Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алакөл жайлы айтарымыз көп...

11939
Алакөл жайлы айтарымыз көп... - e-history.kz

Алакөл – Қазақстандағы Алматы және Шығыс Қазақстан аумағында орналасқан тұйық көлҚазақстандағы ең ғажайып көлдердің бірі. Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының шегінде орналасқан Алакөл солтүстік шығысында Балқаш-Алакөл ойпатындағы Жетісу (Жоңғар) Алатауының шығыс жоталары мен Тарбағатайдың күнгей жоталарының арасында жатыр. Алакөл – Жетісудың Балқаштан кейінгі үлкен көлі.

Көл орта ғасырларда «Гургенор», кейін «Алактогол», «Алатеңіз», «Алакта» деп те аталған. ХII-ХIХ ғасырларда көл Түрге-Нор (монғолдың көпір-көл), Алақтагөл, Алатеңіз, Алақта болып бірнеше атауға ие болған. Көлдің атауы Ала+көл – «Ұлы көл» деген көне түркі сөзі мен монғол сөзінің бірігуінен алынған деген пікір бар. Қазақшаға аударғанда «Ала көл» деген мағынаны білдіреді. Бір кездегі атауы Итішпес болған екен. Аса тұздылығына орай айтылса керек. Энциклопедияларда «Алақтакөл», «Алатеңіз», «Алақта» сынды атаулары болғаны да айтылады.

Көл ағынсыз, солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Теңіз деңгейінен 247,3 м абсолюттік биіктікте орналасқан. Көлдің аралдарымен қоса есептегендегі аумағы 2696 км2, ұзындығы 104 шақырым, ең шығыңқы ені 52 шақырым, жағалауларының ұзындығы 384 шақырым, орташа тереңдігі 22,1 м, ең терең жері 54 м, көлдің су көлемі 58-60 км3. Су жиналатын алабы 47859 шаршы шақырым. Алакөлдің ең ірі шығанағы – Алакөл шығанағы. Ол көлдің оңтүстік-шығысындағы тау аралық ойыста орналасқан. 

Алакөл аңыздары

Ерте замандарда Алакөл көлінің аңғарында бір бай кісі өмір сүріпті. Оның көп отар қойы, үйіріне сан жетпейтін жылқысы және есепсіз сиыр табындары болыпты. Тағы, әсіресе, байдың сұлу қызы бар екен. Оған көптеген адам құда түссе керек, бірақ бай бәрінің де бетін қайтарады. Міне сонда күллі қалыңдық қалаушылар жан-жақтан ат сабылтып келіп, көлді айнала ақ үй тігіп қоныпты, сөйтіпті де байға сөз салыпты: ол бұлардың арасынан өзіне лайық көрген күйеу баланы таңдасын, әйтпесе ешқайсысы осы қонған орнынан қозғалмайды...

Сонда бай ойланып алыпты да былай депті: кімде-кім бағлан қозының еті піскенше Алакөлді айналып келе алса, соған қызын ұзатып қана қоймаймын, қызымның жасауына өзімнің бар байлығымды қоса беремін!..

Күйеу болғысы келгендер ә дегенде шошып кетсе керек – ет пісірім уақытта осынша үлкен көлді қалай ғана айналып шығу мүмкін болмақ, асылған қозы еті жылдам піседі емес пе. Алайда басқа шара жоқ, көніпті. Жарысқа бір кедей бақташы да түспекке белсенеді. Оның екі жасар құнаны бар еді, жігіт сол желаяғына, соның ұшқырлығына зор сенім артып тәуекелге бел буған-ды. Ал оны бай жақтырмай, жарысқа қатыстырғысы келмеген, бірақ ойласа келе, төрешілер ұлықсат етіпті.

Жарыс басталды. Бағлан қозы бауыздалды. Аспандағы күн көкжиекке еңкейіп барады, ал күйеуліктен үміткерлер әлі көрінбейді. Төрешілер қымыз ішіп, тосып отыр. Ал бай толқи бастайды.

