Келер жылы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі. Қазіргі таңда Алаш ардақтысының мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін ауқымды жұмыстар басталды. Мәселен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы режиссер Мұрат Есжанның «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясын жылдың аяғына дейін көрерменге ұсынады. Сондай-ақ ағартушыға арнап «Соңғы үкім» көркем фильмі түсірілуде. Бір сөзбен айтқанда ұлт ұстазының мерейтойына дайындық қызу жүріп жатыр.
Алаш арыстарының ішінде Ахмет Байтұрсынұлының алар орны ерекше. Қазақ тіл ғылымының негізін қалаған қайраткер саяси қызметте де айрықша еңбек етті. Нақтырақ айтсақ, ол Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарымен бірге Алаш партиясы мен Алаш Орда Үкіметін құрып, қазақтың өз алдына бөлек тәуелсіз мемлекет болуына атсалысты. Кейін ол алашордашылар Кеңес үкіметін мойындайтын кезде де большевиктік партияға ең бірінші болып өтіп, ұлттық ұпайын түгендеуге тырысты.
Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызметі
Бұрын алаш идеясы төңірегінде топтасқан қазақ қайраткерлері не үшін коммунистік партияға өтуге ұмтылды? Белгілі алаштанушы Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан болшьшевиктік партияға өтіп, ұлтқа қызмет етуді көздеген.
«Тергеу материалдарында «Әлихан Бөкейхан 1920 жылы мынадай шешімге келді» дейді. Яғни, қолынан іс келетін қазақ зиялыларын, әсіресе жастарды коммунистік партия қатарына өтуге шақырды. Ол «Біз 1917 жылға дейінгі яғни патшалық кезеңіндегі зиялылар большевиктерге қарсы шығып, бетімізді көрсетіп қойдық. Ал жастар сендердің биліктің алдында әзірге беттерің таза. Сондықтан да коммунистік партияға өтіңдер. Партияға өту арқылы ұлтқа қызмет жасаңдар», – деген тактикаға көшеді.
Бұл өзі сол кездегі тарихи қажеттіліктен туған әрі өзін өзі толық ақтаған шара болатын. 1920 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Алаш орда атынан Советтік басшылықпен ымыраға келе отырып, ұлттық мүддені ұмытқан жоқ. Ол шамасы келгенше Алаш партиясы ұстанған ұстанымды өткізуге тырысты», – дейді тарихшы.
Мәмбет Қойгелді 1920 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Совет үкіметінің көсемі Ленинге екі бірдей хат жазғанын айтады. Мамыр айында жазылған ең бірінші хатында Ленинге мынадай ұсыныс айтады.
«Ахаң өз хатында «Жолдас Ленин. Сіз бастаған биліктің алдында екі жол тұр. Соның бірін таңдауыңыз керек. Бірінші жол, сіздер қазақ қоғамын патша заманындай өздеріңіздің генерал-губернаторларыңыз арқылы басқара берулеріңізге болады. Бірақ мұндай биліктің іргетасы құмға қаланғанмен бірдей. Күні ертең ол құлайды. Екінші жол, сіздер билікті кезінде патша үкіметімен күрес жүргізген қазақтың ұлт зиялыларына сеніп беріңіздер. Ол ұлт зиялылары қателесуі мүмкін. Бірақ еш уақытта өз ұлтының мүддесін сатпайды» деді. Бұл бірінші хат.
Екінші тамыз айында жазған хатында «Қазақ халқы 1917 жылдарда Совет үкіметіне сенбеді. Оның сенбейтін себебі бар. Қазақ халқы патшалық заманда әбден аузы күйген. Ал жаңа билікті танымайды. Сондықтан да жаңа келген билікке сенімсіздікпен қарау – табиғи жағдай. Қазақ экономикасы әлсіз. Ал қазақ халқының негізгі мал шаруашылығы табиғат өзгерістеріне тәуелді. Сондықтан қазақ халқының шаруашылығын өзгертуді даярлықпен, абайлап жасау керек. Мал шаруашылығы нәзік шаруашылық болғандықтан оны табан астында реформалауға болмайды. Сондықтан оған сақтықпен келу керек.
