Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дулат ақынды Махамбет секілді құрметтей алмай жүрміз – Серікзат Дүйсенғазы

2570
Дулат ақынды Махамбет секілді құрметтей алмай жүрміз – Серікзат Дүйсенғазы - e-history.kz

Биыл «Зар-заман ақындарының» көшін бастаған Дулат Бабатайұлының 220 жылдық мерейтойы. Адуынды ақынның мерейтойына орай жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Поэзиядағы Дулат Бабатайұлы дәстүрі және ұлттық тұтастық идеясы» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Қазақстан тарихы» порталы аталған іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі әрі дулаттанушы Серікзат Дүйсенғазыдан сұхбат алған еді.

– Жуырда Дулат Бабатайұлының 220 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияда қандай жаңалықтар болды? Жалпы іс-шараның мән-маңызын айтып берсеңіз...

 

– Жалпы Дулат Бабатайұлының еңбектері көп зерттелмеген ақын деп айта алмаймын. Бірақ ол көп қағажу көрген ақын. Нақтырақ айтсам ол туралы ХІХ ғасыр немесе ХХ ғасырдың басында да көп айтылмаған. Мұхтар Әуезовтың «Әдебиет тарихы» деген еңбегінде ақынның замандастары Шортанбай, Мұраттардың аты аталады да Дулат Бабатайұлы назардан тыс қалған. Алайда Әуезов Абай туралы ең бірінші жазған «Ақын аға» атты кітабында Дулат Бабатайұлын керемет суреттейді. Жазушы ақынның туған жер, жалпы ұлттық тақырыптағы бірнеше өлеңдерін енгізген. Бірақ кейін оның бәрі алынып тасталған болатын. Тіпті Мұхтар Әуезов «Менің қателерім» деген мақаласында «Кітабымнан Дулат секілді керітартпа ақынның шығармасын алып тастаймын» деп кешірім сұрауға мәжбүр болды. Мұны кейбір азаматтар «Дулат орысқа қарсы болған соң оның еңбегін елеусіз қалдырды» деп айтады. Алайда орыстан бұрын өзіміздің кейбір азаматтар ақынға салқын көзқараспен қарады.

 

Жалпы Дулат ақын туралы Қажым Жұмалиев керемет зерттеу жасады. Қажым ағамыз Мұхтар Әуезовтен кейін әдебиет теориясын жазған үш академиктің бірі ғой. Одан кейін Ысқақ Дүйсенбаев, Құлмат Өмірәлиев, Рабиға Сыздықова сынды ғалымдар зерттеді. Мысалы Құлмат ағамыз «Ақынның тілін зерттеймін» деп кейін «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі» деген керемет филологиялық монография жазды. Өмірәлиевтың еңбегін әдебиетші, тілші ғалымдар ерекше бағалайды.

 

 

news_full1571476522c6e44f11513e083de87f1c69403b020d.jpg


Ал Рабиға апайымыз Дулатты Абайдың алдындағы қазақ әдеби тілінің көркемдік биікке көтерген ақын деп бағалады. Сондай-ақ ол «Дулат жазба әдебитеттің алтын көпірін салды. Ол жыраулық поэзиядан еуропалық поэзияға өтуге ықпал жасады» деп жазады. Әрине Дулат пен Абайдың ұқсайтын жері көп. Бірақ өкінішке қарай кейбір азаматтар «Дулат Бабатайұлының кейбір өлеңдерін Шәкір Әбенов жазған» деген оғаш пікір айтып жүр. Әйтсе де бұл пікірдің еш негізі жоқ. Өйткені 1882 жылы Дулаттың «Өсиетнама» деген кітабы шыққан. Мәулекей Мүлікұлы деген татардың қазақты оқытуға келген адамы ақынның өлеңін Қазан қаласындағы баспадан шығарған.

