Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қайым хаттарына зер салсақ...

1257
Қайым хаттарына зер салсақ...   - e-history.kz

Қайымтану күн өткен сайын тың мазмұндармен толығып, арнасы кеңіп келе жатқан жаңа ғылым саласы. Бұл тұлғатану бағытының маңыздылығы оның тәуелсіздік, азаттық ұғымдарымен мәндес, тамырластығында. Сондықтан Қайым мұрасын зерттеу, түптеп келгенде, абайтану, шәкәрімтану, әуезовтануды тереңдету, тәуелсіздік шежіресін толықтыруға саяды. Әлихан, Ахметтерден басталатын азаттық идеясының Алаштың соңғы тұяғы Қайым шығармашылығынан табылатындығы да, міне, осыдан.

Ғылымға айналған ғалым

Қайымтану соңғы жылдарда біршама табысқа жетті. Мұхамедханұлының абайтану, шәкәрімтану, әуезовтану ғылымдарын жүйелеудегі еңбектері, ақын аудармашы, драматург ретінде соңына қалдырған мұралары зерттеу нысанына айналды. Арнайы еңбектер жарық көрді. Әсіресе, шығармаларының жинақталып, ғылыми айналымға енуінде Тұрсын Жұртбай, Ербол Іргебай қатарлы жоқшылардың, ұрпағы Дина Қайымқызы мен зерттеуші Дәулет Сейсенұлының еңбектері орасан. Бұдан басқа да қайымтануға қатысты ой-пікірлер баспасөзде аз емес. Сан-салалы талдау мен соны тұжырым, ғылыми пайым арқасында қайымтану жеке өріс алып, жаңа бағытқа бет бұрды. Десе де Қайым болмысын тереңдей тану, тұлғалық келбетін айқындауда эпистолярлық мұраларының жұмбағы әлі де толық шешіле қойған жоқ. Мұхамедханұлының бай мұраларының ішінде түбегейлі аршылмай, қағаберіс қалып жатқаны – осы запискалары мен хаттары. 

Сырымды ойға бүккен хатқа жаздым

Хат – өзіндік ерекшелікке ие шығармашылық. Ол авторының түп аңсарын, шынайы сезімін, боямасыз болмысын танытады, бүкпесіз қалпын көрсетеді. Адамдар арасындағы ашық қарым-қатынас, кейде тіпті жасырын құпияның өзі де осы хатта көрініс тауып жатады. Міне, осы сипаттарымен-ақ тұлғатануда хаттарды талдау айрықша маңызды.

Көсемсөз табиғатын зерттеуші ғалым Тауман Амандосов эпистолярлық әдебиетке жазушылардың, қоғам қайраткерлердің, ғалымдардың хаттарын жатқызады. Әрі бұл қатарда Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, және өзге де қаламгерлердің сақталып, бүгінге жеткен хаттарының әдебиет тарихын танудағы маңызы зор екенін айтады. Егер Қайымның аталған тұлғалардың бәрімен хат алысып, өмірде жақын араласқанын, әрі өзінің де тар заман, тарғалаң уақытты өткерген қайраткер екенін ескерсек, онда Мұхамедханұлы хаттарын зерттеудің қажеттігі тағы да артпақ.

4-4.jpg

Қ.Мұхамедханов эпистолярлық мұрасынан сол дәуірдің замана шындығы, қоғам бейнесі ашық көрінеді; тарихтың шөкім сыры мен азаматтық келбеті менмұндалайды. Дәуір тынысы аңғарылып, тұлғаның ішкі мені, болмыс-бітімі қанық айшықталады. Ұстазы Мұхтар Әуезов, ғалым Әлкей Марғұлан, Бейсенбай Кенжебаев, Жақын Сыздықовтармен екеуара жазысқан хаттары, Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтпаевқа жазған ашық хаты, Жазушылар одағының төрағасы С.Мұқановқа жазған қызметтік хаты, Карлагтан отбасына жазған жеке отбасылық хаттары және басқа да адресаттарға жіберілген хаттар – бұлардың бәрі де бізге Қайым тұлғасын тереңдей тануға, замана шындығын дөп басуға көмектеседі. 

