермен қайтыс болады. Әмірсанаға қатысты оқиғалар Шығыс өңірімен әрі жоңғар-қазақ соғысымен байланысты болғандықтан, сол кездегі ұрыс қимылдарының қалай өрбігеніне тоқтала кетелік.

«1751 жылы Лама-Доржы қоңтажаға өз туыстары Дабашы мен Әмірсана қарсы шығып, қарулы қақтығыста жеңіліс тауып, Қазақ ордасына қашып келіп, баспана сұрайды. «Оларды қайтарыңдар» деп келген елшілер талабын қазақтар орындамайды. Бақталастарының көрші елде отыруы өз билігіне үлкен қатер деп санаған және Қазақ ордасына тиісуге қара таппай отырған Лама-Доржы 1752 жылы қыркүйек айында СайынБөлек, Батыр-Ұбашы дейтін қолбасшылары бастаған жиырма мың әскерін атқа қондырып, ел шетіне келіп тиеді. Әуелгі соққыны Керей-Найман рулары көтеріп алады, үлкен шығынға ұшырайды. Бірақ бұл кезде алдын ала сауын айтып, Баян-Аулада қалың қол түзеген Абылай да келіп жеткен еді. Аруағы көтерілген Абылай қазан айының бас кезінде, бетпебет қырғын ұрыста қалмақ шерігін тас-талқан қылып жеңеді. Бұл екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғыстарындағы бетбұрыс оқиға, шешуші жеңіс болды», – деп жазады Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында.

1739 жылы 12 қаңтарда Дабашы мен Әсірсана қазақтардың көмегімен Лама-Доржы қоңтышының көзін жояды. Енді Дабашыға Әмірсана қарсы шығады. Қоңтайшы Дабашы өзіне қарсы шыққан Әмірсана қолын қазіргі Тарбағатай ауданының аумағына тықсырады. Ескі шежірелерге сүйеніп, тарихи нақты деректермен сәйкес келетін әңгімелер ел ішінде көп айтылады. Тарбағатайлық Кәрмен Сәтбаевтың жазбаларын қызы Нұржамал Сәтбаева 1992 жылы Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетіне (12 наурыз) жариялады. Сондағы әңгіме тарихшылар деректерімен үндес. Назар аударып көрелік: «Әйгілі «Ақтабан шұбырынды, алакөл сұлама» кезінде қалмақтар бел алып, қазақ халқының күйзеліске түскені тарихтан белгілі. Сол кезде Жоңғарияны Қалдан деген хан билеген деседі. Осы ханның ұрпағы Әмірсана Қоңташы батырдан (бұл арада қоңташылық лауазымды иеленген Дабашыны айтып отыр) қашып келіп, өзіміздің Тарбағатай жеріне (қазіргі Ақжар ауылынан жеті шақырым төмен) келіп, Қандысу өзенінің күншығыс жақ шығысынан бекініс, қорған салыпты. Мұны халық «Әмірсана қорғаны» деп атайды. Осы күнде төрт бұрышты үйілген топырағы қалған, есігі шығысқа қараған. Ал Қоңташы батыр дегеніміз Әмірсананың жиені екен (тарихи деректерде қоңташылар әулетіне Әмірсананы жиен дейді). Ол Әмірсананы қуып келіп, Ақжардан үш шақырым жоғары, қазіргі тас жолдың бойына бекініс жасаған. Қоңташы қамалы орнының ізі әлі жатыр. Осы күннің өзінде қамалдың биіктігі үш метрге жуық. Садақ ататын тесіктері бар» («Дидар» газеті, 12 наурыз, 1992 жыл).

Жоңғар ордасының осы жолғы тақ таласында Абылай Әмірсананы жақтайды. Әрине, күш қоңташы жағында. Қоңташы Дабашы зор билік, мол күшпен Әмірсананы ығыстырады, әрі Қазақ ордасымен жауласады. Сол кездегі кейінгіге дүмпуі жеткен Шорға соғысы шығыс өңірін азат етуде шешуші қадам болды. Алтайдан Алқабек, Білезік деген өзендер Қара Ертіске құяды. Осы жерді мекендеген жоңғарлар тұтқиылдан шабуыл жасап, Зайсан көлінің түстігіндегі Шорға бойындағы Байжігіт елін көп шығынға ұшыратып, Қалбаға қарай қуады.

