Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қызылорда облысы: туристер қызығушылығын тудыратын көрнекті тарихи орындар І бөлім

3931
Қызылорда облысы: туристер қызығушылығын тудыратын көрнекті тарихи орындар І бөлім  - e-history.kz

Қызылорда облысы республиканың оңтүстік-батысында орналасқан ірі әкімшілік аймақтардың бірі (1938 жылы құрылған). Жалпы аумағы – 226 мың шаршы шақырым, халық саны 820,5 мың адам. Солтүстік-батысында Ақтөбе облысымен, солтүстігінде Қарағанды облысымен, шығысында Түркістан облысымен және оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. 7 ауданы (Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған), 3 қаласы (Қызылорда, Арал, Байқоңыр) бар.

Алаштың анасына баланған Сыр өңірі адамзат өркениетінің көне ошақтарының бірі. Сыр елі – ұлттың ұясы, қонар қиясы. Небір жаугершілік, зобалаң заманда халқымыз Сырдың бойына келіп жан сақтады, күш біріктіріп жеңісті жолын бастады. Берекелі жерінің асты да, үсті де құт!

«Сыр елі – астаналар мекені», «Сыр елі – жыр елі», «Сырдың жері-Тұранның төрі» сөздері бүгінде құлаққа сіңісті қағидаларға айналды. Бұл киелі аймақтың қайталанбас тарихын, Алаш жұртының қарашаңырағы мен түркі халықтары жасаған өркениеттің ошағы болғандығын аңғартады.

Елбасының «Сыр – Алаштың анасы... Бұл – дана Қорқыт бабамыздың, Жанқожа мен Бұқарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Сыр сүлейі Кердері мен ғұлама Тұрмағамбеттің, ақын Әбділда мен Нартайдың, тамаша жазушы Әбдіжәміл мен Қалтайдың, тағысын-тағы көптеген ардақты, дарынды перзенттердің туған өлкесі. Сол үшін де Қызылорда күллі қазақ үшін қасиеті ортақ жер», - деген сөзінің орны ерекше.

Топырағынан кие дарыған бұл өңірде түркі жұртының абызы Қорқыт ата өзінің мәңгілік мекенін тапса, адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышты бағындыруға аттанды.

Ұлы Дала төрінен орын алған өлкенің қай бөлігіне барсаңыз да, қарт тарихтан шер тартатын сан алуан мұраларға қол жеткізесіз. Бұл Ұлы дария бойында жасаған өркениеттің қазақ тарихында алатын орны ерекше екенін тағы бір мәрте аңғартып, тарихтың керемет тұңғиығына жетелей түседі.

Бүгінде заманауи ақпараттық технологиялар арқылы Қызылорда облысының ескерткіштерімен танысу үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. 150 тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы қамтылған арнайы сайт (www.virtualmap.xyz) қолданысқа енгізіліп, 150 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылған.

Ендеше, Сіздерді Сыр өңірінің ең қызықты тарихи орындарымен танысуға шақырамыз! 

БЕГІМ АНА МҰНАРАСЫ

2.jpg

Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда орналасқан. ІХ-ХІ ғасырлармен мерзімделеді.

Бегім ана мұнарасы сол кезеңге тән сәулет өнерінің үздік туындысы. Мұнара аңыз бойынша атақты Қарабура әулиенің қызы, кіршіксіз махабат пен әділдіктің үлгісі саналған, жазықсыз жаланың құрбаны болған Бегім анаға арнап тұрғызылған. Халық зиярат жасайтын және перзент тілегендердің тілектері қабыл болатын қасиетті орын ретінде ерекшеленеді.

 

КЕРДЕРІ КЕСЕНЕСІ

 3.jpg

Арал ауданы, Қаратерең  ауылынан   65,2 шақырым жерде орналасқан. ХІҮ-ХҮ ғасырлармен мерзімделеді.