«Арап әрпімен жазылған кітаптардан бір де кітап жоқ»

Эпистолярлық үлгіде жиі кездесетіні – Ашық хат. Қоғамның маңызды тақырыбына орай жазылып, лауазымды басшының назарын аудару, көкейкесті мәселенің оң шешілуіне ықпал етуге арналған ол кейде жеке адамның атынан, кейде топтық авторлардың қатысуымен де жазылады. Мысалы, Қазақ өлкелік партия хатшысы Ф.И. Голощекинге аштық жайын ашып жазған «Бесеудің хаты» соның жарқын үлгісі. Қайым Мұхамедханұлының ашық хаттарының ішінде Қаныш Имантайұлына Семейдегі кітапханалардың мүшкіл жағдайын айтып, күтімсіз қалған кітаптардың аянышты жайы мен талан-таражға түскен руханият күйін сөз еткен хатының орны бөлек. 1941 жылдың 27 қарашасында жазылған хатта Қайым тоз-тозы шығып, тұралап қалған кітапханалардың ауыр халін баяндай келе «Арап әрпімен жазылған кітаптардан бір де кітап жоқ, құртылған» деп алашптан қалған арғы мұраны түгендейді. Әкесі Мұхамедхан Сейітқұлдың ескішіл, молда ретінде халық жауы болып айдалғанына 5 жыл толмаған, кешегі 37-нің үрейі әлі ұмыт болмаған тұста «ескі» мұраға араша түсу оңай емес-ақ. Бұған шын жанашырлық және жігер мен мінез керек.

Қайымның хаттарының ішінде назарды аударатын бір паршасы Қазақстан Жазушылар одағы президиумының председателі Сәбит Мұқановқа жазған хаты. Ресми үлгіде болғанымен, бұл хаттың деректанулық сипаты өте жоғары. Онда нақты шығармашылық тұлғалардың аттары аталып, туындылардың атауы көрсетіледі. Қалам иелерінің шығармашылық хал-күйі баяндалады. Сондықтан хатты сол тұстағы Семей облысының жалпы рухани ахуалы, әдеби шығармашылық баяны деген дұрысырақ. Ал пішін тұрғысынан айтсақ та хаттан өрісі анағұрлым кеңірек. Хат үлгісін пайдаланған есеп, шолу ретінде қарастыруға болатындай. Енді сол хаттың өзінен үзінді ұсынып, мысал келтірейік:

«...Coндықтан oблысымызда алдымен «халық ақыны» – деп келген ақындардың өзін іріктеуге тура келді.

         Іріктелген кімдер:

1.     Төлеу Көбдіков – Шар ауданы.

2.     Cапарғали Әлімбетов – Жарма ауданы.

3.     Шәкір Әбенов – Абай ауданы.

4.     Есенсары Кұнанбаев – Аякөз ауданы.

5.     Жақсылық Төленов – Абыралы ауданы.

6.     Иса Биназаров – Абыралы ауданы.

7.     Тәңіберген Әміренов – Cемей.

Бұлардың бәріде хат танитын, шығармаларын өз қолдарымен қағаз бетіне түсіруге шамасы келетін ақындар...

Бұлардан басқа Нұрғали, Рахимбай, Бoтабай т.б. ондаған ақындар бар. Oлар өздері тұрған кoлхоз, ауыл аймағына өлең-жыр айтып жүретін ақындар. Нұрғали нағыз айтыстың ақыны, бірақ аса қарт, құлағы кем, хат біледі.

7-12 Письмо-мал-тираж-тектол.jpg

Coнымен ірікті деген оншақты ақындарымыз бар. Бұлардың 1949 жылдың баспасына ұсынуға жарайтын несі бар?

1.       Төлеудің өлеңдер жинағы қолдарымызда.

2.       Cапарғали – өз елінің адамы, Coветтер Одағының Батыры Қойкелді туралы поэма бітірді. Oсы кісінің еңбектерін бастыруды аса oрынды да, қажетті деп білеміз.

Шәкірдің пoэмалар жинағын ұсынамыз.

