Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлімханнан Әлиханға дейін: Қарағандыда «Арқа арыстары» атты пресс-тур өтті

2651
Әлімханнан Әлиханға дейін: Қарағандыда «Арқа арыстары» атты пресс-тур өтті - e-history.kz

Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен және Бекзат Болатұлы мен Зарина Әшірбек сынды азаматтардың ұйымдастыруымен «Арқа арыстары» атты пресс-тур өтті. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің әр аймағынан келген журналистер мен белсенді жастар қатысты. Игі шара Қарағанды қаласында жерленген Әлімхан Ермековтың зиратынан басталып, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған жері Ақтоғай ауданында түйінделді. Пресс-тур қонақтары Әлімхан Ермековтың мәңгілік дамыл тапқан жерінен Ұлт көсемінің ата-бабасы жатқан Талдыбейіт қорымына дейін саяхат жазап, бабалар рухын сезінді.

Мамырдың 30 күні түс ауа еліміздің әр аймағынан келген жастар Әлімхан Ермековтың Қарағанды қаласындағы зиратына барып, Алаш арысына тәу етті. «Дала академигі» атанған өлкетанушы Тұңғышбай Мұхан Әлімхан Әбеуұлы туралы жастарға тағылымды ойын айтып, тарихтан сыр шертті. Өлкетанушы «Алаштың бегзадасы» жерленген жерде Әлімхан Ермеков туралы жастар біле бермейтін естелік айтты.

 

Әлімхан Ермековтың зиратын ауыстыру керек пе?

 

«Әлімханның үлкен атасы Ермек дәулетті әрі оқыған, білімді кісі болған екен. Нақтырақ айтсам ол орыс және француз тілін білген. Темірші болысында болыс болған азамат Құнанбаймен өте жақын дос болған. Құнанбай 1848-1849 жылдары Қарқаралыда алғашқы мұсылман мешітінің құрылысын бастаған кезде оның оқу-құрал жабдықтарын дайындауды Ермек қажыға тапсырған. Сондай-ақ 1870 жылы екеуі Мекке Мәдинаға қажылыққа барып, 1874 жылы Ермек қажы Мәдинада кенеттен ауырып, қайтыс болып, сонда жерленген.

Ермек қажының баласы Әбеу де болыс болып, Құнанбайдың баласы Абаймен дос болған. 1904 жылы Мағауия қайтыс болғанда Қарауылға Әбеу арнайы көңіл айтуға барып, Абайдың сыртқаттанып жатқанын көріп, ол қайтыс болғанда жерлеп қайтқан. Бұл енді Абай мен Әбеудің жолдастығы болса керек. Ал енді Әлімхан Абайдың баласы Тұрағұлмен жолдас болған. Әлекеңнің баласының аты Мағауия деп тектен тек қойылмаған. Әлімхан жолдасы Рахия екеуі Абайдың ауылында қонақтап жатқанда тұңғыш баласы Мағауия дүниеге келеді. Сол кезде Тұрағұл «Баланың аты Тұрағұл болсын» деп өзінің ағасының атын қойған. Әлекеңнің профессор баласының құжатында туған жері «Абай ауданы, Қарауыл селосы» деп жазылған екен.

WhatsApp Image 2022-05-31 at 14.54.46 (3).jpeg

Әлімханға қатысты қызықты естеліктер көп. Мен соның бір-екеуін ғана айтып берейін. Ауылдан Қарқаралыға оқуға барғанда Әбеу ақсақал Әлімханды орыс мектебіне береді. Орыс мұғалім сыныпқа кіріп, оқушыларды түгендеп жатқанда жаңадан келген Әлімханға орыс тілінде «Сенің фамилияң кім?» деп сұрайды. Бала Әлімхан ұстазының сөзіне түсінбей мұғалімнің айтқан сөзін өзіне айна қатесіз айтып береді. Оның әрекетіне мұғалім ашуланып ұрысқанда Әлімхан сол сөзді ұстазының өзіне айтып береді. Ең аяғында ұстазы «Кластан шығып кет» деп ұрысқанда оқушы бала тағы сол сөзді мұғалімге қайталап айтады. Осыдан кейін әбден намыстанған Әлімхан өзі жатқан қазақтың үйінен ауысып, орыстың үйіне көшіп барады. Ол жерде орыс тілін жетік үйреніп, бастауыш сыныпты үздік бітіргеннен кейін Семейдегі ерлер гимназиясына түседі. Аталған оқу орнында да Әлімхан сабақты жақсы оқиды. Алайда саяси қозғалыстарға жасырын қатысып, стипендиядан қағылып қалады.

