Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Тәуелсіздік декларациясына 40 күн, Тәуелсіздік заңына 90 күн қалғанда»

1724
«Тәуелсіздік декларациясына 40 күн, Тәуелсіздік заңына 90 күн қалғанда» - e-history.kz

15 қыркүйек күні Орал оқиғасын еске алуға арналған «Тәуелсіздік декларациясына 40 күн, Тәуелсіздік заңына 90 күн қалғанда» атты онлайн конференция өтті. Аталған конференцияны Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысының БАТЫС аймағы бойынша (1991-1993 жылдардағы) үйлестірушісі Серік Ерғали ұйымдастырып, жүргізіп отырды. Негізгі баяндаманы ақын, қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаева жасады. «Қазақстан тарихы» порталы конференцияда негізгі баяндама жасаған азаматтардың сүбелі сөздерін ұсынады.

Серік Ерғали: Осыдан 30 жыл бұрын еліміздің тарихында орын алған аяулы да, құнды Орал оқиғасына байланысты конференциямызды ашық деп жариялаймын. Бұл конференция онлайн режимінде өтіп жатыр. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінен біздің «Азаткерлер» мен Орал оқиғасына қатысушы азаматтар қосылып отыр. Олардың арасында 30 жыл бойы бірін-бірі көрмеген адамдар да бар.

Қысқаша айтатын болсақ, ХХ ғасырдың соңында қазақ халқының Тәуелсіздік жолындағы күресі мен ұлттық рухын әйгілеген үлкен үш оқиға болды. Оның біріншісі – бүкіл Қазақстанды шарпыған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 1989 жылғы Жаңаөзендегі шілде оқиғасы содан кейін Оралдағы 1991 жылғы қыркүйек оқиғасы.

30 жыл бұрынғы оқиға Қазақстандықтарға неге толық таныстырылмай келе жатыр? Орал оқиғасы Қазақстанның жаңа тарихынан неге орын алмай отыр? Халықтың, қоғамның, биліктің, мемлекеттің назарын осыған бұрсақ дейміз. Бұл конференция Қазақстан Республикасының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған қоғамдық шарамыз болып есептеледі. Қазақстанның Тәуелсіздігі оп-оңай төбеден түспегенін білдіріп, көрсеткіміз келеді. Тәуелсіздік қарсаңында бір емес, үш бірдей оқиға болғандығын айтып өттік. Оның ең бастысы – жеріміздің қазіргідей әлемдегі 9-шы орын алуының бірден бір түпкі негізі Орал оқиғасына қатысты деп білеміз.

Алғашқы баяндаманы бүгінде 70-тен асқан, Қазақстандағы белгілі ақын, жазушы, Тәуелсіздік жолындағы күрескер қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаева апайымызға сөз беремін.

Айсұлу Қадырбаева: Оралдағы болып өткен оқиға үлкен күрес деп білемін. Күрес үлкені бар, кішісі бар, басшысы бар, қосшысы бар халықтың барлығы ұйымдасып, тұтасып шыққан мықты қозғалыс болды. Мұның өзі аяқ астынан шыққан жоқ қой. Сонау 1986 жылғы оқиға мен одан кейінгі тілге байланысты Қазақстан жеріндегі мектептер мен балабақшалардың азайып кетуіне байланысты үлкен-үлкен әңгімелер көтерілді. Ислам Жарылғап, Шона Смаханұлы ағаларымыз қан қысымы 200-ге жетіп, Алматының ішіндегі мектеп пен балабақшаларды аралап, жоғары жаққа арызданып жүрді. Үлкен жұмыс атқарды. Бұл соның толқыны ғой.

Ал енді Орал оқиғасына тікелей келетін болсақ, оны тап-таза көтеріліс деп айтуға болады. Неге? Өйткені Орал оқиғасы тек қана иделогиялық бағытта емес, еліміздің бүтіндігіменен, жеріміздің тұтастығы үшін жанды шүберекке түйіп, от пен суға түскен үлкен мәселе болды. Міне биыл сол жағдайдың болғанына 30 жыл толып отыр.