Екіншіден, қазақ халқының басым бөлігі ауылда тұрады. Ал қала негізінен еуропалық тұрғындардың қаласы. Қазақстандағы қала осы күнге дейін ауылды қанап келді. Қазақ шаруасының малының құны жоқ. Сондықтан қала ауылды тонауды тоқтату керек. Қазақ шаруашылығына қамқорлық керек. Ауылда ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін зауыт, фабрика ашу керек. Қазақтың малын қажеттілікке жаратып, оны ақшаға айналдыратындай мүмкіндік беру керек. Бір сөзбен айтқанда, реформаны ауылдан бастау керек. Сондай-ақ қазаққа әскер беру керек. Осы уақытқа дейін әскер еуропалық халықтардың қолында болып, қазақтан әскер алынбады. Ал қазақтың қолында қару болмаса кім онымен емептеседі? Сондықтан қазаққа әскер керек» деген ұсыныстар айтылды», – дейді ол
Мәмбет Қойгелді Ахмет Байтұрсынұлының ұсыныстары Ленин мен Сталин басқарған Совет үкіметі тарапынан ескерілмегенін айтады. Алайда ол автономия деген идеяны Совет басшылығы қолдап, кейін оны іске асырғанын ескертті. Осылайша 1917 жылғы Алаш автонмиясы Қырғыз (яғни Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрумен аяқталды.
Ұлы ағартушының қазақ руханиятына қосқан үлесі
Белігілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұлдың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының рухани және саяси көсемі. Сондай-ақ ол Ұлы ағартушының әлемдік дегендейгі құбылыс екенін ескертті.
«Әбіш Кекілбайұлы «Қазақ тарихында Ахмет Байтұрсынұлы секілді тұлға болған емес, болмайды да» деп тектен тек айтпаған. Ақаң әлемдік дегендейге феномен. Өкінішке қарай қазақ халқының Ұлт ұстазының қадыр-қасиетін әлі күнге дейін дұрыс түсіне алмай жүр. Егер Ахмет Байтұрсынұлы болмаса, қазақ әліпбиі, жалпы тілдік жүйесі мен қазақ әдебиеттануы қазіргі деңгейде болмас еді. Ақаң қазақ класикалық филологиясын әлемдік деңгейде негіздеп кетті. Ол ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында әлемдегі №1 деңгейдегі филолог болған. Филология ғылымының әдісі мен әдістемесін ғылыми прицип бойынша қалағаны баршаға белгілі. Бір сөзбен айтқанда Ахмет Байтұрсынұлының деңгейінде тіл білімі саласында маман болмаған және болмайды да. Сол кездегі орыстың академиялық мектебі қалыптасқан ғалымдарының өзі қазақ филологиялық, лингивистикалық мектебін мойындаған», – дейді алаштанушы.
Сағымбай Жұмағұл Ұлы ағартушының Әзербайжанның астанасы Баку қаласына жасаған сапарына назар аударды. Аталған сапарда түркі халықтарының латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланған болатын.
