Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұхтар Әуезов Алаш арыстарының аманатын орындаған

3775
Мұхтар Әуезов Алаш арыстарының аманатын орындаған - e-history.kz

Биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Осы уақытқа дейін жазушының шығармашылығы мен өмірбаянына қатысты көп дүние жазылды. Алайда әлі де болса Мұхтар Омарханұлының нағыз болмыс-бітімін танып үлгердік пе? Мәселен оның «Абай жолы» романынан бастап, «Қараш-қараш», «Қилы заман» секілді тарихи туындыларының сырын ашып болдық па? Жалпы жазушының тарихи тақырыптарға деген құштарлығын немен байланыстыруға болады? Осы және өзге де сұрақтарды белгілі әдебиеттанушы Айгүл Смақоваға қойған едік.

Айгүл Смақованың айтуынша, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Әлімхан Ермеков және Қаныш Сәтпаев секілді азаматтар Алашорданың ең жас мүшесі болып саналады. Олардың Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарымен бірге атылмай, аман қалуының астарында терең сыр жатыр.

 «Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы секілді Алаштың алдыңғы толқын өкілдері «Сендер аман қалу үшін бізді жамандаңдар. Ол үшін «Бұл шығарманы алашордашылардың айтуымен жаздық» деп айтыңдар» деп жастарға ақыл айтқан. Мұхтар Әуезовтың «Хан Кенеге» дейінгі «Қорғансыздың күні» секілді шығармаларынан бас тартуы Әлихан мен Ахметтің тапсырмасына байланысты болатын. Осының арқасында Мұхтар Әуезов аман қалып, «Абай жолы», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман»  секілді іргелі шығарма дүниеге келді. Міне осы шығармалар бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінің концепциясы тұрғысынан әлі зерттелген жоқ.

Әу баста Әуезов «Қазақ әдебиеттану тарихы хандық дәуірден басталады» деп Керей мен Жәнібектің кезіндегі Қазтуған, Бұқар секілді жыраулардың өлеңдерін тұңғыш рет кітап ретінде жарыққа шығарды. Алайда түрлі қысымнан кейін «Менің келесі шығармашылығым Абайға арналады» деп жыраулар жырын зерттеуді 1926 жылы түбегейлі тоқтатады. Сондай-ақ жазушы «Қараш-қараш оқиғасы» мен «Қилы заман» шығармасынан да бас тартуға мәжбүр болады», – дейді ол.

Мұхтар Әуезов қазақтың ең соңғы  ханы Кенесары Қасымұлы туралы «Хан Кене» атты шығарма жазғаны көпшілікке белгілі. Аталған шығармада 1836 жылғы Ұлт азаттық көтерілістің неден басталғаны мен Кенесары ханның 1847 жылға дейінгі 10 жылдық күресі баяндалады.

«Бұл шығарма Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тапсырмасы бойынша жазылған болатын. Өйткені Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және Халелдер өздерін атып тастайтынын біліп, жастарға бағыт-бағдар беріп отырады. Егер оларды атып тастаса келер ұрпаққа ешқандай мағлұмат, дерек қалмайтын еді. Сондықтан олар Мұхтар мен Бейімбет секілді жас жазушыларға тарихи оқиғаларды әдебиетке айналдыру тапсырылады. Алаш әдебиетінің басында тұрған Бейімбет Майлин неге аштықты жазды? Себебі ол Голощекин билікке келгеннен кейін аштықтың  болғанын дер кезінде жазып кетті. Мәселен «Қорғансыздың күні» шығармасындағы бас кейіпкер Ақанның прототипі кім? Бұл туралы белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай жан-жақты жазған болатын. Өкінішке қарай алаш арыстарының бұл шығармасы 1991 жылға дейін айтылмақ тұрмақ оқылмай да келді.

