Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл: Еліміздің әлеуметтік-рухани және экономикалық дамуы

2855
ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл: Еліміздің әлеуметтік-рухани және экономикалық дамуы - e-history.kz

 (Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы негізінде)

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жуырда жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында қазақ халқы тарихының бірте-бірте дамуы бойынша да, мазмұны жағынан да бірегей екенін жазған. Соның нақты дәлелі ретінде: «Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу», - деп жалғастырады ол өз ойын.
 

 

Елбасының пікірінше, мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады. Қазақстан аумағында, кемінде, соңғы екі мыңжылдық ішінде жергілікті ежелгі түркі, түрік және қыпшақ-қазақ негіздеріндегі мемлекеттілік өмір сүрген. Әртүрлі тарихи дәуірлерде осы тәуелсіз мемлекеттік құрылымдар өмір сүріп, сақтардың арғы мемлекеттік құрылымдарынан қазіргі заманғы Қазақстанға дейін әртүрлі аталып келді.

 

Оның үстіне, өзіне тән тілі, антропологиялық, яғни шыққан тегі мен дамуы ерекшелігі, өзгеше ділі, бірегей төзімділігі, діни көзқарастары, баға жетпес салт-ғұрыптары, сондай-ақ шаруашылық-мәдени тұрпаты бар жергілікті ұлт, негізінен, тұрақты, өзгермейтін және ежелгі тұрғын халық болып қала берген. Бұған қатысты Елбасымыз: «Қазіргі заманғы қазақтар – бағзы замандарда-ақ арғымақтарының тұяқтарымен күллі ғаламды дүркіреткен ертедегі сақтардың, ғұндар мен түркілердің ұрпақтары», – деген баға берген.

 

Осы ұзақ уақыт аралығында Қазақстан аумағында бір мемлекеттерді екінші мемлекеттердің бірте-бірте және заңды ауысты­руы орын алды. Біздің есептеуімізше, олардың жалпы саны жиырмадан асады. Мемлекеттік құрылыстардың бірте-бірте ауысуының осы тізбегінде 1465 жылы Керей хан және Жәнібек хан құрған Қазақ хандығы ерекше орын алады. Қазақ хандығы XVIII ғасырдың 30 жылдарынан-ақ тәуелсіздігінен айырыла бастап, XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдарында мемлекеттің негізі – қазақтардың Орта және Кіші жүздерінде хан билігі мүлдем жойылды. Ал 1845 жылы Жәңгір хан қайтыс болған соң, Жайық пен Еділ өзендерінің арасында орналасқан Бөкей хандығында да хан билігі тоқтады.

 

Бұл байырғы халықтың наразылығы мен қарсылығын туғызып, Қазақстан халқының ұлт-азаттық көтерілісіне ұласты. Біз, Елбасының пікірінше, барлық ауыртпалықтар мен қиын сынақтарға төтеп беріп, ұлттық жаңғыру және азат болу жолына түстік. Халықтың айбынды ұлдары – атақты мемлекет қайраткерлері: Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Кенесары хан, қазақ батырлары: Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Сырым, Махамбет, Исатай, Жоламан, Жанқожа, Есет, халық ағартушылары: Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, сондай-ақ XX ғасырдың Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Г.Потанин, А.Латута сынды ұлы реформаторлар және басқалары оянған халықтың басында тұрды. Олар халықтың азат және тәуелсіз болуы үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеді. Соған байла­нысты Түңғыш Президентіміз: «Бүгінгі таңда біздің бейбіт өмір сүріп, планетада Қазақстан Республикасының пайда болғаны үшін, тарихтың барлық кезеңдерінде туған жерімізді, отанымызды, елімізді жанқиярлықпен қорғауға шыққан батыр бабаларымыздың алдында мәңгі және өтелместей қарыздармыз», – деген болатын.

 

Бостандық пен тәуелсіздік үшін көптеген халықтар өкілдері: қазақтар, орыстар, өзбектер, украиндер, поляктар, қырғыздар, бело­рустар, қарақалпақтар, немістер мен башқұрттар және тағы басқалары күресті.

 

XX ғасырдың басында шаруаларды жаппай көшіру-қоныстандыру үдерісі кең қанат жайып, 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін де тоқтамады. Түпкілікті қазақ жерлері, әсіресе ең шұрайлы, құнарлы жерлер қоныс аударып келген шаруалардың пайдасына күшпен тар­тып алынып, берілді. Ұлт-азаттық қозғалыс 1916 жылы басылып­ жаншылған тұста, он мыңдаған адам қаза тапты, ал жүз мыңдаған адам ел аумағынан көшіп кетуге мәжбүр болды.

