Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Төлеген Жанғалиев: Абай елі де қазақтың басына түскен нәубетті көрді

2104
Төлеген Жанғалиев: Абай елі де  қазақтың басына түскен нәубетті көрді - e-history.kz

Жанғалиев Төлеген 1950 жылы 27 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында туған. 1973 жылы Семей пединститутын бітірген. Жыр топтамасы алғаш рет республика жас ақындарының «Қарлығаш» (1978), сонан соң «Сыр сапар» (1980), «Тоғыз перне» (1981) атты ұжымдық жинақтарында жарияланды. Баспалардан әр жылдары алты кітабы жарық көрді.

Жас ақындардың республикалық «Жігер» фестивалінің (1978), Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың (1996) лауреаты, Шығыс Қазақстан облыстық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері.

Шығармалары: Жүрегім сөйлеп тұрғанда. Шыңғыстау шындығы. Оңалған ойдың сәулесі. Біз жұмаққа бармаймыз. Атом мен ақын. Баба жайлы балладалар. Балладалар.

- «Сәті түскен сұхбат» айдарының қонағы, Ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі, 10-нан астам жыр жинақтың авторы, Абай елінің құрметті азаматы Төлеген Жанғалиев ағамыз. Аға, қош келдіңіз!

-   Хош, көрдік!


-   «Қара өлең төрін күзетіп» осы қасиетті топырақта өмір бойы еңбек етіп келесіз. Сөзді алдымен елдің, жердің тарихынан бастасақ... Мынау Жидебай, Қарауыл төбе, Шыңғыстау барлығыда көкірегіңізде сөйлеп тұрған сияқты?

-   Қара өлең төрін күзеттім,

Қағбамдай көріп киелі.

Оқталған оған бір оқтың,

Бір ұшы маған тиеді,-

деген өлеңім бар менің. Жидебай, Шыңғыстау – исі қазақтың өнерінің, өлеңінің төрі. Өйткені онда қазақтың ұлылары Абай мен Шәкәрім жатыр. Енді ел тарихына келгенде, мен аса шежірешіл адам емеспін. Менің бар жұмысым сол – өлең жазу. Бірақ тарихтан білуімізше, Шыңғыстау деген – өте қасиетті тау, бойы аласа болғанмен, ойы биік. Алатаумен, Тарбағатаймен, анау Гималаймен таласатын тау, ойы жағынан. Ал енді Шыңғыстаудың негізгі аты «Найманкүре» аталады. «Найман» деген сегіз деген сөз де, «күре» деген өзен деген сөз екен. Сол сегіз өзен бойынан тарап ағатын үлкен Шыңғыстау ғой. Бұл елге жеті ел келіп, жеті ел кеткен екен. Тобықты елінің осы жерге келгені 1780 жылдар шамасы екен. «Тобықты ауып келген осы маңға, 1780-ге тақалғанда» дейді Шәкәрім бабамыз. Содан бері Шыңғыстау қазақтың, Алаштың, тіпті жалпы адамзаттың үш бірдей алыбын берді. Олар – Абай, Шәкәрім, Мұхтар. Бұдан артық не керек?! Жидебайды Совет одағы кезінде еуразия кіндігі деп мойындап, осы араға үлкен тас қойып кетті. Ол тас сол бетімен әлі тұр. Бұл сөздің өзі үлкен мағына береді. Сол себептен де осындай ұлылар туып отырған шығар деп ойлаймын.

044b56fee0d7588d4f8296ccf8793a9d.jpg


-   «Қара өлеңнің қағбасы» саналатын Абай елі, шежірелі Шыңғыстау исі қазақ үшін қасиетті жерлер. Осынау қастерлі өңірге 72 жыл бұрын, халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 22 килотонна болатын алғашқы атом бомбасы жарылды. Сол уақыттан үздіксіз 40 жыл бойы Абай мен Абыралы, бұрыңғы Семей облысының жері полигон ошағына айналды. 40 жылда 470-ке жуық жарылыс болды. Қазақтың киелі жерінің фаунасы мен флорасы жойылып, тарихи оқиғалардың куәсі болған мекендер полигон алқабында қалып қойды. Полигон – қасірет! Осынау қасіретті Абай елі бастан кешірді. Өзіңізде полигон зардабын шеккен азаматтардың бірісіз. Полигон халықтың денсаулығына қатты әсер еткен шығар?


