Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жаһанша Досмұхамедұлымен бірге бір күнде 120 адам атылған – тарихшы

1811
Жаһанша Досмұхамедұлымен бірге бір күнде 120 адам атылған – тарихшы  - e-history.kz

Биыл алаштың ардақты ұлы Жаһанша Досмұхамедұлының 135 жылдық мерейтойы. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылған кезде аталған тұлға айрықша үлес қосты. Мысалы ол 1918 жылы Халел Досмұхамедұлы екеуі Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге келіп, Ленин және Сталинмен келіссөз жүргізген болатын. «Қазақстан тарихы» порталы Алаш ардақтысының туған күніне орай белгілі алаштанушы ғалым, жаһаншатанушы Дәметкен Сүлейменовадан алған сұхбатты ұсынады.

– Бүгін Жаһанша Досмұхамедұлының туған күні екен. Алаш ардақтысының мерейтойына байланысты қандай іс-шара ұйымдастырылып жатыр? Жаһанша секілді тұлғаны толық тани алдық па?

– Жаншаның негізгі аты-жөні Жаһанша Досмұхамедұлы. Ол 1887 жылы бұрынғы Жымпиты, қазіргі Сырым ауданындағы Бұлдырты кеңшарында дүниеге келген. Көкөріс деген жерде Жаһанша Досмұхамедұлының әкесінің қыстауының орны күні бүгінге дейін сақталған.

Биыл Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 135 жыл толып отыр. Бүгін яғни дәл осы 28 маусым күні Алаш ардақтысы өмірге келген болатын. Негізі қайраткердің туған күні мен жылы туралы және оның есімі туралы көптеген басылымдар да әр түрлі деректер айтылып келді. Мысалы оның туған жылы 1883 немесе 1885 жыл деп жазылып жүрді. Мен қайраткердің құжаттық деректерін 25 жыл бойы зерттегенде оның туған жылы 1887 жыл екенін анықтадым.

Ал есіміне келетін болсақ Жаһаншаның Жанша деген есімін анасы еркелетіп қойған. Халел Досмұхамедұлының қызы Қарашаш апайдың айтуы бойынша, ол кісінің азан шақырып қойған аты Жаһаншаһ екен. Негізі Алаш ардақтысының туған күнін анықтау қиындық тудырды. Бұған тағы да Қарашаш апай нүкте қойды. Өйткені ол кісі «Воронежде айдауда жүрген кезде 28 маусым күні Жаһанша атамыздың туған күнін тойлайтын едік» деп айтқан болатын. Қайраткер Воронежде айдауда жүргенде Қарашаш апай 8-9 жастағы мектепте оқитын қыз екен. Жаһаншаның нақты туған күнін Қарашаш апайдың айтуы бойынша анықтадық.

Ал Жаһанша Досмұхамедұлының 135 жылдығын тойлау туралы мәселені былтыр Сырым және Қаратөбе ауданы әкімдігіне кіріп, «Келер жылы Алаш автономиясының 105 жылдығы мен бірге жерлесіміздің мерейтойы болады. Айтулы тұлғаның мерейтойын елеусіз қалдырмайық» деп жеткізген болатынмын. Кеше Қаратөбе ауданы әкімдігі облыстық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференция өткізді. Әзірге Сырым ауданы әкімдігі үнсіз жатыр. Олар аталған мерейтой облыс көлемінде тойлануы мүмкін деп отырған секілді. Ал облыс басшылығы алаш арысының мерейтойын тойлауға мүмкіндік бермеген сияқты. Шын мәнісінде Жаһанша Досмұхамедұлы құрған Ойыл уәлаяты, кейіннен Батыс Алашорда үкіметі Тәуелсіз қазақ елінің негізін қалады. Сондықтан да біз ол кісінің еңбегін ұрпаққа жеткізіп, жиі еске алуымыз керек.

– 2012 жылы Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастырумен бірнеше іс-шара өткен болатын. Орал қаласында басталған конференция Сырым ауданында үлкен аспен түйінделген еді. Сол кезде облысты басқарған Нұрлан Ноғаев бұл істің басы қасында болып, Алаш ардақтысына айрықша құрмет көрсеткен еді. Қазір Батыс Қазақстан облысын басқарып отырған Ғали Есқалиев тарапынан мерейтойға қолдау болмай отырғанына не себеп болып тұр?