 

1917 жылдан 1991 жыл аралығында Қазақстан шынайы егемендігі мен тәуелсіздігі жоқ автономиялық және одақтық республика ретінде КСРО құрамында болды. Ол жылдардың қиындықтары мен қарама-қайшылықтары аз болған жоқ. Соған байланысты Елбасы: «Қазақ халқы үшін күллі XX ғасыр басқа ұлттардың қорқынышты түстерінде ғана орын алуы мүмкін өте алапат оқиғаларға толы болды. Мен сол барлық сұмдықтарды басынан өткізіп, төтеп берген халқымның осыншалықты ғажап төзімділігіне, табандылығына қайран қаламын», – деген еді.

Patsha-kimetini-.jpg
 

 

XX ғасырдың 30 жылдарының басында қазақ халқы өз тарихындағы ең қасіретті ауыртпалықтардың бірі – ел жұртшылығының жартысына дерлік жалмаған жаппай аштықты басынан кешті. Кінәсіз бақилық болғандардың арасында республиканың басқа ұлттарының да 200 мыңдай өкілі көз жұмған.

 

Сталиндік тоталитарлық режим жылдарында Қазақстанның кең даласына жүз мыңдаған саяси тұтқын тап болды. 1937-1938 жылдары республиканың барша дерлік зиялы және мәдениетті қауымы (120 мыңға жуық адам) сол режимнің құрбаны болды. Өкінішке қарай, біз сол соққыдан осы күнге дейін ес жия алмай келеміз.

 

Өткен ғасырдың 30-50 жылдарында өлкемізде бұрын-соңды болмаған оқиға – Қиыр Шығыс, Кавказ өңірі, Солтүстік Кавказ, Қырым, Поволжье, Батыс Украина, Белоруссия, Балтық жағалауы елдерінен тұтас халықтарды жаппай көшіріп әкелу үдерісі орын алды. Біздің отанымызда олар өлімнен құтылып қана қойған жоқ, сонымен бірге жергілікті жұртшылық арасынан жылы пана да тапты. Қазақтар ежелгі дала салты бойынша бір жапырақ нанын да, баспанасын да солармен бөлісті. Сондықтан 2015 жылы Қазақстан Халқы ассам­блеясы сессиясында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бірінші кезекте қазақ халқына және адамдардың бір-бірлеріне Ризашылық күнін атап өту туралы ұсынысты кездейсоқ жасаған жоқ.

 

Қазақстанның 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы майданына аттандырған 1,5 миллионға жуық ұл-қыздарының жартысы дерлік туған еліне оралмай, Отан қорғау жолында қаза тапты. Бұрынғы өткен қорқынышты жылдарға қарамастан, жерлестеріміз майдандағы ұрыстарда жаппай ерліктің батырларға тән керемет үлгілерін көрсетті.

 

Тың және тыңайған жерлерді игеру, жаппай құрылыс салу және соғыстан кейінгі индустрияландыру жылдарында жүз мыңдаған жас ұрпақ өкілдері бірлескен еңбек пен ерліктің қайталанбас дәстүрлерін жалғастыра отырып, Қазақстан деген өздерінің жаңа отанын тапты.

 

Көне қазақ жерінде, ұлы Абайдың отанында 1949 жылдан бастап іске қосылған апатты Семей ядролық полигонының өңір халқына әкелген ең ауыр зардаптарын сипаттау қиын. Қазақстандықтардың тектік қорына орны толмас залал келтірілді. Ядролық жарылыстардың кесірінен пайда болған аурулар қазақстандықтардың әлі талай ұрпағына мұра болатыны анық.

 

Көп ауыртпалық әкелген осындай оқиғаларға қарамастан, халықтың күресі тоқтамады. Осы жылдар ішінде халықтың тоталитарлық кеңес режиміне қарсы 300-ден астам наразылық, қарсылық әрекеті орын алды. XX ғасырдың 60 жылдарының басында студент жастардың аса пәрменді «Жас тұлпар» қозғалысы басталды. 1979 жылдың маусы­мында сол кездегі Целиноград тұрғындары, әртүрлі ұлттар өкілдері Орталықтың облыс аумағында неміс автономиясын құру әрекеттеріне қарсы жаппай ереуілге шықты.

