Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құрбан айт – ұлық мереке

3104
Құрбан айт – ұлық мереке - e-history.kz

Бүгін 20 тамыз барша мұсылмандардың қасиетті мейрамы – Құрбан айт мерекесі. Құрбан айт Ораза айттан 70 күннен соң келеді, үш күн тойланады. Осы үш күн Меккеде қажылық болып өтеді. Айтта Аллаға арнап құрбандық мал шалынады. Айт күні таңмен тұрып тазаланып айт намазына барады.

Бұл мерекенің шығу тегі туралы мынадай аңыз бар. Алла тағала Ибраһим пайғамбарға ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуды бұйырады. Бұған Ибраһим да, Исмаил да қарсылықсыз келісіп, құрбандық рәсімін жасамақ болғанда, Алла тағала олардың өзіне деген ынта-ықыласына риза болып аспаннан көк қошқар түсіреді. Ибраһим пайғамбар ұлының орнына осы көк қошқарды құрбандыққа шалады. Содан бастап Аллаға атап мал шалу дәстүрге айналады.

Айтқа көбінесе еркек тоқты, қой не ешкі шалады. Сиыр мен түйе шалатындар да болады. Шарт бойынша ауру, соқыр мал құрбандыққа жарамайды. Сойылған малдың етін көбінесе жоқ-жітікке таратып береді.

Қазақ ішіндегі құрбан айт мерекесі ежелден бері – адамдардың айттап қыдыруымен, мал шалып, дастархан жаюімен және топтасып бәйге, қызқуар, аударыспақ, көкпар, балуан салу секілді ұлттық ойындар ұйымдастырумен өткен. Бұл күндері көшпенді өмір салтымен алыс қонып, шет жайлап уағында біріне бірі көңіл айтыса алмаған туыстар да қыдыра жүріп, қайтқан кісілердің үйіне құран оқып, дұға бағыштайды.

Ислам дінінің таралу аумағының кеңдігіне қарай, құрбан айт мерекесін тойлау салты да әр елде әр алуан бейнеге енген. Елімізде өткен жылы және биыл әлемдік пандемия салдарынан, карантин талаптарына сай, қызыл аймақтарда айт намазы онлайн форматта өтті.

Қазақстан мұсылмандары дінибасқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды», – дейді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?