Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аңшылық: қазақтың ит жүгірту дәстүрі

2456
Аңшылық: қазақтың ит жүгірту дәстүрі - e-history.kz

Қазақтың аңшылық дәстүрінің бір түрі – ит жүгірту. Оған қатысты аңыздар мен ертегілер де аз емес. «Бес сырттан» дейтін ертегідегі бес кейіпкердің бірі құмай тазы болатын. Адамзат тарихында ең алғаш қолға үйретілген жануар ит болған деседі ғалымдар. Ал қазақ халқының өмірінде де иттің рөлі жоғары. Ит – жеті әулиенің бірі, ит – жеті қазынаның да бірі деп танылып, тұрмыстағы рөлі де культтік образға көтерілген. Бұл шағын жазбада қазақ аңшылығындағы ит жүгірту дәстүрін сөз етпекпіз.

Жоғарыда атап өткеніміздей қазақтың ит туралы түсінігі де өзгеше. Қазақ халқының ұзақ жылдық көшпенді тарихы мен аңшылық өмірі – иттің қадірін асырған. Итті адамзаттың досы, сенімді серігі, абзал көмекшісі әрі ашынған ұры, ашыққан бөріден қорғайтын көз-құлағы деп қарайды. «Опасыз достан ит артық», «ит – опа, қатын – жапа», «ит ырысты қорғайды», «ит қораның иесі, ырыстың киесі» деген секілді мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер қазақта аз емес. Иттің адамдарға жақын болу себебі туралы қазақ ішінде неше түрлі аңыздар бар. Аңшылық туралы айтпас бұрын, соларға қысқаша тоқтала кетейік.

Иттің адамзатқа жақын болуына байланысты мынадай аңыз бар. Адамзатты жаратпай тұрып Алла-тағала барша жаратылысты жаратыпты. Сосын адамды жасамақ болып, балшық илеп, жан салмай тұрып оны кептіріп, күн түсетін жерге қойып қойса, сиыр келіп қайта-қайта сүйкене беріпті. Оны көріп таңданған шайтан періштелерден:

– Ей, періштелер, мынау ербиіп тұрған қап-қара бірдеңелерің не нәрселер? – деп сұрайды. Періштелер оған:

– Бұлар Алланың сүйген құлдары «адам» деп аталады. Болашақта осылар әлемге қожалық етіп үстемдік жүргізеді. Жаратқан иеміз бұларды жаратып бойларына бойларына жан салған соң абыройын асқақтатып, мерейлерін өсіріп, дүниедегі барша заттан ардақты етпек, – дейді. Мұны естіген шайтан таң қалып әрі балшықтан жасалған жаратылыстың абыройы өзінен артық болатынына қызғанышы қозып:

– Мен бұлардан әлдеқайда бұрын және лаулаған оттан жаралдым. Жаман саз балшықтан жаралған бұлар менен қалай артық болмақшы? Жер жүзіне қалай қожа болмақ? Бұның не кереметі бар екен, қане көрейін, – деп барып адамның кіндігін иіскеп қалады. Сол-ақ екен оның кіндігі бұзыла бастайды. Бұл жағдайды періштелер Аллаға жеткізеді. Сонда Алла-тағала адамның кіндігін ойып алып итті жасап, оған жан салып, «Адамзатпен мәңгі бірге жасап, менің сүйікті құлдарымның қорғаушысы бол» деп итті адамды қорғауға бұйырыпты. Шайтанға адамзатқа сәжде жасап, күнәңді жу десе, ол: «мен оттан жаралдым, адамнан артықпын, сондықтан оған бас имеймін» деп такаппарланғандықтан Алла оны пейіштен қуып жіберіпті. Иттің адамзатқа жақын болатын, сиырмен өш болатыны, шайтанның адамзатқа қас болатын себебі содан екен деседі.

