Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Президент Жолдауындағы мазмұн мен міндеттер сабақтастығы

2082
Президент Жолдауындағы мазмұн мен міндеттер сабақтастығы - e-history.kz

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сейітқали Дүйсен Президенттің бүгінгі Жолдауына қатысты пікірін білдірді. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деген Жолдауының жарияланғанына бүгін бір жыл болды. Жолдаудың аты көрсетіп тұрғандай Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың құрамдас бөлігі болғандықтан дүниежүзін қамтыған, шешімдері қиын саяси және экономикалық оқиғалардан тыс қалған жоқ. 2019 жылы басталған коронавирус пандемиясынан елімізде туындаған әлеуметтік-экономикалық мәселелер, Арыс қаласы мен Қордайдағы келеңсіз оқиғалар, қарапайым халыққа ауыр тиген қымбатшылық еліміз өміріне әсерін тигізбей қоймады.

Пандемияның салдарынан халықтың қаржылай табысының азаюы өзекті мәселеге айналды. Кедейшілік деңгейі 4,5 пайыз болды. 800 мыңға жуық азаматтың кірісі күнкөріс деңгейінен төмендеді. 2 мыңға жуық ауыл ауызсуға зәрулік жағдайында өмір сүрді.

Міне осындай дағдарыс кезінде атқарылатын іс-шаралар жоспарын мемлекет басшысы халыққа ұсынған еді. Президент өткен жылғы Жолдауында қазіргі күрделі жағдайдағы алдымызда тұрған басты міндет-әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу дей келе, жаңа жағдайда экономикалық дамудың басты жеті қағидатын көрсеткен еді.

Президент Жолдауын орындау жолында Үкімет қолдан келер мүмкіндіктерді іске асыруға ұмтылды. Қазіргі күнде республика халқының еңбнек ететін басым бөлігі індетке қарсы тегін екпе салдырды. Соның нәтижесінде бүгіннен бастап оқушылар мен студенттер дәстүрлі оқу жүйесіне оралды.

Бірқатар елді мекендерге газ құбырлары тартылып, баспананы жылыту үшін қоршаған ортаға зияны көп көмір, солярка қолданудан бас тартылуда. Азаматтардың баспана алуға деген мүмкіндігін арттыру мақсатында олардың зейнетақы қорына жинақтаған қаржысын алуына мүмкіндік жасалды. Сәби сүюге мүмкіндігі шектелген азаматтар үшін Үкімет «Аңсаған сәби» бағдарламасын жасауды қолға алды.

Індет пен шектеу шараларына қарамастан ел экономикасы 2021 жылдың жарты жылы ішінде 2,2 пайызға өсті. Тұрғындар мен бизнес өкілдері қиындықтарға қарамастан қалыптасқан ахуалға, шектеу шараларына бейімделіп жұмыс жасауға үйренді.

Індетке байланысты күрделі жағдайларды еңсере отырып Үкімет үшінші Ұлттық халық санағын өткізуді бастады. Санақ жүргізетін қызметкерлердің бәрі вакцина алып, қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді.

Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауының мазмұнына назар аударсақ, өткен жылғы Жолдаудың заңды жалғасы сияқты әсер қалдырады. 2020 жылғы Жолдауда көрсетілген-мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу, игіліктер мен міндеттерді әділ бөлу, экономиканың ауқымдылығы мен технологиялық сипатын арттыру, «жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау сияқты қағидаттар биылғы Жолдау мазмұнында үндестік тапқаны байқалады.

Биылғы Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақ елін індеттен кейінгі алдағы 10 жылдық күрделі болатынын жасырмай, одан қорықпай, халық болып бірігіп, мығым дайындықпен қарсы алуға шақырады.

Жолдауда заман ағымына сай экономикалық саясатты жүзеге асыруда, мемлекеттік аппарат қызметінің жұмыс сапасын арттыру, басқару, халыққа қызмет көрсету саласында заманауи технологияны, цифрландыруды жедел, әрі жүйелі қолдану қажеттігін алға тартты. 100 мың IT мамандарын даярлау міндетін қойды. Президенттің білім және ғылым саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру бастамалары халықтың ризалығын тудыратын хабар. Өйткені білім және ғылым, денсаулық саласы республика халқының басым бөлігінің күнделікті өмірлік қажеттіліктермен тығыз байланысты. Халықтың тұрмысын, еңбек жағдайын, қауіпсіздігін жеңілдететін, табиғаттың тазалығын сақтауға бағытталған жаңа энергия көздерін пайдалануды қарастыру туралы ұсыныстары да азаматтар тарапынан қолдау табуы сөзсіз. Тек біздің ойымызша атом электр станциясын салу мәселесін тек сол саланың мамандарымен ғана емес, халықпен ақылдасып, ойласып шешкен жөн сияқты.

Қорыта айтқанда республика азаматтары мемлекет басшысының еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолында алға қойған – экономиканы өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттерін іске асыруға жауапкершілікпен кіріседі деп сенеміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?