Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихи жәдігері бай елге туристер де қызығады

2747
Тарихи жәдігері бай елге туристер де қызығады - e-history.kz

Өркениет көшінде бір ұлттың келесі бір ұлт пен ұлысты тануға қызығушылығы оның тарихы арқылы туындайды. Мыңдаған ғасырлардан тарқататын тарихы бар, сол тарихынан куә ретінде сыр шертетін сан мың жыл бұрынғы көне ескерткіштері бар елге, киелі жерлерін әлі күнге аңыз қылып қастерлеп отырған жұртқа қызықпау мүмкін емес.

Жаратылыстың бір заңдылығы – құндылықтардан алыстаған сайын адамның ішкі жан-дүниесі тұма бастаудағы тылсыммен бір қауышуды тілейді. Осы тұрғыдан алғанда, көнеден қалған әр тас, әр белгінің өзіндік орны, құны болуы түсінікті. Сондықтан ішкі және сыртқы туризмді дамытуда ескерткіштерге көңіл бөліп, қамқорлыққа алу, жұртшылыққа насихаттау өскелең ұрпақтың бойындағы ұлттық сананы оятып, туризм бағытында тартымдылығын арттырады.


Талайғы Тараз

Жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыз «Талайғы Тараз» деп бағалаған бүгінгі Тараз – көненің көзі, алыс-жақын елдердің қызығушылығын туғызатын өлке. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-ІІІ ғасырларда қалыптасқан Ұлы Жібек жолының бір бөлігі осы аймақтың үстімен өткендіктен, батыс пен шығысты, Еуропа мен Азияны жалғастырған осы ұлы сауда-керуен жолының бойы тұнған тарих. Ұлы Жібек жолының бір бөлігі Сайрам кенті - Тараз - Ақшолақ-Ақыртөбе стансасы - Құлан - Меркі - Шу - Аспара – Қордай сияқты қазіргі Жамбыл облысының біраз елдімекені арқылы өтуі – Азия құрлығындағы Тараздың тарихи орнын айшықтай түсетіндей. Жоғарыда атап өткен Жамбыл облысының елдімекендерінде, яғни Ұлы Жібек жолында көптеген елдердің көпестері, мемлекетаралық іспен шұғылданған елшілер, әртүрлі діни ағымды таратушылар, белгілі тарихшылар, бір сөзбен айтқанда сол замандардың ең белгілі адамдарының ізі қалған. Осы бір деректің өзі әр елде тарихпен айналысатын адамдардың қызығушылығын туғызбай ма! Шу ауданындағы Ақтөбе қалашығы, Тұрар Рысқұлов ауданындағы Өрнек, Құлан, қалашықтары, Байзақ ауданындағы Қостөбе қалашығы және Жамбыл ауданындағы Ақыртас кешені сияқты 5 ескерткіштің халықаралық ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілуі де аймақтың әлемдік тарихтағы орнын салмақтай түседі. Екі мың жылдан астам тарихы бар Таразда сәулет-құрылыс өнері сол дәуірден басталғанын көне қала жұртында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер растайды. Ғалымдар сол заманда қала тұрғындары қолданған құмыралар, әртүрлі ою-өрнекті шырағдандар, қол өнер бұйымдарын зертеп, қаланың барлық саласы ертеден жан-жақты дамыған деген қорытынды жасаған екен.