Қазақ арасындағы итке қатысты осындай аңыз-әңгімелердің бірі «Итке ескерткіш орнатқан хан», – деп аталады. Ерте кезде Қуат деген ханның Ерен деген бір ақылшысы болған екен. Күндердің бірінде хан ақылшысын шақырып алып: «Дүниеде адамнан өткен адал, адамнан өткен опалы нәрсе бар ма екен?» – деп сұрапты. Ақылшы күліп: «Толып жатыр ғой, Хан ием, оның қайсы бірін айтайын?» – депті. «Толып жатса соның бірін айтпайсың ба?», – депті хан ақылшысын ұнатпай. Сол арада ханның сұры тайғаны (иті) олардың қасына құйрығын бұлаңдатып жетіп келіпті. Ақылшы тайғанды нұсқап: «Міне, мына сұры тайған. Адам баласы адалдық пен опалыққа келгенде бұлардың маңқарасын көре алмайды», – депті. Мұны естіген хан ашуланып: «Ей, Ерен! Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты дегендей, айтқаныңа болайын! Басқа адамзатты айтпағанда, анау менің 40 жылдық сенімді уәзірім; анау жалғыз ұлым мен жеті патшалықты аралап жүріп таңдап алған жан жарым осы жаман ит құрлы болмағаны ма?!» – дейді. Ақылшы басын шайқап: «Хан тақсыр! Қате түсінбеңіз, егер сол 40 жыл әспеттеп қызмет қылдырған уәзіріңіз бен бастарынан құс ұшырмай алтын-күміске бөлеп бағып отырған жан жарыңыз бен жалғыз ұлыңыз осы сұры тайғаныңыздан асса қатты қуанар едім ғой. Шындық, әрине, ащы. Ащы болса да айтайын, сіз уәзіріңізді ақ-қарасын айырмай ауызыңыздан шыққанды атқара беретіні үшін; балаңызды «Ойбай, әке, мың-мың жасаңыз, сіз болмасаңыз бір күн де өмір сүре алмаймыз» дегені үшін; ал жан жарыңызды «Дүниеде сіздей данышпан хан жоқ, сізден айырылсам өлемін! Сіз болмасаңыз таң атып, күн шықпайды» деп көкке көтере мақтағаны үшін сенімді деп жүрсіз. Шындығында, орынсыз мақтау – сенімсіздік белгісі. Ал, сын – адалдықтың, опалылықтың белгісі. Егер олар сізге адал болса көзіңізге мақтаудың орнына сын, ұсыныстарын айтып отырар еді. Өзіңіз ойлап көріңізші, «Сіз болмасаңыз біз күн көре алмаймыз, сіз болмасаңыз таң атып, күн шықпайды. Өлеміз» деген сөздің қай жері шын? Бұндай сөзге естияр бала да сенбес. Дүниеде хан өлсе таң атып, күн шықпайтын, қатын-баласы бірге өлетін заң қайда бар екен? Хан емес, қара табан құлдың балалары да жан бағып, жалпақ әлемді басып келеді ғой. Сондықтан мақтаудан қорқып, сынға қуану керек. Отбасыңнан шықпайтындардан қашып, өзіңнен қашқандарға жақындасуың керек», – дейді. Хан басын шайқап:

– Мен мұныңа мүлде сенбеймін! Басқа біреу маған осыны айтса, табанда басын алар едім. Бірақ хандығымыздың «Ерен қандай қателік өткізсе де жазаланбасын» деген заңы бар..., – деп сөзінің соңын жұтып үнсіз қалады. Ақылшы күліп: «Сенбесеңіз сынап көріңіз», – дейді. Хан: «Қалай сынаймын?» дейді. Ақылшы: «Әскери істер пен қылмыскерлерді жазалау ісін маған беріңіз де, орданың басқа жұмыстарын уәзіріңізге тапсырып аяқ астынан жоғалып кетіңіз, бір айдан соң қайтып келсеңіз айтқанымның шын-өтірігін көзбен көресіз. Егер айтқаным өтірік болса, бетіме түкіріп, басымды алыңыз», – дейді.