Қыркүйектің 12-күні сыйғанымыз ұшақпен, сыймағанымыз пойызбен сапарға аттанып, Оралға жиналдық. Мен ауруханада жатыр едім, дәрігерлер шығармауға тырысты. Орал Сәулебаев деген біздің батыр досымызға шағым айтып, «Елді ұйымдастырып, мынадай күреске шақырады екенбіз, өзіміз ауруханада жатып алады екенбіз. Бұл жерде жатып өлгеннен халықтың ішіне барып, не де болса бірге көрейін» деп мен тілдей «больничный» деген қағазға қолды бір сілтеп кетіп қалдым. Біраз азамат 12-күні ұшаққа отырып Оралға жеттік. Біз барып ұйымдастыру жұмыстарына кіріскен кезде пойызбен Қазақстанның туын ұстап қаншама азамат келіп түсті. «Ертеңгі шаруаны қалай бастап, қалай өткіземіз» деп мәслихат құрып жатқан Оралдың азаматтарына бірігіп, легімізбен құйылдық. Жанымызды шүберекке түйіп, үй ішіне біреуі айтып, біреуі айтпай Қазақстанның түкпір-түкпірінен қаншама азаматтар келді. Мына жерде Құлмахан, Азат, Дәурен, Көшкінбай, Халиолла, Сұлтанбек сынды қаншама азаматтар отыр.

1701028.jpg

Орал оқиғасы – жай оқиға емес. Патшалы Ресейге қызмет еткен Орал казак әскери күшінің 400 жылдығын тойлаймыз деген облыстық кеңеске арыз келіп түскен. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес үкіметі Ресейге 1917, ал Қазақстанға 1919 жылы келді. Осы жылдармен алып қарағанда Патшалы Ресейге қызмет еткен Орал казак әскери күшінің дәл сол 1991 жылы біз осы күреске кірген уақытта күлі де жоқ болатын. Сондықтан мұны көтеріп отырған сөз жоқ авантюрист, арандатушылар болды деп есептейміз. Өйткені жоқ нәрсе ғой.

Өздеріңіз естеріңізге түсірсеңіздер, Кеңес үкіметінің құрамынан бірнеше мемлекет кетіп, ыдырап жатқан уақыт. Бірақ біз Кеңестің құрамында тұрдық. Осы уақытты пайдаланып ең бірінші Қазақстанның батыс өңіріндегі ұлтарақтай жерін жұлып алып кетуге тырысты. Егер ол сәтті шықса, Патшалы Ресей бекеттерін қойған Ертіске дейінгі территория сөгітіліп жүре берер еді. Құдай тағалам бізді осы қауіп-қатерден аман сақтап қалды. Ниетіміз ақ еді. Сол көтеріліске қатысқан бірде-бір азаматтың бойында бір қылтанақтай ғана арамшылық пиғыл болған жоқ. Бас есеп деген бізде болған жоқ. Барлығымыздың мақсатымыз Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтап қалу болды. Біз үшін қыркүйектің 13, 14 және 15 күндері жан алып, жан беріскен сәіттер еді. Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан Қазақстанда от шығып кете жаздады. Құдай бетін аулақ қылсын, ондай от тұтанса оның басылуы қиын еді. Біз осы қауіптің алдын алу үшін күрестік.

Жалпы халыққа таңатын айып жоқ. Барлығымызда Адам ата мен Хауа ананың баласымыз ғой. Сондықтан мен Орал жұртшылығына авантюристердің мақсатты ісі керек болған жоқ деп ойлаймын. Оны осы оқиға жүріп жатқан кезде басында бірде бір шашы сарғайған орыс халқының өкілі бізге қарсылық көрсетпегенінен байқауға болады.

Лениннің Патшалы Ресейге өтіп кеткен жерлерді Қазақстанға қайтарып беру туралы декреті болды. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары еңбегінің арқасында Патша кезінде өтіп кеткен жерлер Лениннің декреті бойынша қазаққа қайтып келді. Ал енді патшалы Ресейге қызмет еткен «Орал казак әскери күшінің 400 жылдығын мәдени іс-шара ретінде өткіземіз» деген желеумен облыстық кеңеске қайырылуы қауіпті болатын. Өйткені Лениннің декреті бойынша қазаққа қайтарылған жерлер жергілікті кеңестің шешімімен қайтадан Ресейге өтіп кететін қауіп болды. Орал оқиғасы осы қауіптің бетін қайтарды.

15-сі күні біздің әрекетіміз жеңіспен аяқталды деп айта аламын. 16-сы күні қортынды жиын болып, 17-сі күні облыстық кеңестің төтенше отырысында облыстық кеңестің Патшалы Ресейге қызмет еткен «Орал казак әскери күшінің 400 жылдығын» өткіземіз деген арыз талқыланып, «Орал өңірінің халықтарының достығы» деп аты өзгеріп шыққан тойдың заңсыз екені дәлелденіп, шешім күшін жойды. Біздің ол күресіміздің, азаматтар сіздер қатысқан күрестің нәтижесі осы болды. Тарихи бағасы осымен берілуі керек. Әрине бұл тарихта белгіленді, Бүркіт Аяған басқаруымен энциклопедияда жазылды. Үкімет мұны мойындады, мойындамады емес. Бар мән мынада, казак деген, сосын «Азат» деген екі күш тоқайласты, әлгі екі қошқардың сүзіскені секілді. Осыны Үкіметтің тарапынан келіп, басып, елдің тыныштығын сақтап қалған сықылды қылып тарихқа енгізді. Шын мәнінде, бұл – халықтың еңбегі болатын. Орал өңінің, Орал өңіріне көз тіккен бүкіл Қазақстанның жеңісі болатын. Тіпті Қазақстан мен Ресейдің арасында от шығып кетпесін деп Ресейдегі бауырларымыздың тілегі құдайдың құлағына шалынды. Құдай қолдап, әруақ жебеп біз осы қиын-қыстау жағдайдан аман-есен өттік.

