Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елордада «Алаш рухы және Оспан батыр Исламұлы» атты конференция өтті

1639
Елордада «Алаш рухы және Оспан батыр Исламұлы» атты конференция өтті - e-history.kz

Қазақ халқының ғасырлар жүзіндегі ұлт-азаттық күресі тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі – Оспан батыр Исламұлы (1899-1951). Шығыс Түркістанды азат ету жолында басын бәйгеге тігіп, жан-жақтан анталаған саны басым, қару-жарағы мықты хас дұшпандарына қайыспай қарсы тұрып, он жылға жуық уақыт ерлікпен шайқасқан Оспан батырдың ерлік рухы ұмытылмақ емес. Осының айғағындай, мамырдың 15-і күні елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Алаш рухы және Оспан батыр Исламұлы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция Атажұртқа ұлы көш басталуының, сондай-ақ мемлекеттік рәміздер қабылдануының отыз жылдығына орай өткізіліп отыр.

Ұлттық академиялық кітапхана мен Геральдикалық зерттулер орталығы бірлесіп өткізген конференцияға ҚР Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Еркін Әбіл, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, филология, тарих ғылымдарының докторы, түрколог, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, Түркия елінен келген тарихшы ғалым Өмер Кул, жазушы Жәди Шәкен және басқа да ғалымдар, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 

WhatsApp Image 2022-06-16 at 14.25.27 (1).jpeg

Оспан батыр – қазақ халқының азаттығы жолында арпалысқан айбынды арыстарымыздың бірі. Оспан батырдың тарихи ғұмырнамасын зерттеушілер көп болғанымен, бәрі бірдей шындыққа жанаса бермейтіні де рас. Сондықтан, алдағы кезеңде Оспан батырдың шынайы тұлғасын аша түсу – барша кейінгі ұрпаққа сын, - деп атап көрсетті, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы. 

Түркиядан келген тарихшы ғалым Өмер Кул өз сөзінде Оспан батырдың өмір жолы, ерлік-шайқастары туралы докторлық жұмыс жазғанын, осы жұмысты жазу үшін ізденіс барысында Оспан батырдың ірі қайраткер тұлға екендігіне барынша көз жеткізгенін айтып өтті. Түркиялық ғалым да Оспан батырдың тарихи тұлғасын айшықтау жолында әлі де көп іс тындыру керектігіне тоқталды. 

WhatsApp Image 2022-06-16 at 14.25.27.jpeg

Конференцияға қатысушылар арасынан сөз алып, пікір білдірушілер де Оспан батырдың ерлік, өрлік рухы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағының бойынан табылуы тиіс екенін атап көрсете отырып, мынау дүбірге толы дүниеде елдің амандығы, жұрттың тыныштығын сақтаудың маңызды екеніне тоқталды. Арғы батыр бабалар, кешегі Оспан батырлар аңсаған, қол жеткізе алмаған азаттық дәуреннің бүгінгі күні басымызда тұрғанын, осы бір бақты баршамыз бағалай білу керектігі туралы айтылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?