АКыртас.JPG



Туристік тартымдылығы жоғары

Олай дейтініміз, бір ғана Тараздың аумағында сонау VII-ІX және Х-ХІІ ғасырлардың көзіне жататын қаншама тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Оның бірқатарын жоғарыда айтып өттік. Қазір осынау құнды ескерткіштерді «Ежелгі Тараз Ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы көзінің қарашығындай сақтап, құндылықтардың ұлтымызға қызмет етуіне жағдай жасап отыр. Таразда ең бірінші көне Тараз шаһарының жұрты бар, одан кейін Қарахан және Дәуітбек (Шамансұр) кесене ғимараттары, Қали Жүніс моншасы, Әбдіқадыр мешіті, Тектұрмас кесенесінің қалдығы, Төңкеріс, Төрткүл кесенелері, Талас өзенінен өтетін ескі көпір қалдығы сияқты ХІ-ХІІ ғасырларға жататын тарихи ескерткіштер бар. Қаладан біраз ұзап шыққанда ортағасырлық Төменгі Барысхан, Талас қарауыл мұнарасы, Ботамойнақ тасқа салынған суреттері, Ботамойнақ мұнаралары, Жетітөбе обалар қорымы, ортағасырлық Қостөбе, Ақыртас кешені, ортағасырлық Түймекент, кіші Бурыл мұнарасы, ортағасырлық Бектөбе, Айша бибі және Бабажы хотун кесенесін аралауға болады. Осы ескерткіш құрылыстардың көпшілігінен скифтер заманынан бастап қазақтың қолөнеріне енген түрлі ою-өрнек түрлерін көруге болады. Бұл айтып отырғанымыз, өлкедегі тарихи орындардың бір парасы ғана. Өңірде көне дәуірдің осындай ескерткіштерінің болуы – алғашқы әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі Тараздан табылады дегенді қуаттай түседі.
Екіншіден, Жамбыл облысы Тянь-Шань тауының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқандықтан болар, климаты жайлы, сан түрлі табиғи жан-жануарлар мен өсімдік әлеміне бай өлке. Өңірде Қызыл кітапқа енген ерекше бағалы 50 өсімдік түрі өседі. Ал жалпы бұл аймақтан үш мыңнан аса өсімдік түрін кездестіруге болады. Жануарлар әлеміне келсек, облыс аумағында 160-қа жуық хайуанат өмір сүреді. Далалы аймақтардан құм тышқандары, қоян, жайран, елік, бөкен жиі кездессе, таулы аймағында тау ешкілері мен арқарлар, аю, қар барысы, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық тағы басқа аң түрлері тіршілік кешеді. Құстың 260 түрі есепке алынған.



Қарахан мен Айша бибі және Бабаджа хотун


Бұл үш кесененің тарихы бір-бірімен тамырлас. Үшеуі де бір дәуірде өмір сүрген адамдар. Қарахан – әйгілі Қарахандықтар әулетінің негізін қалаушы, белгілі хан Ша-Махмұд Бұғра Қарахан. Ел ішіндегі аңыздарға сүйенсек, Қарахан мен Айша бибі ежелгі Түркістан өңірінде кездесіп, бір-бірін қатты ұнатқан деседі. Өмірлік серік болуға уағдаласқан оларға сол уақыттағы жаугершіліктер кедергі болса керек. Елін жаудан қорғауға аттанған Қарахан уәделі уақытында Айша бибіге келе алмайды. Арада ұзақ уақыт өткен соң Айша қасына қырық қыз нөкерін ертіп Қараханды іздеуге жолға шығады. Тараз қаласының маңына жақындағанда, сүйіктісінің ауылына бір табан жақын қалғанына көңілі жайланған Айша суға түсіп сергіп алмақ болған екен. Сол кезде жағада қалған киімдеріне улы жылан кіріп кетіп, аруды абайсызда шағып алады. Жыланның уы бойын жайлап демі таусылуға жақын қалғанын сезген қыз сүйіктісіне хабаршы жібереді. Айшаның ауыл іргесіне жеткенін естіген Қараханда ес қала ма, дереу сол бойда құстай ұшып жеткен ол хәл үстіндегі ғашығын көреді. Сонда Қарахан «Бұ дүниеде бірге болу бұйырмаса да, о дүниеде жұбымыз жазылмасын» деп қасына ертіп келген тәуіп молдаға Айша екеуінің некесін қидырған екен. Санаулы минуттардан соң демі үзіліп бара жатқан Айшаны қолына алып, оның құлағына «Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айғайлапты. Қайғыдан қан жұтқан Қарахан сүйген жарын арулап, жерлеп басына осы күмбезді соққан. Сонау ХІ ғасырлардан бізге жеткен кесене Тараз қаласынан 18 шақырым жерде, мазарға келушілер махаббаттың өшпес белгісіне бас иіп, құран бағыштайды. Құрсақ көтере алмай жүргендер дұға жасап түнейді. Киелі мазардың шарапаты тиіп, ана болғандардың қатары ел ішінде көптеп саналатыны – Айша бибінің текті ата – Зеңгі бабаның қызы болғанын растай түсетіндей. Егер Айша бибі қасиет қонған тектін атаның қызы, текті әулеттен болмаса, оның қызметшісі Бабаджа хотун Айша мазарында ұзақ жыл шырақшы болып, сол мазардың басында көз жұмбас еді. Бабаджа хотун кесенесі Айша бибі мазарының жанынан бой көтерген. Он алты қырлы күмбезді ескерткіш – еліміздегі бірегей тарихи қазынаның бірі. Ал Қарахан кесенесі Тараз қаласының батыс шетінде. Күмбезі ғана құлаған кесененің төрт қабырғасы мен жылтыр кірпішпен өрнектелген қос мұнарасы ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін сақталыпты. 1906 жылы Ташкент ишаны Сайд Бакханов құлаған бөлігін түгелдей бұздырып жаңадан кесене салдырған көрінеді. Біздің заманымызға жеткені осы соңғы нұсқасы. Өмірінің соңына дейін ақ сәлде оранып, ғашығының мазарын күзетіп өткен Қараханды жұрт «Әулие ата» атап кетсе керек. Әулие ата кесенесіне де тәу етіп келушілердің қарасы үзілмейді екен.