– Ет дайын ба?

– Жоқ! Қазан астына отты енді жақтық, – дейді аспаздар.

Ал өздері қыр жаққа көз салып қояды, өздерінің бақташы досы үшін алаң болады.

Біраз уақыттан кейін бай тағы да:

– Ет дайын ба? – деп сұрады.

Аспаздар оған былай жауап береді:

– Жоқ, етті асып жатырмыз, суы жаңа ғана қайнайды!

Күн батуға бет алды, бай ашулы үнмен аспаздарға:

– Пісе ме, мына ет, жоқ па? – деп айқайлайды.

Сол кезде қырқа үстінде шауып келе жатқан бақташы досын көрген аспаздар қуанышты үнмен:

– Ет пісті! – деп жауап береді.

Бай қызын кедейге ұзатуға, оның үстіне бар байлығының жартысын қоса беруге тура келетіндіктен ашу шақырады. Бірақ амал жоқ, уәдесін бұзбау керек. Ал бақташы разы. Ол байдың сұлу қызын көптен жақсы көретін еді ғой. Тек бір жаманы, бозбаланың бәйгеде зорыққан аты мәреге жете жығылды. Міне, осындай аңыз бар. 

Алакөлдің аққуы

Ертеде елге жау шауып, ел басқыншыларға бағынышты болыпты. Басқыншылар ел ішінде өз тәртібін орнатыпты. Ел жастарының өз тілінде ән айтуына, бір-бірін жақсы көруіне, бір-бірімен достасуына тыйым салыпты, бір-біріне дұшпандық, қастық, зұлымдық қылғандарды қолдапты.

790528_1503866128_1120_561_0.jpg

Күндердің бір күнінде елдің екі жасының бір-біріне достығы, бір-бірін жақсы көретіні, қосылып ән айтып, күй тартып жүргені жауға белгілі болады. Жау екі жасты Алакөлдің түбіндегі биікке шығарып, бірін-бірі жақсы көргені, бірін-бірі жақсы көргенін атасының сөзімен, анасының тілімен жырлап айтып, күймен білдіргені үшін өлтіріпті.

Екі жастың жандары кеуделерінен аққу болып, ән салып ұшып кетіпті. Сонда ойдағы ел мен қырдағы ел жиылып, басынған жауды қырып салыпты, аққуды өлтірмеу туралы өсиет айтыпты. Аққу құстың киесі бар, оны өлтірген адамды аққудың киесі ұратыны туралы өсиетін халық ұрпақтан ұрпаққа жеткізіпті.

Жердің талайын көрген Асанқайғы Алакөл маңына аяқ тірегенде «Тоқта!» деген екен. Бүгінде ел көненің көзіндей болған Тоқта тауының тарихын солай өрбітеді. Атының тізгінін тартып, айналасына көз салған кемеңгер: «Жер-ақ екен шіркін, бірақ ұрыс исі шығып тұр» деп мұңайыпты. Күншығыстан ақтарыла төгілген жау Жоңғар қақпасынан шыға бере осы жақты беттеген деседі. Жараланған батырлар да көлге түсіп, сауығып қайтады екен. Тегінде көлге құятын өзендердің бірі Емілді Арқаның қақпасы депті Қадырғали бек. Кезінде Құранын қолынан тастамаған мұхит атасы атанған Жакив Кусто Алакөлді қақ жарған ақ жолақты байқап, қасиет тұнған деп таңдай қағыпты деседі. 

Көл суының кереметі 

Алакөл – емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Көлге 15-тен аса өзен құяды, олардың негізгілері: Үржар (Ұрыжар), Қатынсу, Емел, Жаманөткел, Ырғайлы, Жаманты өзендері. Мұндағы Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып жағасындағы адамға жағымды әсер береді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген. Бір замандарда Жібек жолының керуендері де көл жағасын басып өткендіктен, оның суы мен ауасы ұзақ жолдан науқас меңдеген адамдардың денсаулығын құр аттай қылып, емдеп жіберетіндігі ерте кезден байқалған.

