Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түрік әлемінің елеулі тұлғасы

1720
Түрік әлемінің елеулі тұлғасы - e-history.kz

Түркі академиясы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, шығыстанушы, түркітанушы Заки Валиди Тоғанның мұрасына арналған іс-шара өткізді.

Түркі әлемінің белгілі мемлекет қайраткері және зияткері, тарихшы Ахмет Заки Валиди Тоған1890 жылы 10 желтоқсанда Петров болысының Кузенево ауылында (қазіргі Башқұртстан Республикасының Ишимбай ауданы) атақты молданың отбасында дүниеге келген. Қазір бұл жерде белгілі қайраткердің мұражайы ашылған. Бастауыш білімді әкесінің медресесінде алған. 1908 жылы ол медреседегі оқуын жалғастыру үшін Қазанға кетеді, содан кейін түркі халықтарының тарихы мен араб және түркі әдебиетінің тарихын оқыту үшін сол жерде қалады. Осы сәттен бастап ол өзінің алғашқы мақалаларын жариялай бастайды. Төрт жылдан кейін татар тілінде жазылған "Түріктер мен татарлардың тарихы" атты кітабы жарық көреді. Шығыстанудағы жетістіктері үшін ол Ресейдің жетекші ғылыми қоғамдастықтарының бірі - Қазан университеті жанындағы Археология, тарих және этнография қоғамының мүшелігіне қабылданады.

1916 жылы Заки Валиди саясатқа араласып, Ресей империясының 4-ші Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясының бюросы үшін жұмыс істейді. Ол көптеген саясаткерлермен кездескен, Думаның қызметіне белсенді қатысып, Ресейдің ішкі және сыртқы саясатының бағыттарын анықтауға көмектескен. Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ол Петроградтағы ұйымдастырушылық қабілетімен мұсылман қайраткерлерінің назарын аударып, Ресей мұсылмандарының уақытша орталық бюросының мүшесі болып сайланады. Осыдан кейін ол маңызды тарихи оқиғалардың қатысушысы болды, Башқұртстан мен Түркістан үкіметтерін құруға қатысты.

Қазан большевиктік төңкерісінен кейін ол Отанды құтқару комитетіне қосылып, Башқұртстан автономиясы туралы Фарманға (бұйрыққа) қол қояды. Бірақ 1918 жылы қарашада адмирал Колчак Алаш автономиясын мойындамағаны сияқты, башқұрт автономиясын да мойындамады. Бұл жағдайда Заки Валидидің басшылығымен башқұрт сарбаздары Кеңес өкіметінің жағына өтті.

1920 жылы 19 мамырдағы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің «Автономиялық Совет Башқұрт Республикасының мемлекеттік құрылымы туралы» қаулысы Заки Валидидің көңілінен шықпай, ол Мәскеуден Орта Азияға кетіп қалады, бұл жерде ол антибольшевиктік қозғалыстың идеологтары мен ұйымдастырушыларының бірі болады.

4b9600cd71f89a2c8d35663c1b060807.jpg

Аяусыз қызыл террор жағдайында Заки Велиди Тоған өз отанын тастап кетуге мәжбүр болады, 1923 жылы Ашхабадтан Иранға жаяу кетіп, одан кейін Ауғанстан мен Үндістан арқылы Парижге жетеді. 1925 жылы ол Түркияға қоныс аударып, Ыстамбұл университетінің профессоры болады. 

Ғалымның ғылыми зерттеулері үлкен нәтижелер берді: 1939 жылы Лейпцигте «Ибн Фадланның жол жазбалары» кітабы жарық көрді, бұл қолжазба ұзақ уақыт бойы жоғалып кетті деп саналған еді. Ал Түркиядағы жұмыс қорытындысы бойынша "Ыстамбұл кітапханаларындағы құнды шығармалар"атты еңбегі жарық көрді. Ол 1935-1937 жылдары Бонн университетінде, содан кейін 1938-1939 жылдары Геттинген университетінде профессор болып жұмыс істеді. Түркияға оралғаннан кейін Зеки Велиди Ыстамбұл университетінде жұмысын жалғастырды.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін профессор университеттегі жұмысын қайта жалғастырды, түрлі этнографиялық материалдарды, фольклорды және т.б. пайдаланып, тарих ғылымының әдіснамалық мәселелерімен айналысты. 1951 жылы ол Стамбулда 21-ші халықаралық шығыстанушылар конгресін сәтті өткізді. Екі жылдан кейін Валиди Исламдық зерттеулер институтын құрып, оны өмірден өткенге дейін басқарған.

