Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіздік шежіресі: Қазақстан Конституциясына - 26 жыл

1556
Тәуелсіздік шежіресі:  Қазақстан Конституциясына - 26  жыл - e-history.kz

Сурет: kapital.kz

Қолданыстағы Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 26 жыл болады. Бұл құжаттың басты ерекшелігі - құқықтық, демократиялық мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, қоғамның идеологиялық және саяси әр алуандағы, экономикалық қатынастардың орнығуы әлемдік талаптарға сәйкестендірілген.

Қолданыстағы Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 26 жыл болады. Бұл құжаттың басты ерекшелігі - онда құқықтық, демократиялық мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, қоғамның идеологиялық және саяси әр алуандағы, экономикалық қатынастардың орнығуы әлемдік талаптарға сәйкестендірілген.
 

 

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Көптеген демократиялық мемлекеттердің конституциялары іспеттес біздің Конституциямыз да құр декларативті емес, керісінше, бүкіл құрылымымен және заңдық-техникалық негізімен, мемлекеттанушылық, саяси және құқықтық санаттардың қатаң жүйесімен заманауи мемлекет пен бүкіл халықтың игілігін көздейтін нарықтық экономика қалыптастыруға және оларды дамытуға сенімді алғышарттар құрайды» деп айтқан еді. [1]. Қазақстан Конституциясының басты тарихи маңызы еліміздің ұлттық бірлігін нығайту мен қоғамымызды одан әрі демократияландыруға ерекше көңіл бөлуі дер едік. Оған елімізді мекендеген жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің барлық мүдделерінің қорғалып отырғандығының нәтижесі дәлел болып отыр. Қазақстан халықтарының біртұтастығы, ұлтаралық келісімі, мемлекеттікті одан әрі нығайту, дамыту аясында ерекше маңызды орын алды. Түрлі ұлыстардың өкілдері түрып жатқан ел халқының басын біріктіру, оны күнделікті жүзеге асыру Конституция тұжырымдамалары мен баптарында жан-жақты қарастырылған [2]. Өткен XX ғасырда Қазақстанда бес Конституция қолданыста болды, олар: Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы Конституциясы, Қазақ КСР-нің 1937 жылғы Конституциясы, Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясы, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы және қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституция. Қазақстанның конституциялық құрылысының бұрынғы табыстары мен жетістіктері, сонымен қатар олқылықтары мен сәтсіздіктері де бүгінгі таңда бірдей бағалы дүниелер. Егеменді еліміздің 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданған алғашқы Конституциясы мемлекет тәуелсіздігін бекітіп, оның негізіне парламенттік республиканың билігін қалап, ішінара президенттік басқару нысанын орнықтырды. Бір қарағанда ол Конституция демократиялық мемлекет пен нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін қажетті заңдық негіздерді құрды, бірақ екінші жағынан – заң шығарушы және атқарушы биліктердің өкілеттігі, жерге жекеменшік және азаматтық, мемлекеттік тіл және т.б. туралы мәселелер шешімін тиісті деңгейде таппаған болатын. Дегенмен де отандық конституциялық доктринаның қалыптасуына 1993 жылғы Конституцияның оң ықпал еткені даусыз, оның көптеген кемшілігi мен шикі тұстары сол мерзімдегі объективті себептердің салдары болды деп білеміз. Сөйтіп, бұл бірінші Ата Заңның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі де бар еді. Оған басты себеп – бұрын еркіндік билігі қолына тимеген, оның дәмін татпаған, оған тиісті әзірлігі болмаған елде Ата Заңды асықпай, терең және жан-жақты байыппен қарап қабылдауға белгілі бір уақыт қажет еді. Осыған қарамастан Конституциялық заң жүйесін қалыптастыруда, ондаған, жүздеген жылдар бойы тәжірибе жинақтаған өркениетті елдердің өткен жолдарын біздің жас мемлекетімізге аса қысқа уақыт ішінде жүріп өтуге тура келді. Сондықтан егемен елдің бірінші Конституциясын жасауда асығыстыққа жол берілді. Нақтылап айтсақ, бірінші Конституцияны жасау барысында ел ішінде болып жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік т.б. процестерді бірден ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктері мен жоспарларын ғылыми тұрғыдан нақты айқындау әлі мүмкін болмады. Осыған байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» деген еңбегінде былай деп жазған болатын: «Еліміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылғы қаңтар айында күшіне енген бойда-ақ, өзінің кемшіліктерін, әлеуметтік-экономикалық және саяси процестердің шын ахуалынан аулақ жатқандығын көрсетті» [3]. Конституция жобасын жасаушылар көп жағдайда «еркіндік» сөзінен туындаған асқақ сезімнен шыға алмады. Оның үстіне бұған біздің қоғамның тарихында осы уақытқа дейін орын алған коммунистік қиялдар мен қағидалар да өзінің едәуір ықпалын тигізді. Осындай себеп-салдарға байланысты жас тәуелсіз мемлекеттің жаңа Конституциясын қабылдау қажеттілігін уакыттың өзі алға тартты.  Осыған орай, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында былай деп айтқан еді: «Демократиялық қоғамның ажырамас анықтағышы – шынайы заң үстемдігі, барлық азаматтардың қоғаммен жасалған және қабылданған ережелерді сақтауы болып табылады. Сіздерді және барлық азаматтарды ерекше жауапкершілікті сезінуге шақырамын, біздің үлесімізге ұлы өзгеріс заманында өмір сүру және әрекет ету тиіп отыр. Біздің бүгінгі істегенімізге, ертең біздің ұрпағымыз баға береді. ХХІ ғасырға Қазақстанның қандай болып кіруі бізге байланысты! Біздің балаларымыздың да тағдыры солай болмақ» [4].