Шорғаға келіп жай жаттық,

Не қылар қалмақ дей жаттық.

Жасауыл тарап бейғам боп,

Бармақты бір күн шайнаттық, – деп кейін Кәрібай ақын осы қанды оқиғаны жырға қосты. Шорғадағы жау шапқыны жөніндегі суық хабар Қабанбай батырға жетеді. Батыр жан-жаққа жаушы аттандырады. Қазақ жасақтары ту түбіне жиналады. Сонда жиырма жеті батыр бас қосып, ақылдасты дейді ескі әңгімелерде. «Ақырында Қабанбайдың бір-ақ қарпытпай, бір-бірден жеу, біріне-бірін қоспай жеке-жеке құрту, әрі олардың ішкі алалығын пайдаланып, Әмірсананы ішке тартып, шырғалап соғу тәсілі бойынша жауға тұс-тұстан шабуылға өтеді. Сол кездегі батырлардың басқосуы туралы Кәрібай ақын былай деп жариялайды:

Қабанбай, Ер Бөгенбай, батыр Барақ,

Уалы сүйегі Уақ батыр Бармақ.

Бердіқожа, Қасабай, батыр Жантай,

Қаз дауысты Қазыбек өңкей саңлақ.

Баймұрат, Райымбек, батыр Тентек –

Барлығы жауға кеткен кегін алмақ.

Қосай, Тама, Дәулетбай, батыр Шөрек

Жиналып, ақ батамен қылған тілек.

Барлығына Қабанбай қолбасы боп,

Айқастық ата жаумен бірнеше рет.

Қалмаққа келіп тиді Шорғадағы,

Бұл жолы кем болмады олжа жағы.

Ер Барақ, батыр Жаман, Орақбайдың

Аққан қан қылышынан сорғалады.

Ашынып, долданып ұмтылған халық жасақтары бір жағынан жан аямай тиіскендіктен, және бір жағынан айлалы ержүрек қолбасшылары болғандықтан, жауға тұс-тұсынан шабуыл жасап, әдісін тауып, бірін-біріне қоспай жойып, өкшелете қуып отырды». (Зейнолла Сәнік, Бейсенғали Садыхан. «Қаракерей Қабанбай». Алматы: «Жазушы», 1991). Осы кітаптағы Кәрібай ақын өлеңінде соғыс қимылдарының жағрапиясы айқын көрінеді:

Қалбадан осы жолы қалмақ қашып,

Тұра алмай қарсыласып, салмақтасып.

Қабырға, Базар, Боғас бәрін тастап,

Жөнелді Маңырақпен ар жаққа асып.

Қазақ жасақтары Маңыраққа келгенде де күшті қарсылыққа кездеседі. Маңырақтың асуы қиын жеріне бекініп, жау алға бастырмайды. Қалмақ әскерін Шаған, Керген деген батырлар басқарады. Екі жақтан да көп қан төгіледі. Тағы да тарихи әңгімеге кезек берейік: «Ол заманда бұл маңның бұлақ-бұлағына дейін ну тоғай болған. Жау сондай бір қалың нуды паналайды. Қазақ батырлары бір-біріне «Сен кір, сен кір» десіпті. Сонда Дәулетбай батыр тоғайға бастап кіреді. Шағандар Қандысуды өрлей қашады. Сол себепті бұл жердің аты «Сеңгір» деп аталып кетеді (Осы жерде көп жыл пионер лагері жұмыс істеді, әлі де істеп тұр).

