Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді

2385
Қасым-Жомарт Тоқаев: Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді - e-history.kz

Атырауда «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық отырысы басталды. Алқалы жиынды ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқыды.

«Баршаңызды «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Бұл алқалы жиын тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне орай өткізілуде. Алтын Орда тарихы қазіргі қазақ мемлекеттілігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректердің табылуы – осының айқын дәлелі. Шын мәнінде Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Сондай-ақ, Президент еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылғанын еске салды. «Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды бағдарламалар жұртымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Санмыңжылдық шежіреміздегі сабақтастық жалғасын тауып, ұлттық рухымыз биіктей түсті. Біз Алтын Орда дәуірінен келген құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек», - деп жазылған құттықтау хатта.

Бұған дейін хабарлағандай, Атырау төрінде Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Үш күнге жалғасатын шараның шымылдығы «Айбыны асқан Алтын орда» әдеби-театрландырылған қойылыммен ашылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?