Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«ҚАЗАҚТЫҢ ӨГІЗІ АҚСАҚ, АРБАСЫ СЫНЫҚ»

1801
«ҚАЗАҚТЫҢ ӨГІЗІ АҚСАҚ, АРБАСЫ СЫНЫҚ» - e-history.kz

Қаралы қаңтар оқиғасы – әрбір отандастың көңілінен үлкен орын алған, әрбір қазақстандықты алаңдатқан, тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған тарихи трагедия болды. Осындай кезеңде бұл оқиға туралы жақ ашпай үнсіз отыру, тарихи сараптамалық тұрғыдан болсын пікір айтпау баспасөзге сын болар еді. Осы кемдікті толықтыру мақсатында тәуелсіз зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты Қанағат Жүкешевке бірнеше сұрақ қойдық. Осы шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Қанағат аға, біздің қоғам мүлде бөлек бір сатыға өткен секілді. Қаңтар оқиғасынан не түюге болады? Кейбір ақсақалдарымыз жастарды кіналай бастағанын да байқап жатырмыз. Сіз кімнің кінәсі деп қарайсыз?

– Мен біздің қоғамның өркениет дамуының келесі жоғары басқышына – индустриялы қоғамға тезірек өткенін қалар едім. Сөз реті келген сайын осындай трансформацияның жүзеге асырылуы қажеттігін үнемі ескертіп отырамын. Біздің қоғам заманауи өркениетке кіріге алмай, ашық, демократиялық қоғамдардың құндылықтарын меңгере алмай, аграрлы жондардың бір шатқалында үйіріліп тұр.

Бір пақырға мемлекеттегі барлық жоғары лауазымдарды жинап беріп, оның өзінде тізгінді өмір бойы ұстатып, нені шірітсе де жауап бермейтін, елді сатып жіберсе де сұраныс болмайтын, ресми лауазымнан кеткеннен кейін де әрекеттегі президенттен жоғары құзіретін сақтап қалатын «ерекше киеліге» айналдырып алып, оның жеке басына табына берудің өзі нені көрсетеді? Қазақтардың тұтастай дамудың прогресшіл нұсқасын таңдай білмегенін, санасы ортағасырлық хандық деңгейде қалып қойғандығын көрсетеді.

Дәл қазір түбегейлі өзгеріс туралы сөз қозғау артық. Қазақ қоғамының келешегін айқындауға тура қатысы бар екі фактор орнында. Олардың біріншісі – саяси истеблишмент дерліктей орнында қалды («отанға опасыздық жасады» деген айыппен кететіндерден басқасы). Бұрынғы жемқор жүйеде илеуі қанып шыққан олардың малы түгел. Коррупция жалғасын табады. Екіншісі – «бас дирижер» орнында. Оқиғалар тұтастай В.Путиннің нұсқауымен жүзеге асырылып жатыр. Ендігі даму осы факторлармен айқындалады. Бейшара Қазақстан өзге гүлденіп жатқан дүниеге Ресейдің етегінің астынан, жәутеңдей сығалаған өмірін жалғастыра бермек.

Әзірше, толығымен жалған түсіндірулер таратылып жатыр. Ресми ақпараттан кейін бәрі түсінікті болмайды, керісінше, толып жатқан сұрақтар туындайды: ендеше, «анау неге олай, мынау неге бұлай» деген сияқты.

Көпшілік күтпеген, оғаш оқиғадан есеңгіреп қалғандардың есін жиғандары «енді бұлай болмайды» дегенді айта бастады. Осы толқынмен біраз оңды шаралар іске асырылып қалуы мүмкін. Бірақ, олар Қазақстанда шынайы ашық қоғам құру мүмкіндігін алып береді деп айта алмаймын. Уәделі реформалар формалы деңгейде ғана көрініс беретін болар. Қазақстан бұдан былай да, ішкі-сыртқы саясатта толығымен ұлттық мүддені көздеген әрекеттерімен көріне алмайды. Осы маламатанды (астаң-кестең) реттеген Ресей де, әлсіз қазақ шенеуніктеріне нұсқау беруін жалғастыра береді.

Қаңтар оқиғалары қазақ әлеуметінің құқықтық, зайырлылық құндылықтардан әлі жырақ қалып отырғанын, ашықтық, жариялылық дегеннен аулақ жатқанымызды көрсетіп берді. Бәз біреулер бұрынғы қожайындарының өзін жасырумен, қылмысын бұркемелеумен айналысып жүр. Қайшылықты, бүлыңғыр ақпараттармен көлгірсиді. Бұл – билік басына жиналып қалған жан дүниесі қораш, адамгершілік-моральдық образы ұсқынсыз, бықсық ойлы адамдардың қылығы. Қазақ элитасы ортағасырлық ақсақалшылдық пен көсемшілдік психологиядан арылған жоқ. Бір дүмшеден кемеңгер жасап алып, оның етегінің астына тығылып алып, басын жерге ұрып, табынудан арылған жоқ. Араларында мемлекеттік мүдде тұрғысынан ойлайтын адамдардың аздығы, кейбір салаларда мүлдем жоқтығы билік аясында болып жатқан небір сойқан әрекеттерден көрініс беруде.