Болмаса: «Ел аузында сақталған аңызда қалмақ батыры Шаған сексен күнге созылған атақты Шорға ұрысында қолға түсіп, қазақ батыры Дәулетбайдың одан не тілегі бар екенін сұрағанда, қалмақ батыры осы жолы босатуын, ұрыс даласында өлуге мүмкіндік беруін өтінгендігі айтылады. Содан бұл тілек орындалады да, Шаған өгізге мініп қашады. Дәулетбай батыр көз көрімге дейін Шағанды қудырмайды. Қуғыншылар біраздан кейін шығады. Шаған қалың нуға кіргеннен кейін, қуғыншылар тосылып қалыпты да, біріне-бірі «сен кір, жоқ, сен кір» деп жүрексініпті. Осыдан бұл жер Сеңгір аталып кеткен деседі». Бұл атаудың мағынасын ұқпағаннан кейін туатын аңыз-әңгімеге (халықтық этимологияға) жатады, өйткені Сеңгір атауы моңғол тіліндегі цэнхэр «көк, көгілдір, көкшіл» сын есімінен жасалып тұр. Аңыздағы шағын тоғай, қамыс сар далада көк түске боялып тұратындықтан, Цэнхэр/Сеңгір атаған. Сеңгір атауы үнемі көгілдір тартып тұратын шың-құздардың басына қаратып айтылатын еді (сеңгір тау), енді оның жасыл (көк) түсті жерге де қойылатынын байқаймыз.

Сеңгірден 8-10 шақырым өрлегенде, Обалы кезеңіне жақындағанда «Қатай» деген шатқал сайдың аузы кездеседі. Батырлар осы маңға келгенде бекініп жатқан жау ұшырасады. «Бұл жерде жау күшті бекінген, қатайыңдар» десіпті. Содан ол сай «Қатай» атанып кеткен.

Шаған Қандысуды өрлей қашып отырып, Шілікті бойынан шығады. Сол маңда қазақтар оны өлтіреді. Шағанның сүйегі сонда қойылған. Қалмақтар бейітті оба дейді. Шаған жерленген тұс «Шағаноба» аталады. Ал оның баласы Керген батыр сол жерден жаралы болып қашады. Кергеннің қаны тамған жерді «Қазақтарға бастырмаймыз» деп қалмақтар тас қалапты. Осы Кергентас, Шағанобаға Тарбағатай тауының жоғары тұмсығы тіреледі» (Кәрмен Сәтбаев. «Дидар», 12 наурыз, 1992 ж.).

Кейде қалмақ батырына деген құрмет те сезіліп қалады. Мәселен, тағы бір аңыз былайшы сыр шертеді: «Шаған деген қалмақтың батыры. Бұл осы өңірдегі қазақтың бір сұлу қызына ғашық болады. Мұны қайтсем де алуым керек дейді. Жергілікті батырлар бергісі келмейді Содан енді қиын шарт қойған ғой. «Мына шыңға атпен шығып, атпен түссең, қызды саған береміз» деген. Содан кейін қалмақ батыры атпен шығады дағы, шыңның басынан құлап өледі. Сонда өліп бара жатқанда өсиет еткен екен біздің қазақтың батырларына. «Мен енді өлдім осы қыздың жолында, бірақ енді менің атым қалсын. Мен де бір елдің батырымын ғой. Осы тауды менің атыммен атаңдар» деген. Содан кейін Шағаншыққан тауы деп тарихта қалған», – дейді Кіндікті ауылының тұрғыны Жылқыбаев Бақытбек ақсақал.

Енді бірде Шағаноба оронимі туралы «Құтлықшаған деген қалмақтың батыр қызының қаза тапқан, жерленген жері» деп нық сеніммен айтады. Ал топонимнің ғылыми этимологиясы Шағаноба моңғол тілінен аударғанда Ақоба болып шығатынын ескере бермейді: цагаан «ақ, боз» түсті білдіретін моңғол сөзі, ал оба екі тілге ортақ сөз. Әрине, Шағаноба, Кереге тас сияқты жер атауларына қатысты бұдан басқа да аңыз-әңгімелер көп. Бізге қымбаттысы ерте кездегі соғыстың іздерімен байланыстылығы.

Маңырақ бойында қатты соғыс болғанын сол XVІІІ ғасырдың өз куәгері Үмтебей жырау растайды.

Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ,

Арасы толған көп қалмақ.

Қалмақты қуып қашырдың,

Қара Ертістен өткізіп,

Алтай таудан асырдың.