Бұл адам Башқұртстан ғана емес, сонымен қатар Ресей, Түркия, Германия және басқа мемлекеттердің тарихында елеулі із қалдырды.

 Заки Валиди 1970 жылдың 26 шілдесінде Түркияда қайтыс болды, Ыстамбұл зиратында жерленген.

Халықаралық Түркі академиясының "Тұлғалар тағылымы" сериясы аясында Түркі әлемінің көрнекті тұлғасы, көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Заки Валиди Тоғанның өмірі мен қызметіне арналған "Заки Валиди Тоған: ғалым, саясаткер, тұлға" атты іс-шара өткізілді.

Онлайн форматта өткен іс-шараға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Заки Валиди Тоғанның ұрпақтары - Исенбике Тоған мен Субедей Тоған, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев, филология ғылымдарының докторы, профессор, Башқұртстан Республикасы Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей Ғылым академиясының Уфа федералды зерттеу орталығының тарих, тіл және әдебиет институтының ғылыми жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова және осы институттың қызметкері Ахат Салихов, Өзбекстан Ғылым Академиясы тарих институтының бөлім меңгерушісі, т. ғ. д., профессор Кахрамон Раджабов, Назарбаев Университетінің профессоры Юлай Шамильоглу, Түрік тарихи қоғамының мүшесі, тарихшы Тунджер Байқара, Қырғызстанның танымал түркітанушысы, профессор Қадыралы Қоңқобаев, Алматы қаласындағы "Агидель" башқұрт мәдени орталығының жетекшісі Азамат Рыскильдин қатысты.

Іс-шараны Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі жүргізді, қатысушылар Заки Валиди тоғанның бай мұрасы туралы естеліктерімен бөлісті.

Маңызды шараның ашылуында сөз сөйлеген Түрік академиясының президенті Дархан Қыдырәлі сөз кезегін Заки Валиди Тоғанның ұрпақтары - Сүбедей Тоған мен Исенбике Тоғанға берді. Профессор Сүбедей Тоған Заки Валиди Тоғанның Башқұртстан мен Мәскеудегі жұмысы, сондай-ақ оның 1917 жылғы төңкерістен кейінгі қызметі туралы толық ақпарат берді.

620a569fe3e8971bb5cd5f491e995bdc.jpg

Іс-шараға қатысушылар ХХ ғасыр басындағы түркі әлемінің, Алаш Орданың, Түркістан автономиясының ұлы тұлғаларына арналған ғалымдардың ғылыми зерттеулері туралы бірегей ақпаратпен бөлісті.

Қазақстандық ғалым Мәмбет Қойгелдиев шараға қатысқан Заки Валиди Тоғанның ұрпақтарына сәлем жолдады. Тарихшы қазақ-башқұрт одағы туралы баяндады. Заки Валиди Тоған шетелге қоныс аударған кезде башқұрт және қазақ достарына жазған хатында:

«Біздің халықтарымыз қиын кезеңдерді бастан өткерді. Қарасақал, Батырша, Салават, Абылай және Кенесары жүргізген соғыстың жалғасы ретінде біздің күресіміз ұмытылмайды деп үміттенемін. Халқымыз қайта түлеуге қолжеткізуі тиіс. Егер Алла бізге оны көруге мүмкіндік бермесе, оны балаларымызға берсін»,-дейді. 

- Заки Валиди Тоғанның арманы орындалды деп ойлаймын,- деп санайды Мәмбет Қойгелдиев. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?