Әлімхан Ермеков гимназияда оқып жүргенде Марков деген үлкен бастық баласын мұғалім жалдап оқытады екен. Мектеп директорынан күнара баласын оқыту үшін мұғалімді сұрап алады екен. Осыған мезі болған директор үлкен бастыққа «Осында бір озат оқушымыз бар. Сол баланы үйіңізге жатқызып, ақысын төлеңіз. Ол бала сіздің балаңызға сабақ үйретеді» дейді. Осыған келісіп орыс бастық Әлекеңді үйіне жатқызады. Бір күні үлкен бастықтың үйіне одан да лауазымы жоғары басшылар келеді. Олар орыс баласына сабақ үйретіп отырған Әлекеңді көреді де «Бұратана халықтан мынадай білімді бала шығады екен-ау» деп таңғалады.

WhatsApp Image 2022-05-31 at 14.54.46 (1).jpeg

Әлекең гимназияда оқып жүргенде әкесі қайтыс болып, тұрмыс жағдайы қиындайды. Сол кезде бір полковниктің қыздарын латын тілі мен математикадан сабақ беріп, ақша тауып, жинайды. Әлімхан көктемде демалысқа шыққан кезде Әмірхан деген ағасы келіп, оны ауылға алып кетеді. Ауылға барса көп жылқысы жұттан қырылып қалған екен. Сонда ол өзі студент болып жүріп жинаған ақшасына екі жылқы сатып әпереді. Осындай қиындықпен гимназияны алтын белгіге бітіреді.

Одан кейін Петербургтің Орман институты мен Том университетіне қабылданады. Ол кездегі ереже бойынша гимназияны алтынға бітірген адам конкурссыз университетке қабылданады екен. Алайда Әлекеңнің Петербургтағы Орман институтына барып оқуға қаржылық мүмкіндігі болмай Том университетінде білім алуға мәжбүр болады. Том университетінде оқып жүргенде ірі саяси қайраткерлермен таныса бастайды. Ең бастысы аталған оқу орнынан ауылға демалысқа келгенде барлық баланы жиып алып, сабақ үйретеді екен. Тіпті олардың ішінде Сұлтанмахмұт Торайғыровқа сабақ берген. Ақын «Мен Әлімханнан сабақ қана үйреніп қана қойған жоқпын, сонымен қатар оның арқасында көзқарасым қалыптасты. Менің Алашордаға өтуіме Әлекеңнің берген тәрбиесі әсер етті» деген екен.

WhatsApp Image 2022-05-31 at 14.54.44.jpeg

Гимназияда оқып жүргенде Потанинмен кездесіп, 1913 жылы оны Ақтоғай жеріне алып келеді. Потанин үш ай Тоқырауында жатып, Балабатыр Аяпберген деген ақсақалдан 27 аңыз-әңгімелерді жазып алады. Әлімхан қадірлі қонағын өзінің Былқылдақ деген жайлауында күтеді. Былқылдақ демекші Темірбек Жүргеновтың әйелі Дәмеш Әлімханның әйелі Рахияның туған апасы болып келеді. Темірбекті қуғындаған кезде большевиктер «Оның төңірегінде кімдер бар?» деп іздеген ғой. Сондай-ақ Нұржанов деген азамат Шығыс Қазақстан облысындағы бір ауданда бірінші хатшы екен. Ал Нұржанов пен Темірбек Жүргенов бажа екен. Сонда Нұржановтың үйінен Темірбектің үйіндегі жастықтың тысындай материал тапқан ғой. Осыдан кейін «Сен екеуің байланыстың» деп Нұржановты партиядан шығарып, 10 жылға соттап жіберген.

Әлімхан Ермековтен бұрын яғни 1895 жылы Потанинге Путербургта оқыған Дінмұхамед Сұлтанғазин деген азамат тілші болған екен. Дінмұхамед деген Бөкейханның Сұлтанғазы деген баласының ұрпағы. Әлихан Бөкейхан Петербургта 1890 жылдары оқыса, ал Дінмұхамед аталған университеттің шығыстану мамандағына 1891 жылы оқуға түскен. Сонда төрт жыл бірге болған. Енді олардың араласқан, араласпағаны беймәлім. Алайда Дінмұхамед мықты түркітанушы ғалым болған. Өкінішке қарай ол 1917 жылы Бакуде белгісіз жағдайда қайтыс болады.

