Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ өлкесінің қажымас зерттеушісі

1898
Қазақ өлкесінің қажымас зерттеушісі - e-history.kz

Шығыс Қазақстанның өлкетану ісіне зор үлес қосқан кісі – Борис Герасимов. Ол 1872 жылы Өскеменде жер аударылғандар отбасында дүниеге келген. Томск діни семинариясын бітіргеннен кейін иерей дәрежесін алады. 1901 жылы Семейде Никольский соборы салынып, Борис Герасимов сонда настоятель болып тағайындалады. Шіркеудегі қызметін оқытушылықпен қатар алып жүреді. Борис Георгиевич латын, грек, ағылшын және француз тілдерін жетік білген, орыс және шетел классикалық әдебиетін оқыған, өзінің бай білімімен білім беру саласында пайдалы болған.

Герасимов туған жерін зерттеуге өлшеусіз үлес қосты. 1902 жылы оның тікелей қатысуымен Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесі құрылды деп айтуға болады. Семей облысының өлкетануына қосқан үлесі үшін 1925 жылдың маусымында Борис Герасимовқа алтын медаль берілген.

Өкінішке орай, Борис Герасимов репрессия толқынынан аман қала алмады. 1937 жылғы тамызда ол революцияға қарсы әрекет жасады деген күдікпен қамауға алынып, Борис Герасимов шіркеушілердің тыңшылық ұйымын құрды деп айыпталды. 1937 жылғы қарашада ІІХК (НКВД) шіркеушілерді ең жоғарғы жаза – атуға үкім шығарады. Борис Герасимов 1938 жылғы 1 қаңтарға қараған түні атылған. 

eeeb547e111953aaa053708c869188f9.jpg

Мария Любимова мен Ольга Никулина

1973 жылы Борис Георгиевичтің қыздары – Мария мен Ольга Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатына әкелерінің құжаттарын табыстаған.

Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында орыс дін қызметкері, ғалым және өлкетанушы Борис Георгиевич Герасимовтың (1872-1937жж.) жеке қоры сақталған. Оның қаламынан 100-ден астам ғылыми еңбек, екі мыңнан астам тарих, этнография, археология, география бойынша мақала шыққан.

Герасимовтың жарияланбаған «Қазақ халқының тарихы» атты еңбек жазғаны белгілі. Өкінішке орай, қолжазба сақталмаған. Герасимовтың қызының айтуынша, оны қазақстандық бір ғалым сатып алған. Облыстық мұрағатқа қолжазбаның кездейсоқ сақталып қалған, кейбір бөліктері ғана берілген. Оның кейбір үзінділерін Qazaqstan Tarihy порталы жариялайды.

Мықты халық

Қырғыз халқының өмірінде ол әр түрлі ұлттардың дұшпандық шеңберінде қалып қойған сәттер де болды. Мысалы, ХVIII ғасырдың бірінші жартысында қырғыздарға шығысында – моңғолдар, оңтүстігінде – жоңғарлар мен қалмақтар, батысында – Еділ қалмақтары, солтүстігінде – башқұрттар мен сібір казактары төніп келген. Халықтың жағдайы үрейлі еді. Сонда қырғыз халқы өзіне дұшпан ұлттардың салмағымен жоқ болып кетті ме? Жоқ. Қиын-қыстау заманды басынан кешіре отырып, бұл халық батылдықпен өзін қорғап, тіпті жауы – башқұрттар мен қалмақтарды байырғы қазақ жерлерінен ығыстырып шығарды.

Алайда қырғыздар – рухани жағынан да мықты халық. Қырғыз халқының рухани күшінің мол қорын айғақтайтын көрнекті тұлғаларды да шығарды. 

Қасым хан

Қырғыз халқының басын біріктірген Қасым хан ерекше тұлға болған. Ол сөзсіз мемлекет қайраткері болды және оның халық арасында үлкен танымалдылыққа ие болуы бекер емес еді. 300 мың адамнан тұратын орасан зор әскери күшке ие бола отырып, Қасым, алайда, бейбітсүйгіштігімен ерекшеленген. Оны соғысқа қатысуға шақырғанда, ол: «Қазақ, көшпенді халық ретінде, соғыс туралы емес, қыстау туралы ойлауы тиіс», - деп жауап береді екен. Ол қырғыз халқының маңыздылығын көтергендіктен, басқа Азия халықтары онымен санасатын болған.