Azat-kozgalysy.jpg

Бүгін барып, бұрқ-сарқ етіп көшеге жиналып, айтыс-тартыспен осы жеңіске жете қалған жоқпыз. Бұл жерде Қазақстанның билік орындарының адамдарына дейін жанашырлықпен, түсіністікпен қарады. Біздің қойған талабымызға құлақ аса білді. Ол кезде халықтың тұтастығы бар еді. Ал енді билік өзінше біртұтас, халық өзінше біртұтас, бүгінгідей клан-кланға бөлініп, халықтың ішінен шыққан күрескерлерді әр клан әр жаққа бөліп әкетіп, бір-бірімен айтыстырып, тартыстырып қойған жағдай ол кезде жоқ еді. Бізде темірдей тәртіп болды. Біреуміздің алдымызға біреуміз шыққан жоқпыз. Біреуміз сөйлеп отырсақ, біреуміз бөлген жоқпыз. Тәртіп бір жерден берілді. 113 адам «қандай жағдайға тап болсақ та, біз жауапкершілікті мойнымызға алдық. Егер жаман атқа ұрынсақ, біздің жаманатымызға халық жауап бермейді» деп серт беріп, ант еттік. Үн-түнсіз минтингте тұрдық. Оңы-солы, алды-арты түгел ойластырылып бір қолдан басқарылған үлкен салиқалы салмақты күрес еді.

Осы оқиға туралы бүкіл Қазақстанды құлағдар етіп отырған марқұм Батырхан Дәрімбет болатын. «Азат» секілді үнқағазымыз бен жергілікті жерде ұйымдарымыз болды. Әр облыста «Қазақ тілі» ұйымы құрылған. Осының барлығы Орал оқиғасына жұмылдырылды. «Егеменді Қазақстан» газеті биліктің органы болса да, біздің ең бірінші мәлімдемеміз аталған басылымда жарық көрді. Сондай-ақ Марат Тоқашбаев басқарған «Халық кеңесі» газеті қолдау көрсетіп отырды. Күрес басталғанға дейін Қазақстан Жоғарғы кеңесінің үлкен отырыстарында қаралды. Федотованың басқаруымен 23 адам болып біз үлкен жиналысқа кірдік. Оған Мырзатай Жолдасбек, Нұрлан Оразалин сынды ағаларымыз қатысып, үлкен талқылау болды. «Мына шаруа – құлақ асатын үлкен шаруа» деп сол жерде үлкен шешім қабылданды. Бұл жиынға бізден үлкен делегация барды. «Азат» қозғалысының Орал бойынша басшысы Аманжол Зейнулин келді.

Алматыда отырған «Қазақ тілі» қоғамы біздің бірден-бір тірегіміз болды. Сол «Қазақ тілі» қоғамның жанында Рақманқұл деген заңгер бар еді. Аталған азамат тікелей араласып, біздің әрбір жазылған хат-хабарымыз сүзгіден өтіп отырды. Мен сол күрестің ішінде өзімді тәртіпке көндірдім. Ызаланасың, жаның күйеді. Жаны күйіп, ызаға булыққан адамда ащы-ащы сөздер шығады. Сонда Рахманқұл бауырымыз «Айсұлу, 99 сөзің дұрыс болып, бір ғана сөзден қате кетсе, соны айналдырып отырады. Дұрыс айтқан 99 сөзің далада қалады. Бұрыс жалғыз сөзің жерге тығады» деп айтатын. Міне біздің осындай ақылшы, кеңесшіміз болды.

Советқазы Ақатаев, Михаил Есеналиев ағамыз бар еді. Тұттас едік ол кезде. Және тастай берік, мықты ұстадық өзімізді. Біздің ең бірінші Орал облысында құрылған «Қазақ тілі» қоғамын халық күштеп отырып маған алып берді.