-   Абай елі де барша қазақтың басына түскен нәубетті көрді. Бірақ сол бүкіл қазақтың басына түспеген, бірақ өзі ғана тартқан жалғыз бейнеті бар. Ол – атом бомбасы. Сол кездегі совет үкіметі басқа жер құрып қалғандай, біздің жерімізде атом сынағын жасады. 500-ге тарта атом жарылды. 1949-дан 1963-ке дейін атомның көбі жер үстінде жарылды. 1963 жылдан 1990 жылға дейін ғана жер астында жарылды. Мен өзі сол 1950 жылы атомды жарған кезде туған баламын. «Мен атоммен құрдаспын, көзімді ашқаннан бері» деген өлеңім де бар. Менің замандастарымның бәрі өмірден өтіп кетті. Полигонның зардабы әлі күнге дейін бойымызда бар. Әрине, полигон жабылды. Биыл енді 30 жыл толады. Егемен еліміздің 30 жылдығымен бірдей. 


Оны жапқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Полигон жөнінде ең нақты, дәл бір-ақ кітап бар. Ол – семейлік жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» деген кітап. Шындықтың бәрі сол кітапта. Олжас Омарұлы Сүлейменов сол уақытта айғайлап шықпаса, мұндай шаруалар болмас та еді. Ол кез тіпті, партияның ыдырамаған бар кезі. Бірақ қарсы шықты. Оған демеу болған Семей облысы обкомынң бірінші хатшысы Кешірім Бозтайұлының еңбегін міндетті түрде айтуымыз керек. Ел мен жер үшін қызметінің бәрін тәрк етіп, қарсы шығу деген оңай шаруа емес. Олжас екеуі қолдап отырғаннан кейін, Абай ауданы мен Абыралы ауданы неге шет қалады? Біз бүкіл бірінші болып, Қарауылтөбе бойына бала-шағамызбен «полигон жабылсын» деп қарсы шықтық. Сондағы адамдарды көрсеңіз, жүрегіңіз ауырады... Халық жылап барады. Қарауылдың басында 1989 жылы үлкен митинг өтті. Содан бері 32 жылдай уақыт өтті. Полигон 2 жылдан кейін бірден жабылды. Зардабы әлі де бар. Үкімет полигоннан зардап шеккендердің барлығына емес, бір бөлігіне өтемақы төлеп отыр. Кейде біз осыған қынжыламыз, поилгон жабылғанмен, оның кеселі әлі қалды ғой. Сырқат көп, жүрек талмасымен, қан қысымымен, қан аздықпен ауыратындар көп. Балалардың асылып қалуы да әлі тоқтаған жоқ. Оларды оңалту үшін үкімет шаруалар жасап жатыр. Биыл ғана үлкен қуанышқа кенелдік, Семейде полигоннан зардап шеккендерді оңалдыру орталығы ашылыпты. Осының өзі біз үшін үлкен қуаныш. Абай ауданы қазір гүлденіп келе жатыр. Өйткені назар көбірек аударылып отыр.


-   Оқушылар арасындағы Республикалық Абай оқулары жыл сайын осы Жидебай төрінде өтіп келеді. Онда қаншама шәкірттеріңіз топ жарды. Сол шараның басы-қасында болып кей жылдары қазылық та жасадыңыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Абай, Шәкәрімге тағзым етіп келген үздік оқушыларды көргенде, олардан нені байқайсыз?