Есенсарының мүмкін бoлса, поэмалар жинағын (4-5 тәуір поэмасы бар), болмаса «Мәлік» поэмасын бастыру керек.

Жақсылық та, Иса да пoэма жазатын ақындар. Екеуінің де бітірген екі үлкен поэмасы бар. Тәңібергеннің таңдамалы өлеңдерін басуға бoлады.

Cәду Машақов, Тілековтен басқа жас жазушылар деп есептейтініміз:

1.     Кәмен Oразалин – жазушы, Абай ауданы.

2.     Кәшәф Туғанбаев – ақын, Абыралы ауданы.

3.     Cамат Әбдібаев – ақын, пединститут.

4.     Әділғазы Рахымжанов – ақын, әдебиетші, пединститут.

5.     Әзілхан Нұршаиқов – Шар ауданы.

6.     Бейсенғали Кірбетов – Аякөз...».

Қазақстан Жазушылар Oдағының Cемей облысындағы өкілі ретінде бұл хатты Қ. Мұхамедханов. 1949 жылдың 29 қазанында жазған. Бұдан басқа да әдебиет институтымен Абай шығармашылығын зерттеуге қатысты өтініш, арыз хаттары тар айтқанда қайымтанудың, кең ауқымда абайтанудың құнды құжаты. Coндықтан қайымтанудың өзі абайтануға апарады деген әуелгі сөзіміз осы ретте растала түседі.    

«Тағы да сондай нәрселердің соңына шұғыла түсіп тұр»

Қайым хаттарының тағы бір шоғыры құттықтау, тілек, көңіл айту рәуішті болып келеді. Бұл топқа белгілі тұлғаларды мерейтойымен, арнаулы күндермен құттықтаған ізет-сыйластыққа толы, қаралы күндерде көңіл айтқан сыр-сезімге бай хаттары тән. Аталған эпистолярлық мұрадан Қайым тұлғасының көмескі қыры – айнала ортасымен араластығы, мінезі, түрлі сәттердегі күйініші мен сүйініші, қуанышы мен жұбанышы айқындалады. Бір атап өтерлігі, мұндай хаттар жалаң амандық-саулық сұрасу немесе құттықтау-тілекпен ғана шектелмейді. Онда да кейбір түйткілді мәселелер, шығармашылық күй, беталыс-бағдар баяндалады. Сондықтан аудара қарап, ақтара тексерген адамға хаттардың кейбір сөйлемдерінде деректік маңызы жоғары фактілер, дәйектер кездеседі. Мысалы, Әлкей Марғұланның Қайымға жолдаған мына қысқа хатын алайық.

МАРГУЛАН письмо Каюму.jpg

Хат мәтіні: «Ардақты Қайым, жаңа жыл қуанышты, берекелі болсын. Өздерің жақсы, жемісті жұмыс істеп, қызық бақ құшағына бөленіңдер. Сенің жіберген пакетіңді алдақашан алып, ұзақ жауап қайтарғамын. Одан кейін де бір шолақ хат жазып, Төребаев маған уәде еткен біздің фотомыз туралы білгім келген еді. Бірақ ол хаттарға жауап қайтарылмады. Абайдың белгісіз жатқан дүниелерін жарыққа шығаруың өте қуанатын игілікті іс. Мен ол туралы ұзақ жазған хатымда айтқамын. Тағы да сондай нәрселердің соңына шұғыла түсіп тұр».

Енді осы хаттан қорытқан ойымызды түйіндеп көрсек:

Біріншіден, бұл Әлкей Марғұланның Қайымға жазған алғашқы хаты емес, екі тұлға арасында бұған дейін де хат алмасу болған. Бұл соның кезекті жалғасы.

Екіншіден, хаттағы сөз ләмі Қайым мен Әлкей арасындағы жақындықты, ішкі рухани бірлікті аңғартады. Осы хат ізінде және өзге де хаттарынан біз Қайым мен Әлкейдің рухани тұтастығын көре аламыз.