Сөйтіп хан ақылшысының айтқанын істеп, жоғалып кетіпті. Арада бір апта өткенде ханның арғымағы мен киім-кешегі табылыпты. Ханның әйелі ханды өлдіге жорып, уәзірмен көңілдес бопты. Ұлы әкемнің тағына отырам деп уәзірге қолқа салыпты. Уәзір де өз талабын қойып, ханның ұлын хан тағына отырғызыпты. Сөйтіп, айналасы 10-15 күнде орда миша былығыпты. Жоғалған ханды іздеген пенде болмапты.

Бір ай дегенде хан үстіне алба-жұлба киім киіп, сұр тайғанын ертіп, орданың қақпасын қағыпты:

– Ашыңдар қақпаны! Мен Мұрат ханмын, – деп айғайлапты. Бұл хабарды күзетшілер ханның ұлына жеткізіпті. Ұлы шешесі мен уәзірге жеткізіпті. Үшеуі ақылдасып: «Ханды ордаға кіргізсек бізді өлтіреді. Сондықтан оны хан атын жамылған алдамшы деп ұстап, 10 күн қақпа алдына шынжырлап байлап, бетіне түкіртіп масқаралап, он күннен кейін қамаудағы қабаған иттерге талатып жем қылайық», – деп келісіпті де, оны табанда ұстап шынжырлатып қақпа алдына байлатып «өтіпікші кезеп» деп бетіне түкіріпті. Хан ашуланып, қанша айғайласа да, ешкім оны тыңдамапты. Күзетшілер Мұрат ханды дүрелемек болғанда ханның сұры тайғаны абалап үріп, қорғап, дүрелетпей қойыпты. Ал ханның ақылшысы осының бәріне ханның көзін одан әрмен жеткізе түсу үшін күндіз қақпа алдында байланған ханға түнде жендеттерді талататын иттерді бақтырып қояды. Ханға көбірек сүйек-саяқ беріп, он күн бойы иттерге жақсылап қарауын тапсырады. Межелі күн жетіп, енді ханды итке талатып өлтірмек боп, ел-жұртты жинап ханды ортаға әкелтеді. Әбден қанға шөлдеп жыртқышқа айналған иттерді ханға қарай айтақтағанда, хан: «Әй, әй, қойыңдар! Мен сендердің иелеріңмін! Бір күн болса да қолымнан дәм таттыңдар ғой, иелеріңді, дәм-тұзды сыйлаңдар! Менің арсыз қатын-балам мен алаяқ уәзірім сияқты дәм-тұзды ұмытқандарың ұят емес пе?!» – деген екен, иттер тына қалып, тіпті еркелеп аяғына оралыпты. Бұны көрген халық та бұл адамның рас хан екеніне көзі жетіп, ақылшы әскерді алып келіп ханның қатыны мен баласын, уәзірді тұтқындайды. Ал хан ақылшының айтқанына көзі жетіп, итке ескерткіш қойғызған екен дейді.