Ал Мұхтар Әуезов Алаш көсемдерінің тапсырмасы бойынша аман қалып, тарихи шындықты әдебиетке айналдыру керек болған. Оның ішінде ол Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілістен бастап, Албан көтерілісіне дейінгі тарихи оқиғаларды көркем әдебиетке айналдырды. Сондықтан да Әуезовтың шығармашылығын отарсыздану тұрғысынан тәуелсіз Қазақ елінің ұстанымына сай дәріптеу керек», – дейді әдебиеттанушы.

Айгүл Смақова Алаш арыстары өздерін Совет үкіметі атып тастайтынын білгенін айтады. Сондықтан да Алашорданың басты мақсаты қазақтың ұлт азаттық тарихын әдеби шығармаға айналдырып, жас ұрпаққа қалдыру болған.

61501e762fb615cdbca117e54b0ca2c9.jpeg

«Мұхтар Әуезов «Хан Кене» мен «Қилы заман», Жүсіпбек Аймауытұлы «Ақбілек» романы және Ілияс Жансүгіров «Құлагер» романын жазғанда тарихи тұлғаларды басты назарға алды. «Ақбілек» романында қазақтың байының қызын орыстың әскери адамы зорласа, кедей қазақтың жағдайы қалай деген сұрақ өз-өзінен туады. Қазақтың жерін өртеп, қыздары мен әйелдерін зорлап өткен ақ гвардияшылардың тарихы «Ақбілек» романы арқылы тарихта қалды. Бір сөзбен айтқанда жас жазушылар Алаш арыстарының «Қазақтың ұлт азаматтық көтерілісін әдебиетке айналдырып кетіңдер» деген аманатын орындады» – дейді ғалым.

«Абай жолы» романы қалай жазылды?

Мұхтар Әуезов дегенде «Абай жолы» романы еске түсетіні жасырын емес. Аты аңызға айналған шығарма ХІХ ғасырдағы қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан терең хабар береді. Жазушыға шығарманы жазар кезде өзінің шәкірті Қайым Мұхамедханұлы ерекше көмектескен.

«Мұхтар Әуезовтың шәкірті Қайым Мұхамедханұлы 1952 жылы «Абайдың ақындық мектебі» атты диссертация қорғағаннан кейін 25 жылға сотталып кетеді. Ал бұдан 4-5 жыл алдын Семейдегі Қайым Мұхамедханұлына Мұхтар Әуезов тапсырма беріп отырған. Нақтырақ айтсам, жазушы Тұрағұл, Кәкітай, Мағауия және Абайдың басқа да ұрпақтарына қатысты деректерді Қайым арқылы анықтатап, «Абай жолын» жазған. Сондай-ақ Қайым Мұхамедханұлы қорында Әуезовтің «Абай жолын» жазып жатқанда Зере мен Ұлжанның үстіне киген киімдерге қатысты жазған хаттары сақталған. Аталған хатта «Анаңның киімін әйеліңе киіндіріп, соны маған суретке түсіріп жіберші» деп жазған екен. Қайымның үйінде анасының ХІХ ғасырда тігілген киімі сақталған. Әуезовтың өтініші бойынша Қайымның жары анасының бас киімін киіп суретке түсіп, Мұхтарға жолдайды. Өкінішке қарай Мұхтар Әуезовтың Қайымға тапсырма ретінде жазған хаттары әлі кітап болып басылып шыққан жоқ. Сол себепті Қайым Мұхамедханұлының Әуезовке қатысты архив құжаттарын реттеп қою керек», – дейді ол.

Алайда әдебиеттанушы жазушының ең басты еңбегінің жазылуы оңай болмағанын айтады. Аяқтан шалушылардың арасында қазақтың танымал азаматтары да болған.

