Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғашық Жүсіп – Әзірет Сұлтанның шәкірті

2577
Ғашық Жүсіп – Әзірет Сұлтанның шәкірті - e-history.kz

Кей деректер бойынша Жүсіп ата Қожа Ахмет Яссауидің замандасы, шәкірті болған, кей аңыздарда жиені болғандығы туралы айтылады. Ол туралы мағлұматтар аз сақталған. Жергілікті халық Жүсіптің Аллаға деген сүйіспеншілігін меңзеп, оны «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Жүсіп ата туралы ақпарат Иқан ауылы түрғындарының отбасылық мұрағаттарында сақталған екен. 

Қожа Ахмет Яссауи Яссы қаласының әкімі болып тұрған кезде, Жүсіп ата жүзімдерімен аты әлемге әйгілі Иқан ауылына өкіл болып жіберіледі. Бірде Ахмет Яссауи осы ауылға келеді, сол кезде жергілікті тұрғындар оған 12 түрлі жүзімнен дәм татқызған екен.

Әзірет Сұлтанның арқасында Жүсіп ата сопылық ілімді толық игеріп, ең жоғары дәрежесіне жетіп, әулие атанады.

Халық аузында сақталған аңыздардың бірі былай дейді:

Бірде намазға дайындалып жатқан Қожа Ахмет Яссауидің суын оның шәкірті Хакім ата рұқсатсыз алып, жуынып қояды. Бұған ұстазы үндемейді. Келесі күні Ахмет Яссауи Хакім атаны түйеге отырғызып, «Түйе қай жерде тоқтаса, сол жерге түсесің» деп бұйырады. Түйе Хакім атаның айқайына да қарамай, тоқтамай Әмудария, Сырдарияны өтіп Хорезмнен бір-ақ тоқтайды. Ахмет Яссауи барлық шәкірттерін шақырып, Хакім атаны кім Хорезмнен алып келе алады деп сұрайды, алайда шәкірттерінің ешқайсысы үндемейді. Сонда Жүсіп ата тұрып Хакім атаны әкелуге келісімін береді. Сонда Ахмет Яссауи Жүсіп атаға «шатырға шық» деп бұйрық береді. Жүсіп ата шатырға шыққанда, шатыр әппақ түйеге айналады. Жолға шығар алдында Ахмет Яссауи шарт қояды. Хакім атаны әкелер кезде «қолын байлап әкелесің» дейді. Жүсіп ата жол бойы Хакім атаның қолын бос қойып, Түркістанға жақындағанда ғана қолын байлайды. Әзірет Сұлтанның алдына келгенде ол Жүсіптің бұл ісі дұрыс емес екендігін айтады. Жаза ретінде Жүсіп атаны үш рет қамшымен ұрады.

Жүсіп ата көзінің тірісінде-ақ әулиелік дәрежеге жеткен екен.

Аңыздардың бірінде Қожа Ахмет Яссауи Жүсіп атаның үйінде болып: «Сенің төртінші ұрпағың Камалиддин шайық керемет зор әулиелікке жетеді», — дейді. Сол Жүсіп атадан Камалиддин, Сүлеймен, одан Омар, Жиен, Сыддық деген ұрпақ қалады. Жиеннен Иқан Қожа, одан Ата қожа, одан Шарафуддин тарайды. Көпті көрген жергілікті қариялардың айтуынша, 1930 жылдары Жүсіп ата кесенесінде діни кітаптар өте көп болған екен. Өкінішке орай Кеңес үкіметі орнағаннан кейін көптеген кітап өртеніп кеткен.  

Кесененің ішінде Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзіз атаның құлпытастары сақталып қалған. Осы кесенеде жерленген тұлғалар Жүсіп атаның ұрпағы немесе шәкірттері болуы мүмкін деген тұжырым да бар.

8b98d748076c706166b8b14383113594.jpg

Жүсіп ата кесенесі Түркістаннан 25 шақырым жерде, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан. 2005 жылы кесене іргесіне зерттеулер жүргізіліп, құрылыстың іргесі ХV ғасырда қаланғандығы анықталды. Кесенеде бастапқыда Қабірхана мен Жамағатхана бөлмелері ғана болған, кейін ХХ ғасырдың басында жергілікті халық Асхана бөлмесін тұрғызған. Жамағатхана бөлмесінің күмбезі де төбе жабыны да біздің күнімізге түпнұсқа күйінде жетпеген. Тек Қабірхана бөлмесі ғана сақталып жеткен. Кесененің негізгі өлшемдері толық сақталған және іргетас ретінде пайдаланылған алты қатар кірпіш қаландысы да жақсы жағдайда.  

Құрылыстың жалпы ұзындығы 14,2 м, ені 12,8 м, биіктігі 13,5 м. 2008-2010 жылдары «Қазқайтажаңарту» РМК тарапынан Жүсіп ата кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

3e721324cbd17b2dad118ab2d5bb08a9.jpg

Қазіргі таңда құрылысты жобалау құжаттары әзірленуде. Жоспар бойынша онда туристтер мен зияратшыларға арналған қызмет көрсету орталығы салынады. Ғимаратта әкімшілік, музей экспозициясы, қонақ бөлмесі және шаруашылық орындары қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген басымдықтарды негізге ала отырып, Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға келген туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Соның ішінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен демеушілер есебінен Жүсіп ата кесенесінде де туристерді шоғырландыру мақсатында көптеген игі шаралар жүзеге асырылуда. 

51de635106a2d8830181620b4235fb3d.jpg

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін дамыту, қорық-музейге қарасты тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары еліміздегі туризм саласының дамуына серпіліс береді деп күтілуде.   Ожидается, что развитие Государственного историко-культурного заповедника-музея «Азрет Султан», реконструкция историко-культурных памятников, относящихся к заповеднику-музею, придаст импульс развитию туристической отрасли страны.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?