Келесі бір аңыз иттің жеті әулиенің біріне қалай қосылғаны туралы. Ерте заманда бір зұлым патша болыпты. Ол халқының басына әңгіртаяқ орнатып, қоластындағы елге істемеген жамандығы қалмаған соң, қарауындағы халық жан сауғалап жан-жаққа қаша бастапты. Ел басына күн туып, халық зар жылап, запыран жұтып қатты күйзеліпті. Бұны көрген сол елдегі алты әулие ақылдасып: «Біздің бұлайша үн-түнсіз отыра бергеніміз келіспес. Бұл зұлымдықты тоқтатуға әдіс-амал қарастырайық», – деп тәңірден тілеу тілеп, зұлым патшадан құтылудың амалын табу үшін ұзақ сапарға аттанады. Алты әулиенің тәңірден тілеу тілеп сапарға шыққанын естіген бір ит: «Күйзелген халқының қамы үшін аттанған игі жандарды жан-тәнімен қорғап, адамзат үшін мен де бір игі іс істейін, қасіретке батқан халық тезірек еңсе көтерсін», – деген ниетпен олардан қалмай еріп алады. Бірақ оған алты әулие итті ерткісі келмей, тас лақтырып қуалайды, ит сонда да қалмай қояды, сосын алтауы итті ұстап, бір аяғын кесіп тастайды, ит сонда да ақсаңдап ілесе береді. Сосын екінші аяғын кессе, онда да қалмай ілесе береді екен. Ақыры иттің қалмасын білген алтауы оны көтеріп алады. Сөйтіп олар ұзақ жол жүріп, әбден қалжырап, шаршап бір үңгірге келіп жығылады. Сол жерде алтауы шаршап ұйықтап кетеді. Олар қашан заман оңалып, жақсы күн келгенде оянады екен деседі. Ал ит болса, оларды күзетіп үңгірдің босағасында әлі жатыр екен дейді. Сөйтіп ол үңгір «Жеті әулие үңгірі» атанып, ал ит – жеті әулиенің бірі деген сөз қалыпты.

Бұдан сырт иттің жеті қазынаның біріне жататыны туралы да аңыздар бар. Қазақ өміріндегі иттің орыны көбінесе қораны, малды қору секілді жақтарда көбірек көрінеді. Әдетте аңға салатын итті де, қорашыл итті де күшік кезінен асырап, баулып өсіреді. Күшік бауырын көтеріп, көзін аша бастағаннан-ақ күнделікті тамақ беретін, жатқызып, тұрғызатын уақыттарын белгілеп, белгілі бір тәртіппен баули бастайды. Иттерге ат қойып, атын атаса келетін етіп, «жат, тұр, жүгір, қой» деген секілді қысқа бұйрықтарды ұқтырып, тәрбиелейді. Әдетте иттерді тәрбиелеу мен жаттықтырудың ешқандай айырмашылығы жоқ. Айырмашылығы – күшіктерге тәрбие мен жаттықтыруды оңай әрі қарапайымдау, ал иттерге күрделілеу қойып, тәрбие мен шартты рефлекстерді мүлтіксіз қабылдағанға дейін үйретеді. Алайда олардың лайығында азықтандыру мен тәрбиені ұштастырудың орнын өгейсітуге болмайды. Оның сыртында иттердің ұялшақтық қасиеті мен мақтан сүйгіштік ерекшелігін де ескеріп отыру қажет. Яғни иттерді жаттықтыру барысында, бұйырған қызметті жақсы орындаған сайын бір тістем нан, бір кесек ет болса да беріп шабыттандырып, марапаттап мақтап отыру керек. Ал орынсыз зекіп ұрса берсе сасқалақтап, қателікті көп жасайды. Сондықтан иттерді азықтандыруға көбірек көңіл бөліп, оларды не семіртіп, не арықтатып жібермей, бір қалыпты ұстап, өте обыр, тойымсыз, сұғанақ әдет қалыптастырып алуынан барынша абай болған жөн. Олай болмағанда тәрбиелеу мен жаттықтыру ісі қиындай түседі.

Иттерді азықтандыруға барынша көңіл бөлу керек. Яғни иттерді азықтандыруда, әрқандай итке (күшіктерден басқа) тамақ тәулігіне 1-2 рет берілуі әрі берілген тамақ сүйек-саяқ сорпасына пысырылған біршама нәрлі азықтық болуы шарт. Ет пен балықты мүмкіндік болса пісіріп берген жөн. Ал әр түрлі сүт тағамдары (айран, қатық, т.б.) және жұмыртқа тектес азықтықтар аптасына 1-2 рет берілсе біршама үйлесімді болады. Жоғарыдағылардан тыс, иттерге ас қалдықтары, әсіресе, сүйек-саяқ тастап мүжітіп тұрса, иттердің калций құрамдары толықтанып, тістері өткірленіп, сүйектері бекемделе түседі, ас қорыту жүйесі жақсарып, ауру-сырқауға қарсылық қуаты артады. Сөйтіп өлшемді, мақсатты түрде ғылыми азықтандырылған иттер салқын қанды, өзін тежеу қабылеті күшті, ұстамды, төзімді, қайсар, текті болып, адам еркінен шықпайтын болады. Ал оның керісінше болса, иттер сумақы, ашкөз, қомағай, обыр, тойымсыз, төзімсіз, табансыз, тексізге айналады да, тәрбие нәтижесіз болады. Яғни албаты азықтанған, тектегенді білмеген иттер «ит құрсағы жібісе жатпас» дегендей, өзін ұстау қабылеті төмендеп, сумақыға айналады.