 

 

 

1-44.jpg
 

 

Осылайша, елімізде конституциялық реформа жүргізу қажеттілігі туды, парламенттік дағдарыс, 1995 жылдың көктемінде Үкіметтің орнынан түсуі жаңа Конституция қабылдауға әкелді. Осының бәрін жақсы түсінген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті еліміздің қазіргі Ата Заңын қабылдауға бастамашы болды. Сол кездегі өзінің атқарған кейбір істерін есіне ала отырып, Н.Ә. Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында былай дейді: «1995 жылғы жаңа Конституция туралы мәселе көтерілген сәуір референдумынан соң мен халықпен тікелей ашық әңгімеге кірістім және 1995 жылдың 30 сәуіріндегі Үндеуімде елге не үшін жаңа Конституция керектігі, оның Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін қажеттілігі қандай екені туралы өз көзқарасымды халыққа жете түсіндірдім. Әділет министрі Н.Шәйкеновтің басшылығымен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оның жұмысын тікелей өз бақылауыма алдым. Сарапшылармен бірге кейде күніне 12–14 сағат Конституция баптарымен жұмыс істегеніміз есімде» [5].

 

 

 

Жаңа Конституция жобасының негізіне адам және азаматтардың бостандықтары мен құқықтарының үстемдігі, берік конституциялық мемлекет құру тұжырымдамалары салынды. Өзінің құрылымы мен заңдық техникасы жағынан еліміздің жаңа Конституциясы белгілі дәрежеде Француз Республикасы, АҚШ, Корей Республикасы, Ресей Федерациясы сияқты, яғни демократиялық өзгерістерді іске асыру мақсатында халық пен мемлекеттің мүдделерінің бірлігіне ең жоғары кепілдік үшін биліктің барлық салаларын үйлестіруді қамтамасыз ететін елдердің дәстүрлі Конституцияларына ұқсас болып шықты. Соның негізінде Қазақстанның президенттік республика жолына түскені айқын байқалды. Барлық басты билік Президенттің қолына шоғырланды. Президент конституциялық негізде Парламентті шақыру немесе тарату және заң шығару бастамашысы құқығына ие болды. Сонымен бірге Президент Конституция талабына сәйкес заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері арасында өзара өкілеттілікті, олардың ара-қатынасын үйлестіреді.  Президенттік республиканың 1995 жылы құрылған саяси жүйесі 2000 жылдардың екінші жартысына қарай өзінің тарихи міндетін толық көлемде орындап шықты. 1995 жылғы Конституция Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігінің негізін салды. 1998, 1999, 2007, 2017 жылдардың конституциялық реформалары саяси билік институттарын ары қарай жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы қатынастарды реттеп, қазіргі заман талаптарына сәйкестікке келтіруге бағытталған.   Сонымен қатар Конституцияда тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің халықаралық беделін жоғарылатудағы тарихи маңызы ерекше атап көрсетілген. Онда біздің егеменді мемлекетіміздің әлем қоғамдастығы алдындағы мән-мағынасы, рухы мен бүкіл болмысы, оның өркениетті даму кезеңінің ерекшеліктері, әлемдік демократиялық құндылықтары жан-жақты көрініс тапқан. Ата Заңда қоғамда қолданылып жүрген жаңа ұғымдар мен атаулардың ғылыми және күнделікті айналымға енгізілгенін байқау қиын емес. Соның арқасында жаңа кезеңдегі нарықтық термин атаулары арнаулы, түбегейлі теориялық және қолданбалы салаға ауысты, қоғам тұрмысының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл Конституцияның сөзсіз жаңашылдығы. Ата Заңның ерекшелігі – ол билік тармақтарының ешқайсысына, мемлекеттік лауазым иелеріне конституциялық құқықтарды бұзуға жол бермеуінде. Мейлі, ол елдің Президенті немесе қатардағы қызметкер болсын, негізгі конституциялық құқықтарды, соның ішінде адам құқықтары мен бостандығын аяққа басуға жол бермейді. Бұрынғы Ата Заңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйіні Конституцияда жаңаша шешілген.  Конституцияда республиканың азаматтығы туралы талас-тартысқа біржолата нүкте қойылған. Осыған байланысты Қазақстан Конституциясында қос азаматтық болмайтыны заң жүзінде бекітілді. Қазақстан жаңа Конституцияны кабылдау арқылы дүниежүзілік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алды. Қазіргі Ата Заң – еліміздің өтпелі және одан әрі алға даму кезеңіндегі маңызды тарихи құжат. Сондықтан республиканың әрбір азаматы оның мазмұнын жете біліп, талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті [4].