-   Қазір зейнеткермін, 25 жылдан бері жас ақындарды тәрбиелеп келе жатырмын. «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісімін. Талай шәкірттерім бар, алды – үлкен ақын қазір, арты – жас талапкер. Бұл – енді Абай атамнан қалған үлкен дәстүр. Абай атамыздай бола алмаймыз, бірақ сол кісіге ұқсап барып, жастарды тәрбиелеу, жас ақындарға шабыт беру, солардың көзін ашу, соларға дәріс беру, үйрету, Абай мен Шәкәрім салған жолдағы талаптарын шыңдау – менің мақсатым. Ақын шығару міндетім емес, ақынға жақын, сол поэзияны сүйетін, поэзия арқылы өмірді сүйетін адам тәрбиелеу. Ақында арамдық та, жамандық та болмайды, ол деген – үлбіреген сезімнің адамы. Елдің алдында бүгежектемей, қаймықпай, қарсы тұрып сөйлей алатын көсемсөз иесін тәрбиелеп шығару – менің мақсатым. Міне, осындай шаруамен айналысып жатырмыз. Мұндай жұмысты істемеуге хақым да жоқ. Ақын болғаннан кейін, сол ұлылар елінің топырағын басып, суын ішкеннен кейін, бабалардың артындағы ұрпағына бірдеңе үйретпеу – ол мен үшін қиянат. Ертең о дүниеге барғанда да, ол бабаларыма да айтатыным осы: «Сіздердің артыңыздағы ұрпақтарыңызға шағын да болса, дәріс бере алдым, соларға бірдеңе үйрете алдым» деген жағдайдамын. Өмір деген өтіп бара жатыр, әрине. Жетпістің біріндемін қазір. Бірақ әлі де «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жұмысын жетілдіріп келемін. Неше түрлі талантты шәкірттер шықты, Арман Шеризат, Қалқаман Сарин, Нұржан Байтөс, Бақытжан Байғонов, Жұмакүлбай Жадыра деген үлкен ақын ұл-қыздарымыз бар. Мен солармен мақтанамын, солар арқылы менің өзімнің еңбегімнің нәтижесін көремін. Жасыратыны жоқ, мен аудандық партия комитетінің хатшысы да, аудандық совет атқару комитетінің төрағасының орынбасары да, аудан әкімінің орынбасары да болғанмын. Неше түрлі қызметте істегенмін. Бірақ солардан із бар ма десем, көп із таба алмаймын. Ал осы «Ақсұңқар» ақындар сыныбына ширек ғасыр уақыт өтті. Ізім қайсы, жасаған еңбегім қайсы десем, ұлан-ғайыр дүние алдымнан шыға келеді. Өйткені шәкірттерім бар. Соның өзі маған мақтаныш. Соларға бірдеңені үйрете алсам, өзімнің арманым орындалды деп ойлаймын. Қазір шәкірттерім бүкіл қазақтың, Алаштың мақтанышына айналды. Әрине, оларды тәрбиелеудің көзі ғой деп ойлаймын. Сондықтан да «Ақсұңқар» ақындар сыныбы әлі жұмыс істей береді. Өлең өлмегеннен кейін, Абай елінің сөзі өлмейді. Бізде байлық жоқ, бірақ сөз байлығы бар, өнердің байлығы бар. Соларды алға дамытатын, алға бастыратын біз сияқты үлкен қарттары бар адамдар жастардың қаулап өсіп келе жатқанына тәубе етеді.


50b1ded2f91b184c1ebdb175c352528f.jpeg


-   2020 жылы хакімнің 175 жылдық мерейтойын атап өттік. Тойдан не қалды? Не түйдіңіз?