– Ертең облыс әкімшілігіне кіріп, мән-жайды түсіндірсем деп отырмын. Алайда облыс әкімінің өзіне кіріп, жолыға алмайтын шығармын. Әкімге кіру үшін алдын ала арнайы жазылу керек. Бірақ облыстық ішкі саясат басқармасына «Ертең Жаһанша Досмұхамедұлының туған күні. Ең болмаса қайраткердің атындағы колледжге барып, гүл шоғын қоюды ұйымдастырайық» деп айттым. Олар «Жақсы, хабарласамыз» деді де нақты жауап бермеді. Ішкі саясат басқармасынан еш хабар болмаған соң Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы педогогикалық колледжінің тарих кафедрасының оқытушыларына шықтым. Олардан «Ертең маңызды іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Қолымыз тимейді» деген жауап алдым.

Менің ойымша, Жаһаншаның мерейтойын атап өтуге келгенде кедергі бар секілді. Себебі былтыр «Зачаганск кентін Алаш кенті деп атайық» деген ұсыныс болғанда кейбір адамдар оған қарсы болып, іске аспай қалып еді. Ал енді аталған кентте 55 Алаш қайраткерлерінің tсімі берілген көше бар. «Зачаганск деген атаудың мағынасы жоқ. Одан да оны Алаш кенті деп атайық» дегенде оған мүмкіндік бермеді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбат бергенде үнемі айтып жүремін. Мысалы Жаһанша Досмұхамедұлы Орал әскери-реалдық ущилищеде білім алған. Осы жерде 1917 жылдың 19-23 сәуір күні Орал қазақтарының І съезі өтті. Сонда Халел және Жаһанша Досмұхаметұлы парламенттік республика жариялау туралы бастама көтерген болатын.

Сонымен қатар аталған азаматтар даланы басқару жүйесі туралы реформаны көтерген еді. Бұдан бөлек қос тұлға Жымпитыда Ойыл уәлаяты, кейіннен Батыс Алашорда үкіметін құрғаны көпшілікке белгілі. Сол кезде оқу мәселесінен бастап баспахана ісі, әскер жасақтау, сауда-саттық, тіпті ақша шығаруға дейінгі шаруаны қолға алды. Міне осындай еңбек еткен азаматтарға арналған Алаш алkеясы Жымпиты қойылса, Ойыл уәлаятының кеңсесі болған ғимараттан мұражай ашылды. Ал Орал қаласында бірде бір жерде Алашқа қатысты ескерткіш жоқ. Тек қана тұлғаның аты берілген колледждің алдында кіп-кішкентай Жаншаның ескерткіші бар.

WhatsApp Image 2022-06-29 at 16.47.56.jpeg


Бұдан бөлек 10 жыл айтысып жүріп әзер дегенде Орал қаласындағы «Рабочий» деген көшенің атын Жаһаншаның атына алдық. Өкінішке қарай осы істен басқа ұлы тұлғаны ұлықтауға байланысты ешқандай іс істелмей жатыр. Менің ойымша, бұл тарихқа деген қиянат. Қазақ тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғаның еңбегіне деген біздің биліктің бағасы осы болып отыр. Олар кезінде «Парламенттік республика құрамыз» деп тілден бастап, «қазақтың жер асты, жер үсті байлығы қазақтың меншігі болу керек» деп күресті. Ұзын сөздің қысқасы, біздің облыс әкімдігіне әлі де болса көп нәрсе істеу керек.

– Сіз Жаһанша Досмұхамедұлының тарихын зерттеп жүрген белді ғалымдардың бірісіз. Соңғы кезде Алаш арысына қатысты қандай тың деректер табылды?