 

Алматының студент жастары 1986 жылдың желтоқсанында қазақ халқына, қазақ тілі мен мәдениетіне, қазақ мектептеріне тиісті мәртебе берілуін, кадр мәселесіне лайықты көңіл бөлінуін талап етіп, әкімдік-әмірлік жүйеге ашық қарсы шықты. Бұл әрекеттің мүлдем ұлтшылдық сипаты, мемлекеттік төңкеріс жасауға үндеуі, сондай-ақ республиканың басқа халықтарына қарсы ашық өшпенділігі болған жоқ. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың пікірінше, 1986 жыл желтоқсанының оқиғалары тәуелсіздік алудың бастамасы болып, әрі жастарымыздың сана-сезімінің қаншалықты өскенін, қияли социалистік идеялар құнының соншалықты түскенін көрсетті: «Алматы 1986 жылдың желтоқсанында ұлт мәселесін шешудің социалистік ілімінің күйрегенін дәлелдеді». Бұл шерулер КСРО-ның ғана емес, сонымен бірге барша социалистік лагерь ыдырауының алғашқы жаршысына айналды.

 

XX ғасырдың 80-90 жылдары шектерінде республикамыз ел халқының әлденеше ұрпағы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізудің шынайы жолына түсті. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылдың сәуірінде Н.Ә.Назарбаевты Республика президенті етіп сайлағаны бізді бостандық пен егемендікке жақындата түскен маңызды қадамдардың бірі болды. Президенттік институттың енгізілуі мемлекеттік билікті компартия мен орталық билікке азырақ тәуелді болу, жаңа мемлекет негіздерін құру мүмкіндігін берді.

 

 

 

1991 жылы желтоқсанның 1-індегі бүкілхалықтық сайлауда Н.Ә.Назарбаев басым көпшілік дауыспен Қазақстанның Президенті болып сайланды.

ybbKtsaNx.jpg
 

 

1991 жылғы желтоқсанның 10-ында Республика Сарайында өткен Президентті салтанатты тарихи ұлықтау жиынында Елбасы халық алдында ант берді. Сол күні маңызды оқиға орын алды: Жоғарғы Кеңес сессиясында Қазақ КСР-і Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

 

1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заңы қабылданып, онда республикамыз тәуелсіз, демократиялық, біртұтас, әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде айқындалды.

 

Сонымен, 1991 жылғы желтоқсанның 16-сында қазақ халқының және көпэтностық республикамыздың басқа да халықтарының ғасырлар бойғы арманы, ел тәуелсіздігінің жаңғыруы орындалып, Қазақстан Республикасы дүниеге келді.

 

Тәуелсіздік – ол халқымыздың ең басты құндылығы, ең негізгі игілігі. Біз осы аса тағдыршешті оқиғаны мақтан етеміз. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау – Отанымыздың әрбір азаматының маңызды міндеті және қасиетті борышы.

 

Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мықты және дана басшылығымен әр қазақстандықтың қажырлы да қажымас еңбегінің арқасында мүмкін болды. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісін алдын ала айқындап беріп, Қазақстанның тұрақты өсу жолына түсуіне жағдай туғызды. Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асыра отырып, әлемдік 30 көшбасшы қатарында алға қарай үдемелі ілгерілеп келеді. Мемлекет басшысының жете ойластырылған және жемісті халықаралық бастамаларының нәтижесінде, еліміз жоғары халықаралық беделге ие болды, ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың танылған көшбасшысына айналды.

 

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанда экономиканың жоғары көрсеткіштеріне қол жетті. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқын ең жоғарғы әлемдік жетістіктерге жетуге табанды түрде бағыттап, ынталандырып отырады. «Қазақстан-2050» Страте­гиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» ұлт жоспары – осының барлығы әлемнің ең озық дамыған елдерінің қатарынан орын алуға лайық Қазақстанның күш-қуатын дамытуға, нығайтуға бағытталған жоспарлар.

 

         Н.Ә.Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді. Ол сол үндеуінде: «Биыл еліміздің ең жоғарғы лауазымындағы қызметін атқарып келе жатқаныма отыз жыл толады. Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім.   Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады.   Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал, әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін»  және азаматтардың - деді Елбасы.[1]

 

         Қазіргі Мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаевтың айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дүниежүзілік тарихтан қазіргі заманның көрнекті реформаторы ретінде лайықты орын алып отыр. Парламент палаталарының 2019 жылғы 20 наурызда сөйлеген сөзінде осы ойын дамыта отырып, былай деді: «Біз барлық жетістіктерімізге, ең алдымен, Қазақстан Республикасының қастерлі Тәуелсіздігіне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Елбасы Кеңес Одағы күйреген тұстағы аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің негізін қалап, оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамдарға қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді барша әлемге мойындата білді. Дүние жүзі картасында даму мен демократияның, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды... Елбасының жанында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен адам ретінде нық сеніммен айтарым: Ол өзінің еңбек жолын биік мақсатқа – халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арнаған бірден-бір тұлға болып саналады».[2]