-   Былтыр Абай атамыздың 150 жылдығындай аста-төк той болған жоқ, бірақ ғажайып жұмыстар істелді. Мемлекетіміздің қазіргі басшысы Тоқаев мырзаның, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының пәрменімен біздің Абай ауданында ғажайып жұмыстар істелінді. Сырт Қасқабұлақ деген жер бар. Бұл – Абай атамның туған жері. Былтырдан бері сол жер бұлақтар мөлдіреп ағатын, ел тоқтай алатын жерге айналды. Құнанбай бабамызға мұражай жасалды. Жидебайдың басы бүтіндей еуропалық стандартта өзгертілді. Мұндай жұмыстарды бір жылдың ішінде атқару деген – керемет іс. Пенде болған соң, әрине, пікірлер әрқилы болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде басып қалып, әр нәрсені айта беретіндер көбейді. Мен ақын ретінде, Абай елінің патриоты ретінде айтайын, Абай атамның жасалған шаруасынан кір іздегенше, көмектесуге тырысу керек. Сөге беру – Абай атаңа берген жақсылығың емес. Ел жасаған жақсылықты сен де жаса. Абай – бәрінің рухани әкесі, әкеге бәрі құрмет жасасын. Жасай алмайды екенсің, Абайға тіл тигізбе. Мен өзі жақсылыққа бір кісідей қуанатын адаммын. Абай елі қазір өркендеп, өсіп келе жатыр. Қарауыл бір кездегі кішкентай ауыл болатын, қазір қалаға айналып бара жатыр. Бұл – Мемлекет басшылығының, облыс басшылығының арқасы. Абайға жасайтын жақсылықты әуелі туған жерінен бастайық деп жатыр. Әйтпесе ешкім ақшасын далаға шашып жатқан жоқ. Мен баяғыда әкімнің орынбасары болып тұрған кезде мынадай оқиға, тарихи шындық орын алды. Метте деген неміс жігіті облысымыздың әкімі болды. Сол енді барлық аудандарды қосып, таратып жатты. Сол уақытта Нұрсұлтан Әбішұлының алдына да Абай ауданын да апарған ғой. Абай ауданын Аягөзге қосқысы келген екен. Сонда Нұрекең Меттеге қарап: «Сен Абайды білесің бе?»-депті. Ол кісі: «Иә, білемін»-депті. Сонда Елбасымыз «Әй, сен Абайды білмейсің. Абайды білсең, сен Абайды қысқарту жөніндегі, Аягөзге қосу жөніндегі құжатты маған әкелмес едің»-депті. Қазақта Нұрекең «Абай біреу-ақ, Абайға қызмет жасау – біздің міндетіміз» деген ғой. Сондай Нұрекеңді қалай жамандыққа қиясың?! Қазақтың жүрегі бар, Абайдың жүрегі бар, елге деген құрметі бар. Мен соны мақтаныш қыламын. Әрине, Абайды сақтап қалу – Абайға, Алашқа деген құрмет.


-  Абай ауданы жайлы айта отырсаңыз. Басшылық қызметінде де болдыңыз. Елге аңыз болған білікті басшы Хафиз Матаев жайлы кітап та жаздыңыз. Ол кездегі аудан мен бүгінгі ауданның айырмашылығы қандай? Бүгінгі басшылыққа көңіліңіз тола ма?

-   Абай ауданын әркім басқара алмайды. Оны басқаруға келген адам – бақытты адам әрі оған үлкен міндет, жауапкершілік. Абай ауданында елдің есінде, зердесінде қалған 3-4 адам ғана бар. Соның бірі – Кәрім Нұрыбайұлы деген ағамыз. Ол кісінің халыққа деген қамқорлығы, Абай елін түлету бағытындағы жұмыстары ғажайып болған. 1963-64 жылы Шәкәрім бабамызды тірілту бағытында комиссия құрып, соны іздеген ғой. Бір кішкентай ғана нәрсе, бірақ ғажайып шаруа ғой. Бұл іске ол басын тігіп барды. Содан кейін күні бүгінге дейін ел есінде ұмытылмай келген адам – Ғафиз Матайұлы. Бір ғана ауданға 11 мектеп салып берді. 11 совхозға 11 мәдениет үйін салдырды. Шопандардың барлығына ауыл мен жайлауда моншалар салуғажұмыстанды. Абайдың 125 жылдығын керемет өткізіп, 150 жылдығында басы-қасында жүрді. 1967 жылы Абай ауданынң жастары Мәскеуде өнер көрсетті. Қаламсқас ансамблі бүкіл елге өнер сапарымен барды. Ертерек кетіп қалды. Сол кісі Қаламқасты түлетіп алғанда, Ғафекеңнен кейін үлкен жұмыс істеген адам ретінде көрінді. Киім алып беру, жастарды қолдау, қорғау, оларға бағыт-бағдар беру, олардың өнерін шыңдау бағытында ол кісідей үлкен жұмыс істеген адам әлі жоқ. Ал енді бүгінгі күні, әрине, Қаламқас сол қалпында әлі отыр. Бірақ мынау пендемия деген келді де, былтырдан бері өзінің Абай атасының тойында олар қанатын жазып, сермелей алмады. Алайда олардың барлығы онлайн түрде Абай атасының тойына үлкен дайындықпен керемет концерт жасады. Халық теледидар арқылы көрген шығар, ғажайып дүниелер жасалды. Оның бәрі де сол – ғажап дүние. Қайталап айтамын, біздің жерімізде, «өнер өнген» жерде, өнер өлетін болса, демек елдің өзінің тіршілігі де сол қалпында болмады деген сөз. Келген әкімнің қай-қайсына да айтар ақылымыз сол, біздің байлап отырған, бағып отырған малымыз жоқ. Біздің байлығымыз – тек өнер. Осы өнерді өлтірмеу бағытында жұмыс істеуіміз керек. Сосын, әрине, білім саласына келер болсақ. Ғафекеңнің кезіндегі білім саласы дәл сол кездегідей дәуірлеп тұр деп айта алмаймыз. Ол барлық жерде де солай ғой. Мұғалімге деген қамқорлық, мұғалімге берілетін барша назар болушы еді. 


