Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

31-мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

2783
31-мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні - e-history.kz

31-мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1997 жылы 31 мамырды «Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп белгілеп, жарлыққа қол қойған. 1997 жылы «Арқа ажары» газетінде:

«Осы жиырмасыншы ғасырдың өзінде ғана халқымыздың, еліміздің өмірінде не бір қасиетті де зұлматты оқиғалар болды. Оларды еске алмау, зердеден жою, тарихты тағылым таразысына түсірмей, бастан кешкен мен өткен күндерді ой елегінен өткізбеу – кешірілмес кемшілік қана емес, болашақ алдындағы сорақы жауапсыздық. Демек, Елбасының арнайы Жарлығымен 1997 жыл – «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялануы – тарихи  оқиғалар мен өткен өзгерістерге барынша жаңаша көзқараспен қарап, оған бүгінгі  заман тұрғысынан юаға беру үрдісі болып табылады.

Осыдан алпыс-жетпіс жыл бұрынғы халықтың жанына түскен жара әлі жазылған жоқ. Әріге бармай-ақ, XX ғасырдың ішінде большевиктер билік етіп, кеңестер құрған өкімет кезеңдерін алып қарасақ, халқымызғапен қара түнек қуғын-сүргіндер тым ересен еді. 1921-1922 жылдарғы жасанды ашаршылық, 20-жылдардың соңындағы бай кұлақтарды, дәулетті шаруаларды кәмпескілеу, мылтықтың күшімен жаппай күштеп ұжымдастыру, 1931-1933 жылдардағы Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығы, 1937-38 жылдардағы халықтың қаймағы, болған біртуар ұл-қыздарына істелген зұлмат-зобалаң, Ұлы Отан соғысынан кейін еліне оралған азаматтардың жазықсыз жапа шегушілігі, 50 жылдардың басында қазақ зиялыларын қуғындау, тың игеру жылдарындағы қазақ кадрларын шеттетіп, өктемдік жасаушылық, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды жазалау саясаты - міне, осының бәрі адамдардың жанын күйзелтіп қана қоймай, сол зобалаң оқиғаларға мемлекеттік, қоғамдық тұрғыдан əділ де парасатты баға берілуі тиіс болатын. Ол мақсатымыз орындалу үстінде.

Еске алу күні, еске алу жылы бізге не үшін керек? Бұл маңызды шара өткендердің былықшылықтарын қайта-қайта қопсыту үшін емес, қоғамды зұлмат зобалаңдарға ұшыратқан әлеуметтік өшпенділік, жаппай құлақ кестілік және таптық жікшілдік сияқты сұмпайы құбылыстардың жымысқы мінез-құлықтарын жан-жақты тани түсу үшін, болашақта қайта алданып, ондайларға қайта арбалып қалмау үшін өткіземіз.

Біздіңше, тоталитаризм құрбандарын еске алу жылы жаппай демократиялық ағару жылына айналса құба-құп. Бұл біздің реформаны жетілдіріп, дағдарыстан шығуды жеделдету үшін өте – мөте қажет. Тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық егемендігі, қазіргі және өткен ұрпақтар тағдыры, халықтың мұраттары мен мүдделері еске алу жылын ұлттық жарасымдылық, достық - игілік ауқымында өткізуге аса ықыласты.Татулық бар жерде тәуелсіздік тұғырлы. Тәуелсіздік тұрақты болса, еңсеміз биік, ертеңіміз,  мәнді де жарқын болмақ.» - деп еске алу күнінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Ал «Егемен Қазақстан» газетінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні жайында:

Ардақты ағайын! Елімізде тұңғыш рет Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып отыр. Баршамыз азаматтық парызымызды өтеп, тоталитарлық жұйенің жендеттері жазықсыздан-жазықсыз  қуғынға ұшыратып, қатыгездікпен жазаланған отандастарымыздың  рухы алдында аза тұтып, басымызды иеміз. 20-жылдары басталған «Қызыл қудалау» науқаны 30-шы, 40-шы жылдары, содан кейін 50-ші жылдардың басында күллі елімізге сел болып жайылып, қанды көбік шашты. Мархаббаттылықты желеу етіп ұлы мұраттарды уағыздаған болып көлгірсіген қара ниет жүгенсіздік миллиондаған адамадардың жанын қиды, көз жасын төккізіп, қасірет шеккізді.

