Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ауыл тарихы: Жарсуат ауылы

2610
Ауыл тарихы: Жарсуат ауылы - e-history.kz

«Қазақстан тарихы» интернет-порталы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Ауыл тарихы» жобасының аясында ауыл тарихын дәріптеуді, ондағы атқарылып жатқан ілкімді істерді насихаттауды бастап кетті. Бұл жолғы мақаламызға мұрындық болған ауыл — Атырау облысы, Индер ауданына қарасты Жарсуат ауылдық округі. 

Біздің ауыл ұя еді киелі бір,

теңіз бойы, бұйратты жиегі қыр.

Өнегелі ұл менен қыз өсіріп,

шаңырағына құт қонған үй еді кіл...

            Ақын Фариза Оңғарсынова жазған осы бір жыр жолдарында ауылдың қадірі мен құты, көркі мен ажары сол кездегі ұрпақтың өнегелі тәрбиесінде секілді еді. Себебі байырғы ауылдың негізгі тірегі – тәртіп пен тәрбиеде, дәстүр мен тәлімде еді. Сондықтан да шығар «ауыл» десе, туған жер елестеп, бейне бір қазақы құндылықтың иісі мұрынға барушы еді. Бір қызығы, бұл қазақтың қай ауылына бара қалсаңыз да, байқалып тұратын. Қазақтың ауылдан шыққан қай баласы болсын, туған жерін, туған ауылын сағынбай тұра алмайтыны жасырын емес. Әрі осы құбылыс адамның сөзбен жеткізе алмас асыл сезіміне де айналып үлгерген. Уақыт өте келе урбанизациялану, урбанизациялық мәдениет қалыптаса бастағалы бері бүтін бір түсініктер өзгерді. Ауыл да қала кейіпті бола бастады. Негізгі кәсібін мал-жанмен байланыстырған қазақ енді қоғамдық, әлеуметтік маңызы бар жұмыстарға көптеп тартыла бастады. Ауыл халқы да білім мен өнерден, мәдениеттен алыс қалмауға ұмтылды. Осылайша қазақы ауыл өз құндылығын жоғалтпай, технологиялық мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланудың жолына түсті.

            Иә, қазақы ауыл бірден қарыштап дамып кетпесе де, біртіндеп дамудың жолында келеді. Міне, сол ауылдың тыныс-тіршілігін, қазіргі жай-күйін білу үшін де ауылға қарай сапарлап, барып қайттық. Дәлірек айтсақ, атымыздың басын Индер ауданы, Жарсуат ауылдық округіне бұрдық. Алғашқы тоқтаған жеріміз Жарсуат ауылдық округіне қарасты Құрылыс ауылы болды. Онда бізді округ әкімі ағамыз жылы жүзбен қарсы алды. Көліктен түсе сала ауылдың қазіргі тірлігін баяндап, құрылымын түсіндіре кетті...

            Атырау облысы, Индер ауданы ауданына қарасты Жарсуат ауылдық округі – аудан орталығынан 30-40 шақырым жерде орналасқан ауылдық жер. Сонау 20 ғасырдың 30 жылдары алғаш іргесі қаланған ауылдың тарихы сол бір кездегі(1930ж.) ауыл шаруашылығын ұжымдастырудан басталады. Ал 1960 жылдардың басында алғаш кеңшар болып, кейіннен ел тәуелсіздігін алған соң, 1996 жылы «Махамбет» атындағы акционерлік қоғам ретінде құрылады.


