Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаша ханның тегі туралы халықаралық зерттеу жұмысы басталмақ

1871
Алаша ханның тегі туралы халықаралық зерттеу жұмысы басталмақ - e-history.kz

ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Алаша ханға қатысты шетелдік ғалымдардың араласуымен ірі зерттеу жұмыстары басталатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында айтты.

«Алаша ханның ұлтына қатысты көптеген пікірталас бар. Намысқа тиеді. Экскурсоводтар оны «Өзбектің билеушісінің баласы, үсті ала-ала болғасын үйінен шығарып тастаған. Сосын Қазақ жеріне келіп, үлкен билікке жетті» деп түсіндіріп жүр. Екінші біреулер бойы аласа болғасын «Аласа хан» деп, кейін Алаша аталып кеткен деп жатады. Сонда біз оны қазақтың батыры, ханы деп мақтанарлық деректер алмаймыз ба?», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Экс-министр Ұлытау жеріндегі Алаша хан кесенесіне мамандарды жинап, оның тегіне қатысты халықаралық зерттеу жұмыстарын бастамақ.

«Сол себепті қазір Алаша хан жайлы үлкен деректерді жинап жатырмыз. Мамыр айында мазарына барып, арнайы видеоматериалдар түсіріп, үш тілде таратамыз. Әлем ғалымдарына үндеу жасаймыз. Осыдан кейін шетел мамандары келіп, зерттейді. Сонда қазақтың тарихы мүлдем басқаша болады», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Айта кетейік, қазақ жерінде билік құрған Алаша ханның шыққан тегі мен есіміне байланысты түрлі деректер мен аңыз әңгімелер бар. Көбіне «Алаш» этнонимінің шығуы Алаша хан атымен байланыстырылады. Егер зерттеулер арқылы дәйекті мәліметтер шықса, Қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихы мен мерзімінде өзгерістер болуы ғажап емес. Кей ғалымдар Алаша хан кесенесінде жатқан Шыңғыс хан екенін де алға тартады.

«Неліктен Әмір Темір үлкен жорыққа шығар алдында Ұлытауға келіп, тасқа қашап «Мен әскеріммен Алтын Орданы қиратуға бара жатырмын. Сол үшін Ұлытауға келдім» деп жазып кеткен? Себебі Ұлытау қасиетті жер. Сол жазу қашалған тас Эрмитаждың ең бір әдемі жерінде тұр. Халықаралық ғалымдар осы мәселені де зерттеуі қажет», - дейді Ұлттық музей директоры.

Сұхбаттың толық нұсқасы:


 


Алаша хан жөніндегі пікір 31:16 минуттан бастап

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?