1954 жылы ел басшылығы үшін жасалған айрықша баяндамаға сүйенсек, революцияға қарсы қызмет дегенді білдіретін 58-бап бойынша Кеңес одағында сотталғандардың жалпы саны үш миллион жеті жүз жетпіс мыңнан астам адам екен.  Алты жүз қырық екі мың тоғыз жүз сексен адам атылған. 25 жыл бас бостандығынан айыруға екі миллион үш жүз алпыс тоғыз адам сотталған.

Тарихшы Рой Медведевтің деректері бойынша, 1927 жылдан бастап 1953 жылға дейін елімізде 40 миллион адам қуғын сүргінге ұшыраған. Қазақстанда 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам атылған. Халыққа қарсы жасалған қылмыстың басқа да айғақтарын келтірейін: қазақтардың 42 проценті аштықтан қырылып, миллионнан аса адам ауып кетті. Ал, біздің елге бір миллион 209 мың адам жер аударылды. Осының барлығының нәтижесінде қазақтар өзінің туған топырағында аз ұлтқа айналды.

Халқымыздың аяулы перзенттері Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Ораз Жандосовтың, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтың, Санжар Асфендияровтың, Халел және Жанша Досмұхамбетовтердің, аса көрнекті мемлекет қайраткерлері Т. Рысқұловтың, Л. Мирзоянның, О. Исаевтың, В. Ивановтың, Н. Нұрпейісовтың, Т. Жүргеновтың, М. Масаншының, А. Розыбакиевтің, Ұ. Құлымбетовтың, сан алуан ұлт өкілдерінің сан мыңдаған басқа да өзімізге мәлім және беймәлім жандардың өмірі дәл осы үрейлі жылдары қиылды.

Дәл сол жылдары Қазақстанға корейлер, поляктар, немістер, қалмақтар, курдтер, чешендер, ингуштар, қырым татарлары және басқа көптеген халықтар айдауылдың алдына түсіп, өздеріне бейтаныс жерлерге, соның ішінде Қазақстанға жер аударылды. Республика тұрғындары амалсыз қоныс аударушыларға хал-қадерінше көмек көрсетіп, басындағы баспанасымен, киер киімі, ішер асымен бөлісті. Бірақ бір сәтте туған жерінен айрылып, аңыраған адамдардың қайғысын кім сейілте алар еді! Бүкіл Одақтан Қазақстанға саяси тұтқындар тиеген эшелондардың лек-легімен ағылатын жылдары да осы кез. Кейіннен солардың көпшілігі «Карлагта», «Степлагта», «Песчанлагта», АЛЖИР-де және ГУЛАГ-тың басқа да лагерлерінде із-түзсіз жоқ болды. Тоталитаризм қапасында өмірі қиылған жандардың, сондай-ақ бастан кешкен қасіреті өле-өлгенше санасында жаңғырып, сол қорқынышты шындықты бізге жеткізген, азап көрсе де, аман қалу бақытына ие болған жандардың қай-қайсысы да біз үшін ерекше қымбат, айрықша қастерлі. Олар ұрпақ санасында мәңгі өмір сүреді. 