Үшіншіден, үзіндідегі соңғы сөйлемге назар салсақ: Абайдың белгісіз жатқан дүниелерін жарыққа шығаруың игілікті іс екенін мақұлдап, қуана келе Әлкей «Тағы да сондай нәрселердің соңына шұғыла түсіп тұр», – дейді. Ол қандай нәрсе? Кімді меңзеп тұр? Ол, әрине – кешегі қудалауға ұшыраған Алаш арыстары. Абайдың ізін жалғайтын Шәкәрім, Ахметтерді ымдап тұр. Біз Әлкей емеурінінен соны сеземіз. Өйткені Абай мұрасының жинақталуына Әлкей де мүдделі, ниеттес болған. 1948 жылы 11 мамырда, яғни біз тілге тиек етіп отырған осы хаттан 14 жыл бұрын Қайымға жазған тағы бір хатында: «Мен осы қыс (декабрь ішінде) тағыда Ленинградқа баруым мүмкін. Онда мен білетін заттар:

1. Абай шығармаларың 1894 жылы Кудашов жазып алған жинағы оның ішінде баспаға шықпаған жырлар да бар;

2. Абайдың туысқандарымен жазысқан хаттары;

3. Ғабдырахим (Абдрахман емес) Өскембаевтың материалдары;

4. Шоқанның өз қолымен түсірген суреттері», – деп нақты көрсетеді. Сондықтан бұл хаттар деректік, құжаттық негізінің құнды, фактілік, дәйектік реңкінің мейлінше қоюлығымен қымбат. Қайымның Абай мұраларын жинақтау жолындағы жанкешті еңбегінен, үдерісінен хабар беретіндігімен өзекті. 

Ілияс Бораганскийдің кім екенін 20 жыл бойы хат жазып анықтаған

Эпистолярлық жанр Қайым Мұхамедханұлының публицистикасында жиі пайдаланылған форма. Сондықтан шығармашылық мақсаттағы сұрау, өтініш, тілек санатына енетін хаттар легінен Қайым өмір арнасының беймәлім дерегін табуымыз әбден мүмкін. Әдетте мұндай шығармашылық хаттар жеке-дара бір хаттан тұрмайтыны анық. Бірін-бірі толықтап, сұрақ-жауап формасында алма кезек ауысып отырады. Кейде тіпті хат алысу үрдісі ұзақ мерзімге: бір жылдан бірнеше жылдарға созылады. Қайым Мұхамедхановтың ұстазы Мұхтар Әуезовпен жазысқан хаттары осы айтқанымыздың жақсы мысалы. Бұл санаттағы хаттар бізге Қайым шығармашылығының дерегін анықтауға септеседі. Айталық, Мұхтар ағасымен жазысқан хаттарынан біз Әуезовтың «Абай жолы» романын жазуына Қайымның қаншалықты қол ұшын созғанын түсіне аламыз. Осы орайда профессор Қинаят Шаяхметұлының «Абай шығармаларының тұңғыш жинағын шығарған баспагер Ілияс Бораганскийдің кім екендігін анықтауда жиырма жыл бойы хат жазысу арқылы жүзеге асырған» деген пікірін қаперде ұстау керек.

Қайымның хат мұрасының ішінде отбасылық хаттарының алар өз орны бар. Аталған санатқа жары Фархинұр мен балаларына жазған хаттары, басқа да туыс-туған арасындағы хаттарды жатқызуға болады. Бұл хаттардан, әсіресе, Қайымның карлагтан отбасына жазған хаттары қай тұрғыдан да қымбат. Қайымның өмірге көзқарасы, қиын-қыстау күндердегі ішкі аңсар-армандары мен толқынысы, өмірден қорытқан сабақтары осы хаттарынан көрінбек. Тіпті карлагтан жазған хаттарының өзінен оның шығармашылығы туралы дерек алуға болады. Айталық, «Сормаңдай Лизаны» қандай жағдайда жазғаны осы жары мен балаларына Карлагтан жазған хатының бірінде баяндалады.

Қайым Мұхамедханұлы эпистолярлық мұрасы тек Қайым өмірінен ғана емес, Абай тұлғасында, Алаш арыстары жайлы хабар беретіндігімен құнды. Қазақ руханияты туралы соны тұжырымдарға жетелейтіндігімен қымбат.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?