Сырым батыр

Сырым батыр өте бір қызық тұлға болған. Оған әділдік бойынша қырғыздың ұлттық батыры аты берілуі тиіс. Ол самодержавиенің қызу қарсыласы болған, қырғыздарды орыс тәуелділігінен босатуды армандаған, қырғыздарды бір «түркі тайпаларының шығыс республикасына» біріктіруді мақсат еткен, осы мақсатта Далада тиісті үгіт-насихат жүргізіп, Кіші Орданың орыс қойған ханы Нұралыға қарсы күрес көтерген. Оның партизандық әрекеттерін тарихшылар сипаттаған.

Ақыл, қайсарлық сияқты ерекше қасиеттерге ие Сырым батыр еркін саяси өмір үшін халқын біріктіруді мақсат етті. Өкінішке орай, ол зорлықпен қаза тапты, арман-мақсаттары да өзімен бірге бақиға кетті. 

Абылай хан

Орта жүздің ханы Абылай да ерекше тұлға. Әрқайсысы Орта жүзді өзіне бағындыруға тырысқан Ресей, Қытай мен Жоңғарияға көрші бола отырып, осы айтылған державалардың әрқайсысы Абылай маған ғана бағынады деп санайтындай етіп іс жүргізген. Шындығында, Абылай ешкімге тәуелді болған жоқ және оның барлық күш-жігері қырғыз халқын саяси құлдықтан сақтауға бағытталды. Абылайдың ірі мемлкекет қайраткері және үлкен дипломат екені сөзсіз. Ол Далада өте танымал болған. 

Кенесары хан

Алайда, өзінің танымал атасының даңқын Абылай ханның немересі - сұлтан Кенесары Қасымов толығымен көлеңкеде қалдырды. Ол Ресей бодандығындағы қырғыз халқына бұрынғы саяси тәуелсіздігін қайтарып, бұрынғы ұлылығын қалпына келтіруді мақсат етті. Осы мақсатта ол өткен ғасырдың 40-шы жылдары орыстарға қарсы көтеріліске шықты. Көтеріліс өте батыл, әрі сәтті де болып отырды. 8 жыл бойы Кенесары Даланың иесі болды. Оның «кенесарылылықтар» деп аталған отрядтары Орынбордан Қарқаралыға дейін, Петропавлдан Түркістанға дейінгі жерде орналасқан орыс қоныстарын шауып, адамдарды тұтқынға алып кетіп отырған. Кенесары көтерілісі сәтсіз аяқталды: 1847 жылы ол інісі Наурызбаймен бірге қара қырғыздармен шайқаста қаза тапты. кенесары көтерілісі мән-мағынасы жоқ ереуіл емес, керісінше, бұл белгілі бір саяси тектіліктің актісі, оның негізінде туған халқын саяси құлдықтан шығаруға деген ыстық ықылас болды. Кенесары, әрине, өзінің бұл әрекеті оған қандай қауіп төндіретінін жақсы түсінді, бірақ ол халықтың мүддесі үшін өзін құрбан етуге шешім қабылдады. Ол туралы аңыз-әңгіме Далада өте көп-ақ. Бұл, әрине, сол кездің өзінде-ақ өз бетінше өмір сүруге құқылы қырғыздарға арналған кең саяси перспективалар туралы армандаған үлкен ақыл иесі болғандығы туралы айтудың қажеті де жоқ. 

Қазақ халқының ерекшеліктері

Осылайша, біз қырғыз халқының хан билігі алдында құлдай бас имегенін көреміз, тіпті, керісінше мынадай керемет құбылыстарды атап өтер едік: біріншіден, халық өз мүдделері мен құқықтарын қорғайды, екіншіден, өзінің ұлттық қадір-қасиетін бағалайды.

Қырғыздардың тағдыры туралы қысқаша жазылып келтірілген тарихи анықтамадан-ақ бұл халықтың жойылып кету қаупі бар ұлттардың қатарына жатпайтындығын және оларды суық Солтүстіктің жойылып бара жатқан бұратана халқымен салыстыру мүлдем негізсіз екендігін көруге болады. 

ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақтар саны

Енді қырғыз халқының статистикасына жүгініп, осы сандардың не айтатынын көрейік. Бүкілресейлік халық санағының Орталық статистикалық басқармасының мәліметтері бойынша 1897 жылы - 3 миллион 300 мың, 1914 жылы - 4 миллион 500 мың, 1920 жылы - 6 миллион 100 мың, 1925 жылы - 6,5 миллион. Бұл қырғыз халқының физикалық күшінің айқын көрінісі.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?