Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Елтаңбасы мен Туы жоқ халықтың елдігі де жоқ...»

2803
«Елтаңбасы мен Туы жоқ халықтың елдігі де жоқ...» - e-history.kz

Биыл Қазақстан Республикасы рәміздерінің отыз жылдығына байланысты, ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы, Еуразия ұлттық университетінің  профессоры Жандарбек Мәлібекұлымен болған шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

- Аға, қысқаша ғана бұл сұхбатымыздың алғашқы сұрағын танымдық тұрғыдан қойсам ба деймін. Сіз сексеннің сеңгіріне келген адамсыз. Сексенде мына дүние қалай көрінеді екен, нені пайымдадыңыз, нені түсіндіңіз? Қазақтың «қария болу бір пара, шал болу бір пара» деген аталы сөзі бар ғой. Осы екеуінің нарқы мен парқы қандай екен?

- Енді бұл сұрағың шын мәнінде өмірлік сұрақ қой. Әр жастың өзінің қызығы мен шыжығы бар, қазақ «алпыс – талтүс» дейді, көбіміз алпысқа келсек бірталай жасқа келдік деп ойлаймыз. Енді мына сөзге қарасаңыз «талтүс» дейді, «орта белге келдің, ақыл-ес жинадың, балалы-шағалы болдың, жақсы мен жаманды ажырататын болдың, ал енді не істемексің» дегенде алпыстағы азаматтың жауабы қандай болу керек дегенге келсек, қайтадан өмірге кірісіп, еліңе, жеріңе еңбек етіп, көрген-білгеніңді үйрету деп жауап берген болар едім. Сексенге келу үшін шын дайындалмадым, уақыт зымырап, білінбей өтіп кетеді екен. Ал енді «дайындалмадым» деген әңгімені неге айтып отырмын дегенде, қария жасына келгенде «көргенің бар, білгенің бар, ал енді не айтасың» деген кезде біз қиналып қалады екенбіз. Себебі, қарияның сөзі – дананың сөзі болуы керек, бірақ, кезіндегі ақсақал, қария сынды тұлғалар мен қазіргі кездегілер мүлде ұқсамайды. Неге десеңіз мәдениет, дүниетаным дегендер араласып кетті, сондықтан да біз бәлендей бір нәрсе ұсына алмадық. Ол үшін біз дайындалуымыз керек екен. Тоқсан жас, жүз жас деп жатады, оған да келіп жатсақ, көрерміз енді. Ең бастысы, өзіңе өзің керексің бе, содан соң бала-шағаңа керексің бе, қоғамға керексің бе дегендерді білу керек. Кейде қоғамға керексіз болып қаласың. Өзіңе өзің керексіз болып қаласың, ондайды «шал» дегеніміз дұрыс шығар. Бірақ, қалай болса да өзінің дәрежесінде шығармашылық жұмыстармен айналысып, еңбек етіп, шығармашылық жұмыстарын ермек етіп отыра алатын болса, соның өзі де үлкен жеңіс деп есептеймін.

IMG_20220603_113056.jpg


- Қателеспесем, 2014 жылы Елтаңбаның 3D үлгідегі жаңа нұсқасы пайда болды. Соны сіздер ресми түрде бекіттіңіздер. Сонда бұрынғысы мен бүгінгі жаңа 3D үлгісінің өзара қандай айырмашылығы бар?

- Көп адамдар маған Елтаңбаны қанша жыл жасап келе жатқанымды сұрайды. Мен оларға отыз жыл бойы жасап келе жатырмын деймін. Белгілемеге сай Елтаңба әр жеті жыл сайын жаңарып отыруы керек. 1992 жылғы алғашқы байқаудағы жұмысымда өзімнің жеке түсінігім бойынша «қошқар мүйізі» сәл кішкене болып қалған сияқты болды. Соны осы жұмыстар барысында сәл үлкейттім. Бірақ құрылымы ешқандай өзгермейді. Ол заңда әлдеқашан бекітіліп қойған. Ал енді жетілдіруге болады. Сөйтіп жетілдіріп, өзгертіп жүріп 2014 жылы толыққанды бекіттік.


- Ендігі сұрағым ту жайында. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков ғой . Шәкен ағаның көзі тірі болмағасын ба, әйтеуір осы кісі қалтарыста көп қала береді. Насихаты кем. Өзіңіз сол кісімен аралас-құралас болдыңыз ба? Осы кісі хақында кең тарқатып айтып берсеңіз?

- Шәкен Ниязбеков деген кісі шын мәнінде қазақтың біртуар азаматы. Біз бірінші рет кездескеннен бастап аға-іні болып араласып кеттік. Ол кісі өмірден озғанша да солай болдық. Ол шын мәнінде өте таза адам, өте талантты кісі. Тудың да қалай жасалғанын толыққанды білемін. Қазіргі туымыз сол кісінің қолынан шыққан, Алматының гербі де сол кісінің қолынан шыққан еді. Ту деген мәселеге жай қарауға келмейді. Елтаңбасы мен Туы жоқ халықтың елдігі де жоқ. Туың мен Елтаңбаң болмаса, Ән-ұраның болмаса ел деп айтылсаң да еш елдік белгің болмайды. Құдайға тәубә, отыз жылдан бері біздің рәміздеріміз өз қызметін атқарып келе жатыр. Бірақ олардың насихатталуы өз деңгейінде емес.

IMG-20220603-WA0010.jpg

- Рәміздердің насихатталуы өз деңгейінде емес дегеннен шығады ғой. Әнұранды айтпағанда Шәкен аға екеулеріңіздің есіміңіз қатар айтылады. Осы кісінің есімінің неге ескерілмейтінін жоғарғы жақтағыларға жеткіздіңіз бе?

- Иә, осы мәселені былтырғы отыз жылдығымыздың бір жиналысында «Тәуелсіздігімізге міне 30 жыл болды, Шәкен Ниязбеков, Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов ағаларымыз осы күнге дейін жасай алмады, бірақ тәуелсіздігімізге қосқан үлесі шексіз. Соларды атап өту ұйымдастырылса, тым болмағанда олардың отбасына ауқымды сый-құрмет қарастырылса» деп айттым. Осы жиында Мәдениет миниистрлігінен қатысқан өкілдер, өзге де өкілетті орындар бұл пікірімді түгелдей дерлік жазып-сызып алды. Нәтижесі биыл болып қалар деп өзім де енді шын ниеттеніп отырмын.

- Әңгімеңізге көп-көп рақмет!

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?