Кесене (мавзолей) бірнеше ғасыр Арал теңізі су астында қалғандықтан, біраз жерлері бүлінген. Деректерге сүйенсек, ғимарат ХІҮ ғасырда салынған және бұл өңір елді мекен болған дегенге саяды.Табылған ғимараттың биіктігі - 1,5 метр, аумағы 50 метрді алып жатқан төбе­шік. Ұзындығы - 23,5, ені - 9,5 метр. Құрылыста 19х5х19см, 10х5х10 см, бұдан кіші көлемдегі қыштар кездеседі. Сонымен бірге, керамикалық заттар, қыштар мен адам мүрделері табылды


ЖАНКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ

4.jpg 

Қазалы ауданы Жанкент ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 500 метр жерде орналасқан. Оғыз мемлекетінің IX-X ғасырларда ордасы болған.

Араб тіліндегі жазба деректерде Жанкент қаласы Карьят ал-Хадиса, ал-Мадина ал-Джадида деп аталса, парсы деректерінде Дих-и-Нау, түркі тілінде жазылған еңбектерде Янгикент атауларымен кездеседі. Қазақша аудармасында барлық атаулар «жаңа қала», «жаңа қоныс» мағынасын береді.

Бүгінгі күні Жанкент қалашығында ашық аспан астындағы мұражайдың алғышарты жасалып, консервацияланған нысандарды – қорғаныс қабырғалары мен мұнараларын, цитадель, көптеген тұрғын үй орындарын және Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрін көрсететін бөлме композициясын көруге болады. Сондай-ақ, қалашықтың тарихи кезеңдері бейнеленген «JANKENT» стеласы орнатылған.

 

ЖАНҚОЖА БАТЫР КЕСЕНЕСІ

5.jpg

Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен батысқа қарай 4 шақырым жерде орналасқан.

Жанқожа батыр ескерткіш кешені 1992 жылы халық батыры және көріпкел әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлының құрметіне арналып салынған және баба рухына тағзым жасайтын қасиетті орын.


ӘЙТЕКЕ БИ ЕСКЕРТКІШІ

6.jpg

Қазалы ауданы Әйтеке би кенті аудандық әкімдік ғимараты алдында орналасқан.        

Ескерткіш 2018 жылы Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан Кіші жүздің биі – Әйтеке би Байбекұлына есімін ұлықтау мақсатында еңселі ескерткіш бой көтерді. Ескерткіштің ашылуына арнайы Өзбекстан Республикасының Науаи облысындағы Әйтеке би кесенесінен топырақ әкелінді.

Ескерткіш тұтас граниттен жасалған, авторы - Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, мүсінші Қазбек Сатыбалдин.


БӘБІШ-МОЛА ҚАЛАШЫҒЫ

7.jpg

Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 47 шақырымда орналасқан. Б.з.д. ІҮ-ІІ ғасырлармен мерзімделеді.

Бәбіш мола қалашығы Сырдариядан бөлініп шыққан Жаңадария арнасының оң жағалауында орын тепкен сақтардың ордасы болған қала. Қалашықта сақталған құрылыстар «Үлкен үй» жоспары кірер есіктен басталып, екі көлемді мұнаралармен жиектелінетін анфиладты ғимаратымен ерекшелінеді. Үйдің шығыс бөлігінен аршылған жоспары мұнда ерекше жағдайларға және қабылдауларға арналған салтанат залы болғандығын аңғартады. Бәбіш мола қалашығы басқа аймақтармен тығыз қарым-қатынаста болған. Қалада қолөнершілер мен ұсталар керамикалық ыдыстар, қару-жарақ, сауыт-сайман, ат әбзелдерін, алтын мен күмістен теңдесі жоқ әшекей заттар жасаған. Бұған қалашық орнынан табылған археологиялық бұйымдар айғақ бола алады.       

 

ШІРІК-РАБАТ ҚАЛАШЫҒЫ

8.jpg 

Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 87 шақырымда орналасқан. Б.з.д. ІҮ-ІІ ғасырлармен мерзімделеді.

Сыр өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірі.   Қалашық Сыр бойы халқының Хорезм, Парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған. Өйткені, бұл елдердің байланысы кезінде арнасы тасыған Жаңадария арқылы жүріп отырған. Шірік-Рабат қаласында үлкен қамалдар тұрғызылып, қарауыл мұнаралары болған. Шірік Рабат қаласы ерте кезеңде әскери мақсаттағы маңызға ие қалалардың бірі. Бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді. Кейінгі зерттеулер бұл ескерткіште сақ тайпаларының жерлеу кешендері орналасқан пантеон деп болжам жасалды.