– 2017 жылы Жампиты-Мәскеу экспедициясы ұйымдастырылды. Аталған экспедицияның құрамында болып, ғылыми қызметкер ретінде қатыстым. Сонда біз Жаһанша Досмұхамедұлының жерленген жерін таптық. Бұған дейін Алаш арысының қайда жерленгені көпшілікке белгісіз болды. Мәскеуде «Бутовский полигон» деген жер бар. Аталған жерде 1937 жылдың қараша айынан 1938 жылдың қарашасына дейін 20 723 адам атылған екен. Солардың ішінде 1938 жылдың 3 тамыз күні Жаһанша Досмұхамедұлымен бірге 120 адам бір күнде атылған екен.

Зертеушілер «Атылған адамдар қалай жерленген екен?» деп зираттың бірін ашып қарағанда, бір квардрад метр жерге адамдарды киімдерімен бірінің үстіне бірін атып тастай берген екен. Жендеттер қаза тапқан адамдардың былғары етіктері мен бағалы заттарын алып отырған. Одан кейін зерттеуді тоқтатып, адамдардың жатқан жерін қазуды қойыпты. Себебі онда адамдар көп жерленген. Сондай-ақ 18 томнан тұратын кітапқа атылғандардың тізімі жазылған екен. Жаһанша Досмұхамедұлының есімі 3 томның 82 бетінен табылды. Бірақ зерттеушілер оның кім екенін және не үшін атылғанын білмейтін болып шықты. Біз Алаш ардақтысына қатысты материалдарды беріп, оның өмірбаянын жеткіздік. «Бутовский полигонның» жанынан атылған азаматтардың заттары мен құжаттары негізінде мұражай ашылған екен. Біз Жаһанша Досмұхамедұлына қатысты деректер беріп, оны мұражайға қойдыратын болдық.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының 80 жылдығына орай «Бутовский полигонында» мраморға марқұмдардың аты-жөні жазылған болатын. Жаһанша Досмұхамедұлының есімі аталған тақтаға қашап жазылыпты.

Сондай-ақ Мәскеуге жақын жерде Химки деген қалада патша үкіметі кезінде шыққан газет-журналдар арнайы жертөледе сақталған екен. «Уральский листок» деген газетте Жаһанша Досмұхамедұлының 1911 жылы жарияланған мақаласын таптым. Жалпы аталған жерде Қазақстанның түкпір түкпірінен келген әр түрлі деректер сақталған. Ал Алаш арысы өз мақаласында қазақ мемлекеті мен қазақ хандығы болды және Тәуке ханның жеті жарғысы дала конституциясы деп саналады деп тұжырым жасаған. Ал мұндай тұжырым патша үкіметінің саясатына ауыр соққы болып тиген. Сондықтан да Жаһанша Досмұхамедұлын Орал қаласынан кетуге мәжбүр еткен.

Қазіргі таңда мен Алаш арысының Мәскеуде оқып, заңгер ретінде алған 175 нөмірлі дипломның түп нұсқасын іздеп жатырмын. Аталған құнды құжатты қайраткердің 135 жылдығына орай экспедиция ұйымдастырып, өзі жұмыс істеген Томскі қаласынан іздеп көргіміз келген. Алайда мерейтойға орай ғылыми экспедиция ұйымдастырылмай қалды.

Содан кейін Ойылдан Қызылқоға ауданына үкімет көшкен кезде мерседес көлігін жерге көміп кеткен екен. Менің ойымша, оның ішінде Алаш тарихына қатысты құнды құжаттар бар. Сол автокөлікті іздестіреміз бе деп едім, өкінішке қарай ол да қолға алынбай жатыр. Бірақ мерседес көлігін тауып, оның ішіндегі құжаттарды құнды жәдігер ретінде халқымызға қайтару керек.

Жаһанша Досмұхамедұлы 1917 жылы Санк-Путербургта революция жүріп жатқан кезде Лениннің рұқсатымен музейде тұрған Құран кәрімді алып шығады. Аталған Құран Кәрім қазір Ташкентте сақталып тұр. Енді олар қасиетті кітапты бермейді. Ол кезде ғылыми мәдени орталық Ташкент болды. Сол себепті Құран Кәрім Ташкент қаласында сақталған. Енді соның көшірмесі болса да елге жеткізсек нұр үстіне нұр болар еді.