Қазіргі күнде көптеген елдерде арнаулы ит үйрететін, иттерді арнайы тәрбиелейтін клубтар пайда болды. Олар алуан түрлі иттерді әр түрлі шаруашылық қажеттері мен спорт, цирк және әскери істердің мақсат мүддесін көздей отырып, иттердің ондағы атқаратын міндеттері негізінде баулиды және онда тәрбиені мынадай төрт кезең бойынша жүргізеді:

1. Дайындау кезеңі. Бұл кезеңде күшіктерге ат қойып, одан соң сол қойған аттары бойынша шақырғанда дереу жетіп келуге, жетекке тартынбай жүруге, жат десе жатып, тұр десе тұрып, жүр десе жүруге дағдыландырады.

2. Бағыныштылыққа үйрету кезеңі. Бұл кезеңде иттерді қай жерде, қандай уақытта болса да иесін шартсыз тыңдауға, айтқанына тұрғызып, айдағанына жүруге жаттықтырады.

3. Мақсат-мүддені орындату кезеңі. Бұл кезеңде иттерді белгілі мақсаттарға пайдаланып көреді әрі сынақтан өткізіп, рефлексті дамытып, шартты рефлексті қалыптастырады әрі оған дағдыландырады.

4. Қиын жағдайда жол табуға баулу кезеңі. Бұл кезеңде иттерге қиын, күрделі жағдайға тап болғанда оған қалай төтеп беру, адамдардың айқай-сүрен, қимыл-қылықтарын парықтау, қалай құтқарып, қалай құтылуға қатысты рефлекстер мен дағдыларды қалыптастыруға жаттықтырады. Қорытып айтқанда, әрбір иттің ерекшелігіне, пайдаланатын саласына байланысты біреуін иіске, ізге түсуге баулыса, бірін әр түрлі апатты жағдайларда адам құтқаруға дағдыландырады. Тағы біреулерін аула күзетіп, мал бағуға жаттықтырса, және біреулерін аңға, саятшылыққа үйретеді. Мысалы, мал бағуға пайдаланатын иттерді малды уақыты жеткенде қорадан шығаруға, өрістегі малды қайырысуға, малды жеке айдауға, оңға-солға қайыруға; мал табындарын жинап, өрістен айдап келуге, малдарды шашау шығармай жаюға, өрісте қалып қойған малды тауып әкелуге баулып, әр түрлі жыртқыш хаюандар мен ұры-қарыдан қорғау үшін оларды қораның шеті мен жан-жағына жатқызып қояды.

Ал аң иттерін баулу өз алдына бір бөлек өнер. Әдетте аң иттерін баулып ауыздандыруда, оларды тіке баулу, жанамалай баулу және дара баулып ауыздандыру қатарлы бірнеше тәсіл қолданылады.

1. Тіке баулу: аң иттерін тіке баулуда, үйіне жетіп пысып-жетілген күшіктер мен үлкен иттердің аң аулауға деген құштарлығы мен батылдығын арттыру үшін, тірі ұстап әкелінген аңдардың бір аяғын сындырып немесе шыжымдап ұстап, иттерді оған айтақтап алдырып үйретеді. Егер ол жыртқыш аң болса, оның иттерді тістеп жүректерін шайлықтырып тастамас үшін бастарына тұмылдырық кидіріп немесе ауыздарын буып қояды. Ал, мүйізді аң болса, онда оның мүйізін кесіп тастайды немесе орап қояды.