«Біз Ахмет Байтұрсынұлының Бакудегі құралтайда жасаған баяндамасының мән-мағынасын біле алмай жүрміз. Ғалым түркітанушылар құрылтайында әлеуметтік лингивистика арқылы күллі түркі халықтарының әліпбиі неден ұтылды және болашақта қандай болуымыз керек деген сұрақтарға жауап іздеді. Ұлт ұстазы сол кезде неге латын әліпбиіне қарсы болды. Өйткені ол ислам құндылықтарынан ажырататын советтік-тоталитарлық жүйенің қатқыл саясатын түсініп отыр. Сондықтан да ғалым түркі халықтарының бірлігін басты орынға қойды. Тіпті ол орыс тіліндегі методикалық, методологиялық, хронологиялық ақауларды айтып берді. Ол кезде Ахмет Байтұрсынұлының беделді пікіріне еш ғалым қарсы келе алмаған. Сондықтан біз түркі әлеміндегі Ақаңның бүтін бір ұлтты оятудағы рухани реформаторлығын ерекше қастерлеуіміз керек», – дейді ол
2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Латын әліпбиіне көшеміз» деп арнайы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл бастамаға көпшілік қауым ерекше назар аударып, қолдау білдірді. Өйткені қазіргі таңда Түркияғ Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстан секілді 4 түркі мемлекеті латын әліпбиінде білім алып жатыр. Осындай қалыптасқан жағдайда Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ елінің латын әліпбиіне көшуін қолдайтын ба еді?
«Ахмет Байтұрсынұлы латын әліпбиін қолдайтын ба еді, жоқ па деген сұраққа дөп басып жауап беру қиын. Алайда Ақаң тілдің өзінің табиғатынан туындайтын проблемаға байланысты қарсы болды. Әйтпесе түркі халықтарының бірлігі деген дүниені Ақаңдай сезініп, түсінген адам аз. Өйткені ол жәдиттік білім берудің бастауында тұрған тұлғалардың бірі. Сондықтан ол түркі халықтарының бірлігіне қызмет еткен Исмаил Гаспралы, Шаһабуддин Марджани секілді түркі халықтарына сыйлы азаматтардың барлығын жақсы білген. Өйткені ол «Түркі халықтарының бірлігі арқылы Ресей империясынан құтыламыз» дегенді терең сезінген. Қазақ қайраткерлерінің Алаш автономиясы мен Ахмет-Заки Уалидиидің Башқұрт автономиясымен бір мақсатта болып, бірге қызмет еткен. Бір сөзбен айтқанда Ақаң қазақ пен түркі халықтарының мүддесі мен мұратына ешқашан қайшы әрекет жасамайтын еді. Қазіргі таңда түркі халықтарының арасындағы интеграция маңызды болса, оның өзегі Алаш қайраткерлерінің мұрасы деп түсінген жөн. Мәселен Әлихан Бөкейхан «Түрік баласы» деген бүркеншік есіммен мақала жазып отырған», – дейді Сағымбай Жұмағұл.
Алаштанушы Ұлы ағартушы қазақтың тілдік мүдесі мен заңдылықтарына қайшы келмеуді ең бірінші орынға қойғанын айтады. Сондай-ақ ол Ақаң қазақ тіл білімінің негізін қалаған реформатор болғандықтан латын әліпбиіне позитивті қарағанын еске салды.
Алаш арыстары шет елге неге кетпеді?
Сағымбай Жұмағұлдың айтуынша, Ақаң ешқашан қазақ халқының болашағына күмәнмен қарамаған, керісінше ұлттың болашағына үлкен үміт артқан. Өйткені ол қазақ ұлтының рухани мәдени және генетикалық әлеуетін жоғары бағалаған.
Кейбір азаматтар «Алаш арыстары елге қалғанша шет елге кетуі керек еді. Сонда олар елге көбірек пайда келтірер еді» дегенді айтады. Алайда бұл пікірмен Сағымбай Жұмағұл келіспейді.
«Мәмбет Қойгелді мен Тұрсын Жұртбай өз еңбектерінде «Шықсақ мұратымыз бір, өлсек шейіт болып өлеміз» деп әу баста серт бергенін жазады. Сондықтан олар саяси эмиграцияға кетуді ойлаған жоқ. Бірақ оларда Ахмет-Заки Уалиди секілді шет елге шығып кетуге мүмкіндік болды. Кейбір қайраткерлер шет елге жан сауғалап кеткенде Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары өз елінде қалды. Өйткені олар революциядан кейін пайда болған зиялы қауым өкілдері емес болатын. Олар төңкеріске дейінгі Патша үкіметінің қуғын-сүргінін көріп, әбден шыңдалған еді. Сондай-ақ Алаш арыстары шет елге кетсе ел иесіз қалатынын жақсы түсінді.