Сол «Қазақ тілі» қоғамы «Азатты» құрды. «Қазақ тілінің» құрамы «Азаттың» құрамында болды, сырттай қарағанда екі үнге ие боламыз, бірақ бір құрам. Міне осындай әдемі жұмыстар жүргізілді.

«Егеменді Қазақстан» газетінің редакторы марқұм Шерхан Мұртазаға менің және елдің айтар рахметі үлкен. Мемлекеттің бас газеті «ә» дегеннен бізді жақтап, қорғауға шықты. Бұл біздің қолымызға берілген құрал еді. Оған мұрындық болған Сайлау Батыршаұлы деген ағамыз болатын. «Осы кісілердің қолында арыз бар. Соны газетке жариялауға көмектесші» деп өтінген екен.

Біз екі жақтың қысымын көрдік. Казактардан және жергілікті биліктен. Жергілікті билік казактардың қысымына тап болды. От пен судың ортасында бір-бірімізбен айтысып, тартыса жүріп, бірақ бір бағытта, бір ниетте, олардың да мақсаты – елдің бүтіндігін сақтау, біздің де мақсатымыз – сол. Басымыз бір жерде тоғысты. Мұндай күрес екінің бірінің маңдайына беріле бермейтін күрес. Сол үшін Аллаға мыңда бір рахмет. Сол күреске келіп, қолтығымыздан демеп, жәрдем еткендеріңіз үшін осы отырған азаматтар сіздерге көптен көп рахмет. Серік айналайын, сен сол оқиға болардың алдында біресе Ақтөбе, біресе Оралдасың, біресе Алматыдасың құйыншыбын болдың. Әлі жүрсің. Саған да көптен-көп рахмет.

Өкінішке қарай, осы күресті басқарып, тұтқасын тастай қылып ұстаған Аманжол Зинуллин жиынға қатыса алмай отыр. Денсаулығы болмай қазір Түркияға опперацияға кетті. Ол кісіге Алла Тағала есендік берсін. (26 күні Аманжол Зинуллин қайтыс болды – СЖ)

Серік Ерғали: Жалпы ХХ ғасырдың соңында қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресі мен ұлттық рухын әйгілеген үш оқиға болды. Оның біріншісі бүкіл Қазақстанды шарпыған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, Жаңаөзендегі 1989 жылғы шілде оқиғасы және Оралдағы 1991 жылғы қыркүйек оқиғасы. Өкінішке қарай әлі күнге дейін тарихшыларымыз бұл оқиғалардың мән-жайына үңіліп, оның тарихи мәнін ашпай келе жатыр. Алайда осыдан он шақты жыл бұрын 8 сыныптың тарих пәні оқулығына Кеңес Нүрпейісов ағамыз 3-4 сөйлемнен тұратын ақпарат берген екен. Оның бәрі қазір өшіп қалды. Бүгін маған біз қатарлы белгілі азамат «Шынымды айтсам, мен Орал оқиғаның мәнін білмейді екенмін» деп мойындап, хабарласты. Яғни, жас ұрпақ түгілі біздің замандастардың өзі білмейді. Себебі бұл оқиға болғанымен тез ұмытылып қалды. Әрі қарай насихатталған жоқ.

Бұл оқиғаларды қазақ халқының егемендікке ұмтылысының көрініс тапқан тізбектес үш бұлқынысы деп есептеуіміз керек. Бұлардың үшеуіне де тән жайт – қарапайым халықтың қатысуы деп білемін. Бұлардың үшеуін де жоғары жақтан ешкім ұйымдастырған жоқ. Үшеуі де егемендікке қол жетер уақыт қарсаңында жалпыұлттық сипатқа ие болған құбылыстар. Дегенмен де Орал оқиғасы бір жыл бойы ұйымдастырылып, басқарылды. Орал оқиғасы стихиялы түрде ойда жоқ та бола қалған жоқ. Екі тарапта яғни қазақтар жағы да, сеператистік пиғылдағы казактарда дайындалды. Осы оқиғаның сабақтас жалғасы ретінде қазақ халқының Тәуелсіздікке ұмытылысымен ғана емес, бүгінде әлемде жер көлемі бойынша 9 орын алып отырған территориялық тұтастықты сақтап қалды.

602fb626be83e215385377.jpg

Бұл Айсұлу апамыз айтқандай ел үшін, жер үшін болған күрес. Ал күреске қайраткерлік рух керек. Осының бәрі болғандықтан Жайық оқиғасы сәтті аяқталды. Бұл оқиға Қазақстан тәуелсіздігін алар күнге 90 күн қалғанда орын алуы да өзінің айрықшылығын көрсетеді. Есептеп қарасаңыздар 15 қыркүйек пен 16 желтоқсанның арасы 90 күн болып шығады.

