15 сәуірде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Нұр- Сұлтан қаласы әкімдігінің «Рухани жаңғыру» КММ ұйымдастыруымен Қазақстан Суретшілер, Журналистер және Еуразия суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпірдің «Zhanuzak» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті.
Кітаптың басты құндылығы – қазақ мәдениетін танытқан құнды еңбектердің жинақталуы мен автордың шығармашылық жұмыстары жөнінде жазылған материалдар мен портрет, пейзаж, натюрморт, абстракция жанрындағы төлтума картиналардың талдалымы қамтылғандығы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасының мақсаты – Қазақстанның мәдени жетістіктерін әлемдік деңгейде насихаттау.
Осы жолда көп тер төгіп, туындылары тек республикалық қана емес, әлемдік деңгейдегі топтық және жеке көрмелерде таныстырылған Жанұзақ Мүсәпір өз сөзінде Қытай, Польша, Германия, Ресей сынды 30 астам елдің музей қорларында және жеке коллекционерлердің мұрағатында сақтаулы еңбектерін атап өтті. Сондай-ақ суретші Ұлы дала мұрагерлерінің бұл бағытта да ешкімнен кем еместігін айтты.
«Өз есіміммен байланысты тақырыпқа қатысты арнайы кітап шығару көптен ойда жүр еді. «Қарияның сөзі киіз кітаптағыдай» деп бабаларымыз айтқандай, суретшілік өнер экзистенциясын жан-жақты ашатын еңбекте шығармашылық тағдырымның бұралаңдарын да жеке коллекция мен отбасылық фотосуреттермен бекітіп отырдым. Мені сыншылар «Алаш өркениетінен сериялы дүние жасау мен бейнелеудің сакральды білімін танытушы» деп атайды. Сол буырқанған бояуларды жанкүйер қауым енді баспа бетінде өз көзімен көріп, қолына ұстаса деймін», – деді автор.
«Картиналардағы бейнеленген оқиғалар мен заттардың тарихи мән- маңызы бар. Мысалы, автор қазақтың бәйгесін, көкпарын, ұлттық аспаптарын тамаша бояудың көмегімен көрсеткен. «Балалықтан даналыққа жол» атты цикл Әл-Фараби өмір сүрген ғасырды шынайы суреттеген. Жанұзақ Мүсәпірдің жұмыстары осымен де құнды. Біз тарихымызды ұмытпай, ұлттыққұндылықтарға заманауи сипат беріп, алға жылжимыз», – деді бұл орайда белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
«Суретшінің шығармашылығымен танысқысы келетін әрбір жанға кітапқа назар салуға кеңес беремін. Жастарды өнерді бағалауға, көрмелерге баруға, шын мәнісіндегі жоғары өнерді тануға үйрету керек. Мәдениетті жоғары деңгейге шығарудың бірден-бір жолы – осы», – деп атап өтті елордалық «Рухани жаңғыру» КММ басшысы Абылайхан Қалназаров.
Салтанатты шараға ақын, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Батырхан Жұмабаев, филология ғылымдарының докторы Кәрәмбек Құрманәлиев және өзге де елордалық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шараға жиналған қауым авторды жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ суретшінің көрмесімен танысып, ел мәдениетіне қосқан үлесі үшін алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Жанұзақ Мүсәпір – шығармашылық саласының түрлі бағытында жемісті еңбек етіп келеді. Телевизияда режиссер ретінде бірқатар деректі фильмді жарыққа шығарды. Көрмелерге жетекшілік етті. Мүсін құюмен айналысты. Басқасын айтпағанда, Қазақфильм түсірген «Қарсы бақылау» көркем фильмінің бас продюсері, «Қара шаңырағым», «Алтын ұя мектебім», «Өмір өткелдері» т.б. кітаптардың авторы.