Ғафекең мен Матаевтың кезіндегідей мұғалімдерге деген қамқорлықты біз көре-біліп отырғанымыз жоқ. Оның барлығы басшылыққа байланысты. Біз әрбір келген әкімдерге, басшылыққа, бәріне айтарымыз, үлгі етеріміз – Кәрім Нұрыбайұлының, Әбіш Матайұлының жолын айтамыз, анығында. Әрине, Абай елі өнерде де, өмірде де кенжелеп отырған жоқ. Қарауылды мен әлгі «күндіз Абай, түнде Дубай» деп беталды айтып жүрген жоқпын. Қазір аудан аудан емес, музей сияқты. Өйткені өткенді оралту керек, дәлірек айтқанда, халықтың зердесіне оралтуымыз керек. Қазіргі ұрпақ не біледі? Біздің өзіміздің де білетініміз шамалы. Біз тек үлкендерден алып қалғанымызды айтып жүрміз. Біз кеткеннен кейін кімге, не береді? Сондықтан да аудан басшыларының назарын аудартып, «Парыз» деген қорымызбен бірталай шаруалар жасап жатырмыз. Мысалы, даңқты батырымыз бір кездегі біз үшін жоңғарлармен соғысқан Тоқтамысқа ескерткіш орнатылады. Абай бабамыздың ескерткіші түгелдей күмістен Тұрсынғазының кезінде жасалды. Көкбай бабамызға ескерткіш жасалып жатыр. Кеңгірбай бабамызға да ескерткіш, Шәкәрім бабамызға да ескерткіш салынды. Бұның бәріне біреулер «осы ескерткіштер неге керек?» деген сөздер айтады. «Ескерткіш болмаса, естен кетеді» деген сөз бар. Біз өткенімізді ұмытсақ, болашағымыз бола ма? Өткенді ұмытпау үшін, халықтың зердесінде қалдыру үшін әлгінің бәрі керек. Алты алаштың бағына айналған Жәнібек Кәрменов деген – менің сыныптасым. Соған да ескерткіш жасадық ауданда. Ертең Жәнібекті де ұмытатын кездер болуы мүмкін ғой. Әмина Өмірзақов – Қазақтың үлкен Халық әртісі. Оның Қарауылда туғанын, Бөкеншінің қызы екенін ешкім біле бермейді. Соған біз ескерткіш орнатып едік, «Әмина апай осында туған екен ғой?»-дейді. Көрдіңіз бе? Бұның бәрі – тарих. Тарихты ұмытпауымыз керек. Тарихқа орала беруіміз керек, орала беруіміз керек. Әрине, болашақты да ұмытпауымыз керек. Болашақтың ісі істеледі, жастар бар. «Мен жастарға сенемін!»-дейді ғой Мағжан. Біз сол жастарға сенеміз. Біздің жолымызды солар жалғастырады деп ойлаймын.