 

Қазақстан өзінде конфессияаралық және этносаралық бейбітшілік пен татулық үстемдік ететін мемлекет дамытудың күллі әлемде танылған үлгісін жасады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар бірегей институт – Қазақстан Халқы ассамблеясын құрды. Әлемдік діндердің, тілдердің, мәдениеттер мен дәстүрлердің тоғысында тарихи син­тез Қазақстанда бейбітшілік пен татулық әлеуметтің адамгершілік және этикалық нормасына, ортақ мәдениетіміздің бөлінбес бөлігіне айналған бірегей қоғам тұрпатын қалыптастырды.

 

Осының бәрі көпэтностық және көпконфесссиялық жағдайды Қазақстанның стратегиялық ресурсы мен артықшылығына айналдырып, руханият пен азаматтылықтың берік ұстанымын қалыптастырды. Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен татулық, келісім үлгісі қоғамды үйлесімді дамытудың әлемдік үлгісі болды. «Мәңгілік Ел» құндылықтары тәуелсіздіктің жетістіктерін, Қазақстан халқының мүдделері мен тарихи тағдырының ортақтығын паш етті. «Мәңгілік Ел» идеясының жеті құндылығы өзінде қазақстандықтардың біртұтас мақсатын, біртұтас мүдделерін және біртұтас болашағын біріктіріп, тәуелсіздікті, азат және гүлденген елде өмір сүруге ұмтылу ниетін біріктірді.

 

Білім саласын жан-жақты және кешенді реформалау Қазақстанға дүниежүзілік кеңістікте лайықты орын алуға мүмкіндік туғызды. Отандық білім және ғылым жүйесін жетілдіру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басты міндеттерінің бірі және елді әлеуметтік­экономикалық жаңғыртудың бір элементі болып саналады. Қазақстан ересектердің сауаттылығы деңгейі бойынша Адам дамуы индексінің (АДИ) дүниежүзілік тізімінде алғашқылардың қатарында тұр.

 

Қазақстан зияткерлік ұлт қалыптастыру үшін барлық жағдайлар жасап, мүмкіндіктер туғыза отырып, адам дамуы деңгейі жоғары елдер қатарына нық сеніммен енді. Президент бастамасының арқасында елімізде бірегей «Болашақ» бағдарламасы жүйелі іске асырылып, «Назарбаев Университеті», зияткерлік мектептердің тармақталған желісі құрылды. Елдің көптеген жоғары оқу орында­рында университеттік білім беру деңгейі көтеріліп келеді. Барлық өңірлерде қазіргі заманға сай мыңнан астам мектеп бой көтерді.

 

Мәдениет саласы қаржы ресурстарымен қамсыздандырылуы және жоғары шығармашылық еңбек сіңіру нәтижесінде дамудың қуатты серпінін алды. «Мәдени мұра» бағдарламасы отандық мәдениетті сақтап, дамытудың ауқымды жұмысының бастауына айналды. Дүниежүзілік маңызы бар оқиғалардың қатарында: бірегей отандық ескерткіштер – Қожа Ахмет Иассауи кешенінің, археологиялық «Тамғалы» кешенінің, сондай-ақ «Сарыарқа» табиғат мұрасы – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдерінің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне алынғанын айта аламыз.

unnamed.jpg
 

 

Тәуелсіздік жылдары ішінде спорт және салауатты өмір салты саласында да тамаша жетістіктерге қол жетті. Ірі халықаралық жары­старда біздің спортшыларымыз Қазақстанның мықты және ұйымшыл спортшыл ұлт бейнесін сомдап, күллі әлемге танытты.

 

Тәуелсіздік біздің ең басты шоғырландырушы құндылығымыз болған және солай болып қала береді. Бостандығымыз бен тәуелсіздігімізді ары қарай нығайта беру үшін әрқайсымыз соған күш-жігер салып, Елбасы айтқандай: «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние» бір орнында тұрмайтыны белгілі. Президент ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек. Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс. «Мәңгілік ел» идеясының түпкі мақсаты осында».



 


 

[1] Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына үндеуі.


 

[2] Выступление Президента Республики Казахстан Касым-Жомарта Токаева на совместном заседании палат Парламента 20 марта 2019.


 

Талғатбек Әминов, 

Мемлекет тарихы институтының 

аға ғылыми қызметкері

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?