Көлге шомылған адамның жаны мен тәні тазарады. Жұмсақ суы тері ауруларын жақсы емдейді, ал құрғақ тұзды ауасы, өкпе аурулары кезінде көмектеседі. Сонымен қатар, оның балшықтары да жоғары бағаланады. Ол тірек-қимыл, жүрек-тамыр және жүйке жүйелеріне жағымды әсер етеді. Бізге дейін жеткен мәліметтер бойынша, Шыңғыс хан, кейіннен Қабанбай батыр жараланған жауынгерлерін Алакөлге емделуге жіберіп отырған. Демалушылардың көбі Алакөлге шипа іздеп келетіні сондықтан. Нақтырақ айтқанда көл суы радикулит, артрит, тері ауруларына шипа болып, адам денсаулығына жағымды әсерін тигізеді.

Совет кезінде Алакөлде Ғарышкерлер үйі жұмыс істеді. Онда тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, басқа капиталистік алпауыт елдердің де көктен оралған ұшқыштары бойындағы радиациядан осы көлде демалу арқылы арылатын. Көл жағасы құстар мен өсімдік дүниесіне бай. Алакөл фитопланктоны құрамында балдырдың 58 түрі, зоопланктонның 80 түрі бар. Балыққа бай (алабұға, шармай, көксерке, көкбас, сазан т.б.). Аққу, қаз, үйрек, балықшы, бірқазан т.б. құстар, қамыс арасында теңбіл мысық, өзен сағаларында ондатр кездеседі. Жағалауы – шабындық және жайылым.

Алакөлдің суы теңіздікіндей тұзды. Құрамы жағынан натрий хлоридті және натрий хлоридті-сулдьфатты суды Қара теңіздің суымен салыстыруға болады. Акватория бойынша судың минералдануы 1,2 ден 11,6 г/л ға дейін тербеледі. Алакөл ойпаты ылғал жеткіліксіз аймаққа жатады және тамаша климактологиялық курорт. Алакөлдегі шомылу маусымы маусымның ортасында ашылады. Ғажайып жағалау – шипалы қара малта тастар. Көлдің түбі малта тасты (галечниковый) жағалаудың кейбір тұстары (илистый), жағалауды күн қызуынан жылу алған майда қиыршық тастар жапқан. Қасиетті суынан басқа мұнда күкіртсутекті балшық және даланың минералды тұздармен қаныққан таза, құрғақ ауасы бар.

Алакөл жағалауы, негізінен төрттік дәуірдің түрлі тау жыныстарынан (саз балшық, құмды топырақ, қиыршық тас, ұсақ құм) тұрады. Көл суының қатуы әрқалай. Тайыз бөлігі қараша айының аяғында, орта тұсы ақпанның басында тегіс қатады. Мұзқұрсау 2 айға дейін созылады. Алакөл суында фтор мен бром көп. Көл жағасында қамыс, қияқ, қоға, шалаң, су қарақұмығы, жебежапырақ, мүйізжапырақ, тағы басқа өседі.

Alakol_and_Sasykkol.jpg

Судың түсі расында да түрлі-түспен құбылып жатады: бірде таңғы тұнық ауада көгілдір болса, күн ұясына батар мезгілде көкшіл тартады. Кешкі қызарып батқан күннің сұлу шапағы, күні бойғы жарқыраған күн және судың шипалы қасиеті мұнда келуші туристерді жылдан-жылға көптеп тартып отыр. 

Алакөл қорығының хал-ахуалы 

Тентек сағасының табиғатын және Алакөл аралдарындағы сирек кездесетін жануарларды сақтап қалу мақсатында Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы ұйымдастырылған. Алматы облысының Алакөл және Шығыс Қазақстан облысының Үржар аудандарында орналасқан. Аумағы 65672 га. Қорықтың аумағы 12 телімге бөлінген.