2. Жанамалай баулу: жанамалай баулуда ауыздандыратын итті бұрын үнемі аң алып жүрген тәржірибелі сақа иттердің жанына қосу арқылы аңға салып үйретеді. Бұл әдіс басқа екі тәсілге қарағанда біршама оңай, нәтижесі көрнекті болады.

3. Дара баулу: дара баулуда, аңға қосатын иттің ерекшелігіне және адамның өз мақсат-мүддесіне қарай кейбір иттерді арнаулы аңды қуып ұстауға, кейбір иттерді ізге түсуге баулыса; кейбір иттерді аңның алдынан, оң-солынан торуылдап ұстауға машықтандырады. Одан сырт, оларды мылтық даусынан қорықпауға, айқай-сүреннен қорықпауға, керісінше, мылтық даусы мен айқай-сүреннен шабыт алуға дағдыландырады.

Ал осындай дайындықтан өткен, жаттыққан иттерді енді аңға сала бастайды. Қазақ халқының ит жүгіртуінің өзі өз алдына бір қызық дүние, айтса таусылмас үлкен хикая. Онда тәжірибелі саятшылар саятқа шығардан бір күн бұрын жарамды ат-көліктерін әзірлеп, тазыларының қоясын алып, жүгіртетін иттерін қыл бабына келтіріп, ауылдағы әңгімешіл-қызықшыл қария мен қоянның жымын, түлкінің інін, қасқыр мен аюдың апанын, барыстың өрісін жақсы білетін аңсақ, қол-аяқтары жеңіл, ат-көліктері жүйрік бірнеше жігітті ертіп ауылдан дүрілдеп аттанады.

Ауылдан ұзап межелі жерге барған соң, аулайтын аңдары мен ерткен иттерінің ерекшелігіне қарай адамдар мен иттерді қағушы, барлаушы, ізге түсуші, торылдаушы қатарлы бірнеше топқа бөліп, біреулері ізге түссе, біреулері аң қағады, біреулері қарауыл қараса, тағы біреулері өкшелей қуады. Біреулері қарауыл қараса, біреулері торылдап соғады. Соңында аңды ұстаған жерде бас қосып, алған аңдары қасқыр, түлкі, сілеусін тектес жыртқыш аң болса, онда оны саятқа бірге шыққан адамдардың жолы, жасы үлкендеріне байлайды. Елік, қарақұйрық, бөкен тектес қоңыр аң болса, онда оны бір қолайлы жерге апарып боршалап бақыр-қазандарына салып асып ортақ азық етеді.

Саятшылар аңды көрген кезде дереу ит қосып өкшелей қуып, аттарының бар шабысымен құйғытып қиқулап тұс-тұстан ат қойып аңның ес-ақылын алып, үрейін ұшыруға тырысады. Болмаса азулы аңдар итті жазым қылып кетуі немесе жасырынып қалуы мүмкін... аңды қуу өте қызықты ермек. Оның қызығы сондай, аңсақ саятшылар аңның соңынан қуғанда өлген-тірілгеніне қарамайды, өздерін мүлде ұмытып, етектерінің ашылып, дүниелерінің шашылып қалғанымен есептеспейді...

