Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Молдабай балуан

4304
Молдабай балуан - e-history.kz

Біз дәстүрлі түрде «Қазақ балуандары» деген циклмен алаш топырағынан шыққан әйгілі балуандар жайлы қалам тербеген едік. Осы жолы да бұл жазбамызды одан әрмен жалғастырсақ дейміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жарыққа шыққан «Қазақ балуандары» деген еңбекке негіз сүйей отырып дайындалған, бұл материал әйгілі айтыскер ақын, марқұм Қалихан Алтынбаевтың еңбегінің негізінде толықтырылып, даярланып отырғанын да қаперлеріңізге сала кетсек дейміз...

Әйгілі балуан Молдабай Төкеұлы қазіргі Семей облысы, Ақсуат ауданы, Екпін ауылының Қараоба баурайында дүниеге келіп, 1926 жылы небары 65 жасында дүние салған. Бұл фәниден озғанша жауырыны қара жерге тимеген әйгілі балуан болған деседі. Оның қайраты кезінде жалпы жалпақ жұртқа аңыз боп тарапты. Мәселен бұрынғы «Көкпекті» ауданының «Большевик» селосында құдыққа түсіп кеткен атан өгізді мүйізінен сүйреп шығарғанын, Зайсан қаласында бәстесіп, ұзындығы екі метрлік көлденең тартылған керме ағаштан он пұтық салмақты асыра лақтырғанын көзі көрген қариялар әлі күнге жырдай қылып айтып отырады. Молдабай 1924 жылдың жазында осы Зайсан қаласында атақты Қажымұқанмен жолығыпты. Бірақ, екеуі күреспеген, жәй қол қысысып, амандасып қана қойған. Қажымұқан сол жолында Зайсанның бір байы өзіне сыйға тартқан шұбар атты жол есебінде «жасыңыз үлкен» деп Молдабайға беріп кеткен. Көз көргендердің айтуынша, Молдабайдың дене жаратылысында үш түрлі ерекшелік болса керек. Біріншіден, отырғанда жүз кісі ішінде балуанның кесер басы артық шығып отырады екен. Екінші ерекшелігі: төс сүйегі шығыңқы біткен. Төс сүйегінің үстіне жас баланы жатқызғандай деседі. Үшінші ерекшелігі сол, әр саусағының түбі жұп-жуан, ал ұшы сүйірлене біткен: Рәсім бойынша күреске жартылай жалаңаштанып шығатын балуандар оның осы сүйір саусақтарынан қашқалақтайды екен. Молдабай туралы көлемді поэма жазған адам, айтыскер ақын Сапарғали Әлімбетов. 

Ол кісі туралы да азғана ақпар бере кетейік. Жастайынан өлең жырға құмар болған жанға әйгілі ақын, Ілияс Жансүгіровтың қамқоры ерекше болыпты. Сапарғали Әлімбетов кезінде ауызын айға білеген Есенсары Құнанбаев, Маясар Жапақов, Қалқа Жапсарбаев, Қуат Терібаев, Мағжан Орынбаев секілді кіл саңылақтармен айтысқан. Оның осы «Молдабай палуан», «Мейір батыр», «Қамбадағы айқас», «Қос жалшының өлімі», «Ақтардың әрекеті». «Қойгелді батыр» іспетті тарихи дастандары қазақ руханиятының олжасы десек те болады. 

Ақын сол өзінің айтулы «Молдабай» поэмасында бүй дейді.


- Молдабай заманында болды мықты,
Бәрінде белдескеннің үске шықты.
Бура сан, бура кеуде балуанды,
Жалғыз-ақ өлген күні, ажал жықты.



Аталған поэмада ақын бала күнінде қозы бағып жүріп өрісте ұйықтап қалған Молдабайдың түсіне ауызына көкжал арлан қасқыр кіргенін айтады. Осы кезден бастап балуанның бойына алапат күш біткен. 

Поэмада тұңғыш рет Молдабайдың шамамен 1876 жылы көрші Қытай территориясындағы Көктұма жерінде қытай балуанымен күрескені айтылады. Бұл додаға Арғын-Найман елінің бірқатар балуандарымен бірге он тоғыз жасар Молдабай да қатысқаны жырланады. Балуандар сайысы басталғанда Қытайдың бас балуаны дүнген жігітін, сегіз жігіт екі жақтап алып, ортаға шығады. Аузынан ақ көбік шашырап, көзі қанталаған, түрінен адам шошырлық дүлей күш иесіне қарсы шығуға ешкімнің дәті шыдамапты. Бірақ осы балуанды Молдабай көз ілеспес жылдамдықпен шалып жығып жүлдесіне тігілген түйе бастаған тоғыз түлікті алып, еліне олжалы оралыпты.

Сондай-ақ, осы Молдабайға тетелес шыққан мықтының біреуі Әбділдәбек Төгісов. Оны көргендер ұзын бойлы, иір қара адам ретінде сипаттайды. Әбділдәбек аттың тағасын қиналмай-ақ бұрап сындырады екен. 1913 жылы Молдабай екеуі Көкпектіде кездесіп бірін-бірі ала алмаған екен. Бірақ бұл кезде Әбділдәбек жас та, Молдабай шау тартып, денесі ауырлаған кезі екен дейді көнекздер. Әбділдәбек Молдабайдың сүйір саусақтарынан сақтанып, көбінесе қашқалақтай жүріп күресіпті. Айтпақшы Сапарғали Әлімбетовтың поэмасы ең алғаш 1970 жылы Көкпекті аудандық «Жұлдыз» газетінде жарияланған нұсқасында сол кездегі саясатқа орай найман руларын тарататын тұсы басылмаған еді. Шығарманы аудандық газетке ұсынған балуанның немерелес туысы Болат Хасенов екендігін де айта кеткеніміз жөн секілді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?