Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ АТАҒЫН ИЕЛЕНГЕН ҮШІНШІ ҚАЗАҚ ҰШҚЫШЫ

2522
КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ АТАҒЫН ИЕЛЕНГЕН ҮШІНШІ ҚАЗАҚ ҰШҚЫШЫ - e-history.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт тарихының зерттелуі мен жазылуына және оны қазақстандықтарға таныту мәселесін үнемі назарда ұстауда. Сол тарихи мәселелердің бірі – қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі.

«Майдандағы әскери ерлік пен тылдағы қажырлы еңбек Жеңістің басты негізіне айналды. Біздің халқымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіске өшпес үлес қосты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдары бүкіл халқымыз тылдағы еңбекке жұмылды. Жауға атылған 10 оқтың 9-ы біздің елімізде жасалды. Әкелеріміздің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Біздің жеңістеріміздің тарихы - патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі», -деп көрсетті Мемлекет басшысы.

Президент ерекшелеп көрсеткен 500 қаһарман қатарында қазақ ұлтынан үш әскери ұшқыш Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Атап айтқанда Талғат Бигелдинов, Нұркен Әбдіров және Біліс (Плис) Нұрпейісов.

Алғашқы екі батырдың ерлігін әрбір қазақстандық білсе, Біліс Нұрпейісовтің есімі мен ерлігін қазақстандықтардың көпшілігі білмейді. Себебі ол әскерге Өзбекстаннан шақырылған және сол елдің Батыры деп жазылады. Тек кейінгі жылдары ғана Біліс Нұрпейісовтің есімі Қазақстанда да айтылып, оған құрмет көрсетіле бастады.

Аққали Көптілеуов, Алтынай Әлиева, Сапарғали Жағыпаров, Елубай Әуезов сияқты зерттеушілердің және батырдың інісі Жүсіпбайдың деректеріне қарағанда Біліс 1919 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Әке-шешесі есімін Біліс өзеніне байланысты қойған және баласы бір жасқа толмаған тұста Қарақалпақстанның Петро-Александровск (қазіргі атауы Төрткүл – авт.) қаласына қоныс аударған.

Баланың тууы туралы куәлікті толтырған орыс азаматы өз тіліне бейімдеп Плис деп жазып берген. Сонымен қатар әкесінің аты да Көлкелді де қате жазылған сияқты, дұрысы Қойгелді болар. Ұлы Отан соғысы кезінде Батыр атағын алған қазақтар туралы мәліметтер жинаған журналист Пернебай Дүйсенбин де қазақ ұшқышының Біліс атауын дұрыс деп біледі.

Плис_Кольгельдиевич_Нурпейсов.jpg

Біліс жастайынан ширақ, оқу-білімге ынталы, зерек болып өседі. Түркіменстанның Чарджоу қаласындағы өзен-су көлігі транспорты техникумында білім алған соң Әмудария өзенінде жүзетін «Альбатрос» катерінде капитанның көмекшісі болып еңбек етеді. Комсомол қатарына қабылданады. Әдебиет пен музыканы ұнататын Біліс Қарақалпақ мұғалімдер институтының Физика-математика факультетіне оқуға түсіп, аяқтаған соң Төрткүл қаласындағы орта мектепте, медицина училищесінде ұстаздық етіп жүргенде 1939 жылы әскерге шақырылады.

Осы арада Қарақалпақ автономиялы округының 1925-1929 жылдары Қазақ КСР-нің құрамында болғанын, кейін Ресей Федерациясына қарап, 1936 жылы Өзбекстанға берілгенін айта кету керек. 1926 жылғы Халық санағының қорытындысында Қарақалпақ автономиялы округында қарақалпақтар 38 пайызды, қазақтар - 28, өзбектер - 27 пайызды құраған. Бұл деректер туысқан түркі халықтары ертеден осы аймақта тығыз араласып тұрғанын көрсетеді. Сондықтан батыр ұшқыштың есімі мен ерлігі үш ұлтқа да ортақ десек болады.

30-жылдары кеңестік ұшқыштардың ерлік істері жастардың жүректерін баурап армандарына айналған уақыт еді. Әйгілі ұшқыш В.Чкалов қонбастан АҚШ-қа ұшып барып әлемдік авиация тарихына аңыз болып жазылды. Солтүстік мұзды мұхитқа ғылыми экспедиция кезінде мұз құрсауында қалған полярлық зерттеушілерді де ұшқыштар құтқарды.

Қызыл Армия жауынгері Біліс те ұшқыш болуды қалап Мелитополь қаласындағы әскери-әуе училищесіне оқуға түседі. Соғыс басталғанда Пе-2 бомбалаушы ұшағы экипажы құрамында шайқастарға қатысады. Шайқастардың бірінде жараланып 6 ай Иркутск қаласында госпитальде емделеді. Жазылған соң Бурятиядағы Тайтурк әскери ұшақтар мектебінде тәжірибеден өтіп, жаңа ұшақтармен ұшудың қырларын меңгеріп қайтадан майданға аттанады.

 Білістің әскери құжаттарында майданға 1943 жылдың желтоқсанынан бастап қатысты деп жазылған.

1943 жылы Харьков маңындағы ауыр шайқастар кезінде ұшағымен барып жау әскери күштерінің шоғырланған жері мен мөлшері туралы құнды барлау мәліметтерін жеткізгені үшін авиация маршалы А.Новиков Біліске ұшқыштың аты жазылған қол сағат сыйға тартады.

2-ші Белорус майданы 4-ші әуе армиясының 47-ші гвардиялық жеке авиациялық барлау полкінде гвардия аға лейтенанты, барлаушы ұшқыш болып жаумен шайқастарға қатысты. Ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп, ұшақпен жау тылына барып барлау жүргізудің тамаша шеберіне айналады.