IMG_20210903_161120.jpg

Жалпы Жарсуат ауылдық округіне Құрылыс пен Жарсуат ауылдары, Қызылжар, Ақтан, Кетебай елді-мекендері қарайды екен. Біз тоқтаған Құрылыс ауылында 103 үй бар. Онда қазір 700-ге жуық тұрғын өмір сүріп жатыр. Ауыл әкімінің сөзінше, ауылда елге қажеттінің бәрі бар. Біз өз көзімізбен көріп, барлап қайтқан нысандар: орта мектеп, медициналық пункт, мәдениет үйі, кітапхананың – бәрі де халыққа қызмет етіп тұр. Тұрғындардың көп бөлігі аталған мекемелерде жұмыс істесе, жастардың біразы вахталық әдіспен еңбек етеді екен. Осы орайда ауыл әкімі халықтың өсу динамикасы да жақсарып жатқанын айтады. Себебі мектептегі балалар саны жыл сайын көбейіп келеді екен. Газ, су, электр желілері толықтай жұмыс істейді. Аудан орталығымен, облыс орталығымен қарым-қатынас жасау үшін барлық жағдай жасалған. Себебі жолдың өзі күрделі жөндеуден өтіп, салынған. Былтыр ғана негізгі мәселе болып келген 2,8 км-ді құрайтын Қызылжар-Ақтан елді-мекенінің кіре беріс жолы да салынып, соның арқасында қазір көліктер ызғытып, ауыл халқы ауданмен, қаламен оңай байланысуға мүмкіндік туған.

Ауыл әкімімен ауыл ішін аралай жүріп, ауылдың тап-таза, жинақы екеніне көзіміз жетті. Өйткені қоқыс жинауға және оны ашық жерге төкпеуге тұрғындардың ден қойғаны байқалады. Бірақ біз бұл жолы ауыл әкімін жалпылама мақтаудан гөрі ауылды толғандырған мәселелерді білуге құмарттық. Ауыл-аймақты, тұрғындарды толғандырған мәселелерді сұрап, сұрақтың астына алдық. Ал ауыл  әкімі бізге ашық болуға тырысып, асықпай баппен жауап берді.

- Шыны керек, ауылдағы әуелгі мәселеміз мектепке осыған дейін ағылшын, орыс тілі, математика, физика пәндерінен мамандар жетіспейтіндігі еді. Қазір оның бәрі реттелді. Соңғы жылдары жас мамандар тартылып, қазір олардың барлығы қызметтік тұрғын үйде тұрып жатыр. Ауылдың инфрақұрылымына келер болсақ, су жүйелері жеткілікті тартылған. Тұрғындарымыздың барлығына тұщы су жетіп отыр. Одан бөлек жер алып, тұрғын үй салуға бүгінгі таңда халықтың талап-тілегі күшейіп келеді. Қазірдің өзінде жер алуға 8 адам арыз берген. Келешекте де халықтың үй салуға құлшынысы артатынын болжап отырмыз. Өйткені сұраныс бар. Сол үшін ауылды кеңейтіп, жаңадан үй салынатын жерлерге жоба жасақтауға ұсыныс та беріп отырмыз. Аудандық тұрғын үй шаруашылық мекемесінің бөлімі арқылы жер актілері мен қажетті құжаттар алынып, тұрғындарға табыс етілді. Енді алдағы уақыттағы жоспарға балабақша мәселесі еніп отыр. 50 бүлдіршінге арналған балабақшаның жобасы қазірдің өзінде дайын тұр. Мектеп жанынан арнаулы орын дайындалып, жер актісі де алынды. Тек қаржы бөлінсе, іске кіріскелі жатырмыз. Бірақ бұл жерде тағы бір мәселенің ұшы шығып отыр. Соңғы уақыттағы талаптарға сәйкес, 1500 адамнан кем елді-мекендерге балабақша салынбайтыны айтылған болатын. Алайда бүгінгі күні ауылда 700-дей тұрғын болса, оның өсім динамикасы да артып келеді. Сол үшін де 100 бүлдіршін емес, тек 50 бүлдіршінге арналған балабақшаны сұрап отырмыз. Енді тағы бір айта кететін жайт, ұялы байланыс жүйесіне қатысты мәселе бізде өзекті екені рас. Себебі ауылды толық қамтылып отырған жоқ. Мұны шешу үшін Kcell ұялы байланыс операторымен келісім жасалып, аппаратурасы алынған. Жақында іске қосылуын күтіп отырмыз. Одан бөлек тұрғындарымызды толғандырған мәселе – электр энергиясына қатысты болып отыр. «Атырау Жарыққа» қарасты электр желілерінің желді күндері істен шығуы жиі қайталанып кетті. Сонымен қатар электр бағаналары да ескірген. Бұл мәселені шешуді, бағаналарды ауыстыруды  тиісті органдарға айтып, күн тәртібіне де қойғанбыз. Енді бұл мәселе «Атырау Жарықтың» жоспарына еніп, жазда жұмыстар басталатыны белгілі болды. Одан басқа тағы да ауылдағы көшелерді асфальттауға жоба жасақталып отыр,-деді Жарсуат ауылдық округінің бұрынғы әкімі Алифолла Балахметов.