Әлімхан Ермеков Потанинді туған жеріне алып келіп, аңыз әңгімелерді жаздырып алған. Осыдан кейін Потанин «Тоқырауын өзеніндегі сапарда» деген кітап жазған», – деді өлкетанушы.

Тұңғышбай Мұхан Әлімхан Ермеков пен оның әйелі Рахия жерленген жерде Алаш арысының тарихына қатысты біраз естелік айтты. 1970 жылға дейін Қарағанды қаласында өмір сүрген қайраткердің ауыр тағдыры жастарды ерекше әсерге бөлеп, үнсіз ойландырып тастады. Оның үстіне жастарды Әлімхан Ермековтей тұлғаның христиан дін өкілдерімен қатар жерленгені ойландырса керек. Осыны ескерген азаматттар Алаш арысын бөлек зиратқа жерлеуді ойластырып жатыр екен. Әйтсе де оған Тұңғышбай Мұхан «Әруақты мазаламай, өз орнында жата бергені жөн» деп пікір айтты. Расында Әлімхан Ермековты жатқан жерінен қозғап қажеті жоқ шығар...

Әлімхан Ермековтың зиратынан кейін жастар Долинка кентіндегі «ҚарЛаг» мұражайына барып, қуғын-сүргін көрген қайраткерлердің өмірімен етене танысты. Мұражай қызметкері өткен ғасырдағы зобалаңды шынайы баяндап, келушілердің көзіне жаз үйірді.

 

Қарағанды қаласынан Ақтоғай ауданына сапар 

Мамырдың 31 күні түнгі сағат 03:00-де үлкен автобуспен Қарағанды қаласынан Ақтоғай ауданына шықтық. Бес сағат дегенде әзер дегенде аудан орталығына жетіп, одан әрі басқа көлікке отырып, Әлихан Бөкейханның ата-бабасы жерленген Талдыбейіт пен ұлт көсемі туған Желтау қыстағына жеттік. Өлкетанушы Тұңғышбай Мұхан Ұлт көсемінің туған жері туралы жастарға қызықты тарихи естеліктерін айтып берді.

«Әлихан Бөкейхан «Ата-бабаларыма топырақ бір-ақ жерден бұйырсын» деп әрі өзі де «Мағанда осы жерден екі кез топырақ бұйырсын» деп Талдыбейітті салғызған екен. Бейіт кірпішінің құрамы өте өзгеше. Осы жерде өсетін ши мен қамысты майдалап турап және қиыршық тастарды қосып кірпіш жасаған екен. Арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де кірпіш мүжілмей, сақталып тұр.

Бұл жерге ең бірінші 1901 жылы Әлекеңнің әкесі Мұхан төре жерленген. 1905 жылы Әлекеңнің 25 жастағы інісі Тәттіхан жерленген. Тәттіхан болашағынан зор үміт күттірген талантты інісі болған екен. Сол жылы Әлихан Бразилияда өсетін сәмбі деген ағаштың екі көшетін алып келіп, отырғызған. Бұл жер әу баста төре бейіті, кейін талдыбейіт деп аталған екен. Ал қазір мұны Атақорым деп атайды.   

WhatsApp Image 2022-05-31 at 14.54.49.jpeg

1913 жылы үлкен әкесі Мырзатай 93 жасында қайтыс болып, осында жерленген. Одан кейін 1918 жылы анасы Бегім ханым қайтыс болған. Осында араб, шағатай тілінде жазылған бес құлыптас тұр. Ең бірінші тұрған Тәттіханға, одан кейінгі Мырзатайға, үшінші Нұрмұхамедке орнатылған құлыптас. Нұрмұхамедке орнатылған құлыптаста «Шыңғысхан әулеті, Бөкейхан рухы, Сұлтан Мырзатай баласы Нұрмұхамед 1838 жылы туылып, 1901 жылы 1 сәуірде һижра жылы бойынша 1318 жылы пәниден бақиға сапар қылды. Тау Желтау, өзен Жіңішке. Ескерткіш орнатқан Әлихан мен Смахан» деп жазылған.