 Babadzha-hatun.jpg



Ақыртастың жұмбағы


Тараз қаласынан шығысқа қарай қырық шақырым жүргенде алдыңыздан Ақыртас алып кешені шығады. Ақыртасты ауызға алғанда көбіне жұмбақ құрылыс деген сөз тіркесі жиі қолданылады. Өйткені, шынында да Ақыртастың әу бастан қандай мақсатта салына бастағаны бүгінгіге дейін жұмбақ болып қалып отыр. Дүниежүзінде ең ұзақ зерттелген де осы Ақыртас болуы әбден мүмкін. Ғалымдар Ақыртасты 130 жылдан астам уақыт зерттеген екен. Шығыстанушы, археологтар В.В.Бартольд, В.А.Кал¬лаур, А.Н.Бернштам, Г.И.Паце¬вич, Т.К.Басенов, К.М.Бай¬пақовтар бірінен соң бірі зерттеу жұмыстарын жалғастырып отырған. Бірақ нендей құрылыс екені ақыры нақты айтылмайды. Ақыртас кешені туралы дерек алғаш рет ХІІІ ғасырда пайда болған. Белгілі қытай саяхатшысы Чан-Чунь осы өңірге келгенде «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады» деп жазған екен. Саяхатшының ХІІІ ғасырдың өзінде нендей құрылыс екенін болжап жазуының жөні бар. Өйткені, Ақыртас құрылысы жартылай көтеріліп, сол кездің өзінде тоқтап қалса керек. Құрылысы неге жалғаспай қалғаны сол күннің өзінде жұмбақ болған. Әйтпесе, жолда көрген-білгенінің бәрін тізбелеп жазған саяхатшы жергілікті халықтан сұрап білген болжамын қоса жазар еді. Оның қолжазбасында басқалай ешқандай дерек айтылмайды, сондықтан да Ақыртас құрылысы әу баста қандай мақсатта қолға алынғаны бүгінгі күнге дейін жұмбақ болып қалды. Яғни, еліміздің, әлемнің ғалымдары назар аударатын, тер төгіп еңбектенетін тарихи нысан бізде де бар.

Ақыртастың тағы бір ерекшелігі, Қазақстан түгілі Орталық Азия аумағында мұндай құрылыс нысаны кездеспейді. Құрылыс кезінде бабаларымыз салмағы бірнеше тонналық тастарды қалай сындырған, ол үшін қандай құрал пайдаланғаны, 500 метр қашықтықтағы тас блоктар қорынан қандай көлікпен, қалай тасып жеткізгені де жұмбақ. Ғалымдардың айуынша, қамал құрылысы өте сауатты, геометриялық есептерге сәйкес жүргізілген. Ірге тасы екі метр тереңдікке қазылып, тас блоктармен көтерілген. Қабырғаның қалындығы бес метр. Салмақ түсетін топырақ тығыздығы, жер асты су деңгейі және тағы басқа құрылыс ережелері қатаң сақталуы да талай ғалымның таңдайын қақтырған.