Қорықта өте сирек кездесетін реликті шағаланың ұя салып, балапан өрбітетінін қазақ орнитологы Ернар Әуезов 1968-69 жылдары жүргізген ғылыми жұмыстары кезінде анықтады. Ол он жыл қатарынан құрамында болған экспедицияның зерттеуінің нәтижесінде шағын ғана шағаланың бүкіл тіршілігін ғажап ғылыми-әдеби тілмен оқырмандарына ұсына білді. Бір қызығы осы жұдырықтай сұлу шағала әлемде екі жерде ғана мекен етеді екен. Бұл да Алакөлдің бір қасиеті. Алакөлдің ең ғажап құсы да осы реликті шағала.

Қорық аумағындағы аралдар құстардың топталып ұя салуына өте қолайлы. Сондықтан да қорықты нағыз «құс базары» деп атауға болады. Қорық жануарлар дүниесіне өте бай. Мұнда балықтардың 17, қосмекенділердің 2, бауырымен жорғалаушылардың 14, құстардың 324 және сүтқоректілердің 33 түрі кездеседі. Омыртқасыздардан инеліктердің 34 түрі бар. Құстардың 16 түрі (бұйра бірқазан, қалбағай, қара дегелек, безгелдек, дуадақ, үкі, т.б.) және балқаш алабұғасы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Өсімдік жамылғысына да бай (өсімдіктің 286 түрі өседі). Қорықта жеті тақырыптық жоба бойынша ғылыми-зерттеулер жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ «Табиғат жылнамасы» жазылады. «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді, шағын дендрарий ұйымдастырылған. Қорық шекарасында ұзындығыы 2 км болатын қорғаныш белдем салынған. 2004 жылдан Қазақстан Республиканың Үкіметі мен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің біріккен ұзақ мерзімге арналған жобасы қолға алынды. Алакөл қорығының туризмді дамытудағы маңызы зор. 

Махаббат мекені 

Алакөл өте келбетті, табиғи рельефі сұлу қазаншұқырға жатады. Оған батыс жағалауындағы Тоқта тауы, шығысындағы Барлық жотасы, түстік шығысындағы Жоңғар Алатауы, сол жағындағы мұнартқан Тарбағатай жотасы, сондай-ақ, жергілікті жұрт «Арал төбе» атайтын ортасындағы аралдар айрықша әр береді.

Алакөл – махаббат мүйісі. Отау көтерген ауыл жастары Алакөл жағасында сейіл құрады. Ұлы теңізден бата сұрайды. Алакөл де ақжарма толқындарымен ақ жол тілегендей күн ұясына қонар қызыл іңірде ақырын тербеледі. 

Алакөл жайлы ақындар жыры 

Бір кездері қазақтың көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділовтерді әдебиетке баулыған, әйгілі «Қылмысты» жазған Қажығұмар Шабданұлымен дос болған Жабайыл Бейсенов, сондай-ақ Айжарық Абылқасымов сынды әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс жергілікті ақындар Алакөлдің сұлулығына тамсанып, талай жыр жазды.

«Тұнықта тұнық бар ма екен-ау тұнығыңдай,

Шарқ ұрған шағалаң да бір ұлыңдай.

Бір сілкіп бұрқыратып Аралтөбе,

Арқаңа тастай салған бұрымыңдай», – дейді Айжарық ақын.

Жыр демекші, дарынды жас Естай Әлекеевтің сөзіне жазылған мынадай бір ән бар екен:

«Алакөл тамсанамын келбетіңе,

Өзіңдей жер бар ма екен жер бетінде.

Қабанбай бабамыздың рухы болып,

Толқының толқып жатыр тербетіле...»

Мұны «Айтұмар» атты екі қыздан құралған топ нақышына келтіріп орындап жүр.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы. 1-том. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2001.

2. Анаш Д. Алтайдан Алакөлге дейін... – Өскемен, 2018.

3. Алакөл туралы мәлімет. // https://faktiler.kz/alakol-turaly-malimet/

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?