-   Сіз ақындар әулетінен шыққан екенсіз. Бір үйден 2 бірдей Қазақстан жазушылар одағының мүшесі шыққан екен. Мұның сыры қалай? Өнерге ғашық қылған әулетіңіз жайлы, өмірден ерте өткен ағаңыз Мерғали жайлы айтып берсеңіз?

-   Біздің әулеттен екі бірдей Жазушылар Одағының мүшесі шыққаны рас. Менің туған ағам – Мерғали Ыбыраев. Фамилиямыз ғана бөлек болмаса, мен әкемнің атында, ал ол үлкен әкемнің атында тұр. Менің әкемнің аты Жанғали, бірақ халық еркелетіп, Жәміш атап кеткен кісі. Үш ағайынды болған. Үшеуі де ақын болған, үшеуі де домбырада күй шерткен, үшеуі де ән шығарған. Үлкен әкеміз Мырзалы, одан кейін Карол ақсақал. Сосын мына өз әкем аспаптың барлығында ойнаған. Әрі ғажайып ақын болды, ғажайып күйші болды. Ол кісінің күйшілік өнеріне марқұм біздің Жұмекен Нәжімеденов пен Оралхан Бөкей екеуі келіп, әкемнің жанында жатып, Жұмекен ағамыз әкемнің күй шертісін жазып алып кеткен. Әкем ақын болғаннан кейін біз қайда барамыз? Мен әлі де ұмытпаймын. Әкем түнде өлең жазады-ау деймін. Оны таңертең шешеміз оқып береді. Соны конвертпен газет-журналдарға Алматыға жібереді... Содан хат келеді олардан. «Қымбатты Жанғали! Сіздің өлеңіңізді алдық, бірақ көркемдік дәрежесі төмен болғандықтан, баса алмай қалдық»-дейді. Әкем шала бүлініп, әлгі хатты жыртып-жыртып тастайды. Сол кезде біз ұйқымыздан оянып аламыз. Сонда шіркін, «мен де әкем сияқты ақын болсам екен...» деп ойлайтынмын. Бірақ өлеңі шықпайтын ақын емес, осы әкемнің әбден мезі қылған намысы үшін әкемнен де артық, қазақтың ақындарын мойындатар болсам дейтінмін. Тәубә, тәубә деймін қазір. Мерғали мойындатты. Мерғали Ыбыраев деген – үлкен драматург. «Жоғалған өзен» деп аталатын Семей полигонына арналған екі томдық еңбегі шықты. Өлең кітаптары шықты, бірнеше драмалық шығармалары жарық көрді. Бірнеше ән-күйлері ел аузында жүр. Үлкен ақын болды, бірақ 55-ақ жасында өмірден өтіп кетті. Енді бір жалғыз інімізден полигонның кесірінен айырылып қалдық. Қазір 4 қарындасым бар. Бірақ бір нәрсені мақтанышпен айта аламын. Кезіндегі әкемнің түнде ренжігенін көріп, әкемнің жолын ұстап, «шіркін сол қазақтың бір тәуір ақыны болсам ғой...» дейтін арманыма жеттім деп ойлаймын. Бірнеше жыр мүшәйраларының бас жүлдегерімін. Қазақ мойындаған ақындардың бірімін деп есептеймін өзімді. Сол әкемнің арманын орындадым деп ойлаймын.


-   Абайтану үлкен ғылымға айналды. Әр қазақ Абайды тану керек. Абайды тани алып жатырмыз ба?