Қабанбай мен Бөгенбай,

Арғын менен Найманға

Қоныс етіп қалдырдың, – деп Абылайға Бөгенбайдың өлімін естіртуге барғанда жыр толғайды. Осы толғауда Абылай өмірінің елеулі-елеулі кезеңдеріне тоқталады. Сол елеулі кезінің бірі ретінде жауды Маңырақтан ығыстырып, Қара Ертістен өткізіп, одан ары Алтайдан асырып тастағанын айырықша атайды. Бұл өлеңнен бір жағы Зайсан ауданының келбеті көрінеді, бір жағынан осы өңірді қазақтардың өздері жаудан азат еткені әйгіленеді.

Тас бұлағы шайдай болып,

Тарбығаны тайдай болып,

Қайран Алтай, қалдың-ау,

Қош-қош!.. – деп жерімізден қалмақтар жылай-жылай кеткен екен. Ал енді Зайсан өңірінің оңтүстігіндегі шайқастарды Бұқар жырау бабамыз кезінде жырға қосқан екен. Уақыт өте келе ол толғау ұмытылған. Ұлы жырау толғауының ізімен Кәрібай ақын қайта жырлаған екен. Бұл тарихи жырда Тарбағатай өңіріндегі жерлер қалай азат етілгендігі, осы соғыста қайрат көрсеткен ерлер аты аталғандықтан, кітабымызға қоса кетсек артық болмас.

Сол жерде Жаман батыр, Барақ келді,

Қасына түгел етіп талапты ерді.

Талқандап Мойыншиде қалмақ жағын,

Өлігін ел көзінше санап берді.

Қамалып қапылыста Ақсуға кеп,

Ер Тама осы жолғы таласта өлді.

Бірге өлді Кенже батыр, Назырғазы,

Көрініп кімге келер ажал тағы.

Сүйегін он алты ердің жасақ қорғап,

Басына Сары Емілдің мазарлады.

Садақпен қалмақ атты бұғып тұрып,

Ерлікпен қарсы шапты ұғып тұрып.

Қапыда қайран ерге қаза берген

Дұшпанды байлап алды тырыстырып.

Жайратты қас дұшпанды сол арада,

Тек тұрмас ерегесте ұрыс қылып.

Әйгілі қанды қырғын

Емілдегі – Ауыры көргенімнің өмірдегі.

Атысты қалың талға паналап ап,

Ақсуды қалың қалмақ паналады,

Талайды бекініп ап жаралады.

Қамалын алғызбайтын болғаннан соң,

Тұс-тұстан қазақ елі қамап алады.

Паналап ну қамысты шықпаған соң,

Амалсыз өрт қоюды шамалады.

Арыс ел азалы ердің кегі үшін

Дегенге анау-мынау қарамады.

Қалың өрт қамысы мен талын қырып,

Талмен бірге қалмақтың санын қырып.

Өрт қойып тұс-тұсынан қопаларға,

Жіберді жер мен көкті жалын қылып.

Қалмақтың шығындалды қашқандары,

Батырлар жау қашқан соң жасқанбады.

Айдап сап Құлыстайдан осы жолы,

Ақ туы Қабекеңнің аспандады.

Емілді Ақсуменен қамап алды,

Осы еді жеткен жері қазақ алды.

Қалмақтың қайрат қылар батырлары

Әр жерде тоз-тоз болып дара қалды.

Қалмақтан қолға түскен екі сұлу –

Бірін Жаман, біреуін Барақ алды.

Үш апта ел демалды ұрыс салған,

Қан төгіп найза менен қылышты алған.

Шорға ұрысы созылып сексен күнге,

Үш айда ел орнығып, тынышталды.

Тарихи деректерге жүгінсек, қытай әскері 1755 жылы Жоңғарияға басып кіреді. Бұл кезде қазақ жері толық азат етілген болатын. Қытайлар жоңғар иеліктерін түгел басып алып, шығыс өңірінде қазақтармен 1756-1757 жылдары соғысып қалады. Қазақтар өз жерінің бір сүйемін бастырмауға тастүйін болады. Осыны сезген қытай билеушілері мәмілеге келеді. Зайсан өңіріне XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап қайтадан ел қонады.

   

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?