Біліс ұшу ісін, штурмандық жұмыстарды жақсы меңгерген, батыл да тапқыр ұшқыш болғандықтан оған аса жауапты тапсырмалар жүктелетін.

Соның бірі Украинадағы әйгілі партизан командирі, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры С.Ковпакты жау тылына қонып, ұшағына мінгізіп алып Москваға маңызды кездесуге апарып, содан кейін қайтадан партизан лагеріне аман-есен жеткізіп салуының өзі аңыз боларлық үлкен ерлік еді. С.Ковпак қазақ ұшқышының батылдығы мен ұшқыштық шеберлігіне тәнті болып ризалығын жеткізеді.

Марапаттауға ұсынылған құжаттарда 1944 жылдың 10 наурызынан 1945 жылдың 1 сәуіріне дейін 106 жауынгерлік ұшу тапсырмасын орындағаны жазылған. Біліс негізінен барлаушы-ұшқыш ретінде тапсырмалар орындады. Қолайсыз ауа-райы кездерінде, бұлттың үстінде немесе бұлттардың арасын паналай ұшып, Пе-2, Ту-2 ұшақтарымен жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап отырғаны жазылған.

Жауынгерлік тапсырмамен жау әскерінің алыс тылына ұшқанда жау әскерлерінің шоғырланған жерлерін, оларға көмекке жылжыған немесе жау әскерлерінен басқа бағытқа бөлініп жылжыған топтарын, теміржол тораптарына шоғырланған әскерлерінің мөлшерін анықтау, жау аэродромдарының орналасқан жерлері мен оларда шоғырланған ұшақтар санын, жау әскерінің мықты жасалған атыс бекіністерін анықтау сияқты тапсырмаларды абыроймен орындап отырды. Бұл ұшу сапарлары кезінде зенит зеңбіректерінің атқан оқтарының арасымен бұлтарып отырып, қауіп-қатерге бел буып төмендей ұшып фотосуретке түсіретін.

Бірде әуеден барлау кезінде жау танктерінің жасырынуы мен көптігіне күдік келтіріп, отряд командирінен рұқсат алып екінші рет ұшып барып, немістердің ағаштан жасалған танк макеттері екенін анықтап, негізгі танктері басқа жерде шоғырланғанын анықтап өте маңызды мәлімет жинап алдағы кеңес әскерінің шабуылының сәтті болуына үлкен үлесін қосады.

Біліс майдан шебінің арғы бетіне, яғни жаудың алыс тылына  жүздеген шақырым жерлерге 17 рет ұшып барып құнды барлау мәліметтерін жеткізгені үшін 1944 жылы шілде айында жауынгерлік Қызыл Ту орденімен және тамыз айында осындай 14 ұшу тапсырмасы үшін осы орденмен екінші рет, ал 19 үлгілі жауынгерлік ұшу тапсырмасын орындағаны үшін желтоқсан айында 1-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталды.

Біліс Нұрпейісов экипажы жерден, аспаннан және теңізден төнген қауіп қатерлерге қарамастан барлау мақсатындағы ұшу сапарлары кезінде 78 қала мен портты, 3400 жаудың теміржол эшелонын, 32 мың әскери автомашиналары мен 925 теңіз кемелерін әуеден суретке түсіріп әскери басшылық үшін өте құнды мәліметтер жеткізіп берген.

1944 жылдың соңында қысқа мерзімді демалыс берілгенде Біліс Қарақалпақстанға келіп туған-туыстарымен кездесіп қайтады.

Берлинге шабуыл кезінде, яғни 1945 жылдың 23 сәуірі күні қаланың батыс бөлігіндегі неміс фашистерінің бекіністі аймақтарын әуеден фотоға түсіру операциясы кезінде жау истребительдерінің шабуылына тойтарыс беру кезінде Білістің ұшағына оқ тиіп өртеніп құлайды. Осылайша Жеңіс күніне екі апта қалғанда, 25 жасында есіл ер қаза табады.

1945 жылы 18 тамыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Біліс (Плис) Көлгелдіұлы Нұрпейісовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейін Б.Нұрпейісовке Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласында көшеге есімі беріліп және университет қабырғасына ескерткіш тақта ілінді. Тахтакөпір ауданындағы мектепке де батыр ағамыздың есімі берілді. Республикаға еңбек сіңірген ұстаз, батырдың інісі Жүсіпбай ұзақ ізденістер жасап ағасы Біліс туралы 2009 жылы «Жүрек жұтқан» деген деректі кітап шығарды.

Қазақтың батыр ұшқышына Ресейде де құрмет көрсетілді. Калининград (бұрынғы Кенигсберг - авт.) қаласында бір көшеге және Ресей әуе күштерінің 47-ші гвардиялық барлау авиация полкіндегі Су-24МР әскери ұшағына батырдың есімі берілген.

2008 жылы Алматының, 2017 жылы Қызылорда қаласының бір көшесіне Б.Нұрпейісов есімі қойылды. Қызылордадағы көшенің берілу құрметіне арналған салтанатты жиынға Қарақалпақстаннан батырдың бауырлары, ағайын-туыстары келіп қатысты. Еліміздің астанасында да батыр есімін еске түсіретін бір іс-шара жасалса жарасымды болар еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы Біліс Нұрпейісовтің өнегелі өмірі мен ерлік істері атажұртындағы жастарға үлгі-өнеге және ұлттық мақтанышы болар еді. 

Сейітқали Жахияұлы ДҮЙСЕН, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?