    

ЖЕТІАСАР МӘДЕНИЕТІ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

9.jpg

Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында орналасқан көне қалалар орны, олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқандықтан асарлар деп атаған.

Бұл ескерткіштердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен атаған. Бұл аймақтағы асарлардың ең ірісі Алтынасар және Бидайық асар, Сорлы асар, Домалақ асар, Үңгірлі асар, Томпақ асар, Қара асар, Жалпақ асар, Тікасар, Тас асар, Қосасар сияқты барлығы 30-ға жуық қала мен жүздеген обасы бар қорымдар және суландыру жүйелерінің орындары анықталған.

Бұл қалалар халқы Сырдарияның орта ағысы бойымен Ташкент төңірегіне таралған көршілес Отырар-қаратау мәдениеті және Қауыншы мәдениетерін жасаған тайпаларымен бірге тарихи Қаңлы мемлекетінің құрамына кірген. Жетіасар тарихта өзіндік орны бар ірі мәдениет болып табылады. Асарлар тізбектеліп Қазақстан аумағындағы Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облыстарын қамтып Ташкентке дейін созылып жатқан аумақты алып жатыр.

Жетіасар мәдениеті ескерткіштері шөлейтті жерде және бір-біріне жақын орналасуымен ерекшеленеді. Экстремалды туризм үшін қолайлы. болып табылады. Бұл туристердің қызығушылығын тудыратын бірден-бір фактор болып табылады.  


ҚОРҚЫТ АТА ЕСКЕРТКІШ КЕШЕНІ

10.jpg

Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырымда орналасқан. Кешен 1980 жылы салынған.Авторлары – Б.Ә. Ибраев, С.И. Исатаев.

Кешен – түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, күйші әрі қобызшы болған Қорқыт атаның құрметіне тұрғызылған. Қорқыт ата туралы деректер бізге үш түрлі жолмен жеткен. Олардың бірі - ел аузындағы Қорқыт туралы аңыз-әңгімелер болса, екіншісі - тарихи шежірелер, үшіншісі - Қорқыт ата кітабы. Қорқыт ата – Оғыз заманында өмір сүрген дана тұлғалардың бірі әрі аңыз кейіпкері. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екені белгілі. Міне, сондықтан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар.

Кешен құрамына қобыз бейнелі стела, қошқар мүсіні, жер асты мінәжат үйі қылует, амфитеатр, мұражай кіреді.

Кешен түркі тілдес елдердің тағзым ететін қасиетті орны және күрделі сәулеттік өнер туындысы ретінде ерекше маңызға ие.


МАРАЛ ИШАН КЕСЕНЕСІ

11.jpg

Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым жерде, Қараөзек өзенінің аңғарында орналасқан. Кесене ХІХ ғасырда салынған.

Кесене үш жүзге пір болған, діни қайраткер Марал ишанның жерленген орнына тұрғызылған. Жергілікті дәстүрге тән көрнекті ескерткіштердің бірі. Баба рухына тағзым жасайтын қасиетті орын ретінде ерекшеленеді.

 

ҚАЛҚАЙ ИШАН КЕСЕНЕСІ

12.jpg 

Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым жерде, Қараөзек өзенінің аңғарында орналасқан. Кесене ХІХ ғасырда салынған.

Қалқай ишан кесенесі Қожа Ахмед Яссауи кесенесіне ұқсастықтарының болуымен ерекшеленеді. Кесене Марал ишанның үлкен ұлы Қалқай ишанның жерленген орнына тұрғызылған. Баба рухына тағзым жасайтын қасиетті орын ретінде ерекшеленеді.


ЖЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ

13.jpg   

Жалағаш ауданы Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда орналасқан ортағасырлық қала орны Х-ХҮ ғасырлармен мерзімделеді.