«Абай жолы» романы жазылып жатқан кезде оның әр тарауын Сәбит Мұқанов бастаған советтік жазушылар ашық жиналысқа салып, «Құнанбай неге ақылды, Совет үкіметіне федалшыл би-шешендер керек емес» деген сөздер жазылған стенограммалар бүгінгі күні сақталып тұр. Бұл стенограммалардағы сөздерді биыл шығатын Мұхтар Әуезовтың толық шығармалар жинағымен бірге жарық көреді. Сондай-ақ «Абай жолындағы» Барлас, Дәркенбай кім? Біржан салдың өзін шығармада тұспалдап береді. Жазушының өз шығармасында белгілі тұлғалардың атын атап, түсіп түстей алмай кеткенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» еңбегінде тарихи тұлға мен шығармадағы Құнанбайды жан-жақты салыстырып, көрсетеді. Осыдан кейін «Абай жолы» романындағы Құнанбай мен тарихи Құнанбайдың арасында жер мен көктей айырмашылық бар екені байқалды. Себебі Абай секілді ұлы тұлғаның әкесінің көркемдік шығармадағы болмысы мен шынайы өмірдегі бейнесі мүлде бөлек болатын», – дейді ол.

«Қилы заман» қалай жазылды?

Жазушының «Абай жолынан» кейінгі ең іргелі шығармаларының бірі «Қилы заман» романы екені анық. Себебі аталған шығармада жазушы ұлт тарихындағы ең күрделі кезеңді суреттейді.

«1925 жылы Смағұл Сәдуақасұлы Мұхтар Әуезовты Алматыға шақырып, жергілікті басылымнан «Санкт-Петербургтан жас жазушы Мұхтар Әуезов Алматыға келе жатыр. Ол Жетісу жеріндегі ауыз әдеибетін жинайды» деп арнайы хабарландыру берген. Смағұл Сәдуақасұлының жазушыны арнайы шақырғандағы себебі албандар көтерілісіне байланысты болатын. Мұхтарды Іляс Жансүгіров пойыздан күтіп алып, көтерілісті зерттеу үшін өңірде атақты болыс болған Әубәкір мен Серікбайдың ұрпағымен кездестіреді. Екеуі екі ай бойы Жетісу өңіріндегі албандар көтерілісі қалай басталып, қалай аяқталғанына дейін зерттейді. Атақты екі азаматтың ұрпақтарының айтқан сөздері мен мұрағаттағы деректерді салыстырып көрген. Мұрағаттағы деректерді алуға Смағұл Сәдуақасұлы ықпал еткен. Өкінішке қарай аталған деректерді кейін Совет үкіметі жойып тастады. Ал «Қилы заман» архивтік деректердің негізінде жазылып, тарихта қалды. Әлихан Бөкейханның күйеу баласы Смағұл Сәдуақасұлы қолындағы билігін пайдаланып, осындай игілікті істі атқарып кетті. Ол аталған көтерілістің негізінде бір көркем шығарма жазылмаса күні ертең совет билігі тарихи деректерді жойып жіберетінін жақсы білген. Шынында Смағұл болмағанда Албандар көтерілісі болыстар көтерілісі болып ұмыт қалар еді

Қазір сабақ бергенде «Қилы заман» шығармасындағы деректерді оқып студенттерім таңғалады. Аталған романда қанша адамда қару болған және қарусыз адамдарды тобығынан атып тастағанын жазып қалдырған. Бұл шын мәнісінде халықаралық қылмыс болып саналады. Албан көтерілісін басу үшін Түркістан мен Ақмола және Орталық Қазақстаннан арнайы қанша әскер шыққанына дейін деректер бар», – дейді ол.

Айгүл Смақованың айтуынша, «Қилы заман» тұңғыш саяси роман болып саналады. Сондықтан да Совет үкіметі 1932 жылдан бастап аталған романға ресми түрде тыйым салады. Сондай-ақ әдебиеттанушы «Қилы заман» шығармасын албандар көтерілісі емес, ұлт азаттық көтеріліс деп тануға болатынын айтады.