– Жаһанша Досмұхамедұлы Мәскеуде өткен Мұсылман съезіне қатысып, «Шуро-и-Ислам» комитеті төрағасының орынбасары болғанын жақсы білеміз. Алаш арысының аталған съездегі қызметі туралы айтып берсеңіз...

– Ресейдің қол астындағы мұсылман халықтарының съезінде федерация құрылып, Жаһанша Досмұхамедұлы оның орынбасары болып тағайындалады. Алаш ардақтысы бүкіл мұсылман халқын біріктіргісі келген. 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылған кезде Ресейде 5 үкімет құрылып, жұмысын бастады.

Уфада өткен жиында бүкіл құрылтайшылар Алашорда үкіметін тарату туралы мәселе көтереді. Сол кезде Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары Ойыл уәлаятын таратып, оның орнына Батыс Алашорда бөлімін құрады. Осы арқылы олар Алашорда үкіметін сақтап қалады. 1919 жылдың қараша айында Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы жетекшілік ететін Алашорданың Шығыс бөлігі тарап кетеді. Ал Алаштың батыс бөлімі 1920 жылдың 9 наурызына дейін жұмысын жалғастырады.

Осыдан кейін Алаш арыстары әскер және қару-жарағымен Совет үкіметі құрамына өтеді. Жаһанша Досмұхамедұлы Орал қазақтарының VІ съезін өткізіп, «Бізге Кеңес үкіметі автономиялы билік береді. Одан басқа жол жоқ» дейді.

– Жаһанша туралы айтқан кезде Халел Досмұхамедұлын назардан тыс қалдыра алмаймыз. Тіпті кезінде қос тұлғаның тегіне қарап «Ағайынды азаматтар» деп жазған зиялы қауым өкілдері де болды. Халел мен Жаһанша қашан танысты және олардың арасындағы достық байланыс туралы айтып берсеңіз...

– Халел Досмұхамедұлы Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында 1883 жылы туған. Жаһанша мен Халелді таныстырып, достастырған олардың әкелері болатын. Себебі екі қайраткердің әкелерінің аты Досмұхамед деп аталды. Халел Орал қаласына келіп, әскери-реалдық училищесіне оқуға түскеннен кейін Жаһаншаның әкесі баласын аталған оқу орнына түсіру үшін ақсақалдардан бата алу үшін жиын жасайды. Аталған жиынға Халелдің әкесін де шақырады. Сонда Досмұхмемед «Жаһанша менің Халеліммен бірге білім алып, екеуі туған бауыр болмаса да туған бауырдай болып өссін» дейді.

Қос тұлғаның шынайы достығы туралы Қарашаш апайдың аузынан көп әңгіме естідім. Қарашаш апай «Жаһанша атамыз әкеміздің айнымас досы болды. Негізі әкемнің мінезі тұйық, көп сөйлемейтін әрі қатал болды. Ал Жаһанша ағамыз керісінше көңілді және дауысы зор еді. Ағамыздың ақ-жарқын күлкісін естіп, алдынан жүгіріп шығатынбыз. Біреуімізді көтеріп, енді біреуімізді арқалап, тіпті ат болып үстіне мінгізіп алатын. Осыны көргенде әкем Халелдің езуіне күлкі үйіріліп, мәз болатын. Әкеміздің күлкісі арқылы біздің шақырамыз нұрланып кететін. Дастарханда отырған кезде Жанша атамыз өлең, жыр айтып көңілді отыратын» деп еске алады. Осыған қарап Халел мен Жаһаншаның бірін бірі толықтыратын ірі тарихи тұлға болғанын байқауға болады.

Мысалы әскери шешім қабылдайтын кезде Халел «Былай істейік» деген кезде Жаһанша «Сіздің айтқаныңыз дұрыс. Дей тұрғанмын былай жасайық» деп оның қаталдығын жуып-шайып отыратын. Ұзын сөздің қысқасы, екеуінің достығы берік болған. Себебі екеуі қайда жүрсе де ажырамай, бірге жүрген. Тіпті тергеуші Жаһаншаны соңғы тергеген кезде «Хелел екеуің ағайындысыңдар ма?» деп сұрағанда «Жоқ біз ағайынды емеспіз. Бірақ ағайынды бауырдан да жақын өмірлік доспыз» деп жауап береді.