Әлихан Бөкейхан батыс майданға қазақ жастарын қара жұмысқа алып барып, өзі бас-көз болып, елге аман-есен алып келді. Ахмет Байтұрсынұлы Ленинге жазған хатында және «Қалам қайраткерлері» атты мақаласында «Қазан көтерілісі мен большевиктер бізге түк бермген жоқ. Мәдениет қуаты декрет қуатымен өлшенбейді деп жазады» деп өз позициясын ашық әрі қаты айтады.
Шыны керек олар шет елге кетсе тұрмыс тауқыметін көрмей, бай-қуатты өмір сүрер еді. Бірақ олар, нақтырақ айтсам біртұтас Алаш идеясына берілген азаматтар саяси эмиграцияға түбегейлі қарсы болды. Ал Мұстафа Шоқайдың шет елге кетуі Әлихан Бөкейханның тапсырмасы бойынша жүзеге асты. Өйткені тәуелсіздік үшін күресті шет елге жеткізу қажет болатын», – дейді ол.
Ақаңның ауылына мән беру керек
Жоғары да Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына қызу дайындық жұмыстары жүріп жатқаны жазылды. Алайда алаштанушы ағартушының мерейтойына дайындықты оның туған ауылынан бастау керек деген пікірде
«Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінің қазіргі ахуалы қандай? Жол тартылып, коммуникация шешілген бе? Ақаңның 150 жылдығына конференция өткізумен шектелмеуі керек. Ахаңның өсіп-өнген жеріне жол, су беріліп, өркениетпен сабақтасуы керек. Сонда ғана біз ұлт ұстазына тағызым етіп, тәу етеміз.
Өкінішке қарай ғалымның туған жеріне апартын жол мен ұялы телефонмен байланысу мүмкін емес. Сол себепті мен ақынның мерейтойы конференция өткізіп, ас ұйымдастырумен шектелмеуі керек деп есептеймін. Ахмет Байтұрсынұлын қадірлейтін, қастерлейтін ұрпақ оның өскен жерінің рухын сезінуі керек. Сондықтан да ең бірінші кезекте жас ұрпақ Ақаңның ауылына бару үшін жол мехнатын көрмеуі керек. Тіпті ауылда мемориалды рухани мәдени кешен салса да артық болмайды.
Өйткені ар жақта Міржақып Дулатұлы мен Ахмет Бірімжановтар өскен, өңген жер жатыр. Жалпы Торғай өңірі қазақ зиялыларының алтын бесігі деп білемін. Өкінішке қарай біз әлі күнге дейін Ахмет Байтұрсынұлын қадірлеп-қастерлеу жағынан кешеуілдеп жатырмыз. Мысалы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық пен арнайы степендия жоқ. Ақаңның атындағы жастарға мотивация беріп, марапаттайтын бірде бір шара жоқ.
Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде «Елде жоқ рух ақын сөзінде болмас» деп айтады. Ақын шығармашылығына қажетті рухты қайдан алды? Әрине туған жерінен алды. Аудармадан бастап тіл білімі, әдебиеттану, әлеуметтану, қоғамтануға дейін салалаларды зерттеді. Ақаңның мұрасы өлмейді, жойылмайды, қазақ халқымен мәңгі жасайды», – деді Жағымбай Жұмағұл.
Расында Ахмет Байтұрсынұлының туған жер өркениеттен тыс жатыр. Күллі қазақ халқының көзін ашқан Ұлы ағартушының 150 жылдығын Ақаңның ауылына құрмет көрсетуден бастасақ, нұр үстіне нұр болар еді.