IMG_20210903_161044.jpg


Жарсуат ауылында бой көтерген іргелі нысандардың бірі – балалар саз мектебі. Құрылысы 2016 жылы басталып, 2017 жылы аяқталған нысан қазір ауыл балаларының құтты ордасына айналған. Себебі бұл кешенде балалар үшін музыкалық білім беріліп, би өнері, сондай-ақ түрлі аспаптар бойынша дәрістер өткізіледі. Жалпы алғанда «ел іші – өнер кеніші» дейтін мәтелдің сәнін келтіріп тұрған өнер үйі – дәл осы мектеп. Сондықтан оның жай-күйін анықтау үшін мектеп басшысымен тілдесіп, нысан ішін аралап, саз мектебінің қазіргі жағдайын, толғандырған мәселесін де білген едік.

            - Жарсуат балалар саз мектебі 2012 жылы өз алдына дербес мектеп болып ашылды. Бұған дейін 52 оқушы ғана сыятын кішкентай саз мектебі еді. 2016 жылы мемлекеттің қолдауымен жаңа мектептің құрылысы басталып, 2017 жылы аяқталды. Содан бері балалар саны да 2 есе көбейіп, 100-ден асты. 7 мамандық бойынша сыныптар ашылды. Мұнда қазір 21 қызметкер бар. Әр түрлі мамандық бойынша 10 мұғалім жұмыс істейді. Нәтижелі жұмыстардың арқасында шәкірттеріміз облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда бой көрсетіп келеді. Елімізде болып жатқан пандемияға қарамастан, ұстаздарымыз еңбектен еш қол үзген жоқ. Оқушыларды түрлі байқауларға дайындады. Оған дәлел күні кеше өткен республикалық «Аялайық ананы» бишілер байқауында бас жүлдені жеңіп алып, біздің саз мектебіміз «Үлгілі ұжым» атағына ие болды. Бұл біз үшін, кішігірім ауыл үшін – үлкен қуаныш. Ұстаздарымыз мұнымен шектеліп қалмай, алға қарай тынбай еңбек ете беретініне сенімім мол. Саз мектебінде кадр тапшылығы жоқ десе де болады. Бізді толғандырған мәселелерге келер болсақ, көбіне құрал-жабдықтарға байланысты болып отыр. Негізі әр бөлмеге бір-бір пианинодан қойылуы керек. Ал әзірге бізде бір пианино ғана бар. Одан басқа хореография залына хореография станогы мен би айналары керек. Бұл туралы ұсынысты тиісті жерлерге бердік. Алдағы уақытта келеді деп ойлаймыз,-дейді Жарсуаттағы Индер балалар саз мектебі бөлімшесінің директоры Күнсұлу Қапашева.


IMG_20210903_161100.jpg


            Ал пайдалануға берілгеніне 3-4 жыл ғана болған Құрылыс ауылындағы Мұрат Мөңкеұлы атындағы орта мектепте балаларға оқуға қажетті дүниелердің бәрі бар. Білім ордасының іші-сырты түгелдей жаңа екені, заманауи құралдармен жабдықталғаны көрініп-ақ тұр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты былтыр оқу процесі онлайн басталғанымен, 15 балаға дейінгі сыныптарда штаттық режимде оқуға мүмкіндік берілген еді. Аталған мектеп осыны ескеріп, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, күні кеше оқу жылын штаттық режимде аяқтаған көрінеді. Қазіргі таңда 171 оқушыны білім нәрімен сусындатып, жастарды жұмыспен қамтып отырған мектептен осыған дейін біраз спорт шеберлері мен өнер иелері шығып үлгерген.