– «Бұрынғы президенттің тұсында әлемдік деңгейде байыған аз ғана топтың жұқа қабаты пайда болды» деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы жағдайға жол берген қоғам ба, билік пе? Жалпы диктатор қалай пайда болады?

– Әлеуметтану ғылымы бойынша дүниежүзілік практикада қоғамдағы бай және кедей адамдардың кірісі арасындағы алшақтықтың үлкен болуы әділетсіздіктің салдары ретінде бағаланатыны белгілі. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай әділетсіздіктің біздің қоғамда орын алып келгенін көрсетіп берді. Бұған жол ашқан әрине, билік. Ал билік иелерін жөнге сала алмаған – халық.

Бір заңдылық бар: халықтың саяси-құқықтық мәдениеті жоғары болса, ол биліктің заңсыздықтарына жол бермейді; төмен болса, билікке келіп алған арамза топқа ойына келгенін істеуге мүмкіндік береді. Бізде қоғамды дамытуға тура қатысы бар екі қозғаушы күш – билік пен халық бұқарасы, екеуі де оңбай тұр. Тұтас елдің бірдеңені аңғаруға сауаты жетпейді. Биліктің прогресс жолына түсуге құлқы жоқ. Қазақтың өгізі ақсақ, арбасы сынық.

Қазақтың басына төнген қырсық атаулының авторы екеу – екі билік субъектісі. Біріншісі – билікке келген жебір топ. Олар құзіреттілігін пайдаланып, қоғам өмірінің барлық аяларын дұрыс жолға қойып, соның ішінде халықтың өзінің менталитетін жөнге бағыттап, әлеуметтік белсенділікке тәрбиелеп, ашық қоғамның құндылықтарын игертіп жіберуге міндетті еді. Өкінішке орай, олар туған отанын гүлденген, жетілген қоғамдар арасынан көруді қаламады. Одан да ұрлағанын арқалап, дүниенің қараңғы түкпірлерінде қашып жүруді артық көрді.

Екіншісі – халық бұқарасының өзі. Саяси сауаттан жұрдай, құқығын қорғай алмайды, әлеуметтік белсенділігі төмен, екі аяғын салбыратып, қожайынын желкесіне мінгізіп алып, ыңқылдай басып бара жатқанына риза. Ақпараттық қоғамда, білімнің, ғылымның мейілінше тез таралып жатқан шағында жалпы және саяси-құқықтық сауаттан жырақ қалудың әлеуметтік-психологиялық астары бар. Бұл дәріс ұзақ оқуды қажет етеді.

Диктаторлар әр түрлі жолмен билікке келеді. А. Гитлер билікке сайлау арқылы келді. Ол өзінің ұлтшылдығымен халқына жақты, ерен еңбегімен сенімге ие болды. Айналасы 6 жылдың ішінде Бірінші дүниежүзілік соғыстан жеңіліп, қансырап шыққан Германияны қайтадан аяғынан тік тұрғызды. Қуатты экономика жасады, сол кезде ешкім төтеп бере алмайтын, күшті армия құрды. Алайда, билікке келгеннен кейінгі 8 жылдан кейін (?) оның интеллектісінің шатқаяқтауы басталды. Алдыңғы жетістіктеріне малданған фюрер ұлылық сырқатына ұшырады. Мұның арты оңдырмайтын қателіктерге апарып соқтырды.

Диктаторлардың бәрі Гитлердей дарынды бола бермейді. Біз білетіндердің көбі арамза, қулығына құрық бойламайтын адамдар арасынан шығып жатыр. Олар билікке келгенде айналасындағы жағымпаз топ көкке көтеріп әкетеді. Кез келген диктатордың қылып жүргенінің ⅔-сі нөкердің қызметінің «жемісі». Коммунистердің арасынан шыққан диктаторлар түгелдей саяси сауаты кемшін, кәсіпқойлығы төмен, пәрменді әрекетке қабілетсіз, адами ұсқыны жағынан мешеу адамдар болып шықты. Бәрі дерліктей жемқорлық пен атаққұмарлық шырмауына шалынып, есеңгірететін соққыны өз халқына өздері беріп, елдерін тығырыққа тіреп отыр.

– Өткен 30 жыл енді тарих. Осы тарихтан қандай сабақ алуымыз керек? Тұтас ел нені аңғаруы керек, билік нені түсінуі керек?