 

Міне, осындай ақын туралы ешқайда айтылмайды. Нақтырақ айтсам бұған дейін Дулатқа байланысты астана немесе облыс орталықтарында кең көлемдегі конференция өтпеген болатын. Кезінде өзінің туған жері Аягөз ауданында іс-шаралар ұйымдастырылды. Ақынның 200 жылдығына орай Мұхтар Құлмұхамед министр болып тұрғанда меценат Нұртай Сабильяновтың қолдауымен туған жерінде конференция өтті. Оған Қабдеш Жұмаділов, Сейіт Қасқабасов, Несіпбек Айтұлы секілді ағаларымыз қатысып, іс-шараның мазмұнды өтуіне ықпал етті.

 

Ал Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Дихан Қамзабекұлы мен Бауыржан Омаров айрықша қолдау көрсетті. Әу баста Аягөз ауданы әкімі Сейілбек Ысқақовпен хабарласып, конференцияны ақынның туған жерінде ұйымдастырамыз деп жүрдім. Аудан әкімі «Дулат тек қана Аягөздің ақыны емес. Ол қазаққа ортақ ақын. Сондықтан да ақынға арналған конференциясы Аягөзде емес, облыс орталығы немесе астанада өткізу керек» деп ұсыныс тастады.

blogs_1065781829.png


Кейін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы «Мынау керемет идея екен» деп қолдады. Қолдау білдірушілердің ішінде Америкада тұратын Мұхтар Мағауин ағамыздың болғаны айрықша оқиға болды. Балалары арқылы жазушыға хат жазып жібердік. Басында кейбір азаматтар «Мұхтар Мағауин көп нәрсеге араласпайды» деп айтқан еді. Бірақ ол конференцияға Дулаттың әдебиеттегі керемет орнын жазып, арнайы құттықтау хатын жіберіпті.

 

Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Құлмұхамед конференция айрықша қолдау көрсетті. Бұған дейін оның «Дулаттың даулы жырлары» деген керемет мақаласы интернет сайттарда жарияланған болатын. Сенат депутаты уақыты болмаған соң арнайы видео арқылы шығып, керемет баяндама жасады.

 

 

– Абай Құнанбайұлының:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.

Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрнеу тұр-ау» деген өлеңі бар. Осыны көп жұрт қате түсініп, Дулатты Абай сынап отырғандай көреді. Ал шын мәнісінде Абайдың бұл сөзінің астарында не жатыр?

 

– Негізі Дулат Бабатайұлы туралы айтылған кезде Абайдың осы өлеңі еске түседі. Бір қызығы Бұқар жырау мен Шортайға қатысты Абайдың бұл өлеңі айтылмайды. Негізі Абай мен Дулаттың өлеңдері ұқсайды. Шын мәнінде Шортанбай мен Дулат және Бұқар жырау Абайдың алдындағы ұлы ақын. Мысалы Бұқар «Көмекей жырау» атанса, Шортанбайды арқада «Әулие» дейді екен. Одан кейін шығыстағы «Зар-заман ақыны» атанған Дулат Бабатайұлы. Осы үш ақынның шығармашылығын Абай Құнанбайұлы «Мұндай ақындар түкке тұрмайды» деп жоққа шығармайды ғой.

 

Негізі Абайдың осы өлеңіне байланысты әр түрлі нұсқалар айтылып жүр. Кезінде Тұрсынжан Шапай өзінің «Анық Абай» деген кітабында «Жаңа поэтиканы жариялау. Абай басқа қырынан, Дулат басқа жағынан қарады» деп жазды. Ал Тұрсын Жұртбайдың Дулатқа қатысты көзқарасы логикалық тұрғыдан алғанда шындыққа жақын келеді. Тұрсекең «Абайдың заманында өлеңі кітап болып басылып шыққан үш-ақ ақын болды. Оның бірі Бұқар, екіншісі Шортанбай және үшіншісі Дулат ақын еді. Абай ақынның өлеңі баспадан ұқыпты шықпағанын сынады» деп айтады. Бұл пікірді Құлмат Өмірәлиев «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі» атты еңбегінде қуаттай түседі. Мысалы ол «Дулаттың «Өсиетнама» деген кітабына Шортанбай мен Шал ақын секілді ақындардың өлеңі кіріп кеткен» деп нақты дәлелмен жазады. Тұрсын ағамыз «Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса, Кемшілігі әр жерде-ақ көрнеу тұр-ау» деп кітапты сынап отыр» дейді. Бұл сөздің жаны бар.