Қымбатты отандастарым! Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні тарихтың біз бастан кешкен тар жол - тайғақ кешуі айрықша айқын көрінеді. Бұдан көзі тірі барша адам тиісті тұжырым жасап, өмірде ұстанар жолымыздың мейлінше парасатты, пәтуалы бағытын дұрыс таңдап алуға парыздар. Өткендегі зұлматтың қайталанбауы үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуге біз міндеттіміз. Бұл үшін жеңіп алған жетістіктерімізді, яғни еншімізге тиген егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді, нақты жариялылық пен қоғамның ашықтығын, енді-енді еңсе көтере бастаған демократияны және өзіміздің азаматтық құқықтарымызды көздің қарашығындай сақтай білуге бәріміз тиістіміз. Тек сонда ғана қандай болмасын әлеуметтік әулекілік пен озбыршылықтың жолын кесе аламыз. Демократия негіздерін нығайту әрқайсымыздың өз ойымыздың болуына, көп нәрсе жайлы пікір таластыруға, көп нәрседе бір-бірімізге келіспеуге мүмкіндік береді. Қазақстанды экономикасы қуатты, гүлденген мемлекет күйінде көру - бәріміздің басымызды қосып отырған ортақ мақсат.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қыруар нәрсе істелді. Ең бастысы - құрылымдық экономикалық өзгерістердің шырқау шегінен өттік. Елімізде жекешелендіру аяқталып келеді. Табиғи монополиялардың құрылымына өзгерістер енгізілуде және ірі кәсіпорындарды бірлескен және шетелдік басқаруға беру ойдағыдай өтіп жатыр. Қазақстанға шетелдік инвестициялардың түсуі кеңейіп келеді. Түрғын үй - коммуналдық, зейнеткерлік және салық жүйелерін реформалау жалғастырылуда. Кейбіреулер үшін елеусіз болса да, біздің жетістіктеріміз риясыз сарапшылардың реформалардың қазақстандық нұсқасы тиімді екені туралы айтуына мүмкіндік береді.

Әйтсе де қазақстандықтар өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарын бұрынғысынша айқын сезініп отыр. Мұндай қиындықтарды кеңес дәуірінен кейінгі барлық мемлекеттердің азаматтары бастан кешуде деп сенімді түрде айта аламын. Жақын келешекте біз бірінші кезектегі проблемаларды: халықтың тұрмыс дәрежесін көтеру, жалақы мен зейнетақы төлеу жөніндегі берешекті өтеу, экономиканы көтеру үшін және болашақта экономикалық өсудің тұрақты қарқынына қол жеткізу үшін нақты алғышарттар жасау тәрізді бірқатар проблемаларды шешуіміз керек.

Біз қоғамды топтастыруымыз, барлық қазақстандықтардың күш-жігерін жұмылдыруымыз қажет. Елдің барлық саяси күштерінің келелі пікір алысуы мен ынтымақтастығы, Қазақстан халықтарының ауызбірлігі, азаматтық татулық пен ұлтаралық тұрақтылық қана бізге бүгінгі қиындықтарды еркін еңсеріп, ертеңгі қүнді абыроймен қарсы алуға мүмкіндік береріне сенімім кәміл. Біз сонда ғана өткен ұрпақтардың зая кеткен өмірі мен нақақ төгілген қанынан дұрыс қорытынды шығара аламыз. Сонда ғана қолымызға тарихтың өзі ұстатып отырған Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, өмірдегі оң өзгерістерді түбегейлі нәтижеге жеткізе аламыз. Осы күнге жете алмай, зорлық пен зомбылық көріп, көздерін жұмған аталарымыз бен аналарымыздың, ағаларымыз бен апаларымыздың жандары жанатта болғай! Келешек күндеріміздің бәрі жарық, бәрі жақсылық болғай!» - деп Қазақстан азаматтарына үндеді.

1997 жылғы «Казахстанская правда» газетінде:

«В адрес Президента Нурсултана Назарбаева от руководителей Белорусских ассоциации жертв политических репрессий поступило письмо, в котором говорится, что члены ассоциации с большим удовлетворением узнали об объявлении в Казахстане 1997 года Годом общенационального согласия и жертв политических репрессий.

В письме от имени всех членов ассоциации выражается огромная благодарность главе нашего государства за этот его важный гражданский и политический акт, за память о тех, кто был расстрелян без суда и следствия, замучен в ГУЛАГe, умер в спецпоселениях. Благодарность за тех обездоленных, у кого не была отнята жизнь, кто не был выслан, но был лишен доброго имени, имущества, крова, средств к существованию, негласно ограничен в гражданских правах — как член семьи «врага народа», кого родственники и знакомые боялись как чумы, поскольку общение с ним было опасно.

Вместе с благодарностью Н. Назарбаеву высказываются самые наилучшие пожелания.»,-деп, елбасымыз Н. Назарбаевқа жазықсыз құрбандарды еске алу күні үшін алғыс айтылады.

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қазақ халқының өткенін жадына сақтап, қаза тапқан батырларды еске алуға және өз тәуелсіздігін бағалауға көмектеседі.


Материалды әзірлеген: Сания Бекбасынова

                                                                                                                                                                                                                 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?