– Саясатта болып жатқанды саясаткерлер өзінің немесе өзі бағынышты күштің мүддесінен ғана түсіндіре алады. Көпшілік жағдайда, тарихшылар да тарихты тек үстемдік құрып тұрған идеология тұрғысынан сипаттайды. Ғылыми таза тарихи еңбек жазуға қол жеткізу қиын. Қате түсіндірілгендіктен тарихтан ешкім оңды қорытынды шығармайды. «Тарихтан біз үйренетін жалғыз нәрсе мынау: тарих ешкімді ештеңеге үйрете алмайды» (Г.Гегель).

Кезінде өте құдіретті болған Кеңестер Одағында басшылық орындарда болғандар тәуелсіз елдерді басқаруға келгенде ешқандай тарихи сабақ алмағандығын көрсетті. Бас хатшы – Елбасы; СОКП – «Нұротан», Коммунизм құру бағдарламасы – «Қазақстан-50»,.. болып кете береді. Ақыры да – сол күйреу.

Дегенмен, тарих әрқашан да қоғамды балама жолсыз қалдырмайды. Тығырықтың кез келген этапында одан сытылып шығудың сілемі көрініп тұрады. Соны бетке ұстап, жарқыраған күн сәулесіне шығуға әрқашанда мүмкіндік бар. Ол үшін қазақ ойын, әрекетін, менталитетін түбегейлі өзгертіп, жаңаша қимылдауы, формациялық секіріс жасауы керек.

Мәселенің шешілуі де қиын емес: әлеуметтік прогреске құлықты адамдарды билікке алып келуде ғана. Осы трендті жүзеге асыру жолдары жүздеген томдарда жазулы тұр. Сыртқы жағдайға қатысты кілтипан жоқ. Бәрі іштегі жағдайға – биліктің мешеулігіне, бұқараның сауатсыздығына тіреліп тұр. Жоғарыдағылар басқара алмайды, төмендегілер басқара алатындарды жылжытуды білмейді.

Адамзаттың тарихи тәжірибесінен біз мынаны білеміз: мәдениетті халық алға басады, өзгелерге игі ықпал етеді; мәдениетсіз халық алға баспайды, кежегесі кері кетіп, тұрып алады, өзгелердің ықпалына түседі.

Негізінде қоғамды тығырықтан алып шығу – мәдениет және ғылым элитасының миссиясы болып табылады. Олардың арасынан шыққан аздаған көпшілікке танымал топты біріктіріп, әрекет ету нәтижеге бастап апара алар еді. Осы бір потенциалды рухани күштің тегеурінін сезген жемқор билік соңғы онжылдықтарда бірнеше рет заңсыз, қитұрқы амалдармен, асқан арамызалықпен олардың жолын бөгеп тастады. Ұлттық мәдениет элитасында табандылық жетпеді.

Осылардың бастарын біріктіріп жаңа форматта, қабілетті құрылым құрып, әрекет ету керек. Жағдайға терең анализ жасай отырып, мұндай қимылдардың қажеттігін, елдің келешегі үшін, ұрпақ үшін маңыздылығын мұқият түсіндірсе, бұл бағытты қолдап шығатындар табылады. Ел тағдыры осы арада шешіледі. Бұл – соңғы мүмкіндік.

– Оқиғаға қатысты «осының бәріне демократия деген ұранмен көшеге шыққан белсенділер кінәлі» деп сөйлеген депутаттар да болды. Олардың ойынша тәртіпті одан әрмен күшейту керек, артық сөйлеген, алаңға шыққан адамдарды түгел желіктіруші деп қарап жазалау керек дейді. Тәртіпті күшейту қоғамның тыныштығына кепіл бола ала ма?

– «Осының бәріне демократия деген ұранмен көшеге шыққан белсенділер кінәлі» деп жүргендердің сөздерінен екі нәрсені аңғаруға болады. Біріншісі – олар бұл сөздерімен өздерінің саяси топастығын әшкерелеп отыр. Бұл – орта мектепті бітірмеген, «конституция», «адам құқығы» деген ұғымдармен таныс емес, нағыз надан адамның айтатыны. Ондай адамдарды «азаматтардың демократия ұранымен көшеге шығуы, бейбіт митингілер мен демонстрацияларға қатысуы – қоғамның әр мүшесінің конституциялық құқығы, қоғамда әділеттілікті орнатудың кең таралған, пәрменді саяси шаралардың бірі екенін түсіндіру үшін құқықтану пәнінен саужой (ликбез) курсында оқытып алып, сонан кейін депутаттыққа ұсыну керек еді.