Осы аймақта орналасқан Жанкент, Баршынкент, Ашнас (Асанас) қалалары Жент өлкесінің қалалар тобын құрады. Қаланың орны қазіргі уақытта 40 гектардан астам аумақты алып жатыр. Қала қирандыларының мерзімделуін әр ғасырларға жатқызуға болады. Ортағасырлық тарихи деректерге сүйенсек, ІХ–ХІІ ғасырларда қалада мұсылман дінін ұстанған оғыз бен қыпшақ тайпалары қоныстанған.

ХІІ–ХІІІ ғ.ғ. Жент қаласы Хорезм мемлекетінің дүниежүзілік державаға айналу барысында Сыр өлкесіндегі тіректі қаласының бірі болған.

Сыр өңіріндегі ірі мәдени-экономикалық орталыққа айналды. Қалада ақша сарайы жұмыс істеп, күміс және мыстан соғылған теңгелер шығарылды.


ТҮМЕН ӘУЛИЕ КЕСЕНЕСІ

14.jpg

Жалағаш ауданы, Мөрәлі Шәменов ауылынан солтүстік-батысқа қарай 4,5 шақырым, Қаракеткен теміржол стансасынан оңтүстік - батысқа қарай 7 шақырымда орналасқан. Кесене ХІХ ғасырда салынған.

Кесене Сыр бойында тұратын қазақтардың «үйтам» үлгісінде салынған. Ислам дінін насихаттап, шәкірт тәрбиелеген дін қайраткері Түмен әулиенің жерленген орнына тұрғызылған.

 

АСАНАС ҚАЛАШЫҒЫ

  16.jpg            

Сырдария ауданы Айдарлы ауылынан батысқа қарай 15 шақырымда орналасқан. ХІІ-ХҮ ғасырлармен мерзімделеді.

Асанас – орта ғасырлардан сақталған көне қаланың орны. Сырдария өзенінің сол жағалауында Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Моңғол шапқыншылығы кезінде жауға табанды қарсылық көрсеткендіктен жермен-жексен қиратылып, халқының көпшілігі қырғынға ұшыраған. Сырдарияның бойындағы басқа да қалалар сияқты көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, ХІҮ-ХҮ ғасырларға дейін өмір сүрген.

 

ҚЫШҚАЛА ҚАЛАШЫҒЫ

17.jpg     

Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай 2 шақырымда орналасқан. ХІІІ-ХҮ ғасырлармен мерзімделеді.

Қышқала қалашығы Баршынкент, Барчинлыгкент, Барджинлигкент, Қызқала деп те аталады. Алтын Орда кезеңінде қала ірі сауда-саттық орталығы болған. Бұл шаһар жөнінде алғаш рет 1242 жылы итальян саяхатшысы Рубрук жазып қалдырған делінеді. Ұлы Жібек жолының бо­йын­да орналасқан қала жайын­да Қышқала деп аталғанымен қаланың тарихи аты ұмыт қалған.              

Профессор Әуелбек Қоңы­­ратбаевтың ел аузын­дағы аңызға сүйеніп, бұл қала Алпа­мыс батырдың жары Гүл­баршынды қалдырып кеткен шаһар екендігін еске салған. Кейбір жазба деректерде бұл қала ертеректе Бар­шынкент деп те аталған екен. Қышқала жайлы XV ға­сыр­дан кейін жазба дерек­тердің кездеспеуі Сыр арнасы өзгергеннен кейін халықтың өзге жаққа қоныс аударуымен байланысты сияқты. Бұл ескерткіштің ерекшелігі мұндағы әрбір құрылыс нысандары күйдірілген қыштан салынып, діни ғұрыптық ғимараттары глазурленген қыш жапсырмалармен қапталғандығын атап өтуге болады.

 

ҚАЛЖАН АХУН МЕШІТ-МЕДРЕСЕСІ

18.jpg

Сырдария ауданы, Қалжан ахун ауылынан батысқа қарай 12 шақырымда орналасқан.

Мешіт-медресе ХІХ-ХХ ғасырларға тән «кірпіштік» стиль дәстүрінде салынған. Мұнда елімізге белгілі дін қайраткері Қалжан ахун Бөлекбайұлы ислам дінін насихаттап, шәкірт тәрбиеледі. Туристік әлеуетінің жоғары болуымен ерекшеленеді.

Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы 

Арнайы "Қазақстан тарихы" порталы үшін


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?