 

1529038825_2018061510450173616_avu-ks-rk.jpg
 

 

 

 

Ата заңымыздың негізгі қағидаларына сүйене отырып, соңғы кездері мемлекетіміздің басшылығы әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше күш салуда. Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде қабылданған бағдарламалық-стратегиялық құжаттардың негізгі мазмұны әрбір қазақстандыққа деген қамқорлықтан тұрады.  Қазақстан егемендік алуымен байланысты қазақ халқының рухани өмірінде де жаңа процестер кеңінен өріс алды. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының кең жолына шықты. Осы жетістіктерге Елбасымыздың қосқан үлесі ерекше. Басқасын айтпағанда, оның Қазақстанды әлемнің өркениетті елдерінің қатарына қосып, халықаралық аренаның жоғары деңгейіне көтергенінің өзі қайда жатыр. Осыған орай, қазіргі Мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаев 2019 жылғы 20 наурызда өзінің алғашқы ант беру сәтінде былай деген еді: «Біз барлық жетістіктерімізге, ең алдымен Қазақстан Республикасының қастерлі Тəуелсіздігіне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Елбасы Кеңес Одағы күйреген тұстағы аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің негізін қалап, оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамға қарамастан, Нұрсұлтан Əбішұлы елімізді барша əлемге мойындата білді. Дүние жүзі картасында даму мен демократияның, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды. Елбасымыз Қазақстан тарихында тұңғыш рет жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастырды. Олардың қатарында Президенттік институт, қос палаталы Парламент, мемлекеттік қызмет, қарулы күштер, дипломатиялық қызмет, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары бар» [6].   Қорытып айтқанда, жоғарыда баяндалған маңызды шаралардың барлығы мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтауға, республика халқының бірлігін нығайтуға, оның әлеуметтік-тұрмыс жағдайын, денсаулығын, тіршілік сапасы мен деңгейін арттыруға бағытталғанын жан-жақты ашып көрсетеді. Осының барлығына біздің қолымыз Ата Заңымызда көзделген тарихи ережелерге сүйене отырып, Елбасы белгілеп берген басымдықтарды жүзеге асыру, атап айтқанда: қоғамның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруын қамтамасыз ету, ғылым мен білімнің инновациялық жүйесін дамыту арқылы жетіп отыр.

 

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер:

 

 

 

1. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2006.

 

 

 

2. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 2007.

 

 

 

3. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. Алматы, 1996.

 

 

 

4. Қазақстан тарихы. Оқулық. Алматы, 2008. 5. Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі. Астана, 2017. 6. Қазақстан Президенті Қ.-Ж.Тоқаевтың ант беру сәтіндегі сөзі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

   Талғатбек Әминов, ҚР ҒК БҒМ  

Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері

Суреттер: Ғаламтор бетінен алынды

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?