Айша бибі.jpg


Ақыртас қамалының кереметі осымен бітпейді. Қалаға су жеткізудің де өзіндік құпиялары бары байқалады. Ақыртастан төрт-бес шақырым қашықтықта жатқан Ұзын бұлақ тау шатқалынан қамалға су жеткізетін қыш құбырлар тартылған. Қамалға дейін үлкен шеңберлі 20-18 сантиметрлік құбырлар тартылса, қаланың ішіндегі бөлмелерге, түрлі ғимараттарға тартылған су құбырлары сыртқы құбырлардан біршама кішірек. Судың іргедегі Ұзын бұлақтан тартылмай алыстағы бастауынан бастап жүргізілуінде де ғалымдардың айтуынша, үлкен мән бар екен. Біріншіден, қамал жау қоршауында қалған жағдайда да су қалаға жер асты арқылы жасырын келіп тұруы керек. Екінші бір болжам, қысты күндері өзеннің қатып қалатынын ескеріп, суды сол себептен 4 шақырым қашықтықтағы бастаудан тартқан. Ата-бабаларымыздың қайталанбас сәулет өнеріндегі қолтаңбасы іспетті Ақыртастың кереметтерін бір мақала аясында толық айтып шығу қиын.

Әйгілі шығыстанушы, археолог Петр Иванович Лерх «Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы» десе, академик В.В. Бартольд несториан ғибадатханасы деген болжам айтыпты. Ақыртасты 1940 жылдан бері 30 жыл бойы зерттеген ғалым, академик Г.И. Пацевич «Мұндай құрылыстың керемет есептерге сүйеніп жасалынуы мен блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы, ғажап ескерткіші Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан орын алуына құны да, құпиясы да, құдіреті де жетеді» деген екен. Ендеше Ақыртастың төрткүл дүниенің бұрышынан туристер тартатын күн әлі алда. Тек әлемдегі жеті ғажайыптың бірі бізде деп осы жұмбақ құрылысты сәтімен жарнамалай білсек болғаны.



Облысқа келушілер көбейген


Тараз шаһары аумағында 3 448 тарихи-мәдени ескерткіш бар, оның 25 республикалық дәрежедегі нысандар болса, 3 423 жергілікті маңызы бар ескерткіштер. 8 ескерткіш Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне, 27 ескерткіш Қазақстанның микросакралды картасына, 3 ескерткіш Қазақстанның өңірлік деңгейдегі Туристендіру картасына, 2 ескерткіш Еуразиялық Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының Дүниежүзілік ерекше туристік тартымды нысандарының тізіміне және 5 археологиялық ескерткіш яғни Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашықтар орналасқан.

 
Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының берген мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта облыс аумағында 191 қонақ үй, 434 тамақтану орыны, 48 туристік ұйым, 11 балаларды сауықтыру лагері, 7 шипажай, 15 демалыс орыны, 78 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 127 162 адам туристік сапармен келіп, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 134,6%-ға артып отыр. Облысқа келушілердің 1 386-сы шетелдік турист болса, қалған 125 776-сы еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер. Өңірдегі орналастыру орындарымен келушілерге 1,5 млрд. теңге сомасына қызмет көрсетіліп, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 151,5%-ға артқан.


Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының берген мәліметіне қарағанда, облыс аумағында орналасқан «Баркуаб» (Жуалы), «Тамды» (Талас), «Баласағұн» (Шу) қалашықтары және «Ақыртас» сарай кешенінде ашық аспан астындағы музейге айналдыру жұмыстары жалғасуда. 2021 жылы аталған қалашықтарда қазба жұмыстарын жалғастыру мақсатында Жуалы ауданы әкімдігімен «Баркуаб» қалашығына 4,6 млн. теңге және Талас ауданы әкімдігімен Тамды қалашығына 3,5 млн. теңге бөлініп, абаттандыру мен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Өңірдің флорасы мен фаунасын, биологиялық әртүрлілігін сақтап қалу мақсатында облыс аумағында 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылып, экотуризмді дамыту мақсатында Жамбыл облысы бойынша жергілікті және шетелдік туристерге ұсынылатын 10 тау соқпақтары, жаяу және атты маршруттар әзірленген.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?