Екіншісі, бұл адамдар тұлға ретінде өзіндік тұрғысы жоқ, болып жатқан құбылыстарға қатысты сындарлы пікір айта алмайтын, жоғарыдан қандай бұйрық болса, соны талқысыз орындай беретін, қалай айдаса – солай жүретін,.. адамдар арасынан тізіммен таңдалып алынған. Сондықтан олардың міндеті – билік тарапынан түсіп жатқан нұсқауды талқысыз орындай беру. Биліктің емеурінін қағыс жібермей, алдынала жалпаңдай беру. Сол қызметі үшін қомақты жалақы алады, өзге материалдық игіліктермен қамтамасыз етіледі. Бірде осы «парламентке» барып, бұрынғы президент «осында қалай келгендеріңді білесіңдер ме» деп, көзін алартқанда, бәрі жым болып, отырған креслоларының астына кіріп кеткен болатын. Олар халық арасында беделден жұрдай. Олардың «жепутат» деген сайқымазақ аты бар.

Парламентке жайғасып алған, саяси сауаты төмен, адамгерлішік ұсқыны қораш, бейшаралар осындай игі бастамаға меңзейтін, ізгі қадамдар жасамақ болған қарапайым жандарды өздері жасаған былықтары үшін кінәлі ғып шығармақ. Мен іші қара түнек, жаны лас, бықсық әрекеттер жасап жүретіндердің, сирек болса да, ұшырасатынына салқынқандылықпен қараймын, ал олардың Парламентте толып отыруы келешегіңнен түңілдіреді. Бізде сөздің тура мағынасындағы парламент жоқ, тек осы терминмен аталатын ұйым бар.

Өздері қамшының астында күнелтіп үйренгендер, өзгелерді де бишікпен бағындыру керек деп ойлайды. Адекватты жазаны кең қолданатын елдің бірі – Қытай. Бірдеңе ұрлаған адамның қолын кесу деген оларда бұрыннан болған. Қазір ұрлық пен ұсталған адамға өлім жазасы тағайындалады. Бірақ одан жемқорлық тыйылған жоқ. Адамдарды күшпен, қорқытып бағындыру қоғамның тыныштығына кепіл бола алмайды.

Қоғам бірқалыпты, орнықты даму үшін әлеуметтік мәселелер әділ шешілуі керек. Руханиятты қалпына келтіру керек. Саяси-құқықтық сауатты көтеру керек. Озық мәдениетті, асқақ моральды меңгеру керек. Скандинавия елдерінің тәжірибесі осындай.

– Егер қоғам толықтай демократияға бет бұрса бұрынғы жасырылып, айтылмай келген мемлекеттік деңгейдегі қылмыстар ашылып, айтыла бастауы мүмкін, оның соңы нақты жауапты адамдардың сот алдына келуіне себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ескертусіз оқ атуға бұйрық берген адам да қағыс қалмайтыны анық. Қазіргі президент Тоқаевтан өз басыңыз не күтесіз? Ол елді демократияға бастай ала ма?

– Оңтүстіктегі корейлер президенттерін соттату жағынан өзгелерге қарағанда қара үзіп алға шықты ғой деймін. Соттың тәуелсіздігі, заң алдындағы теңдік ұстанымдары үстемдік етіп тұрса, оған дау бар ма? Солай болсын! Сол «президент соттатқыш» корейлер айналасы 30-ақ жылдың ішінде дамудың сара жолымен зымырап, ғажап жетістіктерге жетті, Батыс қоғамдарын қуып жетіп, кейбіреулерінен озып та кетті.

Өз басым Қасым-Жомарт Тоқаевтің президенттік лауазымға келгенін сол кездегі Қазақстан үшін бірден-бір құптарлық адам ретінде қабылдаған едім. Онымен ынтымақтасуды ұсынған посттар жаздым. Бірақ оған бұрынғы президент жұмыс істетпей қойды. Қауіпсіздік Кеңесін президенттіктен де жоғары тұратын институтқа айналдырып алған Бұрынғы Қазіргінің нақты кінәсін көрсете отырып, қызметінен түсіріп тастаған адамын бұрынғысынан да жоғары лауазымға отырғызып, мысын құртты ғой. «Бірігіп шешейік» деген жарияның аясында «мен ұсынамын, сен бекітесің» ұстанымы жатты.

Үрдіс бұдан былай да жалғаса бермек деп жорамалдауға негіз бар. Әзірше, Ресейдің, және ол қолтығының астына алып, қорғап қалып отырған Бұрынғының қыпалынан сытылып шығу мүмкіндігін көріп отырған жоқпын. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды демократиялық жолмен дамытуға бастай алады, егер шын мәнінде билік толығымен қолына тисе. Ол қоғамды демократиялық жолмен дамытуға бастай алмайды, егер Бұрынғы оның құлағына сыбырлауын жалғастыра беретін болса.

– Сұхбатыңызға рахмет! Соңғы алаңдаушылығыңызға келер болсақ, бүгін Сенат заңдағы мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу туралы тармақты алып тастау жөнінде ұсыныс жасағанын айта кеткіміз келеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?