«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Өмірден кім өткенін білесіз бе?

684
Өмірден кім өткенін білесіз бе?   - e-history.kz

Қазақстан археологиясының ірі тұлғасы, көрнекті тарихшы, Ботай мәдениетін ашып,  ежелгі Қазақстан аумағында жылқыны қолға алғаш рет үйретілгенін дәлелдеген ғалым Виктор Федорович Зайберт 75 жасында дүниеден озды.

Виктор Федорович Зайберт 1947 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Николаевка селосында арнайы қоныс аударып келген неміс отбасында дүниеге келген. Әкесі Федор Федорович, ән айту сабағының мұғалімі, Саратов консерваториясының бірінші курсын тәмамдап, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысады. Виктор Федорович 1946 жылдың қарашасында отбасына оралады. Анасы Амалия Петровна, неміс тілі пәнінің мұғалімі, Саратов педагогикалық техникумын аяқтаған. Ал, Виктор Федоровичтің өзі Есіл ауданындағы Явленка орта мектебін, одан әрі Петропавл педагогикалық институтын (1965-1969) «тарих мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтайды.

Виктор Федорович – тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры, Берлин қаласындағы Герман археологиялық институтының және ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК-нің ғалым хатшысы болды. Солтүстік Қазақстан аумағындағы тас дәуірінің ескерткіштерін зерттеу саласындағы маман бірнеше ғылыми жаңалықтар мен Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихына арналған 100-ден астам кітап пен мақала жазған. 4 монографиясы жарық көрген.

c8c01a19635ba837dab9c9fd4d304d53.jpg

Ботай мәдениетін ашқан тарихшы ғалым еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы аймақтық тарихи-өлкетану мұражайында археология бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастады. Аталған бөлімнің меңгеушісі қызметін атқарды. 1970-1980 жж. ол Эрмитаждан, Мемлекеттік Тарихи мұражайынан, Пушкин мұражайынан, Бүкілодақтык реставрациялық орталықтан, Кремльдік реставрациялық орталықтарынан тәжірибеден өтеді. 1976-1977 жж. Петропавл педагогикалық институтында оқытушы болып қызмет істеді. 1972 жылдан Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі. Виктор Федорович 1977-1979 жылдары КСРО Ғылым академиясының Мәскеу археология институтында белгілі ресейлік археолог О.Н. Бадердің жетекшілігімен аспирант атанды. Оқуын сәтгі аяқтап, "Неолит Северного Казахстана" тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1980 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде аға оқытушы, кафедра менгерушісі, ғылыми жұмыстар және шет елдермен байланыс жөнінде проректоры болып жұмыс істейді.

0176fe03bdbcfbd109f93625386c0077.jpg

Ғалым өмірінің 40 жылдан астам уақытын Қазақстан және бүкіл Еуразия құрлығының ежелгі тарихын зерттеуге жұмсаған. Дүниежүзінде бірінші болып, Солтүстік және Орталық Қазақстан далаларында б.э.д. IV ғ. жылқы малының қолға үйретілгенін ғылыми түрде дәлелдеген. Ботай мәдениетін әлемге танытты. В.Ф. Зайбертке "Ботай – ежелгі адамдар мекені" еңбегі үшін Берлин институтының корреспондент-мүшесі ғылыми атағы берілді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев археолог ғалым Виктор Зайберттің жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. 

«Виктор Федорович бүкіл саналы ғұмырын археологиялық және қазба жұмыстарына, дала өркениетін зерттеуге арнады. Атбасар және Ботай мәдениеттерінің бай мұрасы туралы бірегей жаңалықтардың мәні мен маңызы, қазіргі Қазақстан аумағында жылқыны қолға үйрету және өсіру жөніндегі құнды деректер археолог ғалымның атымен тікелей байланысты. В.Зайберт артына құнды ғылыми мұраларын қалдырды. Ол әріптестерінің арасында зор беделге ие болды. Сондай-ақ жас ғалымдарға үлгі-өнеге көрсетті», – делінген жеделхатта.

«Қазақстан тарихы» порталының ұжымы отандық археологияның ірі тұлғасы Виктор Зайберттің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туыстарына, шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады.

Автор: E-history.kz
Сауалнамалар
Қандай бұйым үйіңіздің төрінде тұр?