Бес құлыптастың ең соңында тұрған Бегім ханымға орнатылған ескерткіш. Дала заңы бойынша Бегім ханымды аталарынан бөлек жерге жерлеген екен.

Ал мынау беті бұжыр-бұжыр тасты 1960 жылы Смахан төре қойғызған. Ол таста «Қыр баласы, ел ағасы, Жел жағында қаласы, ық жағында панасы, Әлиханды ұмыта ма, қазақтың бар баласы» деп жазылған. Осы құлыптасты 1962 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы осындағы егінді аралап келе жатқанда оқып, «Мынау буржуазияны насихаттайтын тас. Сондықтан оның бетіндегі жазуды қашап өшіріңдер» деп тапсырған екен. Кезінде бір адамдар тасты қашағаннан кейін қазір көрсеңіздер жазу оқылмайды. Алайда осы жерде тұратын төренің бір ұрпағы тастағы жазуды цементпен тегістеп сылап кеткен екен. Бір айдан кейін Алматыдан «Қазтагтың» фототілшісі келіп, құлыптасты суретті түсіріп алып, «Тастың бетіндегі жазу жойылған» деп есеп берген. Осы тас сол бетімен сақталды да, еліміз тәуелсіздік алардың алдында бетіндегі цемент сылақ алып тасталды.

Смахан төренің жазуынша Әлихан Бөкейхан Шыңғыс ханның Жошы ханнан тараған 27 ұрпағы саналады. Ұлытауда жатқан Жошы хан 1222 жылы қыпшақ әулетінің билеушісі болып, ақ киізге отырған екен. Арада алты ғасыр өткенде яғни 1822 жылы І Александр патша «Хандық билік жойылсын» деген жарлық шығарды. Осыдан бастан хандық билік жойылып, қазақты губернатор арқылы билеу басталды. Алты ғасыр бойы қазақ даласын хандар әулеті басқарып келген. Жошы хан Дешті Қыпшақ деген керемет мемлекетті әкесімен бірше тас талқанын шығарды.

Ал Жошы ханның ұрпағы Әлихан Бөкейхан әлемді жаулау үшін емес, керісінше жаңа заманға сай мемлекет құруды көздеді. Қарағанды облысына қарасты Ұлытау жерінде Жошы жатыр, ал облыстың Семеймен шектесетін жерінде Әлихан жатыр. Ұлытау мен Ақсораның арасын төрелердің рухы жалғап тұр. Жошының Ұлытауда, Әлиханның Талдыбейітте жатуы кездейсоқ дей алмас едім.

Әлкей Марғұлан жазуынша, Кенелі деген таудың жанындағы қара жартастың маңында тасқа қашалып жазылған Жошы және оның үлкен ұлы Ежен қағанның аты бар депті. Жошы құланның үйірін қуып жүріп Тоқырауынға келген дейді. Қарап отырсаңыз, Жошы ханның осында келіп, мемлекет құрған жерінде Әлихан Бөкейхан жаңа заманға сай мемлекеттің негізін қалаған. Бірақ Жошы хан құрған мемлекет пен Әлихан Бөкейханның Алаш Орда үкіметі мүлде бөлек болатын», – дейді өлкетанушы.

Талдыбейіттен кейін Тұңғышбай Мұхан жастарға Әлихан Бөкейхан туып өскен Жекежал қыстағын көрсетті. Ұлт көсемі бауырларына аталған жерде балаларға арнап мектеп ашуды аманаттапты. Мектептің орны мен Әлихан Бөкейханның туыстары тұрған үйдің іргетасы сақталып қалыпты. Егер жергілікті билік аталған іргетастың орнына үй салса, әдемі мұражай ашуға болады екен. «Арқа арыстары» атты пресс-тур ұйымдастырған Қарағанды облысы әкімдігі бұл істі де жүзеге асырады деп сенеміз.

  

 

Дерек:

Әлімхан Ермеков

Ол кісі Петроград университетінің орман-ағаш факультетін тәмамдаған. Заң факультетінде Ленинмен бірге экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай білімді ғалым болатын. Тоғыз тілде еркін сөйлеп, жаза білетін. Біздің ақыл-ойымыз Тоқырауын өзеніндей болса, Әлихан Бөкейханов – балқаш көліндей дария еді ғой!

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?