Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дәурен Абаев: Ұлық Ұлыс – біздің мемлекеттілік дәстүріміздің алтын бесігі

1958
Дәурен Абаев: Ұлық Ұлыс – біздің мемлекеттілік дәстүріміздің алтын бесігі  - e-history.kz

Ұлық Ұлыс – біздің мемлекеттілік дәстүріміздің алтын бесігі деп толық сеніммен айта аламыз. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Ұлттық академиялық кітапханада өткен халықаралық конференцияда осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Қазақстан тарихы порталы. 

«Осы айнымас ақиқаттың негізінде 2019-2020 жылдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ұлық Ұлыстың 750 жылдығын мерекелеуге арналды. Біз бүкіл әлемге Алтын Орданың мұрагері екенімізді танытып, төл тарихымызға қатысты әділдікті орнатуға жол аштық», - деді  ол «Ұлық Ұлыс - Алтын Орда: бастауы, тарихы және мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда.

Дәурен Әскербекұлы, 2015 жылы Елбасының тапсырмасымен елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтілгенін айтты. Сондай-ақ бұл идеологиялық астары терең, мемлекеттік деңгейдегі шара болғанына тоқталды. 

«1465 жыл – сөзсіз, бәріміз үшін қастерлі дата. Десек те, этногенез процесі мен мемлекеттің қалыптасуы – бір күннің, тіпті бір ғасырдың да шаруасы емес екенін жақсы білеміз. Керей мен Жәнібек хандар бастаған қазақ халқының Жетісуға қоныс аударуы оның қалыптасу кезеңінен өтіп, ұлтқа айналғанын айшықтайды. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл процесс Ұлық Ұлыстың дәуірлеп тұрған уақытынан басталды. Мұны фольклорымыздан да көреміз. Жыр-дастандарымыздың қаһармандары – Едіге, Әз-Жәнібек, Майқы би, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер. Ең ескі күйдің бірі «Ақсақ құлан» да Жошы ханның өліміне байланысты шыққаны баршамызға белгілі», деді Дәурен Абаев. 

Айта кетер болсақ, Нұр-Сұлтанда өткен «Ұлық Ұлыс - Алтын Орда: Бастауы, тарихы және мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Шараға АҚШ, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Ресей мемлекеттерінен тарихшылар мен зерттеушілер қатысып, пікір алмасты. Жиынды Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев құттықтау сөзімен ашты.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?