 

Өзім көп жылдан бері әдебиетші-зерттеуші әрі ақын болып жүрмін. Абайдың өзінің алдындағы ең ірі ақынды менсінбей қоюы мүмкін емес. Қанша жерден «Абай жазба әдебиеттің негізін салушы» деп айтқанның өзінде менің ойымша, Тұрсын ағамыздың айтқан сөзі шындыққа сай келетін секілді. Абай Дулаттың кітабын оқыған кезде «Бірі – жамау, бірі – құрау» болып шыққан кітапқа сын айтқан шығар. Ал мұны Совет үкіметі өз идеологиясына тиімді пайдаланып, ақынның шығармасын түкке тұрғысыз еткен болуы керек. Себебі Бұқар жыраудан бастап, Дулат пен Шортанбай да орыс отаршылдығына қарсы өлең жазған ақындар. Сондықтан «Бірі – жамау, бірі – құрау» деген сөзді әдейі кіргізіп жіберген болуы мүмкін. Совет билігі кезінде бұрмаланған сөздер көп. Менің ойымша бір-екі буын ауысқаннан кейін мұның бәрі орнына түсетін шығар.

 

 

– Сөз басында Дулат Бабатайұлының шығармашылығын насихаттауға арналған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылмайтынын айтып қалдыңыз. Сіз өзіңіз ақынға нақты қандай құрмет көрсетілгенін қалайсыз?

 

– Негізі Дулат Бабатайұлының өз заманында, тіпті қазірдің өзінде дұшпаны көп секілді. Осының салдары болуы керек ақынның атында есі дұрыс бір көше немесе мектеп жоқ. Дулаттың шығармасын насихаттайтын іс-шара ұйымдастырылмайды. Өткенде білім басқармасының басшыларына «Дулат оқуларын өткізейік» деп ұсыныс тастадым. Себебі Дулат Абайдың алдындағы көркемдік биікке жеткен ақын. Ол көп ақынның бірі емес, ерекше ақын. Абай өлеңдерінің көркемдік және ойы биік деп айтамыз. Дулат өлеңдерінің Абайға ұқсайтын жері көп. Әрине Дулат жыраулық дәстүрден келіп, ақындар мектебін қалыптастырған тұлға. Абайдан гөрі Дулаттың ойы жинақырақ болып келеді. Дулат Абай секілді дәл айта алмауы мүмкін. Бірақ ол Абай өлеңдеріне жол салған ақын.

 

Өкінішке қарай біз әлі де болса, Дулат өлеңдерінің бағасына жете алмай жатырмыз. Мысалы ақынға арналған елімізде бірде бір ескерткіші жоқ. Тек қана Аягөз ауданында елеп-ескеріледі де облыс орталықтары немесе астанада ақынға нақты құрмет көрсетілген емес. Кезінде Аягөз ауданында ақынның атына бір мектеп берілген болатын. Әйтсе де Дулат бір Аягөздің ақыны емес қой. Ол исі қазақтың мұңын мұңдап, жырын жырлады. Біз әрине Дулаттың атына бір университеттің аты берілсін деп жатқанымыз жоқ. Бірақ жыл сайын жүздеген мектеп ашылып жатыр емес пе? Сол мектептердің біріне ақынның атын берсек болады ғой.

 

Өз заманында ақын ұлтты сатқан бай-манаптарды қатты сынап, өлең жазған. Махамбетті отты жырлары үшін құрметтейміз. Аталған ақынның атындағы аудан мен университет бар. Біз неге Дулат Бабатайұлын Махамбет секілді көтермейміз? Қазақтың поэзиясын көркемдік биікке көтерген ақынды неге төмендетіп жүрміз? Дулат Махамбетпен замандас, мұңдас болған ақын. Ұзын сөздің қысқасы Дулат ақынды Махамбет секілді құрметтей алмай жүрміз.

   

– Әңгімеңізге рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?