«Ресей офицері «Қазақтар мал сияқты халық. Бұлар өз алдына ел бола алмайды. Тіпті қолдарына қару ұстай алмайды. Сондықтан олар Ресейге өмір бойы бағыну керек» дейді. Албандар көтерілісі тап осылай қазақтарды кемсіткен соң пайда болған. «Қазақтар қолына қару ұстай алмайды. Оларды тек қана тыл жұмысына алу керек» деген сөзге намыстанып «Біз батыр халықтың ұрпағымыз. Сондықтан бізді қара жұмысқа алатын Патша үкіметіне қарсы шығамыз» деп наразылық көрсеткен.

Бұрын бізге «Қазақтар солдат болуға қарсы болып, наразылыққа шықты» деп айтатын. Шын мәнінде тарихи шындықтың мүлде басқа екенін осы романнан байқауға болады. Қазақтар «Бізге қару-жарақ берссе соғысуға дайынбыз» деп айтқан. Әубәкір, Серікбай секілді атақты болыстар Патша үкіметіне осы үшін қарсы шықты. Олар «Біз балаларымызды соғысқа жіберейік. Бірақ олар қаза тапқан әскердің көрі мен әжетханасын қазуға бармауы керек. Құлдық жұмысқа қазақ жігіттер лайық емес» деген көзқараста болған. 1916 жылғы көтеріліс майданға баруға деген қарсылық емес. Қазақты кемітіп қара жұмысқа алғанына халық наразы болған. Мұхтар Әуезов «Қилы заманда» тура осы мәселелерді жазады», – дейді ол.

Әуезовтың күнделігі әлі кітап болып басылмады

Айгүл Смақова Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына орай жазушының күнделігі кітап болып басылып шығу керек деген пікірде. Себебі аталған күнделікте Совет билігі кезінде жарық көрмеген маңызды дүниелер жазылған.

«Мұхтар Әуезовтың ашылмай жатқан екінші қыры шет елдегі сапарлары деп білемін. Совет жазушысы ретінде ол Америка, Жапония, Германия, Үндістан секілді елдерге арнайы барған ғой. Сол кездегі күнделіктерінің бәрін Әуезов төте жазумен жазған. Өйткені ол арнайы органның адамдары «жазған-сызғандарымды оқымасын» деп әдейлеп төте жазуда жазған. Міне осы күнделіктері енді-енді шыға бастады.

Мәселен Жапонияға барғанда ол кезде мүлде айтуға болмайтын сөздерді күнделікке жазып қалдырады. «Біз жапондар сияқты Құнанбай мен Абайды тазартып алсақ» деп адамның жүрегі ауыратын жазбалары жазады. Міне осы күнделіктер төте жазудан енді крилицаға түсіп кітап ретінде шығып жатыр. Үндістанға барғанда «Бұл ел Ұлыбританияның отары ғой. Бізде отарланған елміз» деп жүрегі езіліп отырып жазған шындықтары бар.

Ал Америкаға барған кезде арнайы органның адамы сол жердегі қазақтармен кездесіп қоймасын деп жазушыны қырағы бақылауға алады. Американың өкілдері «Кіммен кездескіңіз келеді?» дегенде «Жергілікті үндістермен кездесемін» деп айтқан екен. Не үшін? Себебі Алашорда көсемдері «Ресей бізді отарлап отыр» деп қазақтың тағдырын үндістермен салыстырған. Сол сапарда үндістермен кездескенін төте жазумен жазып қалдырған. Жапония, Үндістан және Америка сапары төте жазумен жазылғандықтан енді кітап болып шығайын деп отыр Ал Еуропаға барған сапары кирилицамен жазылғандықтан кітап болып басылып шыққан. Өкінішке қарай үш елге сапары туралы жазылған күнделік кітап ретінде жарық көрген жоқ. Дайындалып жатыр деп естідім, бірақ әлі шыққан жоқ», – дейді әдебиеттанушы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Мұхтар Әуезов Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының аманатын орындады. Енді біз жазушының Совет билігі кезінде астарлап айтқан ойларын Тәуелсіз Қазақ елінің мүддесіне сай тәпсірлеуіміз керек.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?