-   Бірінші Абайды тану бағытында қалай танимын десе де, ғалымдарға да, басқа саланың адамдарына да еркін жол беріліп отыр. Елбасымыз да, Президентіміз де Абай жөнінде «қазақтың бойтұмары» деді ғой. «Соны індету керек, халыққа, ұрпаққа үйрету бағытында жұмыс істелуі керек» деп, міндет қойып отыр. Яғни, ғалымдарға да, басқа сала адамдарына да, кең жол ашылып отыр. Қалай танытамын десең де – өз еркің. Абайды таныту мәселесі ол бір тар шеңберде қалып қоймауы керек. Баланы жастан дейді, ол үлкенді қалай танытамын десең де, таныта бер. Бірақ ана біздің Ғафиз Матайұлы айтатын, Абайды терең түсіну үшін 40 жастан кейін оқу керек деп. Қазір біз танытып жатырмыз, жаттатып жатқанымыздың, Абай оқуларының бәрі – балаларға құр жаттатып қою. Балалар жаттап алар, бірақ Абай ол оймен нені айтты, нені меңзеді, қандай астар бар, ол жағын үйретіп жатқан жоқпыз. Біз Абайды танытуды өлеңдерін жаттаудан бастап жатырмыз. Мектеп жасына бұл лайықты шығар, дегенмен студенттерге аздық етеді. Оның өлеңдерімен, қарасөздерімен, философиясымен шектелсек, оны тани алмаймыз. Абайды тану деген – әуелі оның өмірін тану керек, оның заманын тану керек, оның ортасын тану керек деген сияқты дүниелер. Абайды сол тереңірек, арғы жақтан алу керек сияқты. Мекемтас Мырзахметов деген ағамыз бар, сол кісі «толық адам» жөніндегі үлкен пәлсапасын айтты. Ал енді «толық адамды» оқыту деген сөздің өзі Абай өлеңдерімен ғана «толық адам» болмайды. Оның өмірі, қасиеті, мінезі һәм әрбірден соң, осының бәрі үйретілуі керек. Мына мінездің өзінен керемет дүние шығарып алуға болады. Мен әрине, ғалым емеспін, зерттеуші емеспін. Мен ақын адаммын ғой, бірақ ойлаймын... Абайдың мінезін неге оқытпасқа?! Абайдың жас кезіндегі мінезі бөлек болған, болыс болғандағы мінезі бөлек болған, орта жастағы мінезі бөлек болған, ол да адам ғой. Ақындық – ол бір бөлек, адамшылық қасиеттерін бір бөлек ұрпаққа зерделеп оқытса деген ойым бар менің. Жалпы Абайтану бүгінменен шектелмейді. 


Мен мысалы, осы жолы әйтеуір шуылдап жүріп, нақты келісімге келіп алдық. Абайдың туған жылының өзін біресе былай, біресе былай айттық. Абайды Мұхтар Әуезовтен артық білетін адам жоқ. М. Әуезовтің Абайдың құлыптасының алдында түскен суреті бар. Құлыптаста Абайдың туған жылы мен дүниеден өткен жылы жазылып тұр. Соны көріп отырып, біреу 23 тамыз деп айтты екен деп жүрдік те, ақыры бұған нүкте қойылды. Енді Абай күні деп қойдық. Абай күні дегенді «Абайдың туған күні» деп ұқпауымыз керек сияқты. Абай күні дегеніміз – Абайға бір қайырылудың күні. Ескерткіштің алдына гүл қойып, әншейін бір сол күнді аяқтай салу деген болмайды, меніңше. Жылына бір рет ең болмаса, Абайға бір қайта оралсақ... Әрине, мына пандемия қолымызға бөгет болып жатқан шығар. Абайдың күнінде бүкіл ел болып, Абайды бір қайыра оқығандай, қайта бір сол кісімен қауышқандай, бір күндік үлкен іс-шара атқарылуы керек, бүкілхалықтық болуы керек. Абай күні – мереке бұл. Мұны Президент «Абай күні» деп белгілеп қойды. Яғни, бұған жұмыс істеуіміз керек. Пандемия да бұлай тұра бермес, сол кезде мынаның бәрі тәп-тәуір ғалым адамдардың, басшылардың бәрінің басын қатырып, есте қалатындай, айта жүретіндей күн болуы керек. Және жыл сайын сайын болғанын қалаймын. Бұл да – Абайды ұлықтау, Абайды насихаттау.

- Аға, сұхбатыңызға рақмет! Абай елі гүлденіп, көркейе берсін! 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?