Әр жолғы ит жүгірту аңдардың үлкен-кішілігі мен қашу қарқынына және жердің ойлы-шұңқыр, адырлы-таулы, орман-тоғайлы, өзен-көлді, батпақты-сазды, қарлы-құмды болуы мен иттердің жүйріктігіне қарай ең аз дегенде 5-10 километр, көп дегенде 40-50 километрге дейін болады. Кейбір ерекше жағдайларда одан асып-кеміп жататын жағдайлар да кездеседі. Әр жолғы ит жүгіртуде саятшылар да иттерінің соңынан құйынперен шабатындықтан, олар сол барыста талай-талай қызықты оқиғаларға куә болып, аттарының арыны мен иттерінің алғырлығын бағамдайды. Кеште күндіз әрбірінің басынан өткен қызықтары мен әзіл-қалжыңдарын айтып, көңілдерін көтереді. Ең соңында барлығы түгел олжалы болған соң қуана-қуана ауылдарына қайтады. Сөйтіп, иттерінің неше ай, неше жыл баулығандағы қызығын көріп, жемісін татады.

Ал жалғыз-жарым ит жүгіртушілер көңіл көтеру үшін бірер күнге ғана саяхаттап, иттеріне бірер аң алдырған соң, одан әрі қызық қумай ауылына тез қайтып оралады. Және көбіне қоңыр аңдар мен түлкі, борсық секілді ұсақ аңдарды місе тұтады. Керісінше топтық саят құрып, жалғасты бірнеше күн ит жүгіртетін саятшылар көбінде аю, қасқыр, қабылан, барыс тектес ірі жыртқыш аңдарды көздейді де, елік, қарақұйрық, бөкен тектес қоңыр аңдарды тек жол азығы үшін ғана аулайды. Ерекше бөгенайы бар аңдар мен жалғыз аңға, буаз аңға және аққу тектес киелі құстарға тиіспейді.

Қазақ иттерінің сырттан, арлан, мойнақ, шұбар, алажақ, алажан, сетер, малдық, төрес, қайтпас, бек, шартық, саяқ, томпақ, тайған, құмай тазы, тазы қатарлы он неше түрі бар. Бұлардың әрқайсының өзіндік қасиеттері олардың бірін аңға, бірін тұрмыстық керекке икемді етіп тұрады. Осының ішінде қазақтың байырғы маң төбеттері «Сырттан» деп аталған. Иттердің ішінде сырттандардың дене құрылысы ерекше жетілген, өте сирек кездесетін, шеттерінен қасқыр алатын ит тұқымы есептеледі. Дүниеде сырттандардан үлкен, күшті, алғыр, ақылды ит тұқымы жоқ. Сырттандардың көру, сезу және иіс түйсіктері ерекше жетілген, ерен қайсар, батыл және батыр болады. Денелерінің үлкендігіне қоса, денесінің электр өрісі мен магнит өрісі басқа иттерге қарағанда бір шама күшті болатындықтан түстері сұсты, көздері отты көрінеді де, оған әдеттегі иттер батып қарағанды қойып, үруден де жасқанады.

Ал аңшыларға ең жақсы серік – тазы мен құмай тазы. Тазы – аңшы және саятшы иттерінің біршама жүйрік тұқымдарының бірі. Тазылардың сүйек бітімдері әдеттегі иттерге қарағанда сұңғақ, сирақтары ұзын және біршама нәзіктеу келеді. Жүндері тақыр, ыстық-суық пен аштыққа төзімді. Түстері көбінде біріңғай ақ, сары, сұры және қара болады. Ал құмай тазы – қазақ аңшылары мен саятшылары өте жоғары бағалайтын ерекше жүйрік, ерен алғыр аң иттерінің сирек кездесетін сапалы тұқымдарының бірі. Олай болатыны, қазақ халқының аңыз-ертегілері мен мифтік хикаяларында: ит ала қаздың бойларына қасиет дарып, кие қонған біреуі неше жүз, тіпті неше мың жылда бөгенайы бөлек, түр-түсі өзгеше ғажайып бір жұмыртқа туады. Әне, сол жұмыртқадан шыққан құмай тазы жүгірген аң мен ұшқан құсты құтқармайтын өте жүйрік, ерекше алғыр болады деп әңгімеленеді. Құмай тазылардың дене бітімдері әдеттегі тазыларға қарағанда ерекше сымбатты, құдды бәйге атындай сұлу көрінеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?