            - Мектептегі 171 оқушы – мектепалды даярлық тобы мен 1-ден 11-сыныпқа дейінгі оқушыларды қосқандағы сандық көрсеткіш. Мұнда оқушылар екі ауысыммен оқиды. Былтырғы оқу жылында мектебімізден 1 «Алтын белгі» иегері шықса, биыл 2 «Алтын белгі» иегері шығып отыр. Жалпы осы оқу жылында 11-сыныпты 8 түлек аяқтады. Одан бөлек спортта, өнерде, ғылым жолында мерейімізді үстем қылып жүрген шәкірттеріміз де жоқ емес. Жалпы ұжымда 31 мұғалім, 24 техникалық қызметкер бар. Бір қуантарлығы, мамандарымыздың 70 пайызы жастар. Әсіресе 1-2 жыл төңірегінде ғана ауылға көшіп келген 5 жас маман жемісті еңбек етіп келе жатыр. Қазір олардың барлығы қызметтік пәтерлерде тұрады. Сондықтан бізде мамандардың жетіспеушілігі жоқ айтуға толықтай негіз бар,- дейді мектеп директоры Қонысбай Оразбаев.


VTJzvliNlQA.jpg


         Ауылда адам өмірі үшін жақсы жағдай жасалған ба? Біз осы сауалға жауап іздемекке көше аралап жүріп, кездейсоқ кездескен адамдардан сұрап көрген едік. Ал тұрғындардың жауабы мынадай болды:

            - Мен – Жарсуат ауылының тұрғынымын. Біраз жылдан бері әкіміміз бізде қызмет етіп келеді. Ауылымыздың жағдайы жаман деп айта алмаймын, керісінше ауыл күн сайын жақсарып, көркейіп жатыр. Ауыл іші 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бау-бақша үшін жасалған жазғы құбырлар да жұмысын тоқтатқан емес. Үйіміздің ішіне дейін тұщы су келіп тұр, газ да жүргізілген, электр энергия да бар. Бір сөзбен айтқанда, «ауылда тұрамын» деген адамға барлық жағдай жасалған. Осы орайда біздің әкімнің жұмысын оң бағалаймын, себебі ол халқы қанағаттанатындай деңгейде жұмыс істеп жатыр,-дейді Жарсуат ауылының тұрғыны Әсел Тоқанаева.


UQ7Huk_j-jA.jpg


            Одан бөлек ауыл тұрғыны Айымгүл Жұмашева да ауыл әкіміне көңілі толатынын айтады. Бірақ 15 шақты отбасы қоныстанған апаттық жағдайдағы жатақханада тұрып жатқан ол көңілінде үй-жайға қатысты алаң барын жасырмады. Алайда осы мәселеге Жарсуат әкімі өзі тікелей араласып, үйдің апаттық жағдайда екенін тануға және ондағы тұрғындарды үй кезегіне тіркеуге жәрдемдескен. Егер үй кезегі келіп болғанша алда-жалда жайсыз жағдай орын ала қалса, әкімнің өзі ауылдағы еріктілермен бірге көмек қолын созуға дайын екенін айтып отыр. Себебі бұған дейін де ауылдағы жанашыр жандармен бірге жалғызбасты әженің тұрғын үй мәселесін шешіп, көңіліндегі күдікті сейілткен екен.

            P. S. Жарсуат ауылдық округін аралай келе, жаңадан салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені секілді нысандарды да көзбен көрдік. Тәуелсіздік алғалы жанданып келе жатқан ауылдың көкейкесті мәселелері де болғанымен, оның даму индексі бірқалыпты көтеріліп келе жатқанын да аңғаруымызға болады. Оған дәлел – ауыл адамдары, білімге құштар жастар мен бұқаралық орындарға ұқыптылықпен қарайтын тұрғындар. Бұқар жырау баба айтқан «Ауылда адам бар болса — ауыл ада болмайды, Ел иесі бар болса — елі ала болмайды» дейтін сөздің мән-мазмұны да түптеп келгенде осыған саяды. Өйткені ауылға көңіл бөлу, ауылды көркейту – әр адамның бойынан табылуы керек басты міндет. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?