– Әңгімеміздің басында мерседес автокөлігі туралы айттыңыз ғой. Соны тарқатып айтып беріңізші...

– Жаһанша Досмұхамедұлының туған жері Көкөріс сjвхозы Қарақұдық деген жер болған. Аталған көлікті қымдауықтағы құдықтың жанына көмген деседі. Менің ойымша, сол көлік құмға батып кеткен тәрізді. Мерседес көлігі негізінен жылқының майымен сыланған киізге орнанып көмілген көрінеді. Бұл деректі айтқан азаматтар қазір қайтыс болып кетті. Олардың баласы 5-6 жыл бұрын бұл әңгімені маған айтқан еді. Сол азамат «Көліктің қай жерде екенін білуге тиіс бір азамат бар. Егер де сіздер оны іздейтін болсаңыздар, біз көмектесеміз» деп айтты.

Жаһанша Досмұхамедұлының Масақ деген атқосшысы бертінде қайтыс болды. Бірақ ол Совет үкіметінен қорқып ештеңе айтпай кеткен екен. Жұрт «Масақтың аузынан сөз шыққанша өліп кетуің мүмкін» деп айтады екен. Яғни ол өзінің сөзіне өте берік адам болған ғой.

– Батыс және Шығыс немесе Оңтүстік Алашорда деген терминдер пайда болды. Кейбір адамдар «Алашты бөле-бөлек зерттеу дұрыс емес, оны бір тұтас қарастыруымыз керек» деп айтып жатады. Сіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?

– Алашорда атты үкімет 1917 жылы өткен ІІ жалпы қазақ съезінде құрылып, үкіметтің құрамына 15 адам мүше болды. Міне сол Алашорда ұлттық үкіметінің бірнеше бөлімдері болды. Оның тек Шығыс немесе Батыс бөлімі ғана емес, сонымен қатар Торғай, Жетісу, Верный, Шығыс және Батыс Алашорда сынды бес бөлімі болды. Мұрағат құжаттарымен жұмыс істеген кезде Торғай Алашорданың тізімдерін Орынбордағы архивтен көрдім. Сондай-ақ Жетісу Алашордасы туралы мәліметтер бар және Верный Алашордасы туралы ақпараттар там-тұмдап шығып жатыр.

Бұдан бөлек шығыс Алашорда жөнінде белгілі тарихшы Ерлан Сайлаубай жазып жүр. Ал Алашорданың батыс бөлімінің құрылған күні құжат түрінде сақтаулы тұр. Яғни Алашорда ұлттық үкіметінің қайраткерлерін бөліп, бір біріне қарсы қойып жатқан ешкім жоқ. Бірақ сондай деректердің болғанын зерттеп, ғалымдар тарихи айналымға енгізіп жатыр. Мысалы Батыс пен шығыс Алашорданы қарсы қойып, біреуі алда, екіншісі артта келе жатыр деп қарауға болмайды. Ол сол кездегі саяси жағдайдың шиеленісіне байланысты сондай орталық болғаны тарихи факті. Бірақ олардың барлығының ұстанған мақсаты қазақ мемлекеттілігін құру болды.

Өткенде Жапония ғалымы Алаш пен жапонның байланысына қатысты құнды құжат жариялады. Негізі Алаш арыстарын Жапонның шпионы деп айыптау тегін емес болатын. Алаштықтар сол кезде қытай және Жапониямен де байланыс жасауға ұмтылған.

Сондай-ақ Алаш арыстары бүкіл түрік тілді халықтардың басын біріктіруге тырысқаны белгілі. Мәселен қырғыз халқы Алашорда құрамында болды. Бұдан бөлек татар, башқұрт және түркімендер Алаш қайраткерлерін қолдады. Совет үкіметі түркі халықтарының басы бірігіп кетпесін оларды басмашылар деп айып тағып, көзін құртты. Ал олардың басты мақсаты Ресейдің қол астынан өзінің мемлекеттілігін алу болды. Екіншіден бүкіл түрік тілдес халықтардың бір орталықтандырылған мемлекетін құру болды.

– Әңгімеңізге рақмет!


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?