Біз бұған дейінгі оқиғаларды тарихи оқиға немесе көтеріліс деп мойындағанымызбен көтерілістің арты нәтижелі күрес бола бермейді. Көтеріліс ереуіл немесе наразылық күйінде болады. Ал күрестің мәні нәтиже бар ма, жоқ па дегенмен өлшенеді. Нәтиже болмаса күрестің құны азаяды. Қазақ тарихында 300-ден аса осындай күрес болды. Оның нәтижесі бүгінгі Қазақстан, ал бүгінгі Қазақстанның нәтижесі Жайық оқиғасы.

Ақтөбе қаласында 1990 жылы 21-қазанда «Алдаспан» клубының ұйымға айналу құрылтайына бүкіл республика аумағынан азаматтар келді. Орал жағдайымен сол құрылтайда алғаш рет танысып, оның болашақ саяси сипатының бар екенін айтқан Нұрлыбай Сисенбаев болатын. Аталған құрылтайда республика көлемінде Орал жағдайы алғаш рет жергілікті тұрғындардың баяндамасынан тыңдалып, оның болашақ байыпты жайтқа айналатын негізі барлығына көз жіберілді. Қазақ егемендігі қарсаңында үйірілген әлдебір бұлтты сол топ алғаш рет жеткізіп, ұлтшылдарды қатты ойға ғана емес, дайындық жұмыстарын жүргізуге итермелеген болатын.

Себебі біз естеріңізде болса, қазақ халқының үлес салмағы 41 пайыз болғанда Тәуелсіздік алдық. Ал 15 одақтас мемлекеттің бірде-біреуінде біз секілді негізгі ұлт аз болған жоқ, кем дегенде 50 пайыздан жоғары болды.

Жайық оқиғасына дайындық бір жыл бұрын басталды. Өзім «Азаттың» 6 облысының үйлестірушісі болғандықтан, біздің мақсатымыз қозғалыстың аймақтарда бөлімшесін ашу болатын. 1991 жылы «Азат» қозғалысының Орал облыстық бөліміне белсенділер іздеп, мамыр айында Орал қаласына баруға тура келді. Сырттай сұрастырып, ұлтшыл адам ретінде сол кездегі «Қазақ тілі» қоғамын құрушы ақын Айсұлу Қадырбаеваға жолықтым. Сөйтіп, сол жолы Аманжол Зинуллин (ауыл шаруашылық институтында оқытушы екен) бастаған бір топ азаматты «Азат» бөлімшесінің ұйымдастыру комитетіне тартып, құрылтайды маусым айына белгіледік.

Орал оқиғасына дейін 1991 жылдың маусым айында Маңғыстауда экологиялық митинг болды. Оны ұйымдастырып, басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Сайын Шапағатов болатын. Ол «Азат» қозғалысының 7 төрағасының біреуі еді. Одан кейін Атырау қаласында «Невада-Семей» қозғалысының халықаралық конференциясы өтті. Сөйтіп жүргенде 1991 жылдың 18-20 тамыз күндері ГКЧП мүшелерінің тамыз бүлігі болды. Янаев бастаған қарулы күштердің басшылары «Совет үкіметін сақтап қаламыз» деп жанталасты.

Тамыз бүлігі аяқталғаннан кейін 25 тамыз күні Семей қаласында бас қосып, Семей полигонын жаптыруға күш салдық. Бұл кезде Кеңес одағы ыдырап, біреудің біреуде ісі болмай жатты. Алла Тағала сәтін салып, Семей полигоны жабылды. Міне осы Семейде «Аттанайық Жайыққа» деген ұран тасталды.

Өз басым алты облыс бойынша үйлестіруші болғандықтан «Орал қаласына міндетті түрде келуіңіз керек. Егер де аталған қалада казактардың ойы жүзеге асып, Орал Жайық Казак республикасы жарияланатын болса, Молдавиядағыдай Присоединение секілді республика құрылып кетеді. Ал Оралда ресблика құрылған жағдайда Целиноград, Өскемен, Солтүстік Қазақстан секілді 5 бірдей облыс бізден бөлініп кетуі мүмкін» деп хабарладым. Ол кезде Әзербайжан мен Армения Қарабақ үшін соғысып жатты.

Жайық оқиғасына дайындалғанда «Бізде екі қауіп болуы мүмкін. Біріншісі соғыс басталып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда соғысуға тура келетін болады. Екіншісі, біз ұлтшылдар ретінде сотталып кетуіміз мүмкін. Осының бәріне іштей дайындалу керек. Сіздер отбасыларыңызбен іштей немесе сырттай қоштасып шығыңыздар» деп есерттік. Азаматтар Оралға келгенде неге бара жатқанын жақсы білді. Бұл күрестің құндылығы да осында. Яғни босқа дауырығып «Біз мықтымыз» деген емес, неге, қалай, не үшін бара жатқанымызды жақсы білдік.

Жайыққа елдің әр тарапынан келетін азаматтар 12-13 қыркүйекке дейін Орал қаласына жетіп үлгеруі керек болды. Біз жергілікті жерде арандатушылыққа жол бермей, сақ болуды назарға алдық. Ол үшін жан-жақтан жиналған азаматтар бір штабқа бірігуі керек еді. Барған бойдан 13 адам штабтың жұмыс тобын құрып, әр істі ақылдасып отырдық. Келген жұрт қонатын жері мен ас-суын мәселе қылмай өздері тауып жатты. Біз Орал қаласындағы облыстық партия комитетінің саяси ағарту үйін штаб қылып алдық.

14-қыркүйек күні таңғы сағат 7-де Орал қаласының маңында елеусіз түрде құм басып, құрылыс табанына түсіп жатқан, казактар қолынан қаза болған қазақтар қорымына Айсұлу Қадырбаева бір топ адамды ертіп барды. Қорым деген аты ғана, ешбір бейіт көзге түспейді, жермен-жексен. Ақын да өр көңілді Айсұлу апамыз көзіне жас алды. Білген дұғамызды оқыдық.

Сол күні ауа-райы қара суық болды. Біз мекеме, оқу орындарына таңертеңгі сағат 9-да жиналуды хабарлағанбыз. Менің бір риза болатыным, облыстық телерадио комитетін басқарған ағамыз телеарна мен радиодан халықтың жиналатынын жариялап жіберген екен. Осы хабарландырудан кейін Атырау мен өзге де облыстардан Орал қаласына келіп, кіре алмағандарын жергілікті полиция ұстап қалған.

Саяси ағарту үйінің маңындағы алаңға дыбыс күшейткіш алдырттық, плакат, лозунгылар дайындалып жатты.

Сағат дәл 9 болған сәтте митингіні ашып жіберіп, жан-жақтан келгендер алма-кезек сөз алып, орталық көшені басымызға көтере орысша-қазақша өз ойымызды ортаға салдық. Әу баста 200 адамнан басталған митингтің халқы сағат сайын көбейіп 10 мыңнан асып кетті.

Облыс, қала басшылығына жағдайдың ушықпау жағын ойластыруды, жиналған казактардың той тойлауды дереу доғаруын, келіссөзге келуін айтып мәмілеге шақырдық. Облыстық әкімшілікке барып, оқиғаның алдын алу шараларын ұсынып, өз құзырларын қолдануды талап еттік.

Сағат 10-да шіркеуде шоқыну салтанаты, 11-де «Зенитте» казактар құрылтайы болады деген хабар алдық. Ресми басшылықтан күдер үзген біздер оқиға барысын үйлестіріп, қолға алуды және басқаруды ойластыра бастадық.

Дереу әр облыстан келген топтардан біріктіріп, 13 адамнан тұратын штаб жұмысын іске қостық. Енді жиналған жұртты меңгеретін және ушыққан жағдайға алдын ала әзірлік шарасын жасап, тәртіп сақтау мен оқиғаны басқаруға күш жасақтау керек болды. Сөйтіп, 100 адамнан тұратын ерікті жасақ құрдық. Олардың мәліметін тізіп, қолдарын қойғызып, ант қабылдадық.

Казактар шіркеуінде шоқыну басталған кезде біздер де 113 адам сап түзеп, құрылтайды болдырмау мақсатымен «Зенит» сарайына тарттық. Ал, Саяси ағарту үйі жанындағы басты алаңда қалған жұрттың бармауын тапсырып, митингіні жалғастыра беруді айтып, оларға басшылар мен жасақтар тағайындап қалдырдық.

Жайық оқиғасы нені көрсетті? Бұл оқиға бір біріне қарама қарсы көтерілген қос тараптың нақты мақсаты болғандығын көрсетті. Бір тарап жерді бөліп аламыз десе, екінші тарап бермейміз деді. Бірақ мұндай жағдайда жеңіс бір жаққа тиесілі болатыны белгілі. Жайықта қазақтар жеңіске жетті.

Модератор: Орал қаласында тұратын азамат Мұнайдар Балмолда Жайық оқиғасына қатысқан ең жас күрескер. Бүгінде ақын бауырымыз облыстық телеарнада журналист болып жұмыс істейді.

Мұнайдар Балмолда: Алла Тағаланың көркем 99 есімінің бірі халық дейді ғой. Жеңіс Тәуелсіздікті аңсаған Қазақстан халқынікі болды. Біздің орыспен қоңсы қонғанымыз 1731 жылдан басталады. Әбілхайырдай баһадүрлеріміз орыспен одақтас боламыз деп опық жеп, артынан қосылды. Бірақ сол кезде Әбілхайыр хан «Қазақ халқы бұл жерден ақырзаман болып, Жайық кеуіп кеткенше айрылмайды» деп айтқан екен. Орал аймағы уыстан шығып бара жатты. Біз ханның көрегендікпен айтқанындай жерден айырылмай қалдық.

Біздің жерімізге кім қызықпады? Қысқасын айтқанда кешегі 300-ден астам көтерілістің ішінде Орал көтерілісінің орны бөлек. Сол кезде 21-22 жастағы қылшылдаған жігіт болдық. 1985 жылы Алматыға оқуға түсуге барып, жолым болмады. Егер оқуға түсіп кеткенде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысады екенмін. Құдай тағала одан мені алып қалды. Одан кейін әскерге кетіп, бізді Ауғанстанға дайындады. Сол кезде офицерлер қазақтардан шошып «Ауғанстанда туысқандарың бар ма? Мүмкін моджахедтер мен талибанға қосылғыларың келетін шығар немесе есірткі әкеліп сатқыларың келе ме?» деп бізді әбден тергеп, ақыр аяғында апармайтын болды. Бұлда бір құдайдың сынағы шығар. Махамбет атамыз:

«Азамат сенің сақтадым,

Бір күніме керек деп.

Арғымақ сені сақтадым,

Құлағың сенің зерек», - деп айтады ғой.

Осылайша екі оқиғада қатыса алмадым. Іштей қан қайнап қатысқың келеді. Бізді Ауғанстанда тауда соғысуға дайындап, қолма-қол жекпе-жекке қалай шығатынын үйретті. 1986 жылы әскерде Батыс теңіз жағалауында болғанда латыштар қазақтарды қатты құрметтеді. «Сендер Кремльді күйреткен қазақ халқының перзентісіңдер» деп апта сайын демалысқа жіберетін. Қайрат, Ләззат секілді Желтоқсан құрбандарының шарапаты бізге тиді. Сондай-ақ әскерге кетер алдында «үш қазақтың басы бірікпесін» деген жазылмаған заң болды. Оралда жүргенде 3-4 қазақ шүйіркелесе кетсек милиция қуып жіберетін.

1991 жылдың қазан айында Орал оқиғасына байланысты қуғындалып жатқан азаматтарды арашалау үшін Қайрат екеуміз Ленин ескерткішінің жанындағы аштық жариялауға бардық. Сонда біз екі рет өлімге бас тігіппіз, алдында 113 адаммен бірге және кейін қазан айында аштық жариялау арқылы. Себебі Желтоқсан көтерілісінде темір арматуралармен қаруланғаны секілді Орал оқиғасында да жасырын қару дайындаған екен.

Құлмағамбет Махан: Расында да сол кездегі күш-қуатымыз бойымызда болғанда жасаған ісіміз ерлік екен. Бізбен бірге Ақтөбеден барған Шығыс Қазақстан облысының Кәрімхан Қиқымбаев деген жігіт болды. Марқұм қазір қайтыс болып кетті. Үйден шығып бара жатқан кезде әйелі етегіне жармасып «Балдарыңды кімге тапсырып кетіп бара жатсың? Мен кімге қаламын? Сен бармасаң болмай ма? Сенен басқа қазақ жоқ па?» деген әңгіме айтыпты. Кәрімхан «Әйелімнің жылағанына қарамастан кетіп қалдым» деп отыратын.

Саяси ағарту үйінде әрқайсымыз ант қабылдап жатқанда байқасақ адам саны көбейіп кетті. Еркіне қой берсек 100 емес, 300-400 адам жиналатын түрі бар. Сол кезде «Есікті іштен іліп алайық. Кірген адамды тіркеп, қалғанын тізімге қоспайық» деп шештік. Соның өзінде 113 адам кіріп, тізімге енген екен.

Сондай-ақ саяси ағарту үйінің артында азық-түлік дүкені бар екен. Сонда талон арқылы тегін арақ-шарап сатылып жатқанын естідік. Біздің жігіттер арнайы барып ескертіп, АКТ жасап, арақ сатқызбай тастады. Алаңда тұрғанда еңгезердей орыс па, казак па әйтеуір бір адам келді. Сонда жігіттердің мықтылығы бір топ адам оны жан-жақтан қысып тастады да, «Мынау біздің адам емес» деп милицияға апарып тапсырды. Одан құтылдық-ау деп тұрғанда қызып алған мыжырайған екі қазақ кіріп келді. «Мынау біздің адамдар емес» деп оларды да милицияның қолына тапсырдық. Негізінде осындай арандатулар көп болды. Бірақ Айсұлу апамыз, Жасарал, Бақытжан, Серік сынды ұйымдастырушылардың тәжірибесінің арқасында артық әрекеттер болмады. Сәтті ұйымдастырудың арқасында біз жеңіп шықтық.

Мен 113 адамның құрамында болғанда казактарға ашулы нөпір қазақтарды Құранмен тоқтатуға тура келді. Сонда 5 рет Құран оқылды. Нөпір халық казактарға ашуланып келе жатқан кезде Хадиша деген жамбылдық әйел ашулы адамдардың алдында орамалын жайып жіберді. Қазақтың қанында «Орамалдан аттамаңдар» деген сөз сіңіп қалғандықтан тоқтап қалды. Ал біз 113 адам көздері қанталаған жастарды тоқтата алмас едік. Ал Құранға жығылып тұрғаннан кейін адам суып қалады екен. Біз содан кейін 4-5 қатар адамдарды қолтықтастырып бір-біріне байлап тастадық. Сол ғана ұстады. Әйтпесе біз бір ғана қатармен адамдарды тоқтата алмайтын едік. Біздің аяғымызды жерден 30-40 см көтеріп кетті.

Құран оқығаннан кейін екінші тәсіл бір-бірінің қолынан ұстап тұруға көндірдік. Бірақ бір ұнағаны ұлы болсын, қызы болсын «Бір бірлеріңді қолтықтарыңнан ұстап тұрыңдар» десек, «Жақсы ағай» деп келісе кететін. Наразы қазақтардың екіпіні милицияға 60 см-дей жетпей тұрды. Егер одан өтіп кеткенде милиция «жібермейміз» деп ұратын еді, ал біздікілер «жібермейсің» деп ұрып, арты үлкен дауға айналып кетер еді. Ең соңында бір-бірімен қолтықтасып тұрған жерді 200-дей адам жарып кетті. Казактарды көріп, ашуланып кеткен ғой.

Біз 113 адам «Зенинт» үйін қоршап алып, онда казактарды кіргізбейміз деп бардық. Олардың жиналысы сағат 14:00-де басталатын болса, біз ол жерге 12:30-да барып тұрмыз. Ең бірінші шепте 100 пайыз қазақ милициялар қоршап тұрды. Жамбылдан келген каратист Мұхтархан деген жігіт казактарды өткізіп жібергеніне шыдамай қазақ милицияларына ауыр-ауыр сөздер айтты. Сол кезде жан-жағымызға қарасақ милиция жігітердің бәрі жылап тұр екен. Енді оларды да намыс қысып бара жатыр ғой.

Мұхтархан Атахан: Бабалардан аманат болып қалған бес Франция сыятын жерді аман алып қалмасақ, бізге үлкен сын болар еді. Ұлтарақтай жерді жұртқа таратып бере беретіндей артық жеріміз жоқ. Бұл ханға да, қараға да байланысты. Қазақ «Малым арымның садағасы, арым жанымның садағасы» деп айтады. Бізді Оралға жетектеген қазақтың намысы болатын. Оралға әр қазақ үлесін қосты, бірақ мен ерлік істедім деп айта алмаймын. «Аттанайық Жайыққа» деген ұран тасталғаннан кейін Тараздан Ақатай қария, Айнұр, Асқар, Нұрмат, Абдулла сынды ағаларымыз барды.

Қаталеспесем біз заңгер Дәрібек Өтегенов деген азаматтың үйіне барып, сонда аялдадық. Менің Желтоқсан көтерілісіне қатысқан тәжірибем болғандықтан «Таңертеңге дейін қарап жатқанша ұран сөздер жазайық» деп жігіттермен бірге «Бүгін орыстың казактары, ертең қазақтың сарбаздары» деген секілді ұран сөздер жаздық. Таңертең әкімшіліктің алдына барып түнімен жазған ұран сөздерімізді іліп тастадық.

P.S. «Тәуелсіздік декларациясына 40 күн, Тәуелсіздік заңына 90 күн қалғанда» атты конферениясында Жайық оқиғасына қатысқан азаматтар өз оқиғасын еске алды. Өкінішке қарай Тәуелсіздік алуымызға Жайық оқиғасының айрықша ықпал еткенін көпшілігіміз біле бермейміз. Шын мәнісінде «Аттанайық Жайыққа» атты ұранға бей-жай қарамай, атқа қонған